297
Алашты асырайтын ауыл
Алашты асырайтын ауыл
«Дипломмен ауылға» бағдарламасы қолға алынғалы бері еліміздің түкпір-түкпіріндегі елді мекендер әртүрлі сала мамандарымен толықты. Қазір еліміздің барлық өңірлері мемлекеттік бағдарлама арқылы ауылдық аймақтардағы кадр тапшылығын шешіп отыр. Бағдарлама бойынша ауылға барудан қашпайтын жас мамандарды жұмысқа орналастырудан Жамбыл облысы да кенде қалып жатқан жоқ.
2009 жылдан бастап жүзеге аса бастаған «Дипломмен ауылға» бағдарламасының мақсаты – жұмыссыз жүрген жас мамандарды жұмысқа орналастырып, ауылдың жағдайын көтеру. Сол уақыттан бері мыңдаған жас маман қызметке орналасып, елді мекендердің өркендеуіне үлес қосып келеді. «Дипломмен ауылға» жобасы аясында жас мамандарды ауылдық жерлерде тұрақтандыру және оларға әлеуметтік көмек көрсету – басты мәселелердің бірі. Ауылға аттанған мамандарға берілетін бір реттік көтерме жәрдемақы мен тұрғын үй үшін қаралатын несие көлемі де өсіп келеді. Мұның бәрі елімізде жастарды қолдап-қуаттаумен қатар оларға жан-жақты мүмкіндіктердің жасалып жатқандығының белгісі.
«Дипломмен ауылға» аттануға ниетті жас мамандарды қолдау ісінде Жамбыл облысының да жетістігі көп. Бағдарлама іске қосылған алғашқы 7 жыл ішінде өңірде 2332 жас маман ауылдық жерге жұмысқа аттанды. Сондай-ақ, 2016 жылы Жамбыл облысында «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 151 маманға тұрғын үй алу үшін 480,4 млн теңге қаралса, 449 маманға 118,1 млн теңге көтерме жәрдемақы берілген. Ал өткен жылы бағдарлама шеңберінде бөлінетін қаржы көлемі екі есеге ұлғайып, Жамбыл облысындағы елді мекендерге келетін жас мамандарға 803,2 миллион теңге несие мен бір реттік көтерме жәрдемақыға 106,8 миллион теңге бекітілді. Бұл, әрине, ауылға ағылған жастардың санын арттыра түсті.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазір жұмысты қаладан емес, ауылдан іздеу керек, дағдарыс жағдайында бізді асырайтын – ауыл, ауылда жұмыс болу үшін, қаланы асырай алуы үшін жеке шаруаларды, ауыл тұрғындарын, шағын шаруа қожалықтарын қайта қауымдастырып, біріктіру қажет», – деген болатын. Елбасының бұл тапсырмасын қазір еліміздің барлық өңірлері тиянақты орындау үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр. Бұл ретте «Дипломмен ауылға» бағдарламасының арқалар жүгі ауыр. Бағдарламаның тиімділігі нәтижесінде 2012 жылы жұмысын тоқтатуы тиіс жоба 2020 жылға дейін жалғасатын болып бекітілген. Енді еліміздің түкпір-түкпіріндегі ауыл-аймақтарға 2020 жылға дейін «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша жас мамандарды жөнелтуге мүмкіндік бар. Деректерге сенсек, әсіресе, ауыл шаруашылығы саласына мамандар жетіспейді. Бұл мәселені шешу үшін Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы қажетті шараларды жүзеге асыруды жалғастыруда. Өйткені басқарма мамандары қалалық жерлерде ауыл шаруашылығы саласы бойынша білім алған жас мамандарды «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша елді мекендерге жұмысқа орналастырудың тиімділігін байқап отыр.