ХИМИЯ ӨНЕРКӘСIБI — МЕМЛЕКЕТ ҚУАТТЫЛЫҒЫНЫҢ КЕПIЛI
ХИМИЯ ӨНЕРКӘСIБI — МЕМЛЕКЕТ ҚУАТТЫЛЫҒЫНЫҢ КЕПIЛI
Алға ұмтылған iзденiмпаз, мазасыз адамдар ғана шығар жол тауып, небiр қиындықтарды жеңедi. Осындай жеңiстер диалектиканың бұлжымас заңы. Сондықтан әр сөзiнде қатпарлы астар, терең ой тұнған халқымыз “Адамнан — әрекет, Алладан — берекет” деп тегiн айтпаса керек.
Жамбыл облысы, қойны кенге тұнған кәрi Қаратау өңiрi бұрын химия өндiрiсi, әсiресе, егiн шаруашылығына ауадай қажеттi фосфор тыңайтқыштарын көптеп өндiрумен атағы елiмiз ғана емес, әлемге кеңiнен танымал болатын. Тiптен, осы өңiрдегi жұртшылық сүйiп айтатын “Жамбыл жастарының маршы” әнi облыстың визиткасы iспеттi едi. Әйтсе де Қазақстан нарықтық экономика жолын таңдаған өтпелi кезеңде елiмiздегi химия өнеркәсiбi, әсiресе, тыңайтқыштар өндiру күрт кемiдi. Бұрынғы әлемдiк деңгейдегi iрi химия зауыттары тұралап, ұзын тұрбаларынан бұрынғыдай қою түтiн будақтамайтын болды.
Соңғы жылдары облыстағы химиялық зауыттарға қайтадан қан жүгiрiп, жұмыс жандана бастағаны байқалуда. Әлi алда атқарылар аса маңызды қыруар iстер күтiп тұр.
Тараз қаласындағы “Қазфосфат” жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгiнiң бас директоры Мұқаш Зұлқайнарұлы Ескендiров мырзамен сұхбатымыз елмiзде фосфор өндiрудiң бүгiнгi және ертеңiне арналды.
— Мұқаш Зұлқарнайұлы, кейiнгi кезеңде қоғамда химия өнеркәсiбiне деген керi көзқарас қалыптасқанын жасыра алмаймыз. Әлемнiң көптеген елдерiндегi Жасыл партиялардың белсендiлерi химиялық зауыттармен күрестi өздерiнiң басты парызы деп санайтыны белгiлi. Тiптен, әлем экологиялық апат алдында тұрғандығын айтып жар салуда. Ал сiздер Жамбыл облысында, бүкiл елiмiзде химия өнеркәсiбiн қайта жандандыруға жатпай-тұрмай күш салып жүрсiздер. Еңбектерiңiз зая кетпей ме?
— Қоғамда осындай қисынсыз, терiс көзқарастың қалыптасқаны бiр бүгiн емес. Әрине, таза ауамен дем алып, құрамында химиялық тыңайтқыштар жоқ табиғи азық-түлiктi пайдаланғанға не жетсiн. Атмосфераны жөнсiз ластауға тосқауыл қоюға бағытталған Киото протоколына қол қойған әлемдiк мемлекет басшылары да осындай iзгi ниет, жақсы ойды бағдар еткенi айтпаса да түсiнiктi. Өнеркәсiп орындарының ластаушы заттарына жер игеру нәтижесiнде пайда болған аса кең көлемдегi химиялық ластану да қосылуда.
Қазiргi таңда бүкiл адамзаттың алаңдаушылығын туғызып, үрейiн ұшырып отырған жаһандық жылыну мәселесi бiлiктi ғалымдардың арасында да қарама-қайшы пiкiр тудырып отырғанын жасырмауымыз керек.
Химия өнеркәсiбiнiң қаншалықты зияны тиiп отырғаны әлi күнге толық мәлiм емес, аса күңгiрт. Бәлкiм нақты дәлелдерден гөрi, байбалам, үрей басым шығар?! Дей тұрғанмен, экологиялық апаттардың алдын алу, оларға жол бермеу бүгiнгi баршамыздың басты мiндетiмiз. Бiр мәселенi баса айтқым келедi, бүгiнгi таңдағы жалпы химия өнеркәсiбi, ең әуелi фосфор өндiру жұртшылық әбден үйренген әрi әбден үрейленiп алған кезеңнен, осыдан жиырма-отыз жылғыдан мүлдем бөлек. Заманауи технологиялар қауiпсiздiк шараларын мейлiнше қамтамасыз етуге бағытталған, өндiрiс жаңа, озық талаптарға сай бағыт ұстанып келедi.
— Суы — уға, жерi — тұзға айналған Арал теңiзi аумағының қасiретi мен қатерлi жағдайы көз алдымыздағы нақты мысал болып тұрғанда, көпшiлiк бұған илана қояр ма екен? “Аузы күйген үрiп iшедi” деген бар…
— Ол рас. Экологиялық мәселелер, қиын түйiндер бiр жылда, тiптi он-он бес жылда қордаланған күрделi мәселелер емес. КСРО кезiнен қалған қасiреттi жайттардың бiрi — осы Арал тағдыры. Өсiмдiктi қорғаудың химиялық әдiстерiн биологиялық әдiстермен ауыстыру тиiмдi екенi, қоршаған ортаны қорғаудың басты бағыттарының бiрi екенiн де ұмытпауымыз керек.
Мейлi, ендi өткеннiң қателiктерiн мүмкiндiгiнше қайталамауға мiндеттiмiз. Бұрынғыдай кеудемсоқ өркөкiректiк, жер-ананың бермейтiнiн күшпен тартып аламыз дейтiн даңғойлықтан арылуымыз керек. Ғалымдар мен зерттеушiлер ғарышта Жер секiлдi планета көп деп үмiттендiрiп жүрсе де, бiз үшiн Жер жалғыз, қайталанбас дүние. Соны көздiң қарашығындай сақтауға тиiспiз.
— Сiз айтқан әлгi ғалымдардың бiразы Жер 9-10 млрд. адамнан артық тұрғындарды асырап-сақтай алмайды деседi. Одан кейiн Жердiң құнары таусылып, бiртектес өлi аймаққа айналатын көрiнедi…
— Ғалымдарымыздың бiразы алыс келешектi батыл болжаушы болуға әуестенедi. Дәл солай боларына әзiр еш кепiлдiк жоқ.
Қазiр химия өнеркәсiбiнде ауаға шығарылатын лас заттардың 80 пайызы, тiптi одан да көп көлемi ұстап қалынады. Химия өнеркәсiбiндегi қауiпсiздiктi қамтамасыз ету әлем елдерiнiң басты мақсаттарының бiрi болып отыр.
Ал химия өнеркәсiбi ежелден күштi қалыптасқан. Қазақстанда бұған баса көңiл бөлiнетiн уақыт түбегейлi келiп жеттi.
Бiздiң “Қазфосфат” компаниясының өнiмдерiн әлемдегi 30-ға жуық елдiң сатып алуының өзi көп жайттан сыр шертедi емес пе?! Таяу көршiлерiмiз — ТМД елдерiн былай қойғанда, Балтық теңiзi жағалауларындағы бұрынғы одақтас республикалар, Қытай, Жапония, Бразилия, Иран, Ауғанстан, Египет, Сирия, тiптi, туған жерлерiн алтыннан қымбат санайтын Голландия, Венгрия, Польша, Германия, Чехия, Словакия т.б. Еуропа елдерi бiздiң өнiмдерiмiзге аса қызығушылық танытады.
“Қазфосфат” компаниясы ел экономикасына аса қажеттi 20-дан астам жоғары сапалы өнiмдер шығаруда. Әсiресе, ұлан-ғайыр аграрлық белдеу — егiн шаруашылығы интенсивтi дамыған зор аймақтың (Ресей, Орталық Азия және Батыс Қытай) дәл кiндiгiнде тиiмдi орналасуымыз компанияның жұмысы болашақта одан әрi өрiстеп, дами беретiндiгiнiң басты кепiлi. Ең бастысы, “Қолда барда алтынның қадiрi жоқ” деп жүрмесек жарар едi.
— Ә-ә, “Бiлмеген жердiң ой-шұқыры көп” демекшi “Казфосфат” компаниясы осындай халықаралық тығыз қарым-қатынас, сауда байланыстарын орнатқанын екiнiң бiрi бiле бермейтiнi айқын. Мұқаш Зұлқайнарұлы, осыны кеңiрек таратып айтып берсеңiз.
— Техникалық тiл, түрлi цифрлармен оқырмандарыңызды жалықтырып алмаймыз ба?! Бiздiң “Қазфосфат” компаниясының құрамына — Тараз қаласындағы “Жаңажамбылдық Фосфор Зауыты”, Темiржол тасымалы құрылымы, “Минералды тыңайтқыштар зауыты”, Қаратау және Жаңатас қалаларындағы “Қаратау” және “Шолақтау” кен-байыту комбинаттары, Степногорск қаласындағы химиялық зауыт, Шымкент қаласындағы синтетикалық-жуу заттар зауыты енедi. Компания құрамында жалпы 6 853 адам жұмыс iстейдi. Жалпы Жамбыл облысы бойынша 6 386 адам, нақты Таразда 3 784 адам. Степногорск қаласындағы зауытта 423 адам және Шымкентте 44 жұмысшы қызмет жасап жатыр. Мұндай аса iрi, адамдарды еңбекпен қамтуы жағынан бiрегей кәсiпорындар Қазақстанда саусақпен санарлық. Яғни, мыңдаған отбасы, ондаған мың адамдардың тұрмыс-тiршiлiгi, жұмыспен қамтамасыз етiлуi, әлеуметтiк жағынан қорғалуы “Қазфосфат” компаниясының табысты жұмысына тiкелей байланысты болып отыр. Тағы бiр мәселенi мiндеттi түрде айтып кетуiмiз керек шығар. Ол — Таразда химия зауытында ежелден жұмыс iстеп келе жатқан, өз тағдырын осымен ғана сабақтастыратын тұтас әулеттердiң пайда болғандығы. Атасы, әкесi жұмыс iстеген өндiрiс орнына жас ұрпақ — балаларының көптеп келiп жатқандығы. Ұрпақтар сабақатастығы, жақсы мағынадағы жұмысшылар династиясы дегенiмiздiң нақ өзi осы. Әр өндiрiс орны, әрбiр көрсеткiш бойынша шұқшия бермей-ақ қояйын, бiрақ, 2008 жылы 47380 млн. 520 мың теңге көлемiнде жалпы өнiм өндiрiп, 45184 млн. 253 мың теңгенiң өнiмiн әрiптестерiмiзге аттандырдық. Осы жылдың қазан айында “Казфосфат” компаниясы Үздiк отандық өнiмдердi экспорттаушы болып танылып, ҚР Индустрия және сауда министрлiгiнiң кубогымен марапатталды.
2007 жылы 157 млн. АҚШ долларына өнiмдермiздi сатсақ, 2008 жылы бұл көрсеткiш 2,4 есе ұлғайып, 379 млн. долларға жеткен. Ең бастысы, бiздiң өнiмдердiң 95 пайызы шетелдерге сатылады, яғни “Қазфосфат компаниясы әлемдiк бәсекеге толық қабiлеттi” деп айтуға негiз бар. 2008 жылы 55 млн. АҚШ доллары көлемiнде инвестиция тартылып, соңғы бес жылда жұмыс iстеуiн тоқтатқан Степногор химиялық зауытының жұмысын жалғастыруға қол жеткiздiк. Аталмыш зауыт жылына 200 мың тонна түрлi тыңайтқыштар шығаруға қабiлеттi.
Әрине, сары фосфор, натрий триполифосфаты, минералдық тыңайтқыштар мен жемдiк фосфор шығаратын Қазақстандағы жетекшi компания ретiнде мойнымызға үлкен жүк артылған. Өңiрдегi экономикалық, әлеуметтiк жағдайдың қалыпты болуына, адамдардың тұрмыс деңгейi жоғары болуына бiз де мүдделiмiз. Кез келген қуатты компания бейбiт, тосын жағдайлар мен әлеуметтiк дүмпулер сирек болатын аймақта жұмыс iстеудi табыстың басты шарты деп бағалайды. Тұрмыс деңгейi жоғары адамдар ғана жоғары сапамен еңбек ете алады.
Сондықтан “Қазфосфат” компаниясы да жыл сайын жаңа жұмыс орындарын ашып, еңбекақы мөлшерiн ұлғайтып келедi, қызметкерлерге жұмсалатын шығындардың көбейгендiгiне қарамастан үнемi тренингтер мен оқып-үйрету бағдарламаларын кең өрiстетiп отырмыз.
2008 жылы жаңа 642 жұмыс орнын аштық, осы жылдың аяғында орташа еңбекақы — 50 мың теңгенi құрады. Мұның өзi 2005 жылмен салыстырғанда 2,5 есеге көп. Соңғы үш жылда 9094 қызметкерiмiз, ал 2008 жылы 2286 қызметкер кәсiби дайындықтарын одан әрi шыңдады.
— Әлгiнде осы өндiрiсте жұмыс iстейтiн тұтас әлеуеттердiң бар екенiн айтып қалдыңыз. Тараз өңiрiндегi әлеуметтiк жағдай бiрсыдырғы, бiрақ соншалық керемет деп айтуға келе қоймас…
— Оныңыз асырып айтқандық. Қасиеттi Тараз өлкесi басқа өңiрлермен салыстырғанда көш iлгерi. Жерi шұрайлы, егiн алқаптарына не ексең де өседi.
Қалай едi, әлгi… “Дерте қадасаң, арба өсiп шығады” дейтiн нағыз жұмақ. Жамбыл облысының әкiмiмен 2007-2009 жылдарға әлеуметтiк әрiптестiк жөнiнде келiсiм-шарт жасағанбыз. Компаниямыз Қаратау, Жаңатас қалаларының қысқы дайындығын қолдау мақсатында 70 миллион теңге (2008 жылы 42 млн. теңге бөлгенбiз), ал Тараз қаласының мәдени дамуына 40 млн. теңге және жергiлiктi футбол клубын демеушiлiкке 10 миллион теңге бөлудi жоспарлап отырмыз.
1990-жылдың басында да көптеген мамандарымыз Ресейге, Германияға жаппай кетiп қалған. Арнайы мамандар дайындайтын жоғары оқу орындары жабылып қалды немесе басқа бағыттарда, жаңа бағдарламалармен жұмыс iстеуге көштi. Тiптi, кәсiптiк училищелерге де зар болып қалдық. Құдайға шүкiр, қазiр бiлiктi жұмысшылар, бiлiмдi мамандарды елiмiздiң зауыттарында дайындап, қайта бейiмдеп жатырмыз. Жаңа 9 мыңнан астам маман даярлап шығардық дедiм емес пе?
Айтпақшы, 2010-2011 жылдары Қазақстанға қайтып оралған қандастарымызды қолдау жөнiнде келiсiм жасап отырмыз. Бiр сөзбен айтсам, әлеуметтiк әрiптестiк аясында “Қазфосфат” компаниясы 175 млн. теңге жұмсады. Қаладағы спорт клубтары мен спорттық iс-шараларға, балалар үйлерi мен интернаттарға қолымызды созып, қайырымдылық көрсетуден жалтарған жерiмiз жоқ. 2000-2008 жылдар аралығында қайырымдылық шараларына 145 млн. теңге жұмсалды.
Кез келген компанияның жұмысы табысты немесе керiсiнше екенiн сол компания жергiлiктi бюджетке төлеген салықтар арқылы-ақ жақсы бiлуге болады. “Қазфосфат” компаниясы өткен жылы 45 млн. АҚШ долларынан аса салық төледi. Соның iшiнде: Алматы қаласының бюджетiне 28 млн. доллар, ал Жамбыл облысының бюджетiне 16,5 млн. доллар. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, 2007 жылы бар болғаны 13,4 млн. доллар ғана төлегенбiз, яғни, қазiр салық төлемдерiн 3,5 еседен астам ұлғайттық. Бiздiң өнiмдердiң мемлекет қауiпсiздiгiне де айтарлықтай орны бар екенiн ескерте кетейiн. Сары фосфор қорғаныс мақсаттарына да кеңiнен пайдаланылатын бiрегей өнiм.
1991 жылдан, нарықтық экономикаға көше бастаған кезден былайғы жұмысымызды бұрынғымен еш салыстыруға келмейдi. Кейбiреулер айтып жүргендей “жабайы капитализм” десек те, қоғам, жүйе өзгергеннен кейiн бұрынғыдан өзге талаптар қойылғаны бесенеден белгiлi.
Ол күндерде тәуелсiз Қазақстанның заңнамалары толық түзiлiп бiтпеген, социалистiк қоғамның заңдары өз күшiн жоймаған күрделi кезең болғаны әлi есте. Әсiлi, сенiмдiлiк болмаса, iстiң алға басуы мүмкiн емес. Сол кездегi азаматтардың сенiмдiлiгi, акционерлердiң табандылығы елiмiздегi химия саласына жаңа дем бердi. Экономикалық дамуымызды басты мақсат етiп, белгiлеген Қазақстан Президентi Н.Назарбаевтың оң саясаты химия саласындағы тығырықтан түбегейлi алып шыққанын ұмытпаймыз. Кеңес Одағы кезiнде мыс, фосфат өндiрудiң қарыштап дамыған кезi — 1989 жыл десек, араға жиырма жылдай уақыт салып — 2008 жылы ауыз толтырып айтарлықтай табыстарға қол жеткiзiлдi. 2008 жылы қазан айында Елбасы Н.Ә.Назарбаев зауытымызға арнайы ат басын тiреп, Үкiмет мүшелерi, министрлер мен салалық компаниялардың басшыларымен Қазақстанда химия өнеркәсiбiн дамыту жөнiнде келелi жиналыс өткiзуi, алдымызға нақты мақсаттар қоюы бiзге де үлкен жауапкершiлiктер жүктеп отыр. Ең әуелi жастарды еңбекке тарту, оларды заман талабына сай маман етiп тәрбиелеу басты назарымызда болмақшы: 73 адам бiздiң компанияның көмегi арқасында жоғары оқу орындарында оқиды. Тараз мемлекеттiк университетi, Оңтүстiк Қазақстан университетi, сондай-ақ, бiрқатар кәсiптiк лицейлермен қоян-қолтық жұмыс iстеп, оқу бiтiрген жастарды өзiмiзге жұмысқа аламыз. Болашақта алдымызға батыл мақсаттар да қойып отырмыз. Өнiм көлемiн ұлғайтып, таяу жылдарда 770 мың тонна фосфор тыңайтқышын өндiрiп шығаруды жобалап отырмыз. Фосфор ұнтағының өзiн 4 мың тоннаға дейiн ұлғайту ойда бар.
— “Қазфосфат” компаниясының құрамындағы өндiрiс орындары аса алып құрылымдар екенi белгiлi. Осынау химия алыптарын басқару да оңай тие қоймас…
— Елбасы зауыттарымыздың жаңа, озық технологиялармен жұмыс iстеп жатқанына қанағаттанғандық танытқанын тағы да есiңiзге сала кетейiн. ТМД аймағындағы, бiрқатар Еуропа елдерiндегi фосфор зауыттарының жұмысы, олардың тұрмыс-тiршiлiгiмен жете таныспын.
Бiздiң зауыт олардан артық болмаса, бiр мысқал кем емес. Жұмысшыларымыздың жағдайы да оларға қарағанда бiршама тәуiр. Қазiргi әлемдiк қаржылық, экономикалық дағдарыс барлық салаларға айтарлықтай қиындық туғызғаны рас. Бiрақ, еңбек еткен адам барша қиындықтарды жеңедi, тiптен қалыптасқан осы жағдайда елiмiздегi энергетика саласын, ауылшаруашылығын айтарлықтай дамытуға мүмкiндiк бар. Қазақстан Үкiметi азық-түлiк қауiпсiздiгiн нығайтуға, жерiмiзде өндiруге болатын тауарларды, азық-түлiктi шетелдерден тасымалдауға тосқауыл қоюға бет бұрып отыр. Бұл — дұрыс қадамдар! Химия өнеркәсiбiнiң көңiлдегiдей өркендеуiне, ең әуелi энергия көздерiнiң жетiмсiздiгi айтарлықтай тосқауыл, кедергi екендiгi бесенеден белгiлi.
Екiншiден, ауылшаруашылық нысандары минералдық тыңайтқыштарға әлi күнге дұрыс көңiл бөлмей отыруы өкiнiштi жайт.
Қазақстан ұлан-байтақ, әлемде жер көлемi жағынан 9-орын аламыз дегенiмiзбен жерге шын қожайын, нағыз жанашыр иелер керек. Жерге атамекенде, Қазақстанда туып-өскендердiң ғана шынымен жаны ашиды, атадан балаға мұра етiп қалдыру үшiн күндiз-түнi күтiп-баптайды. Қазiргi жағдайда жердi ұзақ мерзiмге жалға алғандар оның бар сөлiн сығып алып, кейiн көбiне қараусыз тастап кетуде. Тiптi, өз күндерiн әрең көретiн, iрi қаржысы жоқ ұсақ шаруашылықтар егiн егудiң жаңа озық технологияларын, түрлi тыңайтқыштарды тиiмдi пайдалануды қаперiне де алмайды. Бәлкiм, олар да ойланатын, соған ұмтылатын шығар-ау, бiрақ көп жағдайда қысқа жiп күрмеуге келмейдi. Елiмiзде ондаған мың егiс алқаптары айналымнан шығып қалуының басты себептерiнiң бiрi осында. Осыған орай, Қазақстанда жер құнарына бақылаушы орган, құзырлы ұйым құрылса құба-құп. Және ол пайдалануға берiлген егiс алқаптарының одан әрi айналымда болуын, мезгiлiнен бұрын құнарсызданып, сортаңға айналмауын қатаң бақылап отыруға тиiс.
— Мұқаш Зұлқарнайұлы, әңгiмеңiзге қарағанда осы өлке, Жамбыл жерiнiң шынайы жанашыры секiлдiсiз. Сiрә, осы өңiрдiң тумасы боларсыз?..
— Қасиеттi қазақ жерiнiң қай өңiрi де бәрiмiзге ортақ киелi жерлер ғой. Еншiмiз бөлiнбеген қазақ емеспiз бе? Бұрынғы Шымкент облысының Сайрам ауданында туып-өстiм. 1982 жылы Қазақ химия-технология институтын тәмамдап, қарапайым ауысым мастерi ретiнде еңбек жолымды бастаппын.
Осы жерде талай жақсы адамдар жұмыстың қыр-сырын үйретiп, ұстаздық жасады, мен де бiлмейтiнiмдi үйренуден қашпайтын шәкiрт бола бiлдiм. Еткен еңбек, төккен тер далаға кеткен жоқ. Әсiлi, шын еңбек ете бiлетiн адамға барлық жерде орын бар, айналадағыларға да сыйлы ететiн де сол — еңбек! “Сақалын сатқан кәрiден, еңбегiн сатқан бала артық” деген ұлағатты сөз өмiр бойы рухани серiгiм, алға бастайтын бағдаршым. Мiне, алдағы жылы “Елу — ердiң жасына” келгелi отырмын. Өмiрiмнiң тура 27 жылы, жалындаған жастық шағым осында өткен екен. Ол күндер, қимас жылдар жайлы айтар естелiктер ұшан-теңiз. Ендеше, қасиеттi Жамбыл жерiне мен қалай жат болайын, оны қалай шын сүймейiн?!
— Мұқаш Зұлқарнайұлы, қызықты әңгiмеңiзге көп рахмет!
Әңгiмелескен Қуанышбек БОТАБЕКОВ