Дәрі қымбатшылығы қажытқан жұрт

Дәрі қымбатшылығы қажытқан жұрт

Дәрі қымбатшылығы қажытқан жұрт
ашық дереккөзі
418
Еліміздегі ең өзекті мәселелердің бірі – дәрі-дәрмек. Бірде тегін берілетін дәрілер жетіспей жатса, енді бірде дәрілік препараттардың қымбаттығы жұрттың қалтасына салмақ түсіріп жатады. Өткен айда ғана тегін дәрілерді жеткізу ісіндегі шикіліктер сынға алынса, бұл жолы тағы да дәрі бағасының шарықтағаны байқалды. Ал денсаулық сақтау саласындағы бұл түйткілдердің қай кезде нақты шешілері әзірге белгісіз. 2018 жылдың басында дәрі-дәрмек бағасы барлық дәріханаларда бірдей болатыны әрі ведомстволық орган тарапынан бақылау орнайтыны айтылған. Бірақ 2018 жылдың үш айын артқа тастасақ та, дәрілік заттардың бағасы бір қалыпқа түсе қоймады. Елімізге келетін дәрі-дәрмектердің көбі шетелден жеткізіледі. Оны тасымалдау жұмысымен әзірге жеке меншік фирмалар ғана айналысатыны баршаға белгілі. Сондықтан әлгілер дәрілердің бағасына жол шығынын, салықты және өз пайыздарын қосады. Бірақ бүгінге дейін фирмалардың үстемеақысының қандай мөлшерде екенін ешкім бақылауға алған емес. Дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенсек, олардың нарығында бағаны қалыптастырудың нақты әдістері бар. Ел экономикасы үшін маңызды тауар мен қызмет түрлеріне нақты баға қойылып, қатаң бақыланады. Өнімге қойылатын талапта тауар құны әрі кеткенде 30 пайызға дейін өзгереді. Кей мемлекеттерде дәрі-дәрмек бағасы үнемі бақылауда. Мысалы, Түркияда дәрілік заттар құны қатаң қадағаланатындықтан, баға мүлдем төмен. Нәтижесінде, кейбір әлемдік фармкомпаниялар Түркияға дәрі-дәрмектерін жөнелтуден мүлдем бас тартқан. Ал Қазақстанда мемлекеттік тапсырыстан тыс сатып алынатын дәрі-дәрмектердің бағасына қандай да бір реттеудің болмауы салдарынан тұтынушылар зардап шегіп отыр. Сатушы қандай бағаны қаласа, сол бағаны қояды. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, осы жылдың алғашқы үш айында дәрілік заттардың құны 7 пайызға қымбаттаған. Еліміз бойынша гормондық және ауруды басатын дәрілердің, асқазан ауруларына қарсы дәрі-дәрмектердің бағасы өскені белгілі болды. Нақтырақ айтсақ, гормондық дәрілер 20, анальгетиктер 12, асқазан ауруларына қарсы дәрілер 9 пайызға өскен. 2018 жылдың басынан бері әсіресе, Алматы, Маңғыстау және Атырау облыстарында дәрілік заттар құны 10-14 пайызға дейін жоғарылап үлгерді. Ал Шығыс және Батыс Қазақстан, Қостанай облыстарында дәрі-дәрмек бағасы бірқалыпты. Бұған дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы елімізді дәрі-дәрмегі аса қымбат елдердің қатарына кіргізген болатын. Соған қарамастан, бізде дәрі-дәрмекке деген сұраныс аса жоғары. Тіпті, Қазақстан дәрілік заттарды тұтыну көрсеткіші бойынша ТМД елдері арасында үшінші орында. Бірақ сол жоғары сұранысты ескеріп, фармацевтика өндірісін жолға қойып, ұлт қауіпсіздігін де қамтамасыз етіп, халқымызды қолжетімді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ете алмай отырғанымыз өкінішті-ақ. Отандық фармацевтикалық компаниялар ақпан-наурыз айларының өзінде 4 тонна дәрі-дәрмек шығарғандығын айтады. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 45 пайызға артық. Шығарылған фармацевтикалық өнімнің жалпы сомасы 13 млрд теңгені құрағанын да айта кетейік. Ал былтырғы жылы отандық дәрі-дәрмек өндірісіне 73,4 млрд қаржы жұмсалған. Бірақ дәрі-дәрмек өндірісіндегі көрсеткіштің жоғарылағанынан қарапайым халыққа еш пайда болмай отыр. Өйткені жұртшылық әлі де шетелден келетін дәрілік заттарға мұқтаж. Осы жылдың қаңтар айындағы қорытындыға сүйенсек, елімізге сырттан келетін витаминдер көлемі 5,6 пайызға жеткен. Оның үстіне, дәрілік заттар бағасы айтарлықтай шарықтап кетті. Ал сарапшы мамандар бағаның жақын арада төмендемейтіндігін, тіпті, қымбатшылықтың жалғаса беретіндігін болжауда. Өйткені фармацевтика саласында баға саясатын қадағалайтын ұйымдардың жұмысы шикі. Олар ешбір бақылау жүргізбегендіктен, кейбір фармацевтикалық компаниялар арқаларын кеңге салып жүр. Әзірге қолдан қымбатшылық жасаушылардың әрекетіне Денсаулық сақтау министрлігі де тұсау сала алмай келеді. Министрлік дәрі-дәрмек бағасын бақылауды уысынан шығарып алса да, дәрілік заттардың сапасын қатаң қадағаламақ. Ол үшін елімізде дәрі-дәрмектің сапасын қадағалайтын бірыңғай жүйе енгізіледі. Жаңалықты жариялаған Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цойдың айтуынша, жаңа жүйенің басты мақсаты – контрафактілік медициналық тауарларды сатылымнан алу. Түсінуімізше, бақылау жүйесі арнайы штрих-кодтар арқылы жүргізіледі. Дәріханалардағы 8 мыңнан астам кассалық аппараттар кезең бойынша ауыстырылады. Сөйтіп, жүйенің есепшоты мен салығын Қаржы министрлігі бақылап отырады. Ал науқастар үшін мобильді қосымша әзірленді, әр тұтынушы осы қосымша арқылы дәрілердің дұрыс тіркелуін, қауіпсіздігі мен сапасын анықтайды. Денсаулық сақтау министрлігінің бірыңғай жүйе енгізуіне дәрілік заттардың сапасына қатысты құқық бұзушылықтардың көбеюі себеп болған. Мысалы, өткен жылы осы мәселеге қатысты 507 құқық бұзушылық тіркеліпті. Қолдан жасалған дәрілік заттар мен жарамдылық мерзімі өтіп кеткен дәрілік препараттар анықталып, оларға салынған айыппұлдың жалпы сомасы 5 млн теңгеден асты.      

Серіктес жаңалықтары