ЭНЕРГЕТИКТЕРДIҢ АЛҒАШҚЫ БАЙҚАУЫ

ЭНЕРГЕТИКТЕРДIҢ АЛҒАШҚЫ БАЙҚАУЫ

ЭНЕРГЕТИКТЕРДIҢ АЛҒАШҚЫ  БАЙҚАУЫ
ашық дереккөзі
221

“Қазақстан Республикасының инженер — энергетиктер Одағы” заңды тұлғалар бiрлестiгi мен “Шеврон” компаниясы өздерiнiң ортақ бастамасы — қуатты үнемдеу жөнiндегi жобалар бойынша Қазақстанның оқушылары, студенттерi, жас мамандары, аспиранттары мен ғалымдары арасында тұңғыш рет өткiзiлген бiрiншi республикалық байқаудың нәтижелерiн жариялады. Кеше Алматыда ҚР Ұлттық инженерлiк академияның конференц-залында байқаудың жеңiмпаздарын марапаттау салтанаты өттi.

Бұл байқаудың негiзгi мақсаты — елдiң мектеп оқушылары мен ғылыммен айналысатын жастарының қуатты үнемдейтiн озық технологиялар мен экологиялық таза келетiн жаңғырмалы қуат көздерiн ойлап табу мен енгiзуге бағытталған талпыныстарын ынталандыру, қуат қорларын пайдаланудың тиiмдiлiгiн арттыру, энергияны тұтыну мен үнемдеудiң мәдениетiн қалыптастыру, халықтың қуатты үнемдеу туралы түсiнiгiн кеңейту және Қазақстанның болашағын құратын жастардың шығармашылық белсендiлiгiн арттыру болып табылады.

“Байқауды өткiзу арқылы бiз осы күнгi күрделi экономикалық ахуал кезiндегi ең өзектi мәселелердiң бiрi — шығарылатын өнiмдердiң энергосыйымдылығын төмендету, қуатты үнемдеуге бағытталған бағдарламаларды енгiзу және жаңғырмалы қуат көздерiн пайдалану арқасында мемлекетiмiздiң энергетикалық қауiпсiздiгi мәселесiн шешуге дарынды жастарды тартуды көздедiк”, — дейдi “Қазақстан Республикасы инженер — энергетиктер Одағының” президентi Герман Трофимов.

Қуат жетiспеушiлiгi мәселесiн шешудiң бiр амалы — қуатты үнемдеу. Тез өтелетiндiктен және қысқа уақыт iшiнде жүзеге асатындықтан қуатты үнемдеуге бағытталған шаралар Қазақстандағы нағыз балама қуат көздерi болып табылады. Қазiргi таңда қуатты үнемдеу жалпы iшкi өнiмнiң 1% қамтамасыз етiп, бiр iрi электр станциясының орнын толтыра алады. 2008 жылдың ақпан айындағы Қазақстан халқына жолдауында Президент Н.Ә.Назарбаев электр қуатын жаппай үнемдеу қажеттiлiгiне ерекше назар аударып, кәсiпорындарды қуат үнемдейтiн және қоршаған ортаға зиянсыз келетiн технологияларды ендiруге күш жұмсауға шақырды.

Қазақстан экономикасына 12,5 млрд. АҚШ доллары көлемiнде инвестиция жұмсаған, дүние жүзiндегi ең iрi энергетикалық компаниялар қатарында төртiншi тұрған “Шеврон” корпорациясының бастамалары жалпы адами қажеттiлiктерге, бiлiм беру мен кәсiби оқытуға, кiшi және орта бизнестi қолдауға, қуатты үнемдеу мен қоршаған ортаны қорғауға бағытталған. Өткiзiлген байқау “Шеврон” компаниясы жұмысының бiр көрiнiсi болып табылады және компанияның қаржыландыруы арқасында мүмкiн болды.

“Энергия мен қорларды үнемдейтiн технологияларды дамыту барған сайын өзектi мәселеге айналып барады. Келешек осы жоғары технологиялық процестердiң еншiсiнде болмақ”, — деп атап көрсеттi “Шеврон” компаниясының Қазақстандағы өкiлдiгiнiң басшысы Замира Қанапиянова. — “Әлемнiң энергия өндiру саласындағы көшбасшыларының бiрi болып табылатын бiздiң компания үшiн қуатты үнемдеу мәселесi айырықша басымдыққа ие. Айталық, 1992 жылдан берi “Шеврон” жаңа технологияларды енгiзу арқасында өзi тұтынатын қуат көлемiн 27%-ға азайтты. Энерготиiмдiлiк пен қуат үнемдеу шаралары — “экологиялық таза” қуатқа қол жеткiзудiң ең оңай әрi арзан амалдары”.

Байқауға 23 адам қатысты. Солардың бәрi де белгiлi бiр дәрежеде ұйымдастырушылардың көңiлiнен шықты. Кейбiр жобалар тәжiрибелi мамандардың жетекшiлiгiмен пысықталынған. Байқауға қатысушылар осы заманғы ақпараттық құралдарды пайдалана бiлу қабiлетiн байқатып, энергия қорларына ұқыпты қарауға талпынысын көрсетiп, ал кей жағдайларда конструкторлық тың идеялар мен өзiндiк шешiмдердi таба бiлдi. Ол жаңашыл идеяларды қуат көздерiнен шалғайда жатқан елдiмекендер мен өндiрiстерде, егiн учаскелерiнде, коммуналды шаруашылықта, бюджеттiк салада осы күннiң өзiнде қолдануға болады.

Байқау мектеп оқушылары, студенттер, жас мамандар мен жас ғалымдар арасында төрт номинация бойынша өткiзiлдi. Электроэнергетика, жылу энергетикасы, жаңғырмалы қуат көздерi секiлдi салаларда еңбек етiп келе жатқан академиктер, ғалымдар мен бiлiктi мамандардан тұратын қазылар алқасы жобаларды қарастырғанда жұмыстарды 19 критерий бойынша бағалады. Техникалық шешiмдердiң өзектiлiгi мен бiртумалығына, инвестициялық тартымдылығына, энергетикалық, экономикалық және экологиялық тиiмдiлiгiне, шығармашылық дербестiгiне ерекше көңiл бөлiндi. Әр номинацияда бiрiншi үш орын алған қатысушыларға бағалы сыйлықтар табыс етiлдi. Байқауға қатысқандардың бәрi дипломдармен марапатталды.

Дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапаттау рәсiмiне, жарысқа қатысушылардан басқа, байқаудың ұйымдастырушылары, Алматы қаласының энергетика, коммуналды шаруашылық және бiлiм беру Басқармаларының жетекшiлерi мен мамандары, жас дарындардың ата-аналары, энергетика саласының қауымдастығы қатысты.

Едiге БЕКТАС

Серіктес жаңалықтары