СӘУЕГЕЙШIЛIК ТЕ САЯСАТҚА ҚЫЗМЕТ ЕТЕДI ЕКЕН... АҢҚАУ ЕЛГЕ - ...

СӘУЕГЕЙШIЛIК ТЕ САЯСАТҚА ҚЫЗМЕТ ЕТЕДI ЕКЕН... АҢҚАУ ЕЛГЕ - ...

СӘУЕГЕЙШIЛIК ТЕ САЯСАТҚА ҚЫЗМЕТ ЕТЕДI ЕКЕН... АҢҚАУ ЕЛГЕ - ...
ашық дереккөзі
226

Пенде шiркiннiң пендешiлiгi қалған ба. Басқа түскен қиындық баз бiреудi Құдайшыл, баз бiреудi тәубешiл, ал бiреулердi сәуегейшiл етiп жiбередi. Тұрмысқа ұзақ уақыт шықпай жүрген қыздардың “Мен қашан күйеуге шығамын?” деп сұрақ қойғалы, қымбат затын немесе көп ақша жоғалтқанның “Кiм ұрлады?” деп кiнәлiнi iздеп “көрiпкел-сәуегейлерге” жүгiнгенiн талай көрдiк. Тағдыры тығырыққа тiрелген адамды “Бақытты болу өз қолыңда емес пе?” деп тұқыртып алам ба деп, жоқ iздеп шарқ ұрған жанға “Садақа болсын” деп үмiтiн үзем бе деп, бақсыға барудан айныта алмай, үнсiз қалған кезiмiз де жоқ емес. Басына әлдеқандай қиындық туса, тiптi кесел жұғып, ауыра қалған жағдайда да, балгер-емшiге жүгiретiндер аз емес.

Ал былтырғы жылдың қиыншылығы, соңғы жылдардағы қымбатшылық, ендi мiне, жұмыссыздық бақсы-балгерлердiң айын оңынан тудырды ма деймiн. Басқа-басқа, оларға Алматыдағы Көк базардың төрiнен ғана емес, теледидардың өзiнен орын бұйырыпты.

Дәстүр бойынша Ескi жылды шығарып салып, Жаңа жылды қарсы алар мерекелiк бағдарламалардың бiрiнде тiлшi әрiптесiмiз сәуегей-көрiпкелдердi аралап, “Сиыр жылына болжау жасауды” өтiндi. Жеке басына немесе телеарнаның өзiне емес, бәрiмiзге ортақ – Қазақстанның жағдайына. Абыройға шүкiр, көрiпкелдерiңiз бiрiнiң аузына бiрi түкiрiп қойғандай, жамандық шақырмады. Жақсылықты да үйiп-төккен жоқ. Шындығына келгенде, олардың айтқандарында ешқандай жаңалық та болған жоқ. Әйтеуiр “Сиыр жылы жаман болмаймыз” деген мағынадағы “болжам”.

Жұлдызшылардың да жолы болды. “Болжамдары” өзiне-өзi жасаған жарнама сияқты әсер қалдыратын Павел Глоба жаңажылдық бағдарламада “КТК” теларнасының бетiнен түскен жоқ.

Теледидарды былай қойып, мерзiмдi басылымдарының денi жұлдызшы көрiпкелдердi жағалай бастапты. Соның бiр-екеуiн ұсынып отырмыз.

Ресейдегi салиқалы басылымдардың бiрi “Коммерсанттың” өзi астролог Павел Максимовты шақырып алып, “болжам жасап” беруiн сұрапты. “2008 жыл көптеген адамдарға әлемдiк жүйелiк дағдарыстың басталуымен есте қалды. Қор нарығының күйреуi, валюталардың әрi-берi секiруi, мұнай бағасының төмендеуi, аймақтық соғыстар, жаңа мемлекеттердiң ұрыс-талас нәтижесiнде пайда болуы. Мұның бәрiн астрологтар бiрнеше жыл бұрын айтып қойған. Ал қазiр дүниеде болып жатқан оқиғалардың денi “Коммерсантъ” бетiнде осы автор жолдарының аузымен болжанған болатын” дей келе, ол сиыр жылына сәуегейлiк жасайды. Бұл автордың бiр сөзiмен келiсуге болар, оның “бұл дағдарыс бiзге құндылықтарымызды қайта қарап, рухани-танымдық салаға көбiрек мән беруге шақыру үшiн берiлдi” дегенi көңiлге қонады. Соңғы кезде заттық-материалдық игiлiктерге табынарлықтай жағдайға жеткенiмiз рас емей, немене? Ал заттық игiлiк бiрiншi кезекке шыққанда, рухани құндылық ысырыла беретiнi белгiлi. Жұлдызшының айтқандарын тiзебелеп жатуды жөн көрмедiк, ол дағдарыс 2011 жылға дейiн жалғасып, 2012 жылы экономика қайта өрлеу жолына түсетiнiн айтады. Қазақша айтқанда, “ақырының қайырын берсiн” деймiз.

Ал, “Литер” астролог, экстрасенс Нора Бекмахановаға төр берiптi. Оның болжамы “Сиыр жылы жаман жыл емес, бiрақ бiраз қиындықтар болады” дегенге саяды.

Десе де, осының не қажетi бар едi?

Соқыр сенiм адастырады. Адамды жолынан жаңылыстырады, бағытынан айнытады. Саналы адам өз өмiрiн саралап, қателiктерiн талдап, өткенiнен сабақ алып, болашағын жоспарлап өмiр сүрмеген соң, алақанына түскен бес-он тиынға (бейнелеп айтқанда, әрине) малданып, келешектiң керемет суретiн көз алдыңа әкелiп, “үлде ме, бүлдеге” “орайтын” әлдебiр сәуегейдiң айтқанымен қалайша өмiр сүрмек? Содан кейiн “өз ақылыммен жүрдiм” деп қалайша айтпақ?

Осындайда, “Ақырзаман жақындағанда, балгер, көрiпкелдер көбейедi” деген сөз еске түседi.

Жалпы, пенде болашақты болжап бiлуге әу бастан құмар. Жауырын ашатындар, жұлдыз барлайтындар, құмалақ ашып, болашақтан хабар алатындар әр кезде болған. Ал билiк пен байлыққа қол жеткiзгендер барынан айрылып қалмау үшiн көрiпкел-сәуегейлердi өзiне жақын ұстайтыны белгiлi. Баяғының хандары да жұлдызшы-жауырыншы ұстаған деседi. Бiрақ сәуегейшiлiк екiжүздi ұстара сияқты, бiреудiң бағын асырса, бiреудiң сағын сындырады. Ал кейде саясаттың да оны өз пайдасына жұмсайтын кезi болады екен.

Мұның бiр мысалын былтыр жыл бойы берiлген ресейлiк телеарналардың хабарларынан алуға болады. ХХI ғасырда Ресейдiң әлемдiк державаға айналып, халықаралық саяси-экономикалық жағдайларды бiр өзi реттейтiндiгiн паш ететiн “болжам” телехабарлар бұл. Бiр хабарда ХХ ғасырдың соңы мен ХХI ғасыр басында дүниеге өзгеше сәбилер дүниеге келiп, олардың болашақта бөлек болмысты адамдар болып ержететiндiгi айтылды. Ол адамдар бiзден гөрi ақылы кемел, ойы озық, көреген болады-мыс және жер бетiндегi билiктi өз қолдарына алады-мыс. Бiр қызығы, бұл адамдар негiзiнен Ресей топырағында дүниеге келген-мыс.

Екiншi бiр хабар астрологиялық кестеге сай, Ресейдiң осы ғасырда орасан зор қуатқа ие болып, үлкен өзгерiстердi бастан кешiрiп, азуын Айға бiлеген iрi империяға айналатындығына меңзейдi. Қайсiбiрiн айтайық, осындай мазмұндағы хабарлар ТМД көрермендерi үшiн арнайы түсiрiлгендей көрiндi. Ресейлiк телеарналардың көршi мемлекеттер аумағына таралуға деген ұмтылысы туралы “Түркiстан” газетiнiң бетiнде бұдан бұрын бiраз жазылды. Ал қазақстандағы ресейлiк телеарналардың саны отандық телеарналар санынан әлдеқайда көп.

Осының бәрi астыртын жасалып отырған, жоғарыдан пәрмен берiлу арқылы жүзеге асып отырған саясат па деп қаласың. Өйткенi, жоғарыда айтылған хабарлар “өзгелердi” (яғни, орыс еместердi) орыспен таласпауға, оған жақын жүруге уағыздайтын сияқты.

Бұрын жеке адамдардың тағдырына қарап бал ашатындар ендi тұтас ұлттың, елдiң, аймақтың тағдырын болжауға әуестенгенi ойлантады. “Дағдарыс ендi қаншаға созылады? Қазақстанның экономикасы қалай дамиды? Елде саяси тұрақтылық сақтала ма?” деп сәуегейлерге сұрап жүрiп, бiр күнi “Қазақ тiлi мемлекеттiк тiл мәртебесiне қашан лайық болады? 4 миллион қазақ ана тiлiнде қашан сөйлейдi?” дегендi де сұрамасақ болғаны!?

Бiрақ осы сәуегейшiлердiң сөзi көбiне “тисе терекке, тимесе бұтаққа” деген қағидаға сүйене ме деймiн. Егер ертеңiмiздi қолмен қойғандай етiп суреттеп берсе, өз бетiңмен тiршiлiк етудiң не қызығы бар? Жұлдызшыларыңыздың өзi: “Жұлдыздар жөн сiлтейдi, бiрақ адамның еркi шешедi” дейдi. Ал Ислам: “әрекет – Адамнан, берекет – Құдайдан” дейдi. Бiз осы сөздiң соңғысына қарай ойысамыз.

Сiз ше?…

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары