307
Киімің сатпақ болса да, арың аппақ болсын
Киімің сатпақ болса да, арың аппақ болсын
Ел ертеңі – білімді жастардың қолында. Дәл осылай деп ұрандап жүргенімізге талай жылдан асып барады. Білім беру ісінің маңыздылығын үнемі сөз еткенімізбен, іс жүзінде бұл салада олқылықтар жетіп-артылады. Сыннан көзі ашылмайтын сала басшылығы өткен аптада тағы бір былықтың бетін ашты. Елімізде магистратура мен докторантураға түсушілердің арасында жалған сертификаттың көмегіне жүгінгендер көп екен. Енді жоғары оқу орындары түгелдей тексерілмек. Ағылшын тілінен біліктілік деңгейін анықтайтын сертификатты қолдан жасағандар анықталса, оқу орнымен бірден қош айтысады.
Жоғары оқу орнында білім алудан әркімнің-ақ таласы бар. Ал 4 жылдық оқуды бітіргеннен кейін магистратура мен докторантураға түсуді армандамайтын жан жоқ. Бұл кейбіреулер үшін жұмыссыздықтан құтылудың бірден-бір жолы болса, енді біреулер үшін қатардан қалмаудың қамы. Жасыратыны жоқ, магистратура мен докторантураны ғылым қуып, білімін жетілдіре түсуді қалағандықтан оқитындар саусақпен санарлық. Тіпті, жоғары білім берудің бұл деңгейлерінің бакалаврдан айырмашылығын да сезбей жүрген білімгерлер қаншама.
117 студент оқудан неге шығарылды?
Айтулы Астанадағы медициналық университеттің 117 студентінің оқудан шығарылғаны туралы хабар қазақ еліне төбеден түскен жасындай әсер етті. Ай мен күннің аманында болашақ ақ халаттылардың білімгер атағынан айырылуына не себеп? Бұл сауалға басын қатырмаған адам кемде кем. Жүзден астам студенттің оқу орнынан шығарылуына ағылшын тілінен біліктілікті растайтын IELTS сертификаты себеп болған. IELTS сертификаты бар талапкерлерге емтихан кезінде басымдық беріледі. Яғни, сертификатпен келгендер ағылшын тілінің емтиханынан босатылып, оларға автоматты түрде 100 ұпай қойылады. Сондықтан да осы құжатқа қол жеткізу үшін сан қилы айла-амалдарға баратындар туралы түрлі сыбыс шығып жүрген. Алайда бұл мәселеге министрлік баса назар аударып, айтарлықтай тексеру жұмыстарын да жүргізбеген еді. Ал соңғы тексерістен кейінгі жағдай министрліктің жайбарақат жүруіне болмайтындығын анық ұқтырғандай. Естеріңізде болса, 2017 жылдың күзінде емтиханды өз күшімен тапсырған талапкерлер арызданып, сертификатты сатып алғандардың оқуға түсіп кеткеніне наразылық білдірген болатын. Осы жағдайдан кейін бұл іс бойынша тексеріс жүргізілді. Тексерудің нәтижесінде ағылшын тілі емтиханы бойынша 117 тіркелмеген сертификат анықталған. «Білім және ғылым министрлігінің комиссиясы екі рет тексеріс жүргізді. Басында біз 33 баланы оқудан шығардық. Жақында тағы 84 студент оқудан шеттетілді. Енді бұл азаматтар олардың оқуына жұмсалған қаржыны қайтаруы тиіс. Олардың көбі грантта оқыды. Тек 9 адам ғана оқуына өзі төледі», – дейді «Астана медициналық университеті» АҚ ректорының орынбасары Франц Галицкий. Қазіргі уақытта аталмыш жағдайға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 385-бабы бойынша 27 қылмыстық іске сот шешімі шыққан. Қалғандары бойынша процессуалдық шешім қысқа уақыттың ішінде қабылданатын болады. ІІД басшылығы тергеу барысын бақылауға алды. Тергеу жұмыстары әлі де жүргізіліп жатқандықтан, жалған сертификаттарды қандай ұйымдардың бергені әзірге белгісіз. Дегенмен, ағылшын тілінен халықаралық сертификатты қолдан жасап берді деген күдікпен екі адам анықталып, тергеуге алынған. Олардың Медициналық университетпен байланысы болуы да мүмкін. Бірақ оқудан шығып қалған студенттер сертификаттардың әртүрлі орталықтардан алынғандығын айтуда. Кей студенттердің ақпарат құралдарына берген сұхбаттарына сүйенсек, олар алаяқтардың арбауына түсіп қалған. Олардың сөзінше, қолында құжаттары бар әйел талапкерлерге өзі хабарласыпты. Ал IELTS сертификатының оқуға түсу кезінде үлкен көмек екенін білетін талапкерлер тест тапсырып, құжатты алуға бірден келіскен. «Алаяқтардың құрығына түсіп қалдық» деген студенттер бұл жағдайда өздерінің де құрбан екенін айтып, қабағы жылы есіктің бәрін қағып жүр. Қалай болса да, жоғары оқу орнына түсерде жалған сертификат ұсынғандардың жазасы жеңіл болмайын деп тұр. Опық жеген студенттердің әрқайсысы мемлекеттік грантты пайдаланғаны үшін бюджетке шамамен 5 миллион теңгеден қайтаруы керек. Онымен қоймай, жалған құжат жасатып, оқуға оңай түскендер енді ешқашан мемлекет есебінен білім ала алмайды. «Оқудан шығарылғандар қалай десек те дипломы бар дәрігерлер. Сондықтан олардың магистратураға, резидентураға қайта түсуге құқылары бар. Бірақ тек ақылы негізде ғана. Олардың тізімін жариялап қана қоймай, басқа да университеттерге жібереміз. Өйткені ендігі уақытта олар тегін білім ала алмайды», – деді Астанада өткен баспасөз мәслихатында университет ректоры Мәжит Шайдаров. Қазір оқудан шығып қалған студенттердің орны бос тұр. Босаған мемлекеттік гранттар үшін үміттілер көп. Бұған дейін емтиханды өз күшімен тапсырып, тегін білім алуға қол жеткізе алмағандар өздерінің осы жолы бағы жанарына сенімді. Бірақ университет басшылығы қалыптасқан ахуалдың қалай жалғасарын білмейді. Тіпті, олар бос орындарға қатысты шешімді өз еріктерімен қабылдай алмайтындығын айтуда. «Өкінішке қарай, біз бұл түйткілді өз бетімізбен шеше алмаймыз. Ол үшін Білім және ғылым министрлігі бірқатар құжатты реттеу керек. Соның негізінде біз ақша төлеп оқып жатқандарды осы бос орындарға ауыстырамыз», – деп түсіндірді жағдайды университет ректорының орынбасары. Дәрігер, орыс әдебиетінің классигі Антон Павлович Чеховтың «Адам бойындағының бәрі: түрі де, киімі де, жаны да, ойы да әсем болуы керек» деген сөзі бар. Классик жазушы айтқандай-ақ, ең алдымен, адамның ойы таза, ары ақ болуы шарт. Арлылық ақ жолдан адастырмайды. Жалғандыққа, әділетсіздікке жол бермеу үшін әрбір азамат ар-ұятты өзіне бағдаршам етуі тиіс. Өйткені ар-ұят адамды шалыс қадамнан, теріс әрекеттен, әділетсіздік пен тәртіпсіздіктен сақтайды. Мұны әрбір қазақ оқушы да, студент те, оқымысты да жүрегіне мықтап жазып сақтауы тиіс. Сонда ғана тура жолдан адаспаймыз, арам істен аулақ боламыз.Оқу орнының басына қара бұлт үйірілді
Бірақ университет қазір оқудан шығып қалған студенттердің жағдайына бас ауыртайын деп тұрған жоқ. Өйткені оқу орнының да басына қара бұлт үйірілуі әбден мүмкін. Аты дардай оқу орны жалған құжаттарды қалай қабылдаған? Талапкерлер өткізген құжаттар неліктен тексерілмеген? Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты оқу орнының алдағы тағдыры қалай болары белгісіздеу. Оның үстіне, медициналық университет жалған сертификат сатып алған студенттерді күзде оқудан шығаруы тиіс болатын. Бірақ соттың бұл шешімі өз уақытында орындалмапты. Мұндай жағдайда медицина мамандарын даярлайтын оқу орны лицензиясынан қағылуы да мүмкін. Осы жағдайға байланысты университетте бір факультеттің деканы мен орынбасары және тағы бір қызметкер жұмыстан қуылды. Қазір Білім және ғылым министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігі университеттің алдағы тағдырын талқыға салуда. Шешімнің қандай болары әзірге жұмбақ. Тіпті, университетке жабылып қалу қаупі де төніп тұр. Бұл мәселеге қатысты пікір білдірген Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев: «Былтыр біз аталған университетке барып, жұмыстарын тексеріп, оларға балаларды оқудан босату бойынша нұсқау бердік. Бұл нұсқау ішінара орындалды. Студенттердің бір бөлігі өздерінің құқықтарын қорғау аясында сотқа жүгінді. Дегенмен де нұсқау орындалуы тиіс. Бұл университет студенттерді оқудан босатуын дұрыс шешім деп санаймыз. Енді біз Денсаулық сақтау министрлігімен және университетпен бірге тиісті комиссияны құруымыз керек. Осы орайда оқу орны мен студенттерге қатысты қандай құқықтық қадамдар қабылдау керектігін талқылау маңызды», – деді. Астанадағы медициналық университетте орын алған даулы мәселе бүкіл республикадағы жоғары оқу орындары басшыларының ішін қылпылдатты. Тіпті, Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев елдегі барлық жоғары оқу орындарын шұғыл тексеруге пәрмен берді. Онымен қоса, оқуға түсетіндердің сертификаттарын да жіті тексеру басталмақ. Яғни, барлық университеттер IELTS тапсырып, магистратураға түскендерді жаппай тексеруі керек. Еліміздің бас ұстазы Білім және ғылым министрлігі тексеріске келгенше, оқу орындарының өздері шара қолдана бергені жөн деп отыр. Жұртшылық жалған құжат жасатып, мемлекеттік грантқа ие болған білімгерлер еліміздің түкпір-түкпіріндегі жоғары оқу орындарының бәрінен шығады деген пікірде. Көптің мұндай пікірі қаншалықты шындыққа жанасатыны әзірге бәріміз үшін де құпия. Бірақ білім саласындағы жемқорлықтың дендеп тұрғаны жиі сөз болатын қоғамда мұның да шындыққа айналуы ғажап емес. Қалай десек те, министрліктің бұл мәселені орта жолдан тастамай, жаппай тексеріс жүргізу туралы бастамасы өте орынды. Өйткені бүгінге дейін білім саласындағы заңсыз «сауданың» көбейгені жиі сөз болып жүр. Қолдан құжат жасауға арланбайтын алаяқтар еліміздің білім саласына қашанғы кедергі келтіре бермек?«Диплом саудасы» өршіп барады
Әр оқу жылының соңына таман ғаламтор беттерінде «диплом сатылады» деген хабарламалар көбейіп кететіні осы уақытқа дейін талай тақырыпқа тұздық болған. Ардан безгендер тіпті, «диплом саудасын» ашықтан-ашық қыздыруды әдетке айналдырып барады. Бейресми дереккөздеріне сүйенсек, жалған дипломның бағасы 90 мың теңгеден басталады. Ал жоғары оқу орындарында тіркеліп, министрліктің тексерісінен өткендері 3 мың долларға дейін бағаланатын көрінеді. Диплом сатушылар сақтықпен жұмыс істейді дейді білетіндер. Өздерінің келісім жасайтын сайттары мен аккаунттарында нөмірлерін көрсетпейтін көрінеді. Олармен тек әлеуметтік желі арқылы ғана байланыс орната аласыз, ақша аударатын реквизиттер де сайтта жарияланады. Бір таңданарлығы, көшеде жүрген алаяқтар тиісті орындарға дипломды қалай бекіттіреді? Осы жағын диплом сатып алуға ниеттілер неге ойланбайды? Жалған құжаттың жарға жығарын да ешкім ескермейтін болған ба? Астана медициналық университетіндегі жағдай да осыны дәлелдеп отыр емес пе? Кадрлар бөлімінен ары аспайтын құжаттардың қайсысы шын, қайсысы өтірік екеніне бас ауыртып жатқан жан жоқ. Ал мұндай құжаттардың түпнұсқалығын анықтау үшін ең алдымен Білім және ғылым министрлігіне сұрау жіберу керек. Министрлік тиісті тексеру жұмыстарын жүргізіп, түлектің расымен де сол оқу орнын тәмамдағаны, сынақ кітапшасы, емтиханды тапсырған-тапсырмағаны, оқуға барған-бармағаны анықталады. Егер дипломның жалған екені анықталса, жалған құжат ұсынғандар жаза арқалайды. Негізінен, мұндай қадамға барғандар 600 мың теңге көлемінде ақшалай төлем жасайды немесе 75 тәулікке дейін қамалады. Ал жалған диплом сатушылардың жазасы бұдан ауыр. Олардың қылмысы әшкереленсе, 2 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін. Еліміздің білім саласына жауапты ведомстводағылар қоғамда мұндай жағдайдың барынан хабарсыз деуге сену қиын. Алайда министрліктегілердің «диплом саудасына» қарсы неліктен әрекет етпейтіні түсініксіз. Бұл мәселеге құқық қорғау органдары мен Білім және ғылым министрлігі білек сыбана кірісетін уақыт әлдеқашан жеткен. Әйтпесе, жалған сертификатпен оқуға түсіп, жалған дипломмен жұмысқа тұратындарға тосқауыл қоя алмайтын түріміз бар. P.S. Қазақ фольклорындағы ең сүйікті кейіпкерлердің бірі Қожанасырдың аңыз-әңгімелері бәрімізге аян. Сол Қожанасыр бір күні басына сәлдесін орап, көшеде келе жатады. Біреу аптыға жүгіріп келіп: – Қожеке, мына хатты оқып беріңізші! – деп өтініпті. – Мен хат танымаймын. – Ендеше, неге басыңызға сәлде орап алғансыз? –Е, мәселе сәлдеде болса, мә, басыңа ора да, хатыңды оқып ала ғой, – депті оған Қожекең. Жалған сертификат та Қожанасырдың сәлдесі секілді санасында жоқ адамға өтіріктің көмектеспейтінін айғақтағандай.