ЕКI БАСТЫ САМҰРЫҚТЫҢ СИПАТЫ НЕМЕСЕ ҚОС ӨКIМЕТ АБДЫРАТҚАН ҚОҒАМ

ЕКI БАСТЫ САМҰРЫҚТЫҢ СИПАТЫ НЕМЕСЕ ҚОС ӨКIМЕТ АБДЫРАТҚАН ҚОҒАМ

ЕКI БАСТЫ САМҰРЫҚТЫҢ СИПАТЫ НЕМЕСЕ ҚОС ӨКIМЕТ АБДЫРАТҚАН ҚОҒАМ
ашық дереккөзі
332

Соңғы жылда әлемдiк қауымдастық пен түрлi зерттеушiлердi, сарапшыларды “Ресейдiң шынайы президентi кiм? Ел тiзгiнi кiмнiң қолында?” деген сауал жиi тосылдырып отыр. Расымен Ресейдiң жоғарғы билiгi Премьер-министр В.Путиннiң қолында ма, әлде ел президентi Д.Медведевтiң де уысында ел тағдырына ықпал ете алатын айтарлықтай маңызды тетiктер, күш бар ма?

Бұған бiрер ауыз сөзбен жауап беру мүмкiн емес, сондықтан адамзат тарихына үстiрт болса да көз жүгiртуге тура келедi. Ежелгi Рим империясындағы жекелеген цезарьлар мен Сенат арасындағы билiкке таласты ескермеген күнде де, әнебiр жылдары “КПСС тарихы” пәнiн әжептәуiр оқыған кiсiлер жақсы хабардар болуға тиiс — белгiлi бiр мемлекетте уақыт толғағымен революциялық ахуал пiсiп-жетiлген соң жоғарыдағылар бұрынғыша басқара алмайды, ал төмендегiлер бұрынғыша тiзгiнге бой ұсынбайды. Осындай аумалы-төкпелi кезеңде елдегi жағдай әбден ушығып, мейлiнше шиеленiседi де, билiкке талас өрiстейдi әрi осындай елде қос өкiмет қалыптасатыны мәлiм. Әйгiлi Оливер Кромвель кезiнде Англиядағы ағылшын парламентi мен король арасында билiкке талас басталып, iстiң ақыры алаңға жиналған халық алдында корольдiң басын алумен аяқталса, Ұлы Француз революциясы жылдарында да мұндай алауыздық корольдiң басын жаңғырықта шабумен бiттi. Мұндай қанды оқиғаларды көне тарихтың қойнауынан iздеп әуреге түсудiң де қажетi аз, iргелес көршiмiз Ресейдiң жалпы тарихы осындай қанды оқиғалардан түзiлгенiне бұлтартпас айғақтар жетерлiк. Сонау ХVI ғасырда қаһарлы Иван Грозный билiктен өз еркiмен бас тартып, Мәскеу түбiндегi қамал-монастырьға кеткен соң көп ұзамай-ақ боярлар оның дәргейiне қайта бас ұрып, жалынып-жалбарынғаны белгiлi. Билiкке қайта келген Иван Грозныйдың жақтастары бұрынғыдан әрмен құтырынып, ат ерiнiң басына сыпырғыш пен иттiң басын iлген опричниктер билiкке ұмтылған талай боярдың басын сотсыз, тергеусiз шауып, Ресейдi темiр сыпырғышпен тазалаған. “Жаулардың басын итше шауып, сыпырғышпен тазалаймыз” деген сөз содан қалғаны белгiлi. Одан кейiнгi бұлғақ заманда, I Петр мен ата-баба ғұрпын сақтауға күш салған боярлар, стрелецтер арасындағы қанды тартыс жылдарында дәп осындай немесе осыған ұқсас жағдайлар жиi қайталанып тұрды.

Ол ол ма, 1917 жылдың мамыр-маусым айында Ресейде Уақытша өкiмет пен әсiре солшыл партиялардың билiкке таласып, күштердiң арасалмағы тең жағдайында бұрынғы империяда Қос өкiмет қалыптасқан болатын.

Мiне, қазiргi Ресейде де жоғарыда келтiрiлген мысалдарға ұқсас, ал екiншi тұрғыдан алсақ айырмасы жер мен көктей ерекше жағдаят қалыптасты. Ресей Федерациясының президентi болып Дмитрий Медведев сайланғанына бiр жыл толып отыр, соған қарамай алып державаның тiзгiнi әлi күнге Владимир Путиннiң уысында сияқты әсер қалдырады.

Алып көршiмiздiң Елтаңбасында Батыс пен Шығысқа түйiле, көзiнен зәр шаша қараған екi басты самұрық бейнеленгенi белгiлi, тiптi, жаңа жағдайда мұның өзi жаңаша мәнге, мазмұнға ие болғандай әсер қалдырады. Бұл елдегi iшкi саяси ахуалдан, ондағы қалыптасқан жағдайдан бейхабар адамдар В.Путиндi әлi күнге президент дейтiн болса, оған таңданудың өзi орынсыз.

Өйткенi, РФ Премьер-министрi Владимир Путиннiң қолына бұдан бұрынғы бiрде-бiр үкiмет басшысының үш ұйықтаса түсiне, қиялына енбеген билiк берiлiп отыр. Тiптi, таяуда ғана шетелдiк зерттеушiлер әлемдегi ең табысы мол президенттер мен премьер-министрлердi анықтады. АҚШ-тың президентi, Ресейдiң президентi, Германия канцлерiмен қатар, бiр таңданарлығы, алдыңғы бестiкке В.Путин де iлiгiп отыр. Осының өзi-ақ көптеген құпия жайттардан сыр суыртпақтайтын iспеттi.

Премьер-министр В.Путин төрағалық ететiн “Единая Россия” партиясының кезектi Х съезi болып өткенде және Ресей ақпарат құралдарының барлығы дерлiк аталмыш партияның съезiне үлкен мән берiп, “Путин обнародовал экономический план развития России” деп жалаулатқан ақпарат таратқан-ды.

Расында, партия функционерлерi мен өкiлдерiнiң алдында В.Путин жасаған қатардағы баяндамаға нелiктен осыншама назар аударылып, мән берiлдi?! Әрине, “Единая Россия” билiк партиясы екенi ешқандай құпия емес, дегенмен ол да заңды тiркеуден өткен КПРФ, ЛДПР, “Справедливая Россия”, “Патриоты России”, “Яблоко” сияқты жетi партияның бiреуi ғана.

Яғни, гәп партияда емес, В.Путиннiң жеке тұлғасында секiлдi. Оның үстiне, Ресей қоғамы бұған дейiнгi президент қалыптастырып, түзген “2020 жылға дейiнгi экономикалық даму концепциясында” көрсетiлген стратегия бойынша тiрлiк кешiп, саяси, әлеуметтiк реформаларды жүзеге асырып келе жатқанын ұмытпаған ләзiм. Сонымен, В.Путин аталмыш съезде ел экономикасындағы дағдарысқа қарсы күрестiң таяу жылдардағы нақты жолдары жөнiнде өз ойларын ортаға салды.

Бiр сөзбен айтқанда, ең әуелi қорғаныс саласының iрi кәсiпорындары (ВПК) банкрот болуының алдын алу мақсатында және оларды қаржыландыруды ұлғайту үшiн 50 млрд. рубль бөлмекшi. Еңбекақы қоры 2010 жылға қарай 1,5 есе көбейтiлмек, шағын бизнестi дамытуға 30 млрд. рубль бөлiнедi және оған қосымша мемлекеттiк бюджеттен тағы да 10,5 млрд. рубль көлемiнде көмек берiлмекшi. Әдетте мұндай ауқымды мәселелер, стратегиялық бағыттарды белгiлеу ел президентiнiң құзырындағы жайт, ал осы жолы мұның бәрiн В.Путин өз мойнына алды.

Ол ол ма, 4-желтоқсан күнi Ресей Премьер-министрi “Первый канал” телекомпаниясының ұйымдастыруымен бүкiл аймақтардағы партия бөлiмшелерiнiң қабылдау бөлмесiне келген қарапайым адамдардың сауалдарына егжей-тегжейлi жауап беруге қол жеткiздi және Ресей БАҚ-тары, әсiресе түрлi сарапшылар бұл оқиғаны мейлiнше жоғары бағалады. Мұндағы “Қарапайым адамдар” дегенiмiз кiмдер? Әрине, “Единая Россия” партиясының белсендiлерi арнайы дайындаған, сынақтан өткiзген кiсiлер екенi бесенеден белгiлi.

В.В.Путин 2000 жылы алғаш рет президент болып тағайындалғанда әйгiлi Мадлен Олбрайт ханымның: “Мистер Путин деген кiм?” деп аңғалдықпен сұраған тарихи сөзi талай саққа жүгiртiлген-дi.

Қазiр де Ресей үшiн “Путин мырза деген кiм?” деген сол сұрақ қайта туындап отырған сияқты. Расында, ол кiм? Жәй ғана премьер-министр ме? Ендеше оған осыншама шексiз билiк берiлуi қалай? Ұлттың күн көсемi ме?! Онда Д.Медведевтiң қазiргi Ресейдегi орны, рөлi қандай? Әйтеуiр, бұрын болмаған аса түсiнiксiз жағдай қалыптасып отыр қазiр.

Ең таңданарлығы, Ресей осы уақытқа дейiн ел экономикасы терең дағдарысқа ұрынғанын, тығырыққа тiрелгенiн мойындамай отырған iрi державалардың бiрi болып қалып отыр.

Осыдан бiраз уақыт бұрын вице-премьер В.Христенко мырза Кремльде Ресей президентi Д.Медведевпен кездесуiнде еш әбiржiместен ел экономикасы қазiр 7,5 пайыз өсiм көрсетiп отырғанын мәлiмдеген болатын.

Өзге елдердiң бәрi өз экономикасында рецессия қалыптасқанын, яғни экономикалық өсiм жоқтығын мойындап отырғанда жекелеген елде бұлай болуы мүмкiн бе? Бүкiл әлемде экономикалық дағдарыс күннен күнге өршiп, тiптен АҚШ-тың “Дженерал моторс”, “Форд”, “Крайслер” секiлдi трансұлттық концерндерi мемлекеттен жүздеген миллиард доллар талап етiп, алақан жайған қазiргi қиын жағдайда, табиғи шикiзаттардың, әсiресе, шикi мұнайдың бағасы күн сайын құлдырап, бiр баррелi 50 доллардан төмен бағамда қалтылдап тұрған уақытта экономикасы табиғи шикiзатқа ғана негiзделген ел зардап шекпедi деу шындыққа қиыса қоймас. Әдетте, “Өгiз су iшсе, бұзау мұз жалайтыны” мәлiм, ал Кремль нелiктен көбiк сөз, жалған уәждi көбейтiп отыр?

Тiптi, В.Путин “Единая Россия” партиясының съезiнде отандық кәсiпорындарға шұғыл несие беру керектiгiн, екiншiден, Ресейдегi тауарлардың жартысы, тiптi, одан да көп бөлiгi импорт болуына орай отандық өндiрушiлердi қолдауға шақыруы тегiн емес қой. Осыған дейiн белгiленгендей емес, шағын бизнес қысқа уақытта он есе жылдам қарқынмен дамуға тиiс деп те талап қойды. Елдегi әлеуметтiк жағдай да соншалықты қанағаттанарлық емес. Көптеген сарапшылар мен бiлiктi зерттеушiлер әлден-ақ дефолт жөнiнде пiкiр қозғай бастады. Күздiң басында Кремльде капиталдың елден тысқары әкетiлмеуi жөнiнде талай рет келелi әңгiме болып, биiк мiнберлерден жағдай қалыптағыдай деп мәлiмденген, қаржының елде қалуы үшiн барша жағдай жасалып, тиiмдi тетiктер қарастырылатынына ант-су iшiлген, алайда қысқа уақыттың iшiнде ғана жүздеген млрд. долларлар шетелдерге әкетiлгенi мәлiм болып отыр. Дәл емес деректерге қарағанда, қараша айының ортасында елден қысқа уақытта 20 млрд.доллар шетке шығарылса, ал күз басында бiрнеше күнде 50 млрд. доллар әкетiлуiн зерттеушiлер түсiндiре алмай дал. Рубль дефицитке айналды, девальвацияны күткен жұрттың алаңдаушылығы арта түсуде. Тiптi, Ресейдiң Тұрақтылық қорындағы (Стабфонд) жинақталған орасан зор қаржының күрт кемiгенi соншалық, жағдай осы қалпында қала берсе, онда алдағы екi-ақ жылға жететiнiне алаңдаушылық танытылуда. Рубль бағамы күн өткен сайын құлдырап келедi, адамдар өткен ғасырдың 90-шы жылдарындағыдай доллар жинақтауға көшкен.

Бiр сөзбен айтсақ, Ресейдегi жағдайды соншалықты жақсы деуге келмейдi.

Басқа басқа, тiптен атышулы “Газпром нефть” компаниясының өзi үшiншi тоқсанда қызметкерлерiнiң санын 1276 адамға қысқартса, Ресейдегi аса iрi “Илим” тобы төртiншi тоқсанда целлюлоза өндiрудi 25-30 пайызға азайтуды жоспарлап отыр. Мұның өзi бұл компанияда да айтарлықтай қысқартулар жүргiзiлгенiн немесе таяу күндерде жүргiзiлетiнiне ишарат.

Ел экономикасындағы қауiп дабылы ең әуелi адамдардан бiлiм, бiлiктiлiк талап етiлетiн, осыған дейiн Ресей мақтанышына айналған ұшақ жасау саласы мен жалпы авиацияда соғылды. Ресей авиаконструкторлары қазiргi заман талаптарына сай, әлемдiк сұранысқа ие жаңа ұшақтарды дүниеге келтiре алмай пұшайман күн кешуде. Ал қараша айының соңғы күндерiнде Ресейдегi ең iрi S7 авиакомпаниясы 600 адамды, оның iшiнде аса бiлiктi ұшқыштар да бар, жұмыстан қысқартуға мәжбүр болған. Әңгiме жұмыстан қысқартылған адамдардың жалпы санында да емес. Кеңестiк кезеңнен берi әлi күнге тоқтаусыз шығарылып келе жатқан 28 “Ту-134”, “Ту-154” және “Ил-86” жолаушылар ұшақтарынан бас тартып отырған S7 авиакомпаниясы Ресейдiң авиаөнеркәсiбiне, елдiң халықаралық беделiне орасан зор нұқсан әкелгенiн баса айту керек. Олар осы әрекетiмен “Ресей ұшақтары сапалы, заман талабына сай” деген қасаң аңызды бiржола жоққа шығарды. Авиакомпанияға басқа амал қалмаған едi. Рухани көнерген ұшақтарды пайдаланғандықтан S7 авиакомпаниясы 2 млрд.рубль көлемiнде зиян шектi. Ұшақтардың заман талабына сай еместiгi соншалық, 2-2,5 мың шақырым қашықтыққа шетел ұшақтары 6 мың литр шамасында жанар май пайдаланса, Ресей ұшақтары 11 мың литр жанар май жағады, яғни, аса қымбат жанар майды екi есе көп пайдаланады. Тура осындай үлгiдегi шетелдiк ұшақтардың экипажы 3-4 адамнан тұратын болса, пайдаланудан шығарылған әлгi ұшақтарды 6-7 адам басқарады. Салондағы жолаушылар орны да анағұрлым аз, шуы басым, қызмет түрлерiнiң сапасы әлдеқайда төмен және, ең бастысы, қолайсыз екенiн ресейлiктердiң өзi де ерiксiз мойындауға мәжбүр болды түптiң-түбiнде. Ендi аталмыш авиакомпания тек шетелдiк ұшақтарды сатып алуға, пайдалануға бел буып отыр.

Осы орайда әнебiр жылы елiмiзде “Эйр-Астана” авиакомпаниясы алғаш құрылған күндер ойға оралады. Авиакомпанияның негiзiн қалаған азаматтар алғашқы күннен бастап-ақ Ресейдiң мақтаулы ұшақтарынан бiржола бас тартып, Еуропа және АҚШ авиакомпанияларының көмегiне сүйенуге және алыс шетелдiк ұшақтарды сатып алуға бел буған болатын. Талай қарсылықтар туындады, БАҚ-тардың беттерiнде, әсiресе орыстiлдi ақпарат құралдарында сандаған жөндi-жөнсiз сындар айтылды, қысқасы, бұл шешiмдi қадамды құптай қойғандар қоғамда тым аз, саусақпен санарлық болғанын мойындауымыз керек. Мiне, “Эйр-Астана” авиакомпаниясының саясаты дұрыс болғанын, ондағы озық ойлы азаматтардың алдағы күндердi болжай бiлгендерiн өмiрдiң өзi нақты дәлелдеп отыр. Ендеше “Өзiң бiлме, бiлгеннiң тiлiн алма” дегеннiң тым ауыр сөз екенiн де ұмытпауымыз керек шығар.

Әлбетте, Ресей билiгiндегiлер өздерiнен басқа мемлекеттiң бәрi осы дағдарыс жылдарында әбден әлсiреуiн жатпай-тұрмай тiлейтiнiне еш күмән жоқ. Тiптi, олар бұл ниеттерiн онша жасырып-жауып та жүрген жоқ. Осы мақсаттарын орындау жолында таяу көршiлерiне терең ор қазудан тайсалар емес. Украинаға газды қымбатқа, 400 доллардан асатын бағаға сатамыз деп, алдын-ала миллиардтаған доллар төлеңдер деп, сәт сайын қоқан-лоққы жасап, Ресей БАҚ-тарының бетiнде ресми Киевтi iшiн кептiре жамандап, Украина басшыларының жағымсыз бейнелерiн қалыптастыру үшiн жанталасуда. Ең жиренiштiсi сол, Кремль көршi елдердiң тәуелсiздiгiне түрлi сылтаулармен қол сұғуға толық қақылы екенiн аңдатып келедi, тоңмойындық, жауыр болған ресейлiк ұлы империяшылдықпен айқын қол сұға бастаған да сияқты. Осы орайда әсiрепатриот журналист Михаил Леонтьевтiң “Аргументы и факты” газетiне берген сұхбатында: “Он, этот капитализм, сейчас впал в клиническую смерть и проживает в хосписе. А это не то место, откуда выходят здоровыми, — даже после совещания “двадцатки”. В хосписе люди, по возможности в комфортных условиях завершают свое существование” (“АиФ”, №48, 2008 г.) деп сәуегейлiк жасаған едi. Бiр сөзбен айтсақ, әлгi көрiпкел М.Леонтьевтiң ойынша капитализмнiң жарық күнi бiржола сөнiп, қара шаңырағы күл-талқан болғалы тұр. Әрине, мұндай болжамды әлгi М.Леонтьевтен гөрi әлдеқайда ақылды талай адамдар жасап келгелi берi де сандаған жылдар өттi. Сонау 1848 жылы жазылған “Коммунистiк партияның Манифестi” жариялағаннан бергi өткен 160 жылда кемеңгер Карл Маркс пен Фридрих Энгельс, В.Ленин мен И.Сталин, КПСС-тiң барлық Бас хатшылары, республика, облыс, аудандық партия жетекшiлерi, ең ақыры түрлi цехтардың партия ұйымының кiшкентай көсемдерiне дейiн осылай деп кесiп-пiшiп айтқан-ды, бiрақ сол сөздер мен дәлелдердiң бәрi тарих қойнауындағы қоқыс болып қалды, ал капитализм әлi күнге дiн аман, үздiксiз гүлденуде. Айтпақшы, осындай бiр топ орыстың әсiре патриоттары, ұлы империяшылдар, жаңылыспасақ, араларында М.Леонтьев мырза да бар, жуырда Астанада қадiрлi қонақ болып, қазақ және қазақстандық журналистерге оқу-тәжiрибе жұмысын жүргiзiп, бiздiң “кемақылдарға” килограмдап ми құйып, мастер-кластар өткiздi-ау деймiн.

Және бiр таңданарлығы, өмiр бақи өздерiн Азияға қосқанға аза бойлары қаза болатын орыстың әсiре патриоттары, әсiресе В.Путиннiң өзi соңғы жылдары “Еуразиялық одақ” деген жалған идеяның туын желбiретуге тым құмар болып жүр және Еуразияны Еуропамен, ең әуелi АҚШ, НАТО-мен бетпе-бет қойып, текетiрестiруге қолдан келер амалдың бәрiн жасап бағуда.

В.Путин Пекин олимпиадасы күндерiнде Грузияға қарсы соғыс бастап, тәуелсiз елдiң егемендiгi мен территориялық тұтастығына қол сұққандарын алғашқылардың бiрi болып Қазақстан Президентi Н.Назарбаевқа айтқаны мәлiм және Қазақстан өздерiн қолдайтынына iштей үмiттендi, тiптi, шүбәсiз сендi де.

Дегенмен, Қазақстан бұл тұрғыдан салиқалы саясат ұстанып, агрессорға қолдау бiлдiрмегенi тәуелсiз мемлекетiмiздiң сыртқы саясатындағы үлкен жеңiс деп бiлу орынды.

Және бiр таңданарлығы, осы қысқа соғыс күндерiнде Ресей Премьер-министрi В.Путиннiң Оңтүстiк Осетияға шұғыл барып, 10 млрд. рубль көлемiнде көмек беруге уәде еткенi. Ол ол ма, 11 тамыз күнi Владимир Путин мен Дмитрий Медведев Бас штабтың Оперативтi басқарма орталығына бiрге келiп, Бас штаб қолбасшыларының баяндамаларын бiрге тыңдауы да бұрын-соңды Ресей тарихында болмаған жағдай. Бас қолбасшы ретiнде РФ Қарулы күштерi президент Дм.Медведевке тiкелей бағынатыны аян, ал үкiмет басшысы бұл iске неге араласқаны әлi күнге жұмбақ. Бiрақ, 12-тамыз күнгi “Известия” газетiнiң 2-бетiнде жарияланған “Генштаб России уличил американцев” деген мақаланың ортасындағы Бас штабтағы кездесуде түсiрiлген фотосурет қазiргi Ресейде кiмнiң кiм екенiн анық аңғартатын секiлдi.

Президент Д.Медведев үстел басында мойнын iшiне тартыңқырай бүгжиiңкiреп, әлдекiмге сенбегендей көзқараспен қарап отырса, костюмiнiң түймелерiн ағытып, риза көңiлмен орынтаққа шалқайып, өркөкiректенiп отырған Премьер-министр В.Путин екi қолының бас бармағын ышқырына салып, басын орынтақтың арқалығына қойып, қарсысындағы көрiнбейтiн бейнеге менсiнбей, маңғаз көз тастайды. Сонау 1930-1940 жылдары Италияның фашистiк үкiметiнiң басшысы, кейiн дарға асылған Муссолинидiң кейпi айна-қатесiз көз алдыға келетiн iспеттi. Өйткенi, ол да осылайша саусақтарын ышқырына немесе белдiкке қыстырып суретке түскендi ұнататын.

“Дарға асылған” демекшi, Кавказдағы соғыс күндерiнде Еуропа атынан ара ағайындыққа Францияның жас президентi Николя Саркози Мәскеуге, Тбилисиге келгенi мәлiм. Осы сапар барысында Владимир Путиннiң Грузия президентi Саакашвили туралы айта келiп: “Оны жұмыртқасынан дарға асып қою керек” деген мәнзелде анайы пiкiр айтқанын француз делегациясының өкiлдерi бүкiл әлемге ашық айтуға мәжбүр болғаны белгiлi

Бұл — халықаралық қауымдастықты ерiксiз тiксiнтiп қана қойған жоқ, бүгiнгi Ресейдiң беделiн ең төменгi деңгейге дейiн түсiрдi.

АҚШ-тағы президент сайлауы кезiнде үмiткер Рудольф Джулианидiң бас кеңесшiсi мiндетiн атқарған Neritage қорының вице-президентi Ким Холмстың: “Ресей өкiметi үнемi АҚШ-пен текетiрестi құп көретiн сияқты әсер қалдырады. Бұл — Владимир Путиндi ел iшiнде бұрынғыдан да беделдi ете түспекшi, ал Ресей осы қадамымен әлемдiк ауқымда белдi ойыншыға айналған сияқтанады, ең ақыры, еуропалықтар олардан үрейленедi деп үмiттенедi. Егер Ресей басшылары осындай текетiрестi шынымен қаласа, оған бiз дайынбыз. Қалай дегенде де үнемi АҚШ-тың күнi бiттi, бұдан былай Ресей мен Қытайдың уақыты туды деп жақ жаппай жүруге, сөйте тұра G 8-дiк (“Үлкен сегiздiк” — Ж.Ш.) мүшесi болуға ұмтылу орынсыз-ақ. Бұл әлi қырғи-қабақ соғыс емес, әйткенмен әрiптестiк деп те айта алмаймыз”, — дегенi бекер емес.

Кремль қазiргi Ресейде бәрi ғажайып дегендi көрсету үшiн қолдан келгеннiң бәрiн жасап, идеологиялық, ақпараттық белсендiлiгiн бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткiзсе де, Ресеймен әрiптестiгiн үзiп, салқын сыпайылықпен сөйлесудi құп көретiн елдердiң қатары күн санап көбейiп бара жатыр. Ал В.Путин “капитализмнiң көрiн қазушының” ауыр мiндетiн өз еркiмен мойнына алғандай түрлi амал-тәсiлдер, құйтұрқы саясат, қорқытып-үркiту арқылы тәуелсiз жаңа елдердi, ТМД елдерiн бiр тудың астына жинауға жанталасуда. Соңғы айларда айлакер В.Путин Ресейдi әлемдiк қаржы орталығына айналдырып, рубльдi аймақтық қосалқы валюта етудi жиi-жиi ұсына бастады. Осылай ету үшiн ол Мәскеудiң уысындағы барлық экономикалық, саяси, әлеуметтiк, әскери тетiктердi түгелдей пайдаланудан бас тартпақ емес. Бұған дейiн Белоруссияға 1,7 млрд. рубль көлемiнде несие берген Кремль алдағы уақытта қосымша 2 млрд. рубль бөлудi өз мойнына алды. Тек, бұл қаржыны А.Лукашенко Ресейден алынған газға ғана жұмсауға тиiс, бiр сөзбен айтсақ, ресми Минск доллардан да, өздерiнiң төл “зайчиктерiнен” бас тартып, айналымға рубльдi ендiруге мiндеттi. Барар жер, басар тауы қалмаған Белорусь бұл талапқа ерiксiз көнуге мәжбүр болғандай күн кешуде.

Бiздiң елiмiзде де соңғы жылдары әлдебiр астыртын күштер Ресей, Қазақстан, Белорусь одағы туралы, ортақ валюта туралы БАҚ-тардың бетiнде қасақана әңгiме тудырып, қоғамдық пiкiрдiң ауанын байқауға жиi әрекет жасап қояды. Және бұл әрекеттер тұрақты түрде қайталанып жүргенi ерiксiз байқалуда.

Қазақстан таяуда дамудың, қоғамдық қарым-қатынастардың еуропалық жолын түбегейлi әрi бiржола таңдайтынын, ең бастысы, “Еуропаға жол” ұстанымы мемлекетiмiздiң тұтастығы мен тәуелсiздiгiмiздiң кепiлi екендiгiн айқын мәлiмдегенi белгiлi.

Бiрақ, iле-шала Кремль Қазақстанға қоқан-лоққы жасағандай әсер қалдырды. “Мәңгiлiк дос” ел, стратегиялық әрiптесiмiз Ресей, Қазақстанды есiрткiге тосқауыл қоя алмай отыр деп кiнә тағуға ұмтылған. Анау-мынау емес, Федералдық қызмет директоры Виктор Иванов мырза 27-қараша күнi журналистердiң алдында Ресейге Ауғанстаннан келiп жатқан есiрткiнiң 95 пайызы қазақ шекарасынан өтетiнiн тiстенiп тұрып мәлiмдедi және мұнысы ашықтан-ашық қоқан-лоққы жасау секiлдi әсер қалдырғанын ұмытпау ләзiм.

Өйткенi, Ресей Орталық Азия мемлекеттерiнiң арасында құрлық арқылы тек Қазақстанмен ғана шектесетiнi белгiлi және бұл шекара ең ұзын шекара. Ендеше, Қазақстанның қандай айыбы бар? Бiрақ, АҚШ-тың Ауғанстанға қарсы соғыс бастауына осы есiрткiнiң және “халықаралық терроризмге қарсы күрес” дегеннiң желеу болғанын ойға алғанда көңiлдегi алаңдаушылық одан әрмен ұлғая түсетiн сияқты. Тiптi, Ресейдiң өзi Чешенстандағы екi соғысты бастауға есiрткi тасымалын сылтау еткенi де белгiлi. Ол ол ма, Ресейдiң Оңтүстiк Осетия мен Абхазияның тәуелсiздiгiн заңсыз мойындап, Грузияға қарсы соғысты бастауын “Бейбiтшiлiкке мәжбүрлеу” деп екiжүздiлiкпен атағаны да ойға оралады. Ал, бейбiтшiлiкке соғыс арқылы мәжбүрлеу дегенiмiз санаға сыймайтын қисынсыздық. Ендi Кремльдiң Қазақстанға қарсы “Есiрткi өткiзбеуге мәжбүрлеу” атты ерекше операцияны жүзеге асырмайтынына еш кепiл жоқ.

Ресейдiң Елтаңбасында Батыс пен Шығысқа зiлдене қараған сұсты самұрықтың бейнесi салынған. Ежелден әлемде көп басты айуандар мен жыртқыш құстар зұлымдық, топас қара күш, екiжүздiлiк, қатыгездiктiң символы ретiнде қабылданатыны белгiлi. Екi басты жылан, үш басты немесе тоғыз басты айдаһар, көп басты Медуза, жер асты патшалығы — Аидты күзететiн церберлер, екi басты құзғын грифондар – әлем халықтарының мифтерiндегi қорқынышты бейнелердiң бiр парасы ғана. Солтүстiктегi алып көршi елдi де дәп қазiр екi әмiршi билеп отырғаны аян. Бiрақ, одан ешқандай астар, меңзеу, символ iздегiмiз келмейдi.

Р.S. Таяуда Ресейдiң Орталық Банкiнiң басшысы Сергей Игнатьев қыркүйек-қазан айында Ресейдiң алтын-валюта қоры 97,6 млрд.долларға, ал 1 қарашаға дейiн жалпы 484,6 млрд. долларға кемiгенiн мойындауға мәжбүр болды. Қараша айының өзiнде ғана елде 95 мың жұмыс орны қысқартылған. Металлургия, құрылыс, машина жасау, химия салалары тоқырауға ұшырап, темiр жолда 7 мың вагонның жетiспейтiндiгi белгiлi болып отыр.

Жаңабек ШАҒАТАЙ

Серіктес жаңалықтары