511
Спорт нысандары созбаққа салынса...
Спорт нысандары созбаққа салынса...
Еліміздің спорт саласына баса көңіл бөлетіні қашаннан мәлім. Қазақстанның атын халықаралық аренада танытып, көк байрағымызды биікке көтеріп жүрген спортшыларымыз еркін дайындалатын спорттық нысандар да көптеп салынуда. Заманауи спорт нысандарының көп болуына жұртшылық қуанбаса, еш ренжімейді. Бірақ қазынадан қыруар қаржы бөлінген нысандардың құрылысы көбіне өз уақытында аяқтала бермейтіні көпті қынжылтады.
14 жыл салынған спорттық нысан
Жұртшылық асыға күтетін нысандар құрылысының созбаққа салынуын өткен аптада республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитеті сынға алды. Миллиардтап қаржы бөлінсе де, құрылысы баяу жылжыған спорт нысандары үшін Мәдениет және спорт министрлігіндегі шенеуніктер жауапты. Есеп комитетіндегілердің ашуына тиген – Шучьедегі шаңғы трамплині мен Астана мен Алматы қалаларындағы олимпиада дайындығына қажетті спорт нысандары. Аталған спорттық нысандар құрылысының қолға алынғанына 10 жылдан астам уақыт болыпты. Құрылыс жұмыстарының ұзаққа созылуының салдарынан сметалық құжаттар да талай өзгеріске ұшыраған. Ал бұл өз кезегінде шығындардың артуына әсер етіп, бюджетке артық салмақ салары айтпаса да түсінікті. Астана қаласындағы олимпиадаға дайындық орталығы үшін қазынадан 34 миллиард теңге бөлінген болатын. Он жылдан астам уақыт бойы салынып жатқан нысан осыдан 2 жыл бұрын пайдалануға берілуі тиіс еді. Бірақ спортшылар бұл нысанның игілігін көрер күн әлі алыс секілді. Өйткені қазір құрылыс жұмыстары тоқтап тұр. Алматыдағы орталық үшін де еліміз аз шығындалған жоқ. Оңтүстік астанадағы олимпиада орталығы үшін бюджеттен 28 миллиард теңге қарастырылған. Әуелде Алматыдағы нысан үшін 10 миллиард теңге бөлінгенімен, кейін құрылыс құны еселеп артып, 28 миллиардқа жетті. Мұндағы құрылыс жұмыстарының да таяу күндері аяқталатын түрі байқалмайды. Дегенмен жауапты мамандар Астана мен Алматыдағы олимпиада орталықтарының 2020-2021 жылдары қолданысқа берілетіндігін айтып, бой бермей отыр. Ең бастысы, Шучье қаласындағы шаңғы трамплинінің құрылысы биылғы жылдың соңына дейін тәмамдалуы тиіс. Бұл қаладағы шаңғы трамплинінің салынып жатқанына биыл 14 жыл болды. Осы жылдар ішінде миллиардтаған қаржы бөлінді. Бірақ көзге көрінер нәтиже көңіл көншітпейді. Керісінше, құрылыстың созбаққа салынуы жұмсалатын қаржы көлемін арттырып келеді. Әуелде, Мәдениет және спорт министрлігі Щучье қаласындағы республикалық шаңғы спорты базасына әйдік трамплин салып, оны 2016 жылы пайдалануға беруге уәде еткен болатын. Әлемдік деңгейдегі трамплин талайлардың аузының суын құртады деп сендірген. Бұл трамплиннің жыры басталғалы талай уақыт өтті. Осыдан бір жыл бұрын депутат Дания Еспаева да жауапты ведомствоға аталмыш шаңғы трамплинінің құрылысына қатысты сауал жолдаған болатын. Сонда депутат: «2015 жылдың мамыр айында ҚР Мәдениет және спорт министрі былай айтқан еді: «Нысан қазір 90 пайызға дайын. Тек трамплинді аяқтау керек». Сол сөзінде 2016 жылдың 1 қаңтарында нысанды толық аяқтауға уәде берді. Кейін, 2016 жылдың 23 ақпанында Щучинсктегі халықаралық шаңғы спорты орталығы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп тағы уәде берді. Ал 2016 жылдың қыркүйек айында министрлік аталған жобаның бюджетін тағы 23 млрд теңгеге ұлғайтты. Егер нысан құрылысы 90 пайызға аяқталған болса, соншама көп қаражатты қайда жұмсады? Қалған 10 пайызды аяқтау үшін жобаның негізгі құнынан тағы 2,5 есеге көп қаражат расымен де қажет болды ма?», – деген еді. Депутат Дания Еспаева келтірген нақты деректерге сүйенсек, құрылысы 2005 жылы басталған жобаның алғашқы құны 9 млрд 346 миллион теңгені құраған. 2008 жылы ол аяқталуы тиіс болатын. Алайда 2009 жылы бюджетке түзету енгізіліп, жобаның құны 15 млрд 244 млн теңгеге ұлғайды. Ал бюджеттік комиссияның шешімімен 2016 жылдың қыркүйегінде жобалық-сметалық құжатқа тағы өзгертулер енгізіліп, нысан құны 38 млрд 531 миллион теңгеге өскен. Осылайша, бір ғана трамплиннің құрылысына 30 мектеп пен аурухана салуға жететін қаражат жұмсалды. Есеп комитетінің мүшелері спорттық нысандардың өз уақытында аяқталмауы қыруар қаржыны желге ұшырғанын алға тартып отыр. Егер жұмыстар мерзімінде аяқталса, құрылысқа бөлінген миллиардтар әлдеқайда үнемделетін еді. Аудиторлар сол нысандардан үнемделген қаржы бірнеше аурухана, мектеп, балабақша салуға жететін еді дегенді айтады. Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметінше, құрылыс жұмыстарының созбаққа салынуына мердігер компаниялардың бірнеше рет ауысуы себеп болған. Қалай дегенмен де, қазір Есеп комитеті тексеру қорытындысын құзырлы орындарға тапсырмақ. Егер жауапты шенділердің бюджет қаржысын тиімсіз жұмсап, құрылыс жұмыстарын созғаны белгілі болса, жаппай жазаға тартылады.Сегіз жылда бітпеген стадион
Көршілес Ресейге де спорттық нысандар құрылысының өз мерзімінде аяқталмауы таныс жағдай. Өйткені Ресей қалаларында құрылысы жылдарға созылған нысандардың қатары аз емес. Мәселен, Санкт-Петербургте «Зенит» футбол командасына арнап салынған стадионның құрылысы 8 жылға жалғасқан болатын. Бұл стадионды салу туралы жобаны сол кездегі қала губернаторы Валентина Матвиенко 2007 жылы мақұлдап, 2008 жылы футбол алаңының алғашқы тасы қаланып, 2009 жылдың наурыз айында қолданысқа енгізіледі деп жоспарланды. Бірақ стадионның ашылу салтанаты жыл сайын кейінге қалдырыла берді. 2011 жылы қала губернаторы ауысып, жаңа тапсырыс берушінің талаптары өзгерді. Осылайша, стадиондағы құрылыс жұмыстары мүлдем тоқтатылды. Ал бұл кезде есепке алынған қаражаттың 14 млрд рублі жұмсалып қойылған еді. Соңында футболшылар бұл алаңда өнер көрсету мүмкіндігіне 2016 жылы ғана қол жеткізді. Әуелде спорттық нысанның құрылысына қажетті қаржы көлемі 250 млн доллар деп белгіленді. Ал стадионды 2018 жылғы футболдан Әлем чемпионатын өткізуге лайықтап салу туралы бұйрық түскенде жоба құны 40 млрд рубльге жетіп барды. Оның үстіне, 2014 жылғы рубльдің құлдырауы жағдайды одан әрі қиындатты. Осылайша, «Зенитке» арналған стадион құрылысы үшін балабақша мен мектептер, тіпті, тұрғын үйлер салуға бағытталған қаражаттың бәрі құрбан болды. Қорытынды деректерге сүйенсек, стадион құрылысы үшін 41 млрд рубль, яғни, 670 млн доллар жұмсалыпты. Бұл стадион құрылысының тым кешігуіне ең алдымен жоба авторы жапондық сәулетші Кисе Курокаваның өлімі себеп болды дейді. Оның жұмысын өзге архитектор қолға алып, жобаны жалғастырғанша, талай уақыт жоғалтқан. Келесі кедергі – мердігерлердің жиі ауысуы. Әуелі жобаны «Авант» құрылыс компаниясы қолға алса, дегенмен көп ұзамай жоба құны қымбаттап, аталмыш компаниямен жасалған келісім бұзылды. Одан кейін де бірнеше құрылыс компаниясымен келісімшарт жасалып, жоба құрылысы 85 пайызға дайын болғанда, тағы да мердігерлерді ауыстырды. Сонымен, стадион құрылысының ұзаққа созылуына кімді айыптау керек екені түсініксіз болып қалды. Бірақ Ресейдің спорт министрі Виталий Мутко стадион қолданысқа берілер алдында мәлімдеме жасап, нысанға бөлінген бюджет қаржысын тиімсіз пайдаланғандардың жазаланатындығын айтты. Жұрттың ойы сан-саққа жүгіре бастағанда Санкт-Петербург губернаторының бұрынғы орынбасары Марат Оганесян тұтқынға алынды. Оған табло сатып алуға бөлінген 50 млн рубльді жымқырды деген айып тағылды. Одан бөлек, қала билігі стадион құрылысына бөлінген қаржының 700 млн рублі жымқырылды деген ақпарат таратты. Сонымен, спорттық нысан құрылысының соңы қылмыстық істерге жалғасты. Ал 2014 жылы басталған «Самара Арена» стадионының құрылысы әлі күнге дейін аяқталған жоқ. Негізінен, стадион 2017 жылы пайдалануға берілуі тиіс еді. Бірақ Ресейдің спорт министрлігі құрылыс жұмыстарының белгіленген уақытта аяқталмайтындығын 2016 жылы-ақ жариялап үлгерді. Сөйтіп, спорттық нысанның ашылу салтанаты 2018 жылдың ақпан айына шегерілген. Алайда құрылыс жұмыстары ақпанда да біте қоймады. Ендігі мерзім – 25 сәуір. Бұл жобаның жалпы сметалық құны алғашқыда 13 млрд рубль болып бекітілген. Кейіннен бұл қаржының жетпейтіндігі сөз болып, стадион құрылысына қосымша тағы 3 млрд рубль бөлінді.«Сақалды құрылыстар» мен сансыз сөлкебайлар
Елімізде құрылысы белгіленген уақытта бітпей қалған нысандар тек спорттық орталықтар ғана емес. Мерзімінде бітпей, бөлінген қаржыны желге ұшырған нысандар республиканың әр түкпірінен табылады. Сол нысандардың бәрінің мұңы бір – мердігерлердің жиі ауысуы. Мәселен, жыл басында Павлодарда құрылысы аяқталмаған 25 нысанның бар екені мәлім болған-ды. Бірақ бұл нысандардың бәрін қала басшылығы өз назарларына алып, меншік иелерін ауыстырған. Яғни, шаһардағы «сақалды нысандар» таяу уақытта қолданысқа берілуі тиіс. Құрылысы тоқтап тұрған нысандар қатарында мейрамхана, бассейн, сауда орталығы және көпқабатты тұрғын үй кешені де бар. Ақтау қаласы да бұл түйткілден құралақан емес. Мұнда 2008 жылдан бері құрылысы тұралап тұрған нысандар көп. Мысалы, Ақтау қаласының 14 және 28-шағынауданындағы құрылыстар 2008 жылдан бері, 9-шағынаудандағы құрылыс 2010 жылдан бері тоқтап тұр. Ал 15-шағынауданда 2012 және 2015 жылы тоқтап қалған екі құрылыс бар. Еліміздегі үшінші мегаполис саналатын Шымкентте де құрылыс жұмыстары ұзақ жылдарға жалғасып келе жатқан нысандар жетерлік. Өткен жылдың тамызында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың қатысуымен құрылыс нысандарының барысы талқыланған жиында Шымкент қаласындағы 19 нысанның құрылысы созылып, мерзімінде аяқталмай, пайдалануға тапсыру мерзімінің кешіккендігі белгілі болған. Ал нысандар құрылысына жобалау-сметалық құжаттамалар дайындау үрдісінің кешеуілдеуі мен мемлекет мұқтажына қайтарылатын жер телімдері мерзімінің созылуы қолбайлау болыпты. Мамандардың айтуынша, сметалық құжаттарды дайындауға ұзақ уақыт кетеді екен. Алайда мамандардың бұл сөзі жай ғана сылтау секілді. Өйткені жобалау жұмыстары аяқталып, қазынадан қаржы бөлініп, іргетасы қаланған нысандардың құрылысын ары қарай жүргізуге құжаттар кедергі бола қоймас. Құрылысы орта жолдан тоқтап, жылдар бойы тұралап тұрған нысандарды қолданысқа беруге асықпайтын мердігерлер мен жауапты шенділерде мәселе. Бюджеттен бөлінген қыруар қаражатты тиімсіз жұмсайтындардың жайбасарлығынан дейді сарапшы мамандар. Жасыратыны жоқ, бүгінде қазына қаражатының мақсатты игерілуіне және орындалатын жұмыстың уақытында аяқталуына, әрі сапалы болуына жете мән беретіндер саусақпен санарлық. Мемлекет қаржысын тиімді пайдалану – басты мақсат екенін пайымдай бермейтін жауаптылар көп бұл күнде. Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осыдан бірнеше жыл бұрын мемлекеттің ақшасын үнемдеу үшін алдағы жылдары жаңадан құрылыстарды бастамай, керісінше аяқталмай тұрған нысандарды қолданысқа өткізуге күш салу туралы тапсырма берген болатын. Тапсырма жүктелгенімен, бұл істі қолға алғандар аз. Соның салдарынан, әлі күнге дейін жылдар бойы құрылыс жұмыстары тоқтап тұрған нысандар көзге шыққан сүйелдей. Ал мұндай ғимараттарды салуға мемлекеттік бюджеттен миллиардтаған қаржы бөлінуде. P.S. Құрылыс көпке созылса, әлдекімдердің қалта түбі күміс сөлкебайға қампаятыны адамзаттың бүкіл тарихындағы дәлелдеуді қажетсінбейтін аксиома. Тіпті, Батыс елдерінде «ұзаққа созылған құрылыс – қаржы жымқырудың ұтымды жолы» дейтін ұғым да бар. Жалпы, құрылыс саласының өзі қаржы жымқырудың жолы көп салаларының бірі екендігі бесенеден белгілі. «Сақалды құрылыстардың» айналасындағы сөлкебайлар кімдердің қалтасына сарқырап құйылып жатыр екен, ә?!.