214
Алматыдағы алқалы жиын
Алматыдағы алқалы жиын
Заңсыз миграциямен күрес жөніндегі Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы мүшелері Алматыда жүздесті. Ұйым мүшелерінің ХХІ отырысына ұйымның бас хатшысының орынбасары Валерий Семериков және Қазақстан, Ресей, Беларусь, Тәжікстан елдерінің өкілдері қатысты.
Келелі кеңесті Қазақстанның Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаев ашты. Вице-министр өз сөзінде: «Қазақстан – Еуразияның дәл ортасында орналасқан іргелі мемлекет. Сондықтан жыл сайын шет елдің 3 миллион азаматы осы аумақтан транзитпен өтеді. Тағы 2,5 миллион адам қызмет бабы, жеке шаруасы немесе білім алу үшін біздің республикаға келуде. Солардың 90 пайызы ТМД елдерінің азаматтары. Әсіресе, еңбек мигранттары көп. Жасыратыны жоқ, елдегі саяси және экономикалық тұрақтылықтың қалыптасуы, инвестициялық ахуалдың жақсаруы, туристік имидждің артуы және аса маңызды халықаралық шаралардың ұйымдастырылуының арқасында Қазақстанға келуге құлшыныс танытып отырғандардың саны жылдан жылға көбейіп келеді», – деп атап өтті. Ерлан Тұрғымбаевтың сөзіне сенсек, өткен жылы еліміздегі XXVIII қысқы Дүниежүзілік Универсиада мен Халықаралық ЭКСПО көрмесін тамашалау үшін 3 миллионнан астам турист келген.
Отырыста вице-министр еліміздің Орта Азиядағы Ресей Федерациясы бағытында транзиттік мемлекет болғандықтан, виза және шекара асып өту төңірегінде бірқатар мәселелер туындайтындығын атап өтті. «Қазақстанға инвесторлар мен туристерді көптеп тарту үшін көші-қон рәсімдері жеӊілдетіліп, ел аумағына заӊсыз келетіндерге қатысты заӊ талаптары күшейтілді. Атап айтсақ, өткен жылы Қазақстан Республикасыныӊ көші-қон заӊнамасын бұзғаны үшін 109 мыӊ 872 шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 13 мыӊ 685 азамат сот шешімімен ел аумағынан аластатылды», – деді Ерлан Тұрғымбаев.
Кезекті отырыста Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы бас хатшысының орынбасары Валерий Семериков жыл сайын ұйымға мүше мемлекеттерге мигранттардың келуі артқандығына тоқталды. «2014 жылы Ауғанстан аумағынан ҰҚШҰ мүше мемлекеттердің аумағына жалпы саны 10,8 мың мигранттың келуі тіркелген, 2017 жылы «Нелегал» операциясы барысында 23,4 мың адам тіркелген. 2014 жылдан бері біз Сирия, Иран, Ливан аумақтарынан келетін босқындардың жеке есебін жүргізуді бастадық. Жыл сайын бұл елдерден орта есеппен 30 мыңнан астам адам келеді. 2017 жылы шамамен 35 мыңдай адам келген. Көбі транзитпен келеді, солардың ішінде қалатындары, босқын статусын алып, сол елдің көші-қон заңнамасына сәйкес тұрғылықты жерге ие болатындар бар», – деп атап өтті Валерий Семериков.
Сондай-ақ, Ішкі істер министрінің орынбасары баяндама барысында Астанада құрылған халықаралық қаржы орталығын да назардан тыс қалдырмады. «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей ұйытқы болуымен Астанада халықаралық қаржы орталығы құрылды. Оның негізгі міндеті – қаржылық қызмет саласында инвестициялау үшін тартымды орта құру арқылы ел экономикасына тікелей шетел инвестицияларын тартуға жəрдемдесу, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын дамыту, оның халықаралық капитал нарықтарымен ықпалдасуын қамтамасыз ету болып табылады. Осы ұйымның құрылуы инвестициялық инфрақұрылымды дамытуға, инновациялық технологиялар мен əлемдік деңгейдегі қаржы қызметтерін ұсыну үшін қосымша инфрақұрылымды ынталандыруға жаңа серпін берді», – деді вице-министр Ерлан Тұрғымбаев.
Бүгінде елімізге 61 мемлекеттік азаматтары 30 тәулікке дейінгі уақытқа визасыз кіре алады. Транзиттік бағытпен жүрген Қытай мен Үндістан азаматтарының Астана мен Алматы қалаларына 72 сағатқа визасыз ену мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, экономикасы дамыған, саяси тұрақталған 56 мемлекеттің азаматтары шекарадан асқанда миграциялық қызметке арнайы тіркелмей-ақ, онлайн режімде жүзеге асыруға болады. Айта кететін тағы бір жайт, биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап электронды визалар беріле бастайды. Яғни, виза алу немесе тіркелу қажеттігі туындаған жағдайда әр азамат консулдыққа бармай-ақ, үйде отырып интернет арқылы визаны рәсімдей алады.
Бұдан бөлек Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы мүшелерінің отырысында ұйымға мүше елдердегі көші-қон жағдайына қатысты мәселелер, заңсыз көші-қонға қарсы жүргізілген шаралардың тиімділігі, Тәжікстан Республикасы мен Ауғанстан Ислам Республикасының шекаралас аудандарында қалыптасқан жағдайлар кеңінен талқыға салынды. Сонымен бірге, ірі халықаралық және спорттық іс-шараларға дайындық және өткізу кезіндегі заңсыз көші-қонның жолын кесу, көші-қон саласындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жұмыс тәжірибесі зерделенді. Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекеттердегі көші-қон саласында редамиссия туралы келісімшарт және басқа да екіжақты келісімдер жасау бағытындағы тәжірибелер де ортаға салынды.