“КРЕСТ ШЕРУI” ӨТКЕН ЖОҚ... ОҒАН БIЗДIҢ ОҚЫРМАННЫҢ СЕПТIГI ТИДI

“КРЕСТ ШЕРУI” ӨТКЕН ЖОҚ... ОҒАН БIЗДIҢ ОҚЫРМАННЫҢ СЕПТIГI ТИДI

“КРЕСТ ШЕРУI” ӨТКЕН ЖОҚ... ОҒАН БIЗДIҢ ОҚЫРМАННЫҢ СЕПТIГI ТИДI
ашық дереккөзі
443

Көпдiндiлiк пен көпұлттылықты насихаттайтын бiздiң елден артық ел жоқ. Бұл мемлекетiмiздiң басты саяси ұстанымы екенi де шындық. Алайда, осы жалпақшешейлiгiмiздi белден басып, елiмiздiң босағасын әрi-берi ойқастап жүрген дiни ағымдар мен миссионерлер шектен шығып бара жатқан жоқ па? “Болары болды, бояуы сiңдi” демекшi, ел Үкiметi жат пиғылды дiни ағымдар әбден төрт құбыламызды түгел жаулап алғаннан кейiн бiр-ақ “Дiни сенiм бостандығы және дiни бiрлестiктер туралы” Заңға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiп әлек. Бiрақ, “судай сiңiп, тастай батып” кеткен миссионерлiк қызметке бұл жаңа заңмен де тосқауыл қоя алмайтын түрiмiз бар.

“Мал ашуы — жан ашуы”. Әлгiндей заңды да, қоғамды да, тiптi сол қоғамның мүшесi адамның да (мұсылман қауымының) дiни құқығын таптайтын, көңiлдi қынжылтып, қаяу мұң салатын жайт газетiмiздiң 2008 жылғы №7, 21 ақпанда журналист Жаңабек Шағатайдың “Крест шеруi” Қазақстанға да келмекшi. Бұған мұсылмандар бей-жай қарай ала ма?” атты мақаласында ашына айтылған едi. Онда 2007 жылдың наурыз айында Мәскеу және бүкiл Русьтiң қасиеттi патриархы II Алексий “Құдай-Ана жұлдызы” атты халықаралық бағдарламасын өткiзуге бата берiп, тұсауын кескенi және крест шеруiн жасайтындығы жөнiнде жазылған. Бiр айта кетерлiгi, бұл шеру Ресейдiң алты қаласы, яғни, Владивосток, Якутск, Барнаул, Архангельск, Дондағы Ростов, Санкт-Петербург, мұнымен қоса, Таяу Шығыстағы Иерусалим мен Афонда басталып, 2008 жылдың маусымында Мәскеуде аяқтауға келiскен шараға Ресей билiгi әжептәуiр ақша бөлiп, қолдау бiлдiрген. Ең сорақысы, Орыс Православие шiркеуi өткiзген бұл крест жорығы қасиеттi қазақ даласын да басып өтпек болған. Дәлiрегiнде, крестшiлер әруақты ата-бабаларымыз бен қазақтың жайсаң азаматтарының қаны тамған Павлодар қаласы мен Кереку жерiне 2008 жылдың 5-наурызында келiп, үш күн бойы шеру жасап, қаланы түгел аралап шықпақ болғандығын бәзбiр БАҚ-тар ерекше мақтанышпен хабарласа, “Түркiстан” газетiнiң журналисi Ж.Шағатай мәселенiң астарына үңiлiп, “бұған мұсылман қауымы бей-жай қарай ала ма?” деген ой тастады.

Бiр қызығы, әлгi бағдарламаның аясында елiмiзде шеру өткiзудi жоспарлаған крестшiлердiң бұл астыртын әрекетi жүзеге аспапты. Неге дейсiз бе? Оған әуелi бiздiң оқырмандардың қосқан сүбелi үлесi көп. Павлодар қаласында тұратын тұрақты оқырманымыз Руза Бейсенбайтегiнiң қолына “Түркiстан” газетiнiң 2008 жылғы 21 ақпандағы кезектi №7 саны түседi. Ол газет арқылы Кереку өңiрi, Павлодар қаласына крест шеруiнiң келе жатқанын бiлiп, тиiстi мекемелерге хабарласып, қолдан келгенiнше бұл шерудiң ел аумағына кiрмеуiне жанын салған екен.

“… “Түркiстан” газетiн оқи сала, дереу әкiмшiлiкке хабарластым. Бұл мәселемен iшкi саясат бөлiмi айналысады” деген соң газеттi қолыма алып, оған да бардым. Ызаға булыққан күйi Павлодар облыстық Iшкi саясат департаментiнiң бастығы Дәулет Қоқанұлы деген азаматқа кiрiп, “Мынау деген масқара ғой, крест шеруiн өткiзуге кiм рұқсат бердi оларға? Өзi де Павлодар облысы оңып тұрған облыс емес едi, ендi бүкiл Қазақстанға масқара болып, көшемiзде тайраңдатып қоймайық” деп мақаланы көрсетiп, iшiмдi өртеген күйiктi ақтарып салдым. Одан iзiн суытпай Прокуратураға да соқтым. Бiр қызығы, бұл ақпараттан жергiлiктi шенеунiктер бейхабар екен. Ести сала: “Қам жемеңiз, бiз тиiстi орындарға хабарлаймыз, бәрiн орнына келтiремiз” деп бәйек болды. Содан келесi күнi Iшкi саясат бөлiмiне қайта хабарласып, мәселенiң мән-жайын бiлгiм келдi. Сөйтсем, Iшкi саясат бөлiмiндегi азаматтар кеденге, жергiлiктi Орталық шiркеуге телефон шалып, шiркеу басшысына: “Сiздер шеру өткiзу үшiн әкiмшiлiкке 10 күн бұрын өтiнiш жазуларыңыз керек. Демек, бұл крест шеруiнiң өтуi мүмкiн емес” деп айтыпты. Алайда, шiркеудегiлер: “Бiз шеру өткiзбеймiз, оларды пойыздан күтiп алып, iс-шарамызды өткiземiз де, келесi күнi қайта шығарып саламыз” деген де қойған. Сол екi ортада Орталық мешiтке, Мұсылман әйелдер қоғамына да телефон шалып үлгердiм. Мешiт имамы: “Бiздiң қолымыздан не келедi. Тiптi, шеруге де шыға алмаймыз. Бар болғаны Iшкi саясат бөлiмiне хабарласамыз” дедi. Одан жоғарыда Iшкi саясат бөлiмi хабарласқан Орталық шiркеудiң нөмiрiн тердiм. Қазақ тiлiнде тiлдесiп, амандассам: “Вы куда звоните, это — церковь” деп жағамнан алды. Әйтеуiр, қайта-қайта телефон шалып, кешке қарай әрең ұстадым. Маған: “Вы кто такая?” дегеннен бастады да, әрi қарай орыс тiлiнде дүрсе қоя бердi. “Жұмысыңыз болмасын, шерудi өткiзуге кедергi жасай алмайсыз” дедi. Мен Павлодар қаласының тұрғынымын. Қазақстанның азаматы, мұсылман ретiнде бөтен елдiң крест шеруi бiздiң елден сайраңдап өтуiне қарсымын” десем, “Бiз сiздi тыңдайды екенбiз, не десеңiз де бұл шеру өтедi” деп жауап бердi. Көрдiңiз бе, олар Iшкi саясат бөлiмiне алай дейдi, маған бұлай дейдi. Соған қарағанда, жергiлiктi қаланың қарапайым тұрғынына пысқырып та қарамайтын болғаны ғой …”

Негiзiнде Конституция бойынша, Қазақстан жерiнде басқа елдiң туымен (крестiк) шеру өткiзуге болмайтыны белгiлi. Тек бiр ел екiншi елдi жаулап алғанда ғана, сол елдiң жалауын түсiрiп, өз туларын көше бойы көтерiп алып жүредi емес пе? Әйтеуiр бiр қуаныштысы, әлгi шеру бiздiң ұлтжанды, өз халқына, өз дiнi мен дiлiне жаны күйзелетiн Руза Бейсенбайтегiнiң табалдырық тоздырып, табанынан таусылғанының арқасында әрi жергiлiктi халықтың болашағына алаңдаған шенеунiктердiң дер кезiнде шара қабылдап, әрекет етуiнiң нәтижесiнде бұл крест шеруi болған жоқ. Әрине, нәзiкжанды әйел затының осындай үлкен iстiң басы-қасында жүрiп, кертартпа әрекеттерге қарсы тұруының өзi ерлiк емес деп айтып көрiңiзшi?!

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары