“МӘДЕНИЕТ” ЖУРНАЛЫ ЖЫЛДЫ ОСЫЛАЙ БАСТАДЫ

“МӘДЕНИЕТ” ЖУРНАЛЫ ЖЫЛДЫ ОСЫЛАЙ БАСТАДЫ

“МӘДЕНИЕТ” ЖУРНАЛЫ ЖЫЛДЫ ОСЫЛАЙ БАСТАДЫ
ашық дереккөзі
363

Журналдың үстiмiздегi жылғы алғашқы саны түрiк ойшылы, философ және ақыны Зия Көкалыптың “Ұлттық мәдениет және өркениет” атты мақаласымен ашылыпты. Мақаланы әдебиетшi Фадли Әли аударған.

Белгiлi жазушы, “Алаш” халықаралық сыйлығының лауреаты Мағира Қожахметованың “Театр анасы – Роза Әшiрбекова” атты мақаласында сахна саңлаығының бейнесi белгiлi театр қайраткерлерiнiң пiкiрi арқылы жан-жақты терең ашылған. Өткен жылдың соңында Ақтауда қазақ өнерiнiң жарық жұлдызы, үлкен дарын иесi актер Нұрмұқан Жантөриннiң 80 жылдығына арналған Қазақстан театрларының XVI республикалық театр фестивалi өткен болатын. Журналист Жазира Амантайқызының “Қиыр мекен, кендi түбекте өткен театр фестивалi” атты сараптамалық мақаласы осы шараға арналады.

Қытайда туып-өсiп, сонда тұрып жатқан талантты қазақ қызы – Жанар Сағатқызының есiмiн бүгiнде әлем танып отыр. Ол – кинорежиссер. Журналист Маржан Нұралықызының “Қазақстанға келiп, қазақ фильмiн түсiретiн кез келдi” атты сұхбатында Жанардың шығармашылық жолына сараптама жасалған екен. Онда Қытайда тұратын режиссер қыз Қазақстанға да келiп, фильм түсiргiсi келетiнi туралы ойын ортаға салады.

Жазушы Мамытбек Қалдыбай соңғы кездерi тарихи тұлғалар жайында танымдық шығармалар жазып жүр. Автордың журналдың осы санында жарияланған “Мәдениет институтының тұңғыш ректоры” атты деректi әңгiмесi белгiлi мемлекет және қоғам қайраткерi Сәдуақас Темiрбековтiң Шымкенттегi педагогикалық мәдениет институтының ректорлығына келуi және одан кейiнгi өмiр жолына арналған танымдық-тағылымдық әңгiме.

Опера өнерiнiң қыр-сыры көп. Дегенмен осы саланың ыстық-суығына көнiп, оның дамуына өз үлесiн қосып жүрген қайраткерлер баршылық. Солардың бiрi – Қазақстанның еңбек сiңiрген артисi, Каир консерваториясының профессоры, Абай атындағы опера және балет театрының Режиссерлiк басқару бөлiмiнiң меңгеруiшiсi Бейiмбет Қожабаевтың журналист А.Ахметке берген сұхбатында бiршама мәселелер қамтылыпты.

Журналдың қаңтар айындағы санында оқырман көңiлiнен шығатындай танымдық-сараптамалық мақалалар аса мол. Атап айтқанда М.Кенжебайдың “Азаматтық қоғам” азғындыққа айналмағай”, О.Смағұловтың “Қасым Шәрiповтi ғайбаттама, ағайын!”, З.Асабаевтың “Халық жауы” Қарлыбаев”, Ө.Күмiсбаевтың “Фирдоуси және қазақ ақындары”, Ә.Сығайдың “Сәкеннiң сұлу әндерi”, А. Мекебаевтың “Ең соңғы жыраумен қоштасқан жыл”, Н.Сансызбаевтың “Театр тарихы бұрмаланбасын” т.б. мақалаларды оқи аласыздар.

Ж.БАҚҚОНДЫҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары