«Ұят болмасын!» – ұлағатты ұғым

«Ұят болмасын!» – ұлағатты ұғым

«Ұят болмасын!» – ұлағатты ұғым
ашық дереккөзі
474
Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен кезекті Үкімет отырысы өтті. Жиында мал шаруашылығын дамыту жайы, кедендік әкімшілендіруді жетілдіру, медициналық жабдықтарды сатып алу, бірыңғай номенклатурасын қалыптастыру және сервистік қызмет көрсету мәселелері талқыланды. Үкімет мүшелері отырысты мал шаруашылығын дамыту мәселесімен бастады. Ең алдымен Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев «Етті мал шаруашылығын дамытудың 2018-2027 жылдарға арналған бағдарламасын» таныстырды. Вице-министрдің сөзінше, аталған бағдарламаны жүзеге асыру арқылы жаңа мал өсіруші фермерлер класын құруға мүмкіндік туады. Бағдарлама шеңберінде фермерлік шаруашылықтар санын 20 мыңнан 100 мыңға, ауыл тұрғындары үшін ашылатын жұмыс орындарын 100 мыңнан 500 мыңға дейін арттыру көзделген. Сонымен бірге, ірі қара мал санын 7 млн-нан 15 млн-ға дейін көбейтіп, сиыр және қой еті өндірісін 600 мың тоннадан 1,6 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі ұсынып отырған бағдарлама шаруа қожалықтарын дамытуды мақсат етеді. Бұл ретте «ҚазАгро» холдингі фермерлік шаруашылықтар мен шағын бизнес субъектілерін қаржыландырмақ. «ҚазАгро» холдингі басқарма төрағасы Нұрлыбек Мәліловтің айтуынша, фермерлер малдарды одан ары көбейту үшін төлдейтін мал сатып алуға, ауыл шаруашылығы техникасын және мал азығы өндірісіне жабдықтар алуға, мал ұстайтын орындарды салуға 15 жыл мерзімге жылына 4 пайыздық өсіммен несие ала алады. Биыл фермерлерді қаржыландыруға шамамен 50 млрд теңге бағытталмақ. Ал «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов министрлік ұсынған жаңа бағдарламаның мал шаруашылығын дамытуға оң ықпал ететіндігіне тоқталды.  «Бұл бағдарлама тек етті мал шаруашылығы мəселелерін ғана емес, сондай-ақ, жайылымдарды тиімді пайдалану, суармалы жайылымдардың көлемін арттыру секілді маңызды мəселелерді де қозғайды. Бағдарлама жем-шөп өндірісін дамытуға бағытталғанын ерекше атап өткім келеді», – деді Абылай Мырзахметов. Кәсіпкерлер палатасының төрағасы қуаттылығы жылына 180 мың мал соятын ет комбинатының жобасы жайында сөз қозғады. Оның айтуынша, Inalca Eurasia компаниясы жоба құрылысын мамыр айының соңында бастайды. Жаңа бағдарламаның тұжырымдарына қатысты бірқатар облыс әкімдері мен вице-премьер, Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев сөз сөйледі. Ал тақырыпты қорытындылаған Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев: «Жасыратын несі бар, кезінде біз 2010-2016 жылы 60 мың ірі қара мал етін сыртқа экспорттаймыз деп міндеттеме алған болатынбыз. Ақыры сол міндет орындалмады. Әртүрлі себептермен, әрине, қазір оны талқылауың қажеті жоқ. 2016 жылы біз бар болғаны 6,8 мың тонна ет экспорттасақ, 2017 жылы 5 мың тонна ірі қара мал еті сыртқа шықты. Енді қазір Елбасының тікелей араласуымен Қытайға жылқы еті мен қой етін кіргізу бойынша кедергілер алынып тасталды. Араб Әмірлігімен де ірі қара мал етін сатып алу, кіргізу кедергілері де алынып тасталды. Қытаймен ірі қара мал еті бойынша жұмыс жыл соңына дейін аяқталады. Алдағы уақытта мал  санын көбейтіп, экпортқа шығаруға мүмкіндіктер бар», – деді. Сөз соңында Премьер-министр Өмірзақ Шөкеевке қарата отырып: «Үлкен тапсырма, міндет қойылып отыр. «Аспандағы құсты ұятқа қалдыратын жердегі жем» дейді, сол себепті үлкен тапсырманы орындау барысында Өмірзақ Естайұлы, Елбасы мен халықтың алдында тағы да ұятқа қалмайық. Бақылау сізде», – деп сипай қамшылап өтті. Одан әрі Үкімет мүшелері кедендік әкімшілендіруді жетілдіру мәселелерін талқылауға көшті. Бұл мәселе бойынша Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов пен Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев баяндама жасады. Министрлер «Астана-1» ақпараттық жүйесі жобасын жүзеге асыру барысымен таныстырды. «Биылғы 1 сəуірден бастап импорт бойынша жəне қалған кедендік рəсімдер бойынша «Астана-1» ақпараттық жүйесі жұмыс істеуде. Бүгінгі таңда импорт бойынша тауарларға арналған 16,3 мың декларация ресімделген, одан тауарларға арналған декларациялардың 90 пайызы «жасыл дəліз» арқылы автоматты режімде шығарылды», – деп атап өтті Бақыт Сұлтанов. Ал Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев сәуір айынан бастап «Астана-1» ақпараттық жүйесі мен оны «Е-лицензиялау» мемлекеттік деректер қорымен ықпалдастыру жүзеге асырылғанына тоқталды. Жобаны жүзеге асыру барысында арнайы жол картасының әзірленіп, бекітілгені де айтылды. Жаңа жүйе бойынша талап етілетін құжаттар саны азайтылып, қызмет көрсету уақыты 26 жұмыс күнінен 8 жұмыс күніне қысқартылмақ. Қазіргі уақытта 63 кеден бекеті жердегі байланыс арналары арқылы, 8 өткізу бекеті – спутниктік байланыс арқылы желіге қосылған. Күн тәртібіндегі келесі мәселе – медициналық жабдықтарды сатып алу, бірыңғай номенклатурасын қалыптастыру және сервистік қызмет көрсету. Аталмыш тақырып бойынша Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов есеп берді. Министр келтірген деректерге сүйенсек, жарақтандырудың ең төменгі нормативтеріне сай медициналық техникамен жарақтандырудың орташа үлесі – 65,2 пайыз. Сондай-ақ, ведомство басшысы мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарындағы медициналық техниканың 35 пайыздан астамы тозғанын атап өтті. 2016-2018 жылдар аралығында жалпы сомасы 128 млрд теңгеге медициналық техника сатып алынған. Бұдан бөлек жыл сайын жергілікті атқарушы органдар материалдық-техникалық жарақтандыруға жалпы сипаттағы трансферттер бөледі екен. «Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін Денсаулық сақтау министрлігі медициналық техниканы пайдалану тиімділігін талдау мақсатында 2017 жылғы мамыр-маусым кезеңдерінде 2012-2016 жылдар аралығында сатып алынған техникаға кезең-кезеңмен тексеріс жүргізді. Құны 5 млн-нан астам теңге тұратын медициналық техникаға талдау жасалды. Жүргізілген аудит   қорытындысы бойынша заң бұзушылықтар анықталып, тиісті шаралар   қабылданды», – деді Елжан Біртанов. Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрі жыл соңына дейін медициналық ұйымдарды цифрландырып, оларға қымбат тұратын медициналық жабдықтарды қосу арқылы барлық мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында мониторинг жүйесін енгізудің жоспарланғанын атап өтті. Ал жиынды қорытындылаған Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Денсаулық сақтау министрлігіне жергілікті атқарушы органдармен және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, тиісті жұмыстарды жалғастыру туралы тапсырма жүктеді.    

Серіктес жаңалықтары