“КӨКСАНДЫҚТЫ” АШЫП ҚАРА...

“КӨКСАНДЫҚТЫ” АШЫП ҚАРА...

“КӨКСАНДЫҚТЫ” АШЫП ҚАРА...
ашық дереккөзі
283

“Таң қалдырмаған хикая”

Қазақтар үшiн жаңа жыл 22 наурызда, күн мен түн теңелген қасиеттi мезгiлде басталғанымен, мәңгi жасыл шыршамен “Жаңа жылды” қарсы алу үрдiсi бiзде қалыптасып кеткенi соншалық, жыл сайын Иса пайғамбардың туған күнiмен тұспа-тұс келетiн 1-қаңтарды Аяз атасыз елестете алмайтын болдық. Ең қызығы, түрлi тарихи басылымдарда жаңа жылды әшекейлi шыршамен қарсы алу дәстүрiн Ресейде 1700 жылы қаңтардың 1-нде I Петрдiң енгiзгенi, дәл осы жылы Ресейде жаңаша жыл санау басталғаны, I Петрдiң өзi басқарған мейрамның таңға дейiн созылғандығы туралы жазылады. Тағы бiр қызық, кейбiр деректерде бiрқатар этнограф-тарихшылар қыпшақтардың шырша мерекесi болғанын, жаңа жылдың көшпелiлердiң де байырғы мейрамы екенiн де жазады.

Оған дәлел, Мұрат Әджiнiң “Қыпшақтар” атты кiтабындағы “Шыршалар мерекесi” атты тарау. Оның жазуына қарағанда, әуелде бұл мереке Құдайлар мен әруақтар мекенi – жер шарының тура кiндiгiнде тiршiлiк еткен Жер-Судың құрметiне арналады. Жер Судың жанында ақ сақалды Үлкен (Ульген) есiмдi шал жүрсе керек. Түркiлер оны ылғи қызыл шекпен киiп жүрген қалпында көредi. Мұрат Әджiнiң дәлелдеуiнше, ежелгi алтайлықтар шыршалар мерекесiн 25-желтоқсанда, Күндi Түндi жеңгенiне орайластырып, тойлаған екен. Тiлек-дұғалары Тәңiрiнiң құлағына шалынсын деген ниетпен, шыршаны үйлерiне әкелiп, неше түрлi әсем шүберектер байлапты. Сонан соң, әлгi әсем шүберектермен көмкерiлген шыршаны айнала би билеп, ән салатын болыпты.

Ал кейбiр деректерде желтоқсанның 25-i Исаның туған күнi деп, Юлиан күнтiзбесiнiң межесi бойынша тойлайды екен. Ал, бұл мейрмның бастауы ежелгi көшпелi халықтың, берiсi бүгiнгi түркi халықтарының байырғы мейрамы деп санайтын болсақ, онда Еуропаға бұл мереке кейiнiрек жерсiнген болып шығады. Еуропа бұл мерекеге Аяз ата, шырша, шырақ жағу сияқты өз реңктерiн берiп, түрлендiрiп шығарды. Соның арқасында бүгiнгi күнi бұл мереке Еуропалық мейрам болып шыға келген. Кейбiр деректерге сүйенсек, дiни күнтiзбе бойынша Исаның туған күнi қаңтардың 1-i емес, одан алты күн бұрын аталып өтедi. Кейбiр елдерде, тұп-тура қаңтардың 1-iнде емес, одан кейiн де тойланып жатады. Қалай десек те, бұл жай деректер ғана. Ал, шын мәнiнде, бүгiнгi ұғымда жаңа жыл – Христостың туған күнiмен сәйкес келетiн күн, 1-қаңтар. Бұл аққайнарлар атылып, от-шашулар жарқырайтын күн.

Шындығында да, бiз жаңа жылды дәл осылай қарсы аламыз. От-шашу, думан-той, ұрандату. Есесiне, бұл мерекеде алдындағы күндерге қуаныш, жақсылық, жаңалық әкелетiн, Үмiт пен Сенiм мерекесi екенiн естен шығарып алатынымыз жаман. Жасыл шыршаны айналып, би билеп, ән айтумен шектелетiн бұл мейрамның артықшылығы неде сонда…

Көпшiлiктiң жаңа жылды қалай қарсы алатынын бiлдiк?! Ал, телеарналар ше? Бұл күнi «көксандық» өз көрерменiне нендей тосын сый ұсынады? Телеарналар демекшi, бес күнге созылған демалыс күндерiнде көрерменнiң көбi “сиқырлы” қорапша – көксандыққа үңiлумен уақыт өткiзгенi белгiлi. Әшейiнде көксандықты көруге уақыт таппайтын едiк, мына демалыс телеарналарды тамашалауға оң жамбасынан келген сияқты. Республика жұртшылығының қалай тамашалағанын кiм бiлсiн, әйтеуiр алматылықтардың көбiнiң өздерiне тиесiлi он шақты телеарнаның құлағын бұраумен өткiзгенi анық. Таңнан басталып, қара кешке шейiнгi уақыт көгiлдiр арнаның алдында өткiзгендердiң телеарналарға деген өкпесi қара қазандай. Өкпелемегенде не iстесiн, жаңа жылда жанға жайлы, көңiлге қонымды бағдарламалар күтсе… Әй, қайдам, осы төрт күнде телеарналардың көбi көрсететiн бағдарлама таппай қиналып кеткенге ұқсайды. Сенбесеңiз, қараңыз…

“Қазақстан” ұлттық телеарнасы. Төрт күн бойы таңертеңгiлiк арна өз қорындағы әншiлердiң есеп беру концерттерiн бiрiнен кейiн бiрiн үзбей берумен болды. 31-iнде Мақпал Жүнiсованың “Жүрек назы”, 1-iнде Алтынбек Қоразбаев пен шәкiртi Мейрамбек Беспаевтың ән кешi, одан қала бердi, 31-желтоқсан күнi кешкiлiк көрерменiне ұсынған “Жарқын әуендi” үш күн бойы үздiксiз қайталаумен болды. Әлем-жәлем, қызылды-жасылды киiнген жұлдыздардың “жұлдызы” жанған күн болды. Бiр кеш қана емес, төрт күн бойы үздiксiз қайталана берсе, жұлдызы жанбағанда қайтсiн. Одан қалғаны, балаларға арналған “ертегi” мен мультфильмдер ғана… Сонымен ғана, уақыт толтырды. Әншiлердiң концертi болмағанда, телеарна не iстер едi, ә?!

“Хабар” арнасы. “Хабардың” ұсынған бағдарламалары қашанда “таң қалдыру” мен “кеш қалдырудан” тұратыны белгiлi. Әдеттегiдей, “Кеш қалмаңызда” жұлдыздардың балалары арнайы қонаққа шақырылыпты. Бұл жолы “Кеш қалмаңыздың” қонақтары “Аяз атаның” бар-жоғына, рас-өтiрiгiне бас қатырумен болды. Көрерменнiң көбi “анау пәленшенiң баласы екен”, “мынау түгеншенiң баласы ғой” деген таңданыспен отырып, олардың не айтып, не қойғанына да баса назар аудармады-ау деймiн. “Жұлдыздың” да баласы “жұлдыз” болады деген осы.

“Хабардың” жаңа жылға әзiрлеген тосын сыйы – “Таң қалдырған хикаясы” болды. Кiмдi қалай таң қалдырғанын бiлмеймiн, бiздi таң қалдырған нәрсе, сценарийдiң тұп-тура орыс әншiлерiнiң бейне клипiнен көшiрiлгендiгi болды. Естерiңiзде болса, ресейлiк “Звери” тобында осындай ұқсас оқиға болушы едi ғой. Онда да “Бентли” мiнген қыз көлiгiн “ТЖО”-ға қалдырып кетпеушi ме едi. Кешкiлiк “ТЖО-ның” шеберi әлгi машинамен қыдырыстап келе жатқанында, көлiктiң иесi такси тоқтатып тұратын. Екеуiнiң таныстығы осылай басталушы едi. Кейiнiрек, көлiгiн алуға келгенде шебер қызды көрiп, қыз шебердi көрiп, шек-сiлелерi қатқанша күлетiн. Кездейсоқтықтан тұратын әннiң мазмұны да осыған саятын едi-ау. Дәл сол оқиға бұл жолы “Хабарда” қайталанып отыр. Кiм-кiмнен идеяны ұрлады екен, ә?! Айтпақшы, ұмытып барады екенбiз, аталмыш бағдарлама бiздi таң қалдырып қана қоймай, таңдандырған да екен-ау. Неге таңданбасқа?! Бiздiң әншiлерiмiз мiнген темiр тұлпарларды қайда қоямыз? Бұған қарап, бiзге экономикалық дағдарыстың ауылы тым алыста көрiнедi. Сосын, “Хабардың” “жұлдызына” Азамат Сұрыпбаев пен Мәдина Сәдуақасова айналыпты. “Хабарды” қосып қалсаңыз, көретiнiңiз екеуi. Таң қалдырып та жүрген екеуi, таңдандырып та жүрген екеуi. Әлгi хикаяның мақсаты, көксегенi не? Не қызық бар, ненi тұспалдап отыр? Ешнәрсе ұққанымыз жоқ. Амал жоқ, не айтар екен деген оймен тамашалауға тура келдi. Одан кейiн Бекжан мен Назгүл шықты сахнаға. Олар да сол бiрiн-бiрi “қуалаудан” аса алмады. Сосын, сахнада қаптаған “әншiлер”. Саудагер де, саясаткер де әншi. Ақшасы бардың бәрi әншi болып кеткен сияқты. “Әннiң де естiсi бар, есерi бар” деушi едi. Әй, сол демалыста есiмiзде қалатын естi ән естiмедiк-ау деймiн.

“Еларна”. Күнделiктi түрiктiң, латын америкалықтардың сериалдарымен уақытты толтыратын арна, бұл жолы “Ән мен әншiмен”, “Сағындырған әндермен” өз уақытын жапты. Бiрiнен кейiн бiрi берiлген кештердiң қатарында ресейлiк “Новые песни о главным” да кiрiп кетiптi. Қай жылғы кеш екенiн кiм бiлсiн, бiр-екi рет бұрап көргенiмiз болмаса, концерттi толығымен тамашаладық деп айту тағы қиын.

“КТК” Бұл арна “Один доманың” (“Үйде жалғыз қалғанда” деп аударыпты. -Г.Б.) бiрнеше нұсқасы мен “Шуриктiң бастан кешкен хикаяларын” екi күн бойы қайталап беруден әрiге аса алмады.

“Астана” арнасы “Сағыныштың” қай жылғы кешi екенiн бiлмеймiн, екi күн бойы үздiксiз қайталап, сағындырып қойды. Бiр кештi бiр күн берiп қоймай, екi күн қайталағанына қарағанда, беретiн бағдарлама таба алмай қиналып қалған-ау, шамасы. Әйтпесе, “Сағыныштың” бiр кешiн емес, төрт бес кешiн беруге болатын уақыт бар едi.

“31-арна”. Әй, осы жолы не болса да “няняның” бағы жанды. Анастасия Заваратнюк қазақ көрерменiне разы шығар, ендiгi. Арнаны қай кезде қосып қалсаңыз да, “прекрасная няня” алдыңыздан шыға келедi. Тiптi, әлгi сериалдың басы қайсы, аяғы қайсы екенiн ұқпайтын болдық бүгiнде. Әрi не деген бiтпейтiн сериал десеңшi?! Шегi жоқ шексiз әлем секiлдi. Одан қала бердi, Нұрлан Еспанов пен Динара Қырықбаеваның жаңа жылға арнаған тартуын тыңдадық. Әрбiр сағат сайын екеуiн көрген шығармыз. Сосын, бұл жолы балалардың телеарналарға көңiлi толған шығар. Қай арнаны қоссаңыз да, мультфильмдер қаптап көрсетiлiп жатты.

Қалай десек те, «көксандық» жалықтырып қана қойған, жабырқатып тастады. Әншiнiң көп болғаны қандай жақсы болды, әйтпесе, көксандық уақытын немен толтырар едi? Әрi әншiге де жақсы болды. Жаңа жылдық тiлек айтамын деп, тост көтерiп тастағандарын бiлмей қалды. Құрбан айтты ұлықтап, тәуелсiздiктi ойдағыдай тойлай алмаған телеарналар есесiне бiр-бiр аққайнарды көтерiп, жаңа жылды тәп-тәуiр тойлатып-ақ тастады. Ұлттық дүниенi насихаттайтын бағдарлама дайындамаған ұлттық арналарға не деп өкпе артарсың? Жаңа жылдың түп-тарихы қайдан шыққанын тарихшыларымыз айтып жүр. Ендеше, “жаңа жылдың” түркi дүниесiне жат мереке болмағандығы рас болса, оны шараптатып, думандатып, ұрандатпай-ақ, өзгеше бiр үрдiспен, өзшеге бiр дәстүрмен тойлауды неге әдетке айналдырмаймыз? Жаңа жыл сонда тарсыл-гүрсiлiмен, сылдыр-салдырымен ғана есте қалуы керек пе? Онда бiздiң өзге елдерден артықшылығымз қайда? Әр ел өз ұлтының салт-дәстүрiне, ұлттық құндылықтарына қарай, той-тойлайды. Бiздiкi не той? Не ұлттық емес, не еуропалық емес, әйтеуiр шалажансар бiрдеңе?! Одан не қазақты таппайсың, не еуропалықты таппайсың? Cоған қарағанда, қазаққа ғана тән қазақи дүниенi шығарса, жаңа жыл келмей қоятын болуы керек. Әйтпесе, қазақтың салтына жақын, қазақтың табиғатына тән дүниелердi шығарар едi-ау…

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары