ҚАРЖЫЛЫҚ КӨМЕК – ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚОРЛАРЫНАН

ҚАРЖЫЛЫҚ КӨМЕК – ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚОРЛАРЫНАН

ҚАРЖЫЛЫҚ КӨМЕК – ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚОРЛАРЫНАН
ашық дереккөзі
258

Қазақстан экономикасын тұрақтандыру шараларын қарастырып жатқан Үкiмет iшкi айналымдағы қаржы тапшылығын отандық жинақтаушы зейнетақы қорларының еншiсiндегi қаражат көмегiмен шешудi көздеп отыр. Құнды қағаздар нарығына шығарылатын 4 млрд. долларлық мемлекеттiк облигацияларды сатып алуы тиiс кейбiр ЖЗҚ 15 жылдық мерзiмге белгiленген 8,4 пайыздық кiрiстi азсынып отыр.

Қаржылық дағдарыс жинақтаушы зейнетақы қорларының стратегиялық бағыттарын қайта ой елегi-нен өткiзуге мәжбүрлейдi. Мол пайдаға кенелтiп келген қысқамерзiмдiк жобалардың тәуекелдiк деңгейi жоғары болуы әрi әлемдiк нарықтағы қаражат тапшылығы мен шикiзат бағасының күрт төмендеуi консервативтiк көзқарастан арылуға ықпал еттi. Әлемдiк қаржылық дағдарысқа қарсы күрес бағдарламасының шеңберiнде түзiлген жоспарларға сәйкес, Үкiмет отандық жинақтаушы зейнетақы қорларына тиесiлi 4 млрд. долларды облигациялық несиелер ретiнде тартуды көздеп отыр. Яғни, жинақтаушы зейнетақы қорларына ұзақмерзiмдiк мемлекеттiк облигациялар ұсынылады. Құнды қағаздардың эмитентi – “Самұрық-Қазына” Ұлттық әл-ауқат қоры. Қор басшысы Қайрат Келiмбетов облигациялардың бiрiншi бөлiгi 2009 жылдың наурызында сатылымға шығарылатынын айтады.

ҚР Қаржылық нарықты қадағалау және реттеу агенттiгiмен облигацияларды орналастыру жөнiнде келiсiмге келген “Самұрық-Қазына” ӘАҚ Қазақстандық қор биржасындағы (KASE) құнды қағаздар жөнiндегi листинг бойынша жұмыстарын жүргiзiп жатыр. Ұйымдастыру жұмыстары алдағы 1 айдың iшiнде аяқталуы тиiс. Орташа есеппен алғанда, 15 жылға арналған облигациядық айналымның жылдың кiрiс көрсеткiшi 8,4 пайызға (ЖЗҚ-ның қазiргi кездегi орташа кiрiс деңгейi) тең болады. Алайда, ЖЗҚ өкiлдерiнiң кейбiрi мемлекет тарапынан ұсынылып отырған құнды қағаздар нарығындағы ойынға араласуға құлықсыз. Өйткенi, олар “мемлекеттiк облигацияларды сатып алу тиiмсiз, ұзақ мерзiмдiк айналым кезiндегi кiрiс өзге мемлекеттiк құнды қағаздармен бiрдей болатындықтан, табатын пайда мардымсыз болады” дейдi. Жинақтаушы зейнетақы қорларының наразылығына себеп болған мәселе – 8,4 пайыздық кiрiстi қысқа мерзiмдiк өзге мемлекеттiк құнды қағаздар бойынша да табуға болады. Мысалы, үшжылдық мерзiмге арналған мемлекеттiк құнды қағаздардан түсетiн пайда 8,3 пайыз. Осы себептi, үкiметтiк ұсынысқа көңiлi толмайтындар тобы “Самұрық-Қазына” кiрiстiк көрсеткiштердi тым болмаса 11-12 пайызға дейiн көтеруi тиiс деген ұстанымда. Оның үстiне, 15 жыл iшiнде әлемдiк қаржылық дағдарыстың ауыздықталатыны анық әрi жинақтаушы зейнетақы қорларының инвестициялық саясаты өзгеруi де мүмкiн. Кейбiр сарапшылар пiкiрiнше, “Самұрық-Қазына” тарапынан ұсынылып отырған облигациялар мол пайда табуға мүмкiндiк бермейдi, есесiне, кез келген қауiп-қатерден аман сақтауға кепiлдiк бар.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары