644
«Әміре» фильмінде Әміре бар ма?
«Әміре» фильмінде Әміре бар ма?
Жақында «Әміре» фильмінің тұсауы кесілді. Жұрт басты рөлді сомдайтын актердің дұрыс таңдалмағанын айтып жатты. Шынында, режиссер «Әмірені» қандай критерийге байланысты таңдады екен?
Белгілі бір тұлға жөнінде биографиялық фильм түсірген кезде ең бірінші ұстаным, бұлжымас ұстаным – портреттік ұқсастық. Мәселен, әлемдік киноларды айтсақ, режиссер Ричард Аттенборо түсірген «Ганди», Милош Форманның Моцарт туралы «Амадей», даңқты Сокуровтың Гитлер, Ленин, император Хирохито өмірлерін өзек еткен «Молох», «Телец», «Солнце» атты фильмдеріндегі басты кейіпкерлерінің өмірдегі кейіпкерлеріне ұқсамағаны бар ма? Орыстардың Есенин, Поддубный туралы да дүниелері жарық көріп жатыр. Сталиннің де экрандағы бейнелері жетерлік! Бәрі өз бейнесіне ұқсап тұр! Ал бізде неге олай емес? Тіпті, көршілес мына қырғыз еліне қарайықшы. Былтыр ғана режиссер Э.Абжаппаров атақты манасшы Саяқбай Қаралаев туралы «Саяқбай» атты автобиографиялық фильм түсірді. Өмірдегі Саяқбайдан кинодағы бейнесі айнымайды. Ол фильмін ұлт болып ұйыған Қырғыз елі түгелге жуық көрді! Тұлғалары тіріліп келгендей түрегеп тұрып, көздері жасқа шыланып, тебіренген. «Саяқбай» фильмі шынайылығы, ұлттық құндылықты дәріптегені үшін Монреаль Халықаралық кинофестивалінде бас жүлдеге ие болды. Енді біздің «Әміредегі» Мұстафа Шоқайдың бейнесіне назар аударыңызшы? Тарихи суреттерде Шоқайдың шашы болмаған десе де болады, ал кинода шашы бұрқырап жүр. Ал кинода Әміренің образы ашылған ба? Сіз не ойлайсыз, көзі қарақты оқырман?
Тоғжан Төлеген