АМЕРИКА ПРЕЗИДЕНТIН ҰЛЫҚТАДЫ

АМЕРИКА ПРЕЗИДЕНТIН ҰЛЫҚТАДЫ

АМЕРИКА ПРЕЗИДЕНТIН ҰЛЫҚТАДЫ
ашық дереккөзі
332

2009 жылдың 20 қаңтарында Жер шарының түкпiр-түкпiрiнен жиылған миллиондаған адамның алдында Америка Құрама Штаттарының 44-президентi – Барак Обама қолына Iнжiлдi ұстап тұрып, президенттiк ант бердi. Жаңа президенттi Американың келешегi үшiн қызмет етуге, АҚШ Конституциясын сақтауға мiндеттейтiн небары 35 сөзден тұратын антты осыдан 150 жыл бұрын тұңғыш рет Авраам Линкольн берiптi. Ал АҚШ президенттерiнiң алғашқы ұлықтау рәсiмi 220 жыл бұрын Нью-Йорк қаласында ұйымдастырылған. Иммигранттар елiнiң негiзiн салушы қайраткерлердiң бiрi – АҚШ-тың тұңғыш президентi Джордж Вашингтонды президент ретiнде жариялаған салтанатты жиын қазiргi астанада емес, Нью-Йорк қаласында өткiзiлдi. Өйткенi, Вашингтон қаласы ол кезде атымен болмаған едi.

Ұлықтау рәсiмi барысында отандастары мен шетелдiк қонақтар алдында 20 минут бойы ағынан жарылған жаңа президент – Барак Обама сайлауалды кампаниясының негiзгi қағидаларына айналған “үмiт” пен “өзгерiс” сөздерiн барынша көп пайдаланды. Құрама Штаттардың өз-өзiне деген сенiмi мен келешегiнiң жарқын болуын қамтамасыз ету арқылы ғана жетiстiктерге қол жеткiзiлетiнiн айтқан Обама жиылған қауымға “Америка мен бүкiл әлем алдындағы жауапкершiлiктi сезiнiп, оны орындау мiндетi” тұрғанын, тiптi, белгiлi бiр құрбандықтарға бару керектiгiн ескерттi. “Америка АҚШ-тан тысқары өмiр сүрiп жатқан адамдардың қайғысын елемеудi тоқтатуы тиiс және әлемдiк табиғи ресурстарды бей-берекет пайдалануға тыйым салу қажет. Бiз қайтадан көсем болуға дайынбыз” деп мәлiмдеген жаңа президент халықаралық саясатта АҚШ-тың “әлемдiк полицей” кейпiн сақтап қалуға тырысатынын байқатты. Тарихта афро-америкалық президент ретiнде емес, елдi тығырықтан алып шыға бiлген қайраткер-президент ретiнде қалғысы келетiнiн жеткiзген Обама осыдан алпыс жыл бұрын қаранәсiлдiлерге мейрамханаларда қызмет көрсетуге арланатын америкалық қоғамның өзiн президент етiп сайлағанына алғыс айтты. Шын мәнiсiнде, 44-президент тек қаранәсiлдiлiгiмен ғана емес, Құрама Штаттардың басына туған қиындықтар кезеңiнде таққа отыруымен де ерекшеленедi. Қазiргi таңда Барак Обаманың алдында тұрған негiзгi мiндеттер арасында экономиканы тұрақтандыру, жұмыссыздықпен күрес, ипотекалық дағдарыстың кесiрiнен баспанасыз қалғандар мен банкротқа ұшыраған компаниялардың қатарын азайту, Ауғанстан мен Ирактағы америкалық әскери күштiң шоғырын барынша сирету, Гуантанамодағы түрмелердi жабу т.б. мәселелер бар. Джордж Буш басшылық еткен сегiз жылдың iшiнде әлсiреп кеткен Американың әлемдiк саясаттағы ықпалы мен беделiн қалпына келтiру үшiн де Обамаға бiраз тер төгуге тура келедi. Қазiргi келiсiмге сәйкес, америкалық әскерилер Иракта әлi 3 жыл қалуы тиiс. Бiрақ Обама сайлау науқаны кезiнде 1 жыл 4 ай iшiнде Ирактағы АҚШ әскерлерiн толық елге қайтаруға уәде берген. Сондай-ақ, Ирактағы лаңкестiкпен күрес үшiн қажеттi әскери күштi қалдыратынын және ирактықтарды әскери шеберлiгiн ұштауға үйрететiнiн мәлiмдеген. Экс-президент Буштың ауғандар жерiндегi америкалық әскерилер санын екi есеге дейiн көбейту туралы пiкiрiн Обама жақтап отыр. Демек, Ауғанстаннан АҚШ сарбаздары толық әкетiлмейдi.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары