ТЫШҚАН ЖЫЛЫНДА ТАҢҚАЛДЫРҒАН ЕРЛIКТЕР

ТЫШҚАН ЖЫЛЫНДА ТАҢҚАЛДЫРҒАН ЕРЛIКТЕР

ТЫШҚАН ЖЫЛЫНДА ТАҢҚАЛДЫРҒАН ЕРЛIКТЕР
ашық дереккөзі
287

Ұлттық намысты қалыптастыру қағидасы

Адамзаттың саналы бөлiгiн, әсiресе, романтика мен ұшқыр қиялға бейiм өрiмтал жастарды: “Қазiргi кезде, бiздiң заманда жасампаз ерлiкке орын бар ма?” деген күрделi сауал әрқашан мазалап, толғандырумен келген. Бұл жоғары сыныптарда немесе жоғары оқу орындарында бiлiм алатын шәкiрттер ғана емес, тiптен күнделiктi мiгiрсiз, күйбең тiрлiктен-ақ әбден қалжырайтын қарапайым ауыл жастарын да бей-жай қалдырмайтын.

Мектеп, ауыл, зауыт-фабриктердiң клубтары мен кең залына жиналған сандаған қыз-жiгiттер бұған жауап iздеп, қызылкеңiрдек болып дауласып, пiкiр таластырып ержеткендерi бүгiнде тарихтың қойнауында. Бәлкiм, әртүрлi жауап айтылған шығар-ау, бiрақ сол диспуттар мен пiкiрталастарда талай-талай адамдардың өмiрлiк кредосы, азаматтық көзқарастары мен ұстанымдары бiржола қалыптасқаны бекер емес. Беу, алаулаған жалынды жастыққа осы асқақ романтизм, күнделiктi қарапайым тiрлiктiң тар шеңберi мен тоғышарлық прагматизмге еш төзiмсiз максимализм әбден жарасады да. Өйтпесе, тiршiлiкте ырғақты даму болмас та едi, адамзат алғаш жаралғанындай аң терiсiн жамылып, ыс басқан үңгiрлерде тұра берер ме едi?!.

Сананы теңге, заттық құндылықтар ғана билеп-төстеген, тоғышарлық пен ештеңеге елең етпейтiн кертартпалық мүлдем шырмап алған қазiргi уақытта — бүгiнгi күндерде жайсаң да нәзiк романтизмге, бұла жастыққа, оның қуатты жалынына сай ерлiкке дайын жас буын, ұрпақ бар ма!? Қаһармандықтың шыңына ту тiгетiн саналы, руһы биiк, намысқой, шынайы батыр ұрпақ қандай болады? Өмiрдiң өзiндей қарапайым осынау сауалдарға бiржақты жауап беру қиын, шытырман лабиринттен саңылау тауып шығудан бетер күрделiсiн қарай гөр. Ең бастысы, қазiргi жас буын — өскелең ұрпақ жақсы мағынадағы қаһарман болғысы келе ме, өмiрден ерлiк жасауға мүмкiндiк iздей ме, әлде еркiн қиялдары қияғы сынған қырандай жер бауырлап, тырбық бұтаны баспаналап, кiсендеулi тұлпардай тар шеңберден шыға алмай жүр ме? Бәрi де — беймәлiм.

Осы ретте өткен — Тышқан жылын қарсы алған күндердi амалсыз еске алуға тура келедi. Оның айтарлықтай себебi де бар. Бiр таңданарлығы, өткен жылғы қаңтар айында елiмiздегi бұқаралық ақпарат құралдары “тышқаншылап” деген пысықтауышқа жүдә құмар болып алғаны. Бiрсыпырасы “тышқаншылап тапқан-таянғанымыз берекелi болсын”, “тышқаншылап әр үйге таситынымыз көбейсiн” дедi ме-ау, әйтеуiр осы сөздi жақсы мәнде әр саққа жүгiрткiсi келген журналистер, тәуiр мағынада қолдануға талаптанғандардың қатары қарақұрым болып шыға келгенi. Қысқасы, “тышқаншылап” деген тұспал, меңзеудiң ойда жоқта бағы жанғаны.

Әртiс те, әншi де, тiптi, салиқалы азаматтар осы сөздiң көмегiне жүгiнген. Әрине, мұның мүлдем жағымсыз сөз екенiне, қазақ ежелден “iнiңе тышқаншылап тасыған тiрлiгiң құрысын” деп аса сараң адамға, Шық бермес Шығайбайлар мен қорқау Қарынбайларға, надан пасықтарға қаратып айтатынына назар аударғандар өте сирек болғаны құпия емес. Ең әуелi, әлгi даңғой БАҚ-тарымыз жерден жетi қоян тапқандай дауылдатып әкеткен ұзын құйрық, сүйiр тұмсық сұр тышқан, соқыр тышқан — қаптесердiң ежелгi жыл санаумыздағы “тышқанға” қатысы бар ма, жоқ па, соны анықтап алуымыз керек сияқты. Бiздiңше, ата-бабаларымыз “тышқан” деп әспеттеген, жыл басы мәртебесiн берген “тышқанның” жер тескен сүйкiмсiз мақұлыққа еш қатысы жоқ-ау. Мәрт мiнездi алаш жұрты өзi ежелден қаны қас қаптесердi қаперiне алды деу адасқандық болар едi. Мыңғыртып мал айдап қана қоймай, саятты, аңшылықты кәсiп еткен қайран қазақ терiсi аса бағалы сүтқоректiлердi — ақкiс, бұлғын, ақ тиiн, сусар, күзен, ең ақыры суыр секiлдi ұсақ аңдарды тышқандар тобына жатқызғаны сөзсiз.

Ендеше, “Ол шиқыл бұл шиқылға ұқсамайтынын” ашып айтатын кез жеткендей. Биылғы жаңа жылда бiраз әншiлерiмiз қатарынан төрт-бес күн жасанды шаттық, қисынсыз қуаныштарымен қора бұзғыш қарасандардай көгiлдiр экранды бұзып-жарып кете жаздағандарымен, ақпарат құралдары “сиыршылап” деген сөздi қолдана қоймағанына тәубе? Ал әншiлерiмiз… қазақтың шын жаңа жылында — Наурызда тағы тайраңдай ма, оны алдағы уақыт көрсетер.

Әрине, бiз қай тышқанды меңзегенiмiзбен терең тарихқа айналғалы отырған жылға келiп-кетер ештеңе жоқ. Айтайын дегенiмiз, қазiргi жастарымыз, тiптi ата сақалы аузына түскен ересектерiмiз де “тышқаншылап” — тым ұсақтанып кеткен жоқ па?! Ежелгi ата-бабаларымыз сияқты асқақ, өр, намысқой қалпымызда өмiр сүрiп жүрмiз бе?!

Кейде жаның күйгенде кез келген жағдайда жасандылыққа бой ұратын, ең бастысы ештеңенiң байыбына бармай, әйтеуiр көгiлдiр экранға шығу үшiн бiресе еуропалық бола салатын, келесiде одан әп-сәтте тайқып, азиялық кейiпке түсе қоятын табаны бүрсiз, аумалы-төкпелi бүгiнгiлер ерлiктен, ұлттық қаһармандықтан садаға кетсiн дейсiң…

Дегенмен, кейде бұл ойдан қайтатын да жайттар өмiрде ұшырасып жататыны бар. Әсiлi, ерлiктiң үлкен-кiшiсi болмайды.

Осыған дейiн халықтық салт-дәстүр, ұлттық ерекшелiк, намыс, тәлiм-тәрбие туралы еш ойланып, жарты ауыз жарытымды сөз айтып көрмеген музыкалық телеарналардың бiрiндегi “космополиттер” секiлдi көрiнетiн жастарымыз жаңа жылдың қарсаңында ел-жұртты шын таңдандырды. Ел арасындағы қауесетке қарағанда, оқиға былайша өрбiген-мыс. Музыкалық телеарнаның жас журналистерi елге ендi таныла бастаған жас әншiнiң үйiндегi құдайы тамақ берудi таспаға түсiрсе керек. Оны эфирге шығармақ болып, басшыларына көрсетсе, әлдебiр орыс әйелi: “Жоқ, бұл эфирге шығарылмайды! Мынада келген қонақтар еденге көрпе жайып, тiзiлiп отыр ғой, бұл – бiздiң мәдениетiмiзге, өркениетiмiзге мүлдем қарама-қайшы!” деп асқақтап сөз айтып, менсiнбеушiлiк танытқан көрiнедi. Содан әлгi жерде жастар қарсы дау көтерiп, жағаласып қалады. Қаны қызулау жас музыкалық жүргiзушiнiң бiрi қолындағы шыны ыдысын әлгi әйелдiң бетiне қарай лақтырып жiберген деседi…

Үстiрт қарағанда, елеусiз нәрсе сияқты. Бiрақ, көптеген адамдар сол телеарнаның жас журналистерiнiң осы бiр батыл әрекеттерiн шын ниеттерiмен қолдайтынын да айта кетуiмiз керек. Өйткенi, әлгi өрiмдей жастар қолдан келгенше қазақтың намысын қорғауға, рухын, ата-бабамыздан қалған дәстүрдi қорлатпауға талпынды. Идеологиялық салада, ақпараттық салада ұзақ жылдардан берi жол берiлiп келе жатқан бей-берекеттiк, орынсыз жұмсақтық пен табансыздығымыз түптiң-түбiнде осындай өрескелдiкке әкелiп соғып тұр. Ендi қасиеттi қазақ жерiнде — ата-бабаларымыз сандаған ғасырлар бойы аңсаған, қасықтай қанын төккен тәуелсiз Қазақстанда ұлттық салт-дәстүрдiң мәдениетке жататын-жатпайтын, өркениетке сай немесе сай еместiгiн жат жұрттықтар мен келiмсектер шешетiн күнге де келiп жетiппiз. Бұдан былай қазақ баласын мұсылман қылу — сүндет тойдың да өркениетке сай еместiгiн әлгi әйел сияқтылар шешетiн шығар?! Әлгi әйелдiң бұдан былайғы тағдыры не болмақ, ондай шовинист, тiптi, нәсiлшiл, өзге ұлттың, әсiресе қазақтың ұлттық ғұрыптарын, қасиетiмiздi аяққа таптауға дайын қатындар телеарнада бұдан әрi де қызмет iстей бере ме, жоқ па, оны өмiрдiң өзi көрсете жатар.

Сонымен соңғы күндерi әлгi музыкалық телеарнадағы жас журналистерге жұртшылықтың көзқарасы күрт өзгерiп, iштей сыйлай бастаған сияқты. Әрине, өз намыстарын, адамдық қасиеттерiн қорғап қалғандар барша құрметке лайық.

Әне бiр жылы Коэн Қазақстан туралы мазақтама фильм түсiрiп, әлем халықтарының алдында қазақтарды меңiреу, мешеу, мәдениеттен жұрдай етiп көрсетiп, Борат деген журналист арқылы баршамызға қара күйе жағуға тырысқанда жаппай көзiмiзбен жер шұқып қалғанымыз рас. Қолдан келгенше қарсылық танытқандар да болды. Тiптен, Сыртқы Iстер министрлiгi арнайы қарсылық бiлдiрдi. Ол ол ма, Ұлыбританияға ресми сапары кезiнде Қазақстан Президентi Н.Назарбаевтан осы фильмге көзқарасын бiлдiруiн әдейi сұраған ағылшын журналистерi мұны сан-саққа жүгiрткен.

Ең таңданарлығы, сол күндерде Қазақстандағы орыстiлдi ақпарат құралдарының басым бөлiгi Боратты — Саша Коэнды ақтауға, әлгi мазақтама фильмдi бейкүнә, бейсаяси өнер туындысы ретiнде жуып-шаюға жан салғандығы едi. Нелiктен бiреулер мұны ұлттық намысымызды қорлау деп қабылдады, ал екiншiлер… “Ештеңе етпейдi, комик актердiң кезектi iзденiсi ғой” деп күлбiлтеледi. Қазақстан қоғамы бұдан былай шынымен екiге бөлiнiп кеткенi ме, әлде “Жаны ашымастың қасында балтырың сыздамасын” дегеннiң нағыз өзi ме? Қалай болғанда да елiмiзде қазақтың намысын, оның ұлттық рухын, абыройын қорғауға құлықсыздардың бар екендiгi осы тұста айқын көзге ұрғаны даусыз. Қауесетке қарағанда, осы масқара фильмнiң арнайы тапсырыспен түсiрiлуiне Қазақстандағы ұйғыр диаспорасының кейбiр өкiлдерiнiң тiкелей ықпалы болған сияқты, яки олар арнайы қаржы бөлген-мыс. Сiрә, бұл елiмiздегi татулыққа жiк салып, қырғи-қабақтық туғызуға ұмтылған арандатушылардың жел сөзi шығар.

Әйткенмен сол Саша Коэннiң соңына саналы түрде түсiп, басқан iзiн аңдуды, жарық күнiн қараңғы түн етудi мақсат етiп қойған Жантик сынды азаматтың iс-әрекетi кейбiреулерге күлкiлi сияқты көрiнгенмен, ұлттық намысты қорғауда ұсақ-түйек болмайтынын да паш етедi. Адамның мемлекетшiлдiгi, Қазақстан тәуелсiздiгiн баянды ету мақсатындағы саналы, көптiң қамы үшiн жасалған игi, iзгiлiктi әрбiр әрекетiнiң өзi осы ұлттық намысты қорғаудың, оны асқақтатудың нақты көрiнiсi. Яғни, көпшiлiктiң мемлекетшiл адамдарды ұлт қаһармандарына жатқызатыны бекер емес. Мәселен, өткен жылы “Қазақстан темiр жолы” Ұлттық компаниясының басшысы Жақсыбек Құлекеев мырза нақақтан тұтқындалып, өзiне тағылған ауыр айыптар бойынша ұзақ жылдарға бас бостандығынан айырыла жаздағаны мәлiм. Әдетте, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте қармаққа майда шабақтар ғана iлiнедi, ал iрi шортандар жауапкершiлiктен құтылып кетедi деп жиi қапаланатын қазақ журналистерi осы жолы қуануға тиiс-ақ болатын. Бiрақ, олар өйте алған жоқ, қайта бұрынғы аса биiк лауазымдардың иесi болған Жақсыбек Құлекеевтiң iсiнiң ақ-қарасын шындап тексеруге, әдiлдiктiң асқақтауына мейлiнше мүдделiлiк танытты. Әсiлi, саясат пен шындық бетпе-бет келiп, таразының екi басына салынғанда көбiне шындық оңбай таяқ жейтiнi өмiрде, қоғамда жиi ұшырап жататыны өкiнiштi заңдылық. Бiрақ, бұл жолы шындық, әдiлдiк үстемдiк құрып, Жақсыбек Құлекеевке тағылған ауыр айыптар негiзсiз екенi айқындалды. Журналистер қауымы, әсiресе қазақ журналистерi, турасын айтсақ, өздерi онша танып-бiле бермейтiн Жақсыбек Құлекеевке емес, отаншыл, мемлекетшiл жанның тағдыры үшiн, қай салада жүрсе де ұлттық намысымызды асқақтатуға күш салған саналы азамат үшiн жандары шырқырады. Сот үкiмi кезiнде Жақсыбек Құлекеевтiң журналистер қауымына шын жүректен алғыс айтқаны да сондықтан. Иә, қоғамымызға қазiр шынайы мемлекетшiл азаматтар көптеп керек, тiптi, ауадай қажет. Адамдар, ел-жұрт ұзақ жылдардан берi жеке басының, өз маңайындағылардың ғана қамын күйттегендерден мезi болды, жерiндi, ендi қоғамда шын мәнiнде мемлекетшiл, ұлттық намысы асқақ адамдар белең ала бастауға тиiс, белгiлi саясаттанушы Айдос Сарым: “Тәубешiлдiктен тәуекешiлдiкке өтер кез келген сияқты!” (“Түркiстан” газетi, №3, 22 қаңтар, 2009 ж.) дегендей уақыт келдi. Және ондай азаматтардың бар екендiгi дәтке қуат. Жақында Жамбыл облысынан Қазақстан Премьер-министрi Кәрiм Мәсiмовке интернет арқылы хат жолдаған бухгалтер жiгiттiң әрекетi осының айғағы. Қарабайырлап айтсақ, әлгi азамат мемлекеттен бөлiнген қомақты қаржылардың дiттеген мақсатқа — фермерлердiң қолына нелiктен жетпейтiндiгiн, ортада қай тұстарда тоқтап қалып, талапайға ұшырайтындығын және оның механизмдерiн ашық айтып, көрсетiп бердi. Бұл оқиғаны орыстiлдi бұқаралық ақпарат құралдары, ең әуелi телеарналар күлкiлi, өрескел жағдай етiп көрсетуге тырысқандарымен алаш жерiнде осындай батыл, ержүрек қазақ азаматтарының бар екенiне мақтануға тиiспiз. Әлгi азамат: “Мен нәйетi қарапайым ғана адаммын, менiң айтқанымнан ештеңе өзгермейдi”, — деп тоғышарлықтың жетегiне кетпей, қауiп төнсе басын құмға тығатын түйеқұстың әдетiне салмай жалғандыққа, көзбояушылыққа шама-шарқынша қарсы күресуi арқылы мемлекетшiлдiгiн, азаматтық намысы биiк екендiгiн қапысыз дәлелдедi.

Ал шынайы мемлекетшiл болу — ешқашан күлкiлi нәрсе емес! Ең бастысы, оған жергiлiктi жерде қысым жасала бастағанын бiлген Премьер-министр К.Мәсiмов мырза шұғыл ара түсiп, Ауылшаруашылық министрi Күрiшбаевқа: “Ол жiгiттi осында алдырыңыз! Оның басынан бiр тал шаш түспейтiн болсын”, — деп қатаң тапсырма беруiнiң өзi қазiр қалыптасқан өрескел жағдайдан сыр суыртпақтайтыны сөзсiз. Яғни, бұл Қазақстанда, жергiлiктi жерлерде шынайы мемлекетшiл адамдар үнемi қудалауға түсiп отырғанын байқатады. Және бұл талайдан берi қалыптасқан адам төзгiсiз жағдай. Жағдайдың әбден ушыққаны соншалық, мемлекетшiл жандарды ендi аса биiк лауазымды адамдар ғана қорғап қала алатын сорақы кезеңге келiп тiрелiппiз. Егер әлгi жiгiтке К.Мәсiмов мырза ара түспесе, оны жергiлiктi жөгiлер мен жемқорлар жүндей түтетiнi айдан анық.

Екiншi жағынан қарағанда, қандай қиын жағдай қалыптасқанына қарамастан, қоғамда мемлекетшiл (ұлтшыл — Ж.Ш.) азаматтар бәрiбiр табылады екен. Нағыз ұлтшыл жан — өз ұлтының тағдыры, оның болашағы шын мәнiнде толғандыратын ержүрек адамдар ғана шынайы мемлекетшiл болып қалыптасатыны бесенеден белгiлi. Ұлтын сүйетiн адам ғана өз ұлты мен мемлекеттiң арқауы, арнасы бiр екенiн мойындайды және мемлекеттi гүлдендiру арқылы ұлтының да бақытты ғұмыр кешетiнiне қапысыз иланады.

Жамбылдық азаматтың саналы әрекетi көптеген адамдардың өзiнiң өмiрлiк позициясын қайта қарауына түрткi болған сияқты. Тiптен, Алматы қаласында бiрнеше казино, сауда базарларының заңсыз жұмыс iстеп жатқанын хабарлағандар бұдан әрi қол қусырып қарап отыруға болмайтынын анық сезiнгендер екенi сөзсiз.

Бәлкiм, осындай заңсыздықтарға жол берiлiп отырғанын олар осыған дейiн-ақ мәлiмдеген шығар, бiрақ олардың айтқанына ешкiм құлақ аспаған болар… Мiне, сондай жандар қараңғы үңгiрдiң түбiнен әлсiз жарық көрiп, түптiң-түбiнде шындық, әдiлдiк жеңетiнiне сене бастаған секiлдi.

Айтпақшы, 2008 жылдың соңына қарай қазақ балалары мен жастары математикаға бейiмдiлiк жағынан әлемде бесiншi орын алған болатын. Әлем халықтарының арасында бесiншi орын!

Әрине, әдеттегi енжарлық, самарқаулығына сай қазақ журналистерi, зиялы қауым бұған онша елең ете қойған жоқ. Орыстiлдi БАҚ-тардың жайы боса болмаса белгiлi, олар мұндай ғажайып табыс, ұлттың намысын асқақтатқан ерлiктi насихаттаудан гөрi, қазақтың қара тырнағының көбесiнен кiр iздеуден аса алмайды ғой. Есесiне, қазақ балаларының бейбiт күндердегi бұл ерлiгiне алыстағы түрiк қандастарымыз, әсiресе журналистер қауымы шын қуанған. Көптеген газет-журналдарында арнайы мақалалар жазып: “Қазақ жастары Саша Коэнге, өздерiн паң, тым асқақ ұстайтын, өркөкiрек ағылшындарға аямай тойтарыс бердi!” деп алақайлап, шын мәнiнде бөрiктерiн аспанға атты.

Тағы да қайталап айтуымыз керек, ұлттық намысты асқақтату, өмiрде ерлiк жасаудың үлгiлерi, жолдары сан алуан. Өткен күзге таман павлодарлық жас қыздың ерлiгi де ерiксiз таңқалдырған. Жаңылыспасақ, 4-5 сынып оқушысының аты Мәдина болуы керек. Тiптен, әңгiме оның аты-жөнiнде, қай қалада тұратынында да емес. Оқиғаның ұзын-ырғасын өз әлiмiзше қысқаша баяндап көрелiк. Қыздың анасы үйге керектi азық-түлiгiн арқалап, көп қабатты үйдiң баспалдағымен жоғары көтерiле бергенде аңдып тұрған қарақшы оған тартпа бас салып, қолындағы келтегiмен басынан аямай ұрады да, құлап түскен әйелдiң азық-түлiк қапшығын және ұялы телефонын ала қашады. Дәп осы сәтте сабақтан қайтқан қаршадай қазақ қызы қарсы алдынан шыға келсе керек. Мәдина тонаушының аяғынан шалып құлатып, қайтадан бас көтере бергенiнде аямай бiр теуiп, есiнен тандырады да, iле-шала ересек кiсiлердi көмекке шақырады. Бiр сөзбен айтқанда, кiсi тонаушы қаршадай қазақ қызының жүректiлiгi, асқан батылдығының арқасында құрықталып, қолына кiсен салынды. Мiне, ұлт осындай ержүрек қыздарының арқасында ғана нағыз намысқой ұлт болып қалыптасады және оларды мақтан тұта алатын болса керек.

Мәдинаны жергiлiктi полиция марапаттап, сыйлыққа теледидар бердi. Оны құрбыларына үлгi еттi. Ол — дұрыс та шығар, бiрақ бұған да ойланып қарайтын мезгiл жеткен сияқты. Әсiресе, соңғы уақытта полиция көше бұзақылықтарына тосқауыл қою үшiн жер-жерде жастардың ерiктi жасақтарын құруды қолға алғаны байқалады. Осы мәселенi қоғамдық тұрғыдан кең талқыға салу керек шығар.

Бiрiншiден, жастарды бұзақылықтан, заңға қайшы әрекеттер жасаудан аулақтататын осындай ерiктi жасақтардың құрылуы орынды секiлдi. Екiншi жағынан алсақ, көшедегi заңсыздықтар мен қылмысты тежеу, оны жою жастардың немесе қаршадай қыздың мiндетi емес қой. Ол — жан-жақты кәсiби дайындықтан өткен адамдардың, полицияның, басқа құқық қорғау органдарының басты парызы. “Жаман айтпай жақсы жоқ”, көшедегi тәртiптi сақтауға шыққан жастардың кейбiрi қызуқандылық, жастыққа тән батылдықпен бақайшығына дейiн қаруланған кәнiгi қылмыскерге қарсы тұрып, арандап қалса ше?! Сол кезде оққа ұшса немесе суық қарудан көз жұмса ше? Тiптi, ол отбасындағы жалғыз бала болса ше? Мiне, мәселе қайда? Өрiмтал жастың (жастардың) өмiрiн осындай қауiп-қатерге тiге аламыз ба? Өзiнiң қайталанбас, құн жетпес өмiрiн қылмыстың алдын алуға қиғанмен, оны немен ақтауға болады?! Адам өмiрiнен, қазақ жастарының өмiрiнен қымбат нәрсе бар ма?

Әлемдiк тарихта өз тағдырын қауiп-қатерге тiгiп, танымайтын өзге адамның өмiрiн сақтап қалудың мысалы көп-ақ. Тiптi,мұны адамзаттың қайталанбайтын қаһармандығы деуге де болатыны сөзсiз.

Сондай ерлiктiң хас үлiгiсiн өткен жылдың соңына таман алматылық жас жiгiт Алан Мұқышев қайталады. Алматы қаласындағы “Атакент” көрмесiнiң қарсысындағы орамда орналасқан “Рүстем” кафесiндегi газ балондары жарылып, кафеге келушiлер отқа оранған үйде қалғанда ол сынған әйнек, алаулаған жалынға қарамастан iшке кiрiп, үстi-басының жарақатталғанына қарамай әлдебiр әйелдi ажалдан арашалап қалған болатын.

Мiне, үстiрт қарағанның өзiнде де өмiрде ерлiкке орын бар көрiнедi. Ал қазақтың көптеген жастары қарапайым тiрлiкте де ерлiк жасауға әрқашан дайын сияқты. Тек адам қиын-қыстау, шешiмдi сәтте өз таңдауын жасауға тиiс. Сонда ғана жеке намысты ғана емес, ұлттың намысын да асқақтатуға жол ашылмақшы.

Р.S. Қазақтың жаңа — Сиыр жылы наурызда, көк шыққанда ғана келетiн болғандықтан қаңтар, ақпан, наурыз айларындағы болашақ ерлiктердiң бәрi Тышқан жылының еншiсiнде.

Жаңабек ШАҒАТАЙ

Серіктес жаңалықтары