ҚАЗАҚТАР БЕРЛИНГЕ АҚПАНДА КIРДI

ҚАЗАҚТАР БЕРЛИНГЕ АҚПАНДА КIРДI

ҚАЗАҚТАР БЕРЛИНГЕ АҚПАНДА КIРДI
ашық дереккөзі
259

Германияда Қазақстан жылы басталды

Сейсенбi күнi Германия Федеративтiк Республикасына ресми сапармен келген Қазақстан Республикасының Президентi Нұрсұлтан Назарбаевты шынайы достық сезiм, үлкен құрметпен қарсы алған немiс жұртшылығы екi ел арасындағы тығыз қарым-қатынас, ынтымақтастық байланыс нығая беретiндiгiне көз жеткiздi. Елбасы Давостағы экономикалық форумнан соң сапарын кәрi құрлықтың белдi де беделдi мемлекетi ГФР-де одан әрi жалғастыруды бекер таңдап алмаған секiлдi. Германия Федеративтiк Республикасы осыдан тура 17 жыл бұрын, дәлiрек айтсақ, 1992 жылы 11 ақпанда Қазақстанның тәуелсiздiгiн алғаш таныған мемлекеттердiң бiрi.

Осы жолы да Қазақстан Президентiне Германия мемлекетiнiң басшылығы жоғары дәрежедегi ресми құрмет көрсетiп, әлемге белгiлi “Бельвю” сарайының алдында Федералдық президент Хорст Келер құшақ жая қарсы алды. Еуропадағы ең қуатты, айбарлы елдiң астанасы – көне Берлиннiң кең көшелерiнде Қазақстанның көк байрағы жағалай желбiреп, көгiлдiр аспанын қазақтың асқақ Әнұраны тербеттi. Батыстың өркениеттi, дамыған елдерiнде ежелден аса сыйлы қонақтарына кең сарайлар немесе мұражайларды емес, елдiң экономикалық қан тамырын қадағалап отырған ұлттық банктiң кең есiгiн айқара ашатын ерекше дәстүр қалыптасқан.

Әлемдегi аса беделдi қаржы институты – “Дойче банкте” Қазақстан Президентi Н.Назарбаевты ГФР-дiң Экономика және технология министрi Михаэль Глосс және “Дойче Банк” АҚ-ның басқарушы директоры Петер Тилс мырзалар үлкен қошаметпен қарсы алып, осында екi елдiң 300-ден астам кәсiпкерлерi қатысқан Қазақстан-Германия бизнес-форумы болып өттi.

Германияның халықаралық сауда әрiптестерiнiң арасында Қазақстан 52-орында тұрса, ТМД елдерiнiң iшiнде сауда айналымы бойынша үшiншi орынды иеленiп отыр. Қазiр Қазақстанда Германия капиталының қатысуымен құрылған 700-ге таяу бiрлескен кәсiпорындар жұмыс iстеп келедi. Соңғы уақыттағы әлемдiк экономикалық дағдарысқа қарамастан, екi елдiң арасындағы тауар айналымы айтарлықтай өсiп, өткен жылдың 10 айында 5,26 миллиард еуроға жеткен. Осылайша, Германия Қазақстанның Ресей, Қытай, Италия, Швейцария және Франциядан кейiнгi алтыншы орындағы ең iрi сауда әрiптесi болып қалып отыр және бiздiң елiмiз Германияға шикi мұнай жеткiзетiн аса iрi экспортер болып табылады.

Көне Алмания елiн мұнаймен қамтамасыз етушi елдердiң арасында алаш жұрты алғашқы бестiктiң iшiнде. Әсiлi, ресми Берлин Қазақстанды өзiнiң табиғи газға деген сұранысын қамтамасыз ететiн болашақ сенiмдi стратегиялық әрiптесi санауға бет бұруда. Оған қазiр Астана табанды түрде бағыт ұстаған “Еуропаға жол” мемлекеттiк бағдарламасы мен Қазақстаннан өздерiнiң тарихи ата мекендерiне көшiп барған бұрынғы отандастырымыздың ерекше ықпалы тиiп отырғаны даусыз. Бұл – Елбасының ГФР-ға алтыншы рет ресми сапары. Және осы сапар барысында “Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтiк Республикасы арасындағы болашақ жолындағы әрiптестiк шеңберiндегi 2009-2011 жылдарға арналған iс-қимыл жоспарына” қол қойылуы, бiрқатар аса iрi экономикалық жобаларды жүзеге асыруға мәмiле жасалуы екi ел арасындағы мәңгi достықтың одан әрi жалғасарының басты кепiлi.

Ең бастысы, осы сапар күндерiнде Берлиннiң атақты Орталық концерт сарайында Германиядағы Қазақстан жылының салатанатпен ашылу рәсiмi болып өттi. Бұл – Германияда алғаш рет өткiзiлiп отырған тарихи маңызы зор шара. Және ТМД елдерi арасынан тек Қазақстан ғана осындай мүмкiндiкке ие болды.

Ж.БАҚҚОНДЫҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары