Лондонда – қазақ мәдениеті

Лондонда – қазақ мәдениеті

Лондонда – қазақ мәдениеті
ашық дереккөзі
792
Ұлыбритания астанасы  Лондонда Қазақстан мәдениеті күні өтті. Қазақстанның тарихы мен мәдениетін танытуды мақсат еткен шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде ұйымдастырылды. Лондон қаласындағы ең ірі саябақтардың бірінде өткен шара барысында ағылшындар қазақтың өнерімен, салт-дәстүрлерімен, ұлттық құндылықтарымен танысты. Қонақтар қазақ халқының ұлттық тағамдары – бауырсақ, шелпек, қуырдақ пен түрлі тәттілерден дәм татуға да мүмкіндік алды. Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігінің мұрындық болуымен өткен шараға мыңға тарта адам қатысты. Еліміздің мәдениетімен танысқандар қатарында Лондон тұрғындары мен қонақтарынан бөлек, саясаткерлер, дипломаттар, қазақстандық студенттер болды. Саябақтың ортасына тігілген қазақтың киіз үйі көшпенді халықтың тіршілігінен сыр шертіп тұрғандай. Осы аумақта Қазақстан туралы, еліміздің туристік ахуалынан хабар беретін кітаптардың көрмесі ұйымдастырылды. Көрме соңында кітаптар шараға келген қонақтарға тегін үлестірілді. Бұл күні отандық дизайнерлер де назардан тыс қалған жоқ. Лондон орталығында қазақстандық сәнгерлердің қолөнер және әшекей бұйымдары көпшілік назарына ұсынылды. Ал жиылған қонақтарға Қызылорда облысынан Лондонға арнайы келген «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі ерекше көңіл-күй сыйлады. Ансамбль өнерпаздары қонақтарға түрлі жанрдағы музыкалық шығармаларды орындап берді. Дәулеткерейдің «Көрұғлы», Ықыластың «Жезкиік», халық күйі «Ел айрылған» және ұлы Қорқыт шығармаларынан бастап, әлемнің классикалық туындыларына дейін орындаған фольклорлық ансамбль шараның көркін қыздыра түсті. Сонымен қатар, Лондонда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Мұхтар Әуезов, Оралхан Бөкей, Герольд Бельгердің ағылшын тіліне аударылған туындылары британдық оқырмандарға жол тартпақ.    

Серіктес жаңалықтары