348
Ресей компанияларын қайыстырған «қара дүйсенбі»
Ресей компанияларын қайыстырған «қара дүйсенбі»
АҚШ Ресейге қатысты жаңа санкцияларды енгізгеннен кейін Мәскеу нарығындағы акциялар бірден құлдырай бастады.Ақпарат құралдарының дерегінше, нарықтағы ахуал «Русал», En+ компанияларын және Сбербанкті үлкен шығынға батырған. Мәскеу биржасындағы өзге акциялардың да құны арзандап барады.
Forbes ресейлік миллиардерлердің бір тәулік ішінде – 9 сәуір күні 12 млрд доллардан астам байлығын жоғалтқанын мәлімдеді. Іле-шала Bloomberg агенттігі Ресей Федерациясының бай-бағландары бір сәтте 16 млрд долларға жуық қаржысын желге ұшырып алғанын жазды. Күн сайын жаңартылып отыратын Bloomberg Billionaires Index рейтингіне енген ресейлік 27 олигархтың 26-сы орасан зор шығынға ұшыраған. Мәскеу биржасындағы акциялар құнының төмендеуі салдарынан «Норникель» компаниясының бас директоры Владимир Потаниннің қалтасы 2,25 млрд долларға жұқарса, «Лукойл» басшысы Вагит Алекперов 1,37 млрд долларынан айырылды. «Ренова» компаниясының иесі Виктор Вексельберг 1,28 млрд долларын жоғалтып, En+ және «Русал» компанияларының қожайыны Олег Дерипаска 905 млн долларға шығындалды. «Русал» компаниясы АҚШ Қаржы министрлігі енгізген санкция компанияны техникалық дефолтқа ұшыратып, компанияның кәсібіне кері ықпал ететіндігін мәлімдеп үлгерді.
Айта кетейік, АҚШ билігі 6 сәуір күні бірқатар ресейлік лауазымды тұлғалар, кәсіпкерлер мен компанияларға қатысты санкция енгізетіндігін хабарлаған болатын. Вашингтонның бұл әрекеті Ресей нарығында «қара дүйсенбінің» қалыптасуына әсер етті. Мұнайдың бекітілген бағасының өсуіне қарамастан, Мәскеу биржасының индексі 2014 жылдың наурыз айынан бері алғаш рет үлкен шығынға ұшырады. Ал рубльдің долларға қатысты құны соңғы жарты жыл ішіндегі ең төменгі көрсеткішке дейін арзандады. Доллардың курсы 2,49 рубльге өсіп, АҚШ долларының құны 60,65 рубльді құраса, еуро 74,70 рубльге жетті. Бірақ Ресей валютасының күрт төмендегеніне қарамастан Brent маркалы мұнайдың бағасы 1 барреліне 68,56 долларға дейін қымбаттады.
Десек те, Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев санкцияға іліккен компанияларға қолдау көрсететінін мәлімдеп үлгерді. Мемлекет пен кәсіпкерліктің кірігуі еш елге жақсылық әкелмеген еді. Қалыптасқан жағдайдың қайда апарып соғарын кім білсін...