САЯСИ ПАРТИЯЛАР: АЙТЫЛҒАН СӨЗ АЙТЫЛҒАН ЖЕРIНДЕ ҚАЛАДЫ

САЯСИ ПАРТИЯЛАР: АЙТЫЛҒАН СӨЗ АЙТЫЛҒАН ЖЕРIНДЕ ҚАЛАДЫ

САЯСИ ПАРТИЯЛАР: АЙТЫЛҒАН СӨЗ АЙТЫЛҒАН ЖЕРIНДЕ ҚАЛАДЫ
ашық дереккөзі
260

2009 жылдың алғашқы күндерiнде Қазақстан Парламентi ЕҚЫҰ алдындағы мiндеттемелерiн орындау мақсатында бiрнеше конституциялық заңдарға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы заң жобаларын қабылдады.

Олар – “Саяси партиялар” және “Сайлау туралы”, “БАҚ туралы” Заң. Яғни, үшеуi де саяси мәнi зор, демократиялық талаптары ерен заң. Былтырғы жылдың соңғы айларында Үкiмет ұсынып, Парламент Мәжiлiсiнде талқыланған заңға Сенат өз батасын бердi. Ендi ол заңдардың өмiрге жолдама алуы үшiн Елбасының қол қоюы ғана қалды.

Аталған заң жобасын Парламентке ұсынған Үкiмет мүшелерi оның Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету қарсаңында мойнына алған демократиялық өзгерiстердiң бiр парасы екендiгiн айтты. Алайда, елдегi демократиялық күш өкiлдерi мен оппозиция бұл заңдардың демократиялық талаптарға ешқандай жауап бере алмайтындығын айтады.

ҚОСЫЛҒЫШТАРДЫҢ ОРНЫ АУЫСҚАНЫМЕН ҚОСЫНДЫ ӨЗГЕРМЕЙДI

Сонымен “Сайлау туралы” Заң жобасына енгiзiлген өзгерiстер тым көп емес. Оның өзi бұған дейiн көпшiлiктiң талқысына түсiп жүрген Саяси партия мүшелерiнiң 50 мыңдық межесi және Парламент сайлауында бүкiл сайлаушылардың 7%-дық дауысына ие болған партия ғана Парламенттен орын ала алады деген баптарға байланысты. Алғашқысын Әдiлет министрлiгi 50 мың адамнан 40 мыңға түсiру қажет деген екен. Демек, әр аймақтағы партия мүшелерiнiң санын 700-ден 600-ге түсiру көзделген. Негiзiнен дәл осы бап халықаралық сарапшылардың да, елдегi өзге демократиялық күштердiң сынына жиi ұшыраған едi. Өйткенi, саяси партия құру үшiн 15 миллион халқы бар Қазақстан үшiн 50 мың қол жинау оңай iске айналмағаны белгiлi. Дегенмен, соған қарамастан елде 12-13 саяси партия тiркелдi. Яғни, олардың көбiнiң жинаған қолы – жалған болғаны да мәлiм. Көптеген демократиялық елдердiң талабына қарасаңыз, екi-үш адам жиналып та саяси партия жасақтауға мүмкiндiк берiлген. Яғни, саяси партияның мүшелерiнiң санына шектеу қойылмаған.

Бүгiнде Қазақстандағы саяси партиялардың бет-бейнесi айқын емес. Құрамында миллионнан астам мүшесi бар делiнген, 2007 жылы 4 партияны өз сапына қосып алған, бүгiнде Парламенттен жалғыз өзi орын алған “Нұр Отан” партиясының алаулатқан жарнамасы болмаса, былайғы жұрттың алдындағы беделi беймәлiм. Бұдан кейiн өзгеше бiр келбетке ие болып, сайлаушыларының сенiмiне қол жеткiзе бiлген “Ақ жол” партиясы өзара жiкке бөлiнуiнiң салдарынан саяси аренада шетке ысырылды. Ал, жаңадан құрылған “Азат” партиясының да оппозициялық күштердiң серкесiне айнала алмағаны мәлiм. Сол себептi де, бiздегi саяси партиялар өзге демократиялық елдердегiдей саяси iрi күшке айнала алмай отыр. Оның себебi айқын, бiрiншiден қоғамның саяси өзгерiстерге әлi де дайын бола алмуы, екiншiден, тоталитарлық жүйеден кеше ғана бұйдасын үзген, саяси формация өзгергенмен, саяси жүйенiң өзгермеуi. Мiне, бүгiнгiдей конституциялық маңызы бар заң жобаларына өзгертулер мен толықтырулар енгiзу барысында қоғамның оны талқылауға бiр кiсiдей атсалыса алмауы, саяси күш иелерiнiң өз талаптарын өткiзе алмауы — ЕҚЫҰ алдында өз мiндеттерiн орындауға уәде берген билiктiң тек көзбояушылық қадамдарға баруына мүмкiндiк бердi.

Саяси партиялар былтырғы жылдың соңына орай “Егер, “Саяси партиялар туралы” Заң осы жобасымен қабылданатын болса, онда бiз келесi сайлауға бойкот жариялаймыз” деген-дi. Саяси партиялардың пкiрiне құлақ асқан ешкiм болған жоқ. Тiптi, заңды қабылдау барысында оны талқылауға саяси партия өкiлдерiнен ешкiм шақырылған да жоқ. Заң жобасы Сенатта талқыланып жатқан кезде сенатор, “Патриоттар” партиясының жетекшiсi Ғани Қасымов осы мәселеге баса назар аударды. Бiрақ, айтылған сөз айтылған жерiнде қалды. Оған назар аударған ешкiм жоқ.

Сөйтiп, “Саяси партиялар туралы” Заңға енгiзiлген өзгерiстер — саяси партияны тiркету үшiн оның мүшелерiнiң саны 50 мыңнан 40 мыңға азаятын болды, Парламент мәжiлiсiне сайлауға үмiткер партиялар 7%-дық кедергiнi бәрiбiр жеңуге тырысуы керек. Егер, жеңе алмаса сайлауда екiншi орынға ие болған партия Мәжiлiс қабырғасынан орын алады. Мәжiлiске жол тартқан партия Үкiмет есебiнен қаржыландырылады.

Сонымен, оппозиция келесi сайлауға бойкот жариялай ма? “Жас Алаш” газетiнiң №6 (20 қаңтар, 2008 жыл) санында “Бойкоттан басқа жол жоқ” деген мақала жарияланыпты. Бұл мақалада өз пiкiрлерiн бiлдiрген саяси партия жетекшiлерiнiң көбi оппозицияның сайлау кезiнде бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығарып, келесi сайлауға қатыспай қоятынына сенiмдi емес. Бiздегi оппозициялық күштердiң әлi де бiртұтас идеяға иланып, бiр жұдырыққа жұмылатын кезi жетпеген секiлдi. Оппозиция 2004 жылғы сайлауға қатысты, бiрақ, сайлау шешiмдерiне наразылық танытып, бойкот жариялап, “Ақ жол” партиясы атынан сайланған депутат екi жылдан астам Парламентке бармай қойған едi. Бiрақ, “Ақ жол” партиясының екiге жарылуының нәтижесiнде бұл бойкот соңына дейiн жетпедi. Парламент сессиясы аяқталуға аз уақыт қалғанда, “Ақ жол” партиясының төрағасы Ә. Байменов Мәжiлiстегi бос орынға жайғасты.

2007 жылғы Мәжiлiстiң кезектен тыс сайлауында оппозиция сайлауға тағы да бойкот жарияламақ болды. Алайда, ол тек сөз жүзiнде қалды.

Кеше Халықтық Коммунистiк, Коммунистiк, Жалпы ұлттық социал-демократиялық, Ауыл және Алға партиялары Елбасына Үндеу жариялап, бұл заңға вето қоюын өтiнген екен.

ЖЫРЫ ДА, МҰҢЫ ДА БIТПЕГЕН МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛ

Сондай-ақ, “БАҚ туралы” Заң да қоғамда бiрталай талқыға түскенi белгiлi. Үкiметтiк емес ұйымдар мен тәуелсiз БАҚ өкiлдерi бұл заңның өмiрге жолдама алуына бiршама табанды қарсылық көрсеттi. Олар “жаңа толықтырулар арасында адамның ар-намысына тидi” деген желеумен шенеунiктер мен олигархтар кез келген журналистi сотқа сүйреп, өзiнiң ары мен намысын ойына келген сомамен бағалауына мүмкiндiк беретiн бап ендi. Бұл сөз бостандығына өз нұқсанын тигiзедi деген пiкiрде. Журналистiк қауымдастық “ары мен намысына тидi” деген желеумен қылмыстық iс қозғауды тоқтатып, оны айыппұл салумен шектеу қажет. Сондай-ақ, ар-намысыма тидi деген шағым бiр жыл бұрын ғана жазылған мақалаларға ғана қатысты болуы керек” деген ойда. Ал, бүгiнгi Елбасының қол қоюына жiберiлген заңда олигархтар мен шенеунiктер осыдан он жыл бұрын жазылған мақаланы да тауып алып, сотқа беруiне құқылы болды.

Заң жобасындағы ең бiр ұтымды бап: бұрынғы “Электронды БАҚ-та мемлекеттiк тiлдiң үлес салмағы 50 пайыздан кем болмасын” деген талапқа: “Тәулiктiң әрбiр 6 сағатында мемлекеттiк тiлдiң үлес салмағы 50%-дан кем болмасын” деген өзгерiс енгiзiлдi. Демек, ендi телеарналар күндiзгi прайм-тайм уақытында орысша бағдарламаларды тоғытып, қазақтiлдi бағдарламаларды түннiң бiр уағына ысыра алмайды. Бұдан былай бұл заң күшiне енетiн болса, тәулiктiң әрбiр 6 сағатында мемлекеттiк тiлдiң үлес салмағы 50%-дан кем болмауы тиiс.

Бұған дейiн жиырма жыл бойы жыр етiп, жыры да, мұңы да бiтпей келе жатқан мемлекеттiк тiлдiң электронды БАҚ-тағы жағдайы күн өткен сайын жақсарғанның орнына керi кетiп барады. Оның айқын бiр көрiнiсiн “31-каналдан” көруге болады.

Мәдениет және ақпарат министрi Мұхтар Құл-Мұхамед заң күшiне енген күннен бастап, телеарналарға мониторингтiң күшейетiнiн айтады. Кiм бiледi, бұл заң мұңы бiтпеген мемлекеттiк тiлдiң жырына нүкте қоя алар ма екен?!

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары