Босқындарды қабылдауға қарсы Будапешт

Босқындарды қабылдауға қарсы Будапешт

Босқындарды қабылдауға қарсы Будапешт
ашық дереккөзі
346
8 сәуір күні Венгрияда өткен парламент сайлауында «ФИДЕС» партиясы жеңіске жетіп, Еуропаға белгілі саясаткер Виктор Орбан премьер-министр лауазымын сақтап қалды. Венгерлер Орбанға жеңіс сыйлау арқылы Еуроодақтың миграциялық саясатына наразы екенін айғақтап берді. Парламент сайлауының нәтижесі бойынша Виктор Орбан бастаған партия 49,6 пайыз дауыс жинады. Енді «ФИДЕС» депутаттары 133 орынға ие болса, Орбан төртінші рет қатарынан Венгрияның министрлер кабинетін басқарады. Виктор Орбан сайлауда жеңіске жеткенімен, ел астанасы – Будапешт тұрғындарының дауыс беру нәтижесі премьер-министрді қуантпаған сыңайлы. Өйткені шаһардағы 18 округтің алтауында ғана Орбанның жақтастары жеңіске жете алды. Ал қалған аймақтарда батысшыл оппозициялық партиялар жоғары нәтиже көрсетіпті. Айта кететін бір жайт, сайлаудан кейін Будапештте жүздеген  мың адам парламент сайлауының нәтижесімен келіспейтіндігін білдіріп, бас көтерді. Қолдарына Венгрия мен Еуропалық одақтың жалауларын ұстаған ереуілге қатысушылар сайлаудың әділетсіз өткенін айтып, еуропалық құндылықтарды қорғауды талап етті. Олар дауыстарды қайта санап, сайлау туралы заңды өзгертуді және ақпарат құралдарының еркіндігіне кепілдік беруді сұрады. Орбанды сынға алғандар оны демократиялық құндылықтарды жаншып, тәуелсіз медиаға қысым көрсетті деп айыптап отыр. Бірақ тұрғындардың шеруге шығуы сайлау комиссиясының шешімін өзгерткен жоқ. Комиссия дауыс беру нәтижесінің бұрмаланбағанын, ел халқының билік басынан «ФИДЕС» партиясын көргісі келетінін мәлімдеп, наразы топты сабырға шақырды. Мұндай наразылықтарға қарамастан, Венгрия халқының көп дауысын жинаған Орбан бірқатар мәселелерді қолға алатынын жеткізді. Ол өз сөзінде жаңа өндіріс құруға, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпке баса көңіл бөлуге, Ресейдің көмегімен Пакшадағы АЭС-ті кеңейтуге уәде берді. Сондай-ақ, ол кезекті парламент сайлауы алдында ел аумағына босқындарды енгізуге қарсы екенін тағы да айтқан. Орбанның босқындарды қабылдауға қарсылық танытуы Еуроодақ пен Венгрия арасында айтарлықтай алауыздық тудырды. Виктор Орбан Азия мен Африкадан ағылған босқындарды елге кіргізуге түбегейлі қарсы. Сөйтіп, Венгрия Еуроодақ бекіткен квота бойынша мигранттарды қабылдаудан бас тартты. Нәтижесінде Еурокомиссия Еуропалық сотқа Будапешттің үстінен шағым түсірді. Мұндай ахуал Будапешт пен Берлин арасындағы текетірестен туындап отырған сыңайлы. Өйткені Еуроодақтағы ғаламдық миграциялық жобаны бастап отырған Германия канцлері Ангела Меркель. Ал Будапешт орталығының мигранттарға толуы жергілікті тұрғындарды қатты үрейлендіретін сияқты. Сондықтан да халық парламент сайлауында өздерін «босқындардан құтқарушы топқа» дауыс беруді жөн санаған тәрізді. Орбанның әрекеттеріне қарасақ, ол заңсыз миграция мәселесі бойынша Еуроодақпен сөз таластырудан қашпайды. Соңғы үш жылда Венгрияда заңсыз босқындарға қарсы науқан жүргізіліп келе жатқаны күллі әлем жұртына мәлім. Сонда да Будапешт сол уақыт аралығында 2300 шетелдік мигрантты қабылдады. Оның 1300-і өткен жылы Венгрия аумағына кірген екен. Еуроодақтың босқындарды паналату туралы бастамасына қарсы шыққан Орбан үкіметі олардың мигранттар емес, «басына баспана іздеген жандар» екенін айтады. Сонда «мигранттар» мен «баспана іздеген жандардың» айырмашылығы қандай? Бас сауғалайтын баспана іздеген адамдар тобы да босқындардың қатарына жататынын естен шығармаған абзал. Мұндай сандық деректерге қарап отырып, Венгрия үкіметі Еурокомиссияның квотасына неге қарсылық танытқанын түсіну қиындық тудыратыны сөзсіз. Көптің көкейіндегі бұл сауалды да Виктор Орбан жауапсыз қалдырған жоқ. Босқындарды қабылдаудан бас тартуының себебін түсіндірген Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан пана сұрап келген босқындар ел халқының бір бөлігі бола алмайтынын, керісінше олардың «параллель қоғам» құратынын айтты. «Біз бұл адамдарды босқын мұсылмандар деп санамаймыз. Олар – басқыншы мұсылмандар. Венгрияға келген сириялықтар жолда бай болмаса да, жағдайы тұрақтанған 4 елді кесіп өтуі тиіс. Бірақ олардың сол мемлекеттерде қалғысы келмеді. Олар – соғыстан аман қалуды емес, жақсы өмір сүруді қалайтын экономикалық мигранттар», – деп түсіндіреді өз ұстанымын Виктор Орбан. Айта кетейік, сириялық босқындар Венгрияға барар жолда Түркия, Грекия, Македония және Сербия елдерін басып өтеді. «Мәдениеттер алуандығы – иллюзия. Біз мұны қабылдамаймыз, ешкім бізді мәжбүрлей алмайды. Венгрия халқы босқындарды қабылдауға қарсы. Ал мен мұндай маңызды мәселеде халықтың қалауына қарсы тұра алмаймын. Мәселе еліміздің егемендігі мен мәдени ерекшелігінде. Венгерлер өз жерлерінде кімнің тұратынын өздері шешеді», – деген болатын Орбан жыл басында берген сұхбаттарының бірінде. Оның түсіндіруінше, нағыз босқындардың басым бөлігі – әйелдер мен балалар. Оларға қауіп төніп тұрғанда Венгрия уақытша қорған болады. Бірақ мұндай босқындар ешқашан бұл елдің азаматы атанбайды. Қауіп сейілген сәтте өз беттерімен елден кетуі тиіс. Венгрияның Сыртқы істер министрі Петер Сийярто да Орбанның сөзін қуаттайды. Министр Женева конвенциясы бойынша босқындарды қабылдау мен заңсыз жаппай миграцияның айырмашылығын ескере отырып, Будапешттің заңсыз мигранттарды қабылдамайтындығын айтты. Министрдің сөзінше, Венгрия барлық халықаралық келісімдерді, оның ішінде аталған конвенция мен Шенген аймағының шекарасын қорғау бойынша міндеттерді де орындайды. Ал заңсыз миграция қылмыс болып есептелетіндіктен, оның босқындар туралы Женева конвенциясына және Еуроодақта қабылданған босқындарды қабылдау квотасына ешқандай қатысы жоқ. «Венгрияға заңсыз мигранттар кіргізілмейді. Біз сондықтан да дуал тұрғызып, шекараны күзету үшін 1 млрд еуро жұмсадық. Біздің квотаға қарсылық танытуымыз да сол себептен», – дейді Петер Сийярто. Алайда венгерлік құқық қорғаушылар министрдің сөзін қолдап отырған жоқ. Құқық қорғаушылардың айтуынша, биліктің заңсыз миграциямен күресі «Путин сценарийі» бойынша жүргізілуде. Алдағы уақытта Венгрия билігі босқындарға көмектескен еріктілерді қорқыту әрекетіне де баруы әбден мүмкін дейді құқық қорғаушылар. Босқындарды қабылдаудан бас тартқан мемлекеттер қатарында Венгрия ғана емес, Чехия, Польша сынды постсоциалистік елдер де бар. Мәселен, Чехия үкіметі наурыз айында қандай жағдай болса да, бірде бір босқынды ел аумағына кіргізбейтінін тағы да мәлімдеді.  Ал Польша Украинадан қашқан босқындарды көптеп қабылдағаны үшін, Еуроодақ квотасы бойынша мигранттарды елге кіргізе алмайтындықтарын жариялады. Осы жағдайлардан кейін Еурокомиссия аталған үш елді де Еуропалық сотқа сүйреген. Бірақ одан еш нәтиже жоқ. Венгрия, Чехия, Польша үкіметтері Еурокомиссияның бұл әрекетін «ақылға қонымсыз қадам» деп бағалады. Әрине, үш мемлекет те босқындарды қабылдаудан бас тартуының себебін әртүрлі түсіндіреді. Бірақ бұл жерде адамдық мәселесі бой көрсететінін бұл мемлекеттер елемейтін тәрізді. Қиналғанға қол ұшын созу, жығылғанға сүйеу болу, құлағанға тіреу болу саяси мәселе болғаны ма? Еуроодақтың соғыстың зардабын тартып, әбден қажыған жұртқа көмек қолын созуға барынша тырысып баққанын бұл мемлекеттер неге бағаламады? Еуропа елдеріне босқындар мәселесінде неге қолдау көрсете алмады? Ең бастысы, Еуропа мемлекеттері мигранттарды топ-тобымен елдеріне кіргізіп, оларды баспанамен қамтамасыз етуде. Тіпті, босқындардың жағдайын жасау үшін айтарлықтай шығынданып жатқаны да белгілі. Мұның бәрі сайып келгенде адамдықтың биіктігін айғақтаса керек. P.S. Әсілі, соңғы жылдары гуманизм ұғымы қолданыстан қалып бара жатқаны байқалады. Посткеңестік, постсоциалистік елдер гуманизмді әлсіздік, жалпақшешейлік деп қана бағалайтыны айқындалып үлгерді. Адами мейірімді миғұлалық деп бағалайтын сияқты. Ал адамзаттың бүкіл тарихы зұлымдық пен жауыздықтан тұрады дегенге құлай сенеді мұндай қоғамдар. Оның себебі бұл елдерде коммунистік құдайсыздықтың талай жыл үстемдік құрып келгенінде болар, сірә?!    

Серіктес жаңалықтары