ЖҰМЫССЫЗДЫҚ ЖӘНЕ МИГРАНТТАР

ЖҰМЫССЫЗДЫҚ ЖӘНЕ МИГРАНТТАР

ЖҰМЫССЫЗДЫҚ ЖӘНЕ МИГРАНТТАР
ашық дереккөзі
212

Алыс-жақын шет елдерден ағылған арзан жұмыс күшi елдегi бәсекелестiктi әлсiретумен шектелмейдi. Қазақстанда жасалатын кiсi өлтiру, адам ұрлау, бопсалау сияқты басқа да ауыр және жеңiл қылмыстардың 60 пайызы – шетелдiк мигранттарға тиесiлi. Нәпақасын Қазақ жерiнен тауып жүргендердiң Заңды белшеден басуына қоғамды iштен iрiткен жемқорлық та кiнәлi. Жұмыссыздық проблемасын шешуге белсене кiрiскен Үкiмет мигранттар мәселесiн де реттеуге кiрiспек.

Қазiргi таңда елiмiздегi жұмыссыздар саны 600 мыңға жуық. Жұмыс iстеуге қабiлеттi отандастарымыздың қаржылық дағдарыстың кесiрiнен жаппай жұмыссыз қалмайтынын айтқан Үкiметтiң өз көздегенi бар. Тағы бiр мәселе, үстiмiздегi жылы Қазақстанға сырттан келетiн маусымдық арзан жұмыс күшiнiң саны шектелмек. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Бердiбек Сапарбаев биыл iшкi нарықты қорғау мақсатында еңбек мигранттарына бөлiнетiн квотаның 2 есеге дейiн азайтылатынын, 4-категория бойынша шетелдiк жұмыс күшiн тартуға мораторий енгiзу туралы мәселенiң талқыға салынатынын мәлiмдедi. Көктем мен күзге салым құрылыс пен ауыл шаруашылығы саласына жақын шет елдерден арзан жұмыс күшiнiң көптеп тартылатыны белгiлi. ТМД елдерi арасында экономикалық, әлеуметтiк және саяси ахуалы тұрақты Қазақстанға нәпақа табу мақсатында келетiндер көп. Мысалы, бiр ғана Алматының өзiнде қазiр 40 мыңнан астам жатжұрттық жан бағып жүр. Олардың 13 мыңы – алыс шет елдерден, қалған 27 мыңы – ТМД елдерiнiң азаматтары. Тәжiкстан, Қырғызстан секiлдi елдердiң азаматтарына 3 ай ресми тiркеусiз жүру құқығы берiлген. Сейсенбiдегi үкiметтiк отырыста Алматы қаласының әкiмi А.Есiмов Үкiмет басшысынан 3 ай мерзiмдi қысқартуды сұрады. ҚР Iшкi iстер министрi Б.Мұхамеджанов жергiлiктi атқарушы органдармен бiрлесе отырып, мигранттарға қойылатын талаптарға қатысты Үкiметке ұсыныс жасайтындықтарын мәлiмдедi. Министрдiң алаңдайтын жөнi бар, себебi, ресми тiркеусiз жүргендердiң еркiнсiп кететiнi соншалық, көп жағдайда опындыратын жайттарға әкеп соғады. Мысалы, құқық қорғау органдарының деректерiне сүйенсек, елiмiзде орын алатын бопсалау, адам ұрлау, қастандықпен кiсi өлтiру сияқты т.б. қылмыстардың 50-60 пайызын сырттан келген мигранттар жасайтын көрiнедi. Сейсенбi күнгi үкiметтiк отырыста премьер Мәсiмов егер мәселе бұдан ары ушыға беретiн болса, Астана мен Алматы қалаларында ресми тәркiлеудi мiндеттеу мен шетелдiктердiң санын шектеудi енгiзу қажеттiгiн айтты. Өкiнiшке қарай, жемқорлық дендеген қазақ қоғамында еңбек мигранттарының санын шектеу де ақша табудың тиiмдi көзiне айналмасына ешкiм кепiлдiк бере алмайды. Әйтпесе, республикамыздың түкпiр-түкпiрiнде Қазақстан шекарасын заңсыз аттағандар толып жүр. Интерполмен iздеу салған небiр қаскөй қылмыскерлер де Қазақ жерiнен табылуда. Демек, арзан жұмыс күшiн шектеу мен заңсыз мигранттарды ауыздықтау мәселесi де билiктiң “әдеттегi” “әдемi” сөздерiнiң бiрi болуы бек мүмкiн. Былтыр жыл соңында шетелдiк инвесторлармен кездескен ҚР Президентi Н.Назарбаев жатжұрттық кәсiпкерлердiң көптеген мамандық иелерiн тiптi, еден жуушы мен аспаздарына дейiн елдерiнен ала келетiндiгiн сынға алып, осы келеңсiздiктi жоюға нұсқау берген. Сырттан келген маманның iшкi айналымдағы ақша ағынын сыртқа қарай, яғни, өз елiне бағыттайтыны белгiлi. Өкiнiшке қарай, Заңға мойынсұнған, Президенттiң ескертуiн қаперге алған шетелдiк инвесторды көрмедiк.

Б.Сапарбаевтың айтуынша, бүгiнде министрлiк жанынан отандық еңбек нарығын зерттеумен айналысатын ведомство аралық жұмыс тобы құрылған. Жергiлiктi атқарушы органдармен бiрлесе отырып, жұмысшылардың еңбек құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған меморандумдарды қабылдау мәселесiнде тәжiрибе жинақтау мақсат етiлген. Жыл басынан берi (2008 ж. 20 қаңтарға дейiн) 102 меморандумға қол қойылған, мемлекет тарапынан жүктелген мiндеттерге сәйкес, 972 кәсiпорын жұмыс орнын толық сақтап қалды, құрамында 14 мың қызметкер бар 22 мекеме жұмыс уақытын белгiлi бiр мөлшерге дейiн қысқартса, 8 мекеме 353 қызметкердi жұмыстан босатқан. “Самұрық-Қазына” Ұлттық әл-ауқат қоры мен “Қазагро” акционерлiк қоғамдарынан және салалық министрлiктер тарапынан түскен деректер бойынша, үстiмiздегi жылы 348,3 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Дағдарыстың кесiрiнен далада қалған жұмыссыздар сол жаңа орындарға орналастырылатын көрiнедi. Сарапшылар берген болжамды көлденең тартқан Бердiбек Сапарбаев жаңадан құрылған жұмыс орындарының құны 90-840 мың теңге аралығында болатынын, ал жұмыс орнының жалпы саны 1 миллионға жуықтайтынын жеткiздi. “Оның үстiне, әлеуметтiк сақтандыруға қатысатын кәсiпорындардың қызметкерлерi жұмыстан шығып қалса, 1-4 ай аралығында арнайы жәрдемақы төленiп тұратын болады” деген министр “өздерi – би, өздерi – қожа” жекеменшiк компанияларға жұмыскерлердi жаппай қысқартуға қалай тыйым салатынын және алдын алу шаралары қалай атқарылатынын ашық айтқан жоқ. Есесiне, қысқартуға ұшырағандарды уақытша жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында қоғамдық жұмыстар ұйымдастырылатынын жеткiздi. Осы мақсатта, мемлекеттiк бюджеттен 5 млрд. теңге бөлiнген. Қызметiнен айырылу қаупi орташа деңгейдегiлердiң саны 3 млн. 400 мыңға, ал жоғарғы деңгейдегiлер 900 мыңға жеткен. Ал 11 млн. 400 мың адамның ұйқысы тыныш, өйткенi, олар қысқартуға iлiгетiндер санатынан емес. Жұмыссыздықтың алдын алу мақсатында дағдарысқа қарсы күрес бағдарламасын түзген Үкiмет ауыл шаруашылығы саласын, шағын және орта кәсiпкерлiктi дамытуға, инфрақұрылымдық жобаларды iске қосуға баса назар аудармақ.

Тәуелсiз сарапшылар тарапынан берiлген деректерге сүйенсек, былтыр Қазақстандағы 7,2 мың қызметкерi бар 25 кәсiпорын жұмысын тоқтатқан. 72 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отырған 234 мекеме жартылай жұмыс уақытынп көшiптi. Алматыдағы еңбекпен қамтамасыз ету мақсатында шығарылатын басылымдар жыл басынан берi, яғни, айналдырған 1 айдың iшiнде екi қолға бiр жұмыс табуға талпынғандар саны былтырғы бiр жылмен салыстырғанда, екi есеге дейiн өскен көрiнедi. Ал жұмысшы iздеген мекемелер керiсiнше, екi есеге азайған. Еңбек нарығындағы белсендiлiк бәсең тартқанмен, бөлшек сауда, халыққа қызмет көрсету, түрлi асхана, мейрамханалардағы қызметкерлер, IТ-технология, күзетшiлер мен сатушылар, сауда агенттерi т.б. жұмыс оңай табылады. Ал есепшi, заңгер, экономист пен жүргiзушi мамандықтарына қызмет табу қиын. Бiр қызығы, қазiр 4-5 разрядты IТ-технологиясын меңгерген мамандар жетiспейдi екен. Сарапшылар екiншi тоқсанның басы мен ортасында жұмыс берушiлер тарапынан ұсыныстар көптеп түсуi мүмкiндiгiн айтады. Үкiмет пен еңбек министрлiгiндегiлер дағдарыстың жұмыссыздық мәселесiн ушықтырмайтынын айтып, сендiруге тырысқанмен, 45 жастан жоғарылар мен еңбек тәжiрибесi 3 жылдан кем мамандардың қаржылық қиындықтың құрбандығына шалынатынын жасырмайды. Бұған дейiн жалақыға үлкен мән берiп келген отандастарымыз қазiр айлық мөлшерiне емес, компанияның дағдарысқа төтеп бере алатын қауқары мен көрсетiлетiн түрлi әлеуметтiк көмектердiң көптiгiне көңiл бөле бастаған. Жұмыссыздар санының артуы елiмiздегi кадрлық агенттiктердiң саңырауқұлақша қаптауына сеп болған. Мысалы, былтыр Алматыда 10 агенттiк тiркелсе,бүгiнде олардың саны 25-ке жеткен.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары