ҚАЗАҚСТАНДЫ СЫНҒА АЛДЫ

ҚАЗАҚСТАНДЫ СЫНҒА АЛДЫ

ҚАЗАҚСТАНДЫ СЫНҒА АЛДЫ
ашық дереккөзі
398

Үстiмiздегi жылдың 1 қаңтарынан бастап, Қазақстан Еуропалық қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ететiн “Үштiктiң” құрамына кiрдi. 2010 жылы төрағалық тiзгiнi Қазақстанның қолында болмақ. Халықаралық ұйымға басшылық ету бiздiң елiмiздегi саяси реформаларды жүзеге асыруға, демократиялық құндылықтардың сақталуына, сөз бостандығын қамтамасыз етуге ықпал етуi тиiс. Былтыр Мадридтегi кездесуде ҚР Сыртқы iстер министрi Марат Тәжин қазақ билiгiнiң елдегi халықаралық стандарттардың сақталуын толығымен жүзеге асыратынына ЕҚЫҰ өкiлдерiн сендiрiп қайтты.

Бұл мәселеде Қазақстанға қолдау бiлдiргендер жетерлiк. Түрлi себептермен. Яғни, саяси, экономикалық т.б. мүдделерге орай. Алайда, жаңа жыл есiктен енер, енбестен, “Үштiк” құрамындағы Қазақстанды сынның астына алған батыстық бұқаралық ақпарат құралдары ЕҚЫҰ сияқты халықаралық ұйымға төрағалық ету үшiн ең басты демократиялық талаптардың орындалуы керектiгiн көлденең тартты. Ол аз десеңiз, апта басында әлемдегi азаматтық бостандық мәселесiн сарапқа салған америкалық құқық қорғау ұйымы — “Freedom House” посткеңестiк елдердегi (Балтық жағалауы елдерiнен басқалары) азаматтық құқықтардың сақталуы уақыт өткен сайын үздiксiз нашарлап бара жатқанын сынға алды. Арнайы жасалған баяндамадағы “қара тiзiмде” ЕҚЫҰ-ға келесi жылы төрағалық етуге талпынған Қазақстан да бар. Ұйым сарапшылары бұрынғы кеңестiк елдердегi азаматтық құқықтардың сақталмауына үш фактор әсер еткен дейдi: экономикалық күштiң Қазақстан, Ресей, Түркiменстан, Әзiрбайжан сияқты көмiрсутегiлерге бай елдердiң қолына шоғырлануы; КСРО-дан қалған келеңсiздiктер кесiрi; Ресейдiң посткеңестiк елдерге ықпал етуге талпынған әрекеттерi.

Халықаралық сарапшылар энергетикалық қорларға бай елдердегi антидемократиялық әрекеттердiң жиiлегенiн, авторитаризмнiң күшейгенiн, саяси реформаларды жүзеге асыру өте баяу жүргiзiлгенiн көлденең тартады. Есесiне, экономикалық, әлемуеттiк реформалар мен бiлiм беру салаларындағы реформалар жүйелi түрде iске асырылған.

Еуропалық қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымының тiзгiнi қолға тимей жатып, халықаралық бұқаралық ақпарат құралдары мен “Freedom House” секiлдi iргелi ұйымның сынына ұшырау Қазақстанның әлем алдындағы беделiне қаншалықты әсер етпек? ЕҚЫҰ-ға жетекшiлiк ету үшiн Қазақстандағы саяси, демократиялық ахуалы халықаралық стандарттарға сәйкес болуы тиiс. Елдегi реформаларды жүзеге асыру нәтижелi түрде жүргiзiлiп жатыр ма? Осы тәрiздi сауалдарға жауап берген отандық сарапшылар пiкiрi сан алуан. Мысалы, билiк елдегi саяси ахуалды түбегейлi өзгертудi, қоғамдағы демократиялық үрдiстердi қарқынды дамытуды қаламайды деген пiкiрдегi отандық оппозиция өкiлдерi: “Бiздiң билiк Мадридтегi кездесуде ЕҚЫҰ-ға берген уәдесiнiң бiр де бiрiн орындаған жоқ. Құр сөзбен, әдемi баяндамалармен шектелдi” деп билiктi кiнәлайды. Ал саясаттанушы Досым Сәтпаев еуропалық шенеунiктердiң посткеңестiк кеңiстiктегi саяси ахуал мен менталитетке еттерi үйрене бастағанын көлденең тартады: “Батыста 2010 жылы Еуропалық қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымына төраға болысымен, Қазақстан аяқ астынан демократиялық елге айналып шыға келедi деп ешкiм әсте күтпейдi. Кейiнгi кездерде Қазақстандағы бiрқатар саяси оқиғалар, әсiресе, Батыс сынға алған ҚР Президентiнiң президенттiк мерзiмiн шектемеуге қатысты ҚР Конституциясына енгiзiлген өзгерiстер “Қазақстанда саяси реформалар қарқынды жүргiзiлiп жатыр” деп сенiп келген кейбiр батыстық мемлекеттердiң көңiлiн қалдырды. Осы себептi, Еуропа Қазақстанда ғана емес, Орталық Азияда демократияландыру процесi жылдам жүредi деген үмiт ақталмайтынын ендiгi түсiндi. Билiк сырттай қоғамды демократияландыруға, саяси реформаларды жүзеге асыруға құлшына кiрiскен сияқты көрiнгенмен, жасалынып жатқан әрекеттер ресми баяндамаларға қарама-қайшы. Мысалы, БАҚ туралы, саяси партиялар туралы заңдарға енгiзiлген өзгерiстер бiздiң билiктiң тек сөзбен шектелетiнiн дәлелдедi.

Танымал саясаткер, экс-депутат Зәуреш Батталова ауызбiршiлiгi кеткен оппозицияны бiрлiкке шақыра отырып, Қазақстанның “Үштiк” құрамынан табылуы қазақ қоғамына игi әсер етедi деп үмiттенедi: “Еуропалық қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету — жетiстiк. Төрағалық елiмiздiң саяси, экономикалық, әлеуметтiк реформаларына қаншалықты ықпал ететiнi билiктiң құлшынысына байланысты”. Батталова ханымның пiкiрiн қостаушылар жетерлiк. Мысалы, Досым Сәтпаев Қазақстанның Еуропалық қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымына төраға болуға ұмтылуының өзi көңiлге үмiт ұялатады деген ұстанымда: “Қазақстан әлемнен өзiн толық бөлiп тастаған және ешкiмнiң билiкке оппозициялық көзқараста болуына құқығы жоқ Түркiменстан мен Өзбекстаннан әлдеқайда жоғары тұр. Қазақстан — анағұрлым жария мемлекет. Орталық Азия аймағындағы басқа көршiлес елдерге қарағанда, Қазақстан халықаралық қауымдастықтың өркениеттi мүшесi болуға талпынады”.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары