МИНИСТР ТЕАТРFА КЕЛДI

МИНИСТР ТЕАТРFА КЕЛДI

МИНИСТР ТЕАТРFА КЕЛДI
ашық дереккөзі
242

Өткен аптада, Мәдениет және ақпарат министрi Мұхтар Құл-Мұхаммед мәдени шаһарға келiп, бiрқатар өнер ордаларын аралап қайтты. Абай атындағы Опера және балет театры, Әбiлхан Қастеев атындағы Өнер мұражайы, Ұлттық кiтапхана, Лермонтов атындағы Орыс драма театры, Мұхтар Әуезов атындағы Академиялық драма театры, Ғабит Мүсiрепов атындағы Жастар және балалар театрында болып, өнер ұжымымен кездестi.

Министрдiң өнер ошақтарын аралаудағы негiзгi мақсаты – өнер ұйымдарының бүгiнгi жай-күйiмен танысу, талап-тiлектерiне құлақ түру, арыз-шағымдарын тыңдау болған сияқты. Есiктен кiрген сәттен бастап, төменгi қабаттағы фоэге дейiн жiтi көз салып, қай жерiнде қандай кемшiлiк барын аңғаруға тырысқан, кездескен қиындықтар мен өнер адамдарының талап-тiлегiн тыңдауға келген министрдiң басты мақсаты да сол, кемшiлiктi түзеу. “Мың рет естiгеннен, бiр рет көрген артық” демекшi, қандай кемшiлiк болса да, оны көзбен көргенге не жетсiн?! Министрдiң жалғыз өзi емес, тiлшi қауыммен бiрлесе, өнер ошақтарын аралауда да негiзгi себеп осында жатса керек.

Мәдениетi дамымаған елдiң келешегi күмәндi десек, “хас сұлудың көз жасындай театр өнерiнде” бүгiн қандай кемшiлiктер бар, нендей шешiлмеген түйткiлдер бар екен?! Осы орайда, бiз Ғабит Мүсiрепов атындағы Жастар және балалар театрын министрмен бiрге аралап шықтық. Әнебiр жылдардағыдай емес, театрдың iшi көп өзгерген. Театр табалдырығынан бастап, би залдарына дейiн ыждағатты жөндеуден өткенi көрiнiп тұр. Театр iшiндегi музей де, әртiстер отыратын бөлмелер де, тiптi, киiм дайындайтын цехтар да мұнтаздай тап-таза. Көзге қораш көрiнетiн ешнәрсе таппайсың. Бәрi де өз орнында, өз жөнiмен тұрғандай.

Барлық бөлмелердi, тiптi, театрдың қонақ бөлмесiне дейiн асықпай аралап шыққан министр соңыра ұжыммен кездесiп, сауалдарын тыңдап, әңгiмелерiне құлақ түрдi. Театр өнерi туралы толғамды ой қозғаған министрдiң де бұл өнерден хабары мол екендiгiн әңгiме барысында айқын байқатты. Ресей театрларының, әлемдiк театрлардың репертуарларын да тiлге тиек еткен Мұхтар Құл-Мұхаммед мырза өнердiң ешқандай қалыпқа сыймайтын, ұлы дүние екендiгiн де айта кеттi.

Өнер ошағында кемшiн түскен нәрсе жоқ. Бiрақ, ең басты мәселе, театрдың iшi-сыртында жатыр ма? Ең басты нәрсе, театр үшiн репертуар емес пе? Бүгiнгi күнi театр сахнасында қойылып жатқан репертуарлар туралы, актерлердiң өтiнiштерi, талап-тiлектерi айтылмай қалған сияқты көрiндi бiзге. Әлде актер қауымы ешқандай мұқтаждықсыз, ешқандай қиындықсыз, жағасы жайлауда күн кешiп жатыр ма? Расында да, театр актерлерiнiң айтатын мұң-зары жоқ па? Ендеше неге бiз сол театрдың сахнасынан ұмыта алмайтын, ұмытылмайтын спектакльдердi тамашалай алмай жүрмiз? Ендеше неге бiз көргiмiз келген актерлер екiншi планда қалып кетiп жатыр. Таланты биiк, дарынды актерлер неге эпизодтарда ғана көрiнедi. Мұның бәрi актерлер үшiн проблема емес пе? Бiз көргiмiз келген, ойнағанын қалаған, кiшкентай бiр рөлi үшiн, театрға көрерменiн талай рет барғызған актерлердiң тағдыры ше?

Қалай десек те, театр үшiн ең басты нәрсе, көрермен сүйiп көретiн, iздеп баратын спектакльдер емес пе? Сiз сол театрдың сахнасынан қай спектакльдi сүйiп тамашалайсыз? Саусағыңызбен санамалап көрiңiзшi. Жалпы, бұл бiр ғана Жастар театрына ғана тән дүние емес. Кез келген театрда репертуар толық болғанымен, мықты, есте қаларлықтай спектакль жоқтың қасы. Бүгiнгi премьераларды бiр-ақ рет тамашаласаңыз жетiп жатыр, одан кейiн оны қайта көремiн деу мүмкiн емес. Соның өзiнде актерлердiң ойынынан шаршап шығасыз. Жаттанды, жасанды дүниелер. Режиссерлiк шеберлiк болғанымен, актерлiк ойын жетiспей жатады. Ендi бiрiнде актер мықты болғанымен, режиссерлiк тапқырлық жоқ. Әйтеуiр, “бiр кем дүние”….

Осының бәрiн министрге айтып жеткiзетiн актерлер де, режиссерлер де болған жоқ. Бәрi жақсы, бәрi тамашамен, шығарып салды. Ал, мұндай мүмкiндiк кез келген министрдiң кезiнде болған жоқ қой. Осындай сәттерде өкпе-назды, талап-тiлектi айту қажет емес пе едi деп ойладық та қойдық. Кiм бiлсiн, мүмкiн бiздiкi қателiк шығар, әйтеуiр, байқағанымыз, өнер ұжымдарының қағанағы – қарқ, сағанағы – сарқ сияқты.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары