375
Бедел менеджментін білеміз бе?
Бедел менеджментін білеміз бе?
Талдықорған қаласында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Алматы облысы Ішкі саясат басқармасы, Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметі, Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ұйымдастыруымен «Тұрақты даму мақсатындағы коммуникация және медиа» атты ІV Халықаралық РR Көктемгі мектебі өткізілді.
Көктемгі мектептегі алғашқы шеберлік сыныпты «Рухани жаңғыру және ұлттық журналистика» тақырыбымен Бекжан Әшірбаев жүргізді. Ол заманға сай жаңғырудағы отандық мәдениеттің алатын ерекше орнына тоқталып, Қазақстанның бірегей тарихи және мәдениеті бар ел ретіндегі әлемдік дидарын айқындау, ұлттық бренд қалыптастырудағы қажеттілікті және ұлттық журналистикаға жүктелетін міндеттерді, Рухани жаңғыру бағдарламасы аясындағы ұлттық журналистика көтеретін тақырыптарды сараптады.
Бедел – материалдық болмағанымен, жеке адам үшін де, бүтіндей ұжым үшін де аса маңызды актив. Қазіргі заманда беделді басқаруға болады. Бұл ұзақ мерзімді стратегия – бедел менеджменті деп аталады. Белгілі PR маманы Қ.Домбай абырой-бедел менеджменті тақырыбына тоқталып, компания беделін қалыптастырудың жолдарын баяндады. Компанияның нарықтағы дұрыс позициялануы, ақпараттық кеңістіктегі тиімді іс-әрекеті дәрістің негізгі өзегін құрады. PR саласында ұзақ жылдық тәжірибесі бар маман: «Компанияның құнына беделі де кіреді. Беделді компанияның бағасы да жоғары. Олай болса, бедел қаржымен өлшенеді. Көп жағдайда компанияның беделін басшысы емес, қызметкері қалыптастырады», – дейді. Қуат Домбайдың шеберлік сыныбы тыңдаушылардың қызығушылығын туғызып, аудитория тарапынан қойылған сауалдар көп болды.
Ал Дәурен Мұхамеджанов қазіргі таңдағы заманауи технологияларға тоқталып, мектеп қатысушыларын хабар жасаудың қыр-сырларына қанықтырды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ телерадиокешенінің мысалында студенттік телевидениенің ақпарат берудегі ерекшеліктерін сипаттады.
Жас дәріскерлер Factcheck.kz редакторы Думан Смақов пен осы сайттың журналисі Жансерік Тілеухан жалған ақпаратты анықтау, тексеру, нақты дереккөздерін білу, фактілермен жұмыс істеу тәсілдерін көрсетіп, ақпаратты тексерудің теориялық және практикалық әдістері туралы өз тәжірибелерімен бөлісті. Тыңдаушыларға: «Әрбір адамның шындыққа таласы бар. Сіздер ақпараттағы нақты фактілерге назар аударып, қаншалықты тексерілгенін, қандай дереккөздерге жүгінгендігін, ақпараттың әлеуметтік маңыздылығын анықтай білулеріңіз керек. Әрбір мақаланы тексеруден қорықпау керек. Айтылған пікірді ресми, ашық ресурстар арқылы тексеруге болады», – дейді Думан Смақов.
Көктемгі мектептің екінші күні мазмұнды дәрістермен жалғасты. Ғалия Әженова медиамәтіндердегі қорлау мен жала жабуға тоқталып, бейнесюжеттерді мысалға келтіре отырып, тыңдаушыларға мол ақпарат берді.
Есенгүл Кәпқызының жасырын камераны пайдалану туралы ұтымды кейстері аудиторияға өте қызықты болды. Ақпаратты дереккөзден, ашық ресурстардан алу әдістері, сенімділігіне көз жеткізу, ақпаратты заңсыз және алдау арқылы алмау, жасырын камераны пайдалануға мәжбүрлейтін жағдайлар, қоғам білуі тиіс ақпаратты тарату және ақпараттың қайнар көзін көрсету қажеттілігі, ақпараттың жеке адамдарға зиянын тигізбеу мәселелері жан-жақты талқыланды. Есенгүл Кәпқызы өзінің шеберлік сыныбын: «Жасырын камераны пайдалану үшін, ол ақпараттың қоғамға қаншалықты пайдалы екендігін екшеп алуымыз керек. Яғни, ақпарат алу біздің шындық принципімізбен сәйкесуі тиіс», – деген пікірмен аяқтады.
Александр Рожков тыңдаушыларға жаңа медиаға арналған коммуникативтік форматтар туралы ақпарат берді. БАҚ-тың қоғамға ықпал ету әдістері, ақпаратты қабылдаудың жаңа формалары, сторителлинг, PR-дың дәстүрлі және инновациялық құралдары туралы шеберлік сыныбы да қызықтылығымен ерекшеленді.
Интерактивті форматта өткен Көктемгі мектеп қатысушыларға мол ақпараттар беруімен, практикалық тренингтер өткізуімен құнды болды.
Қоғамды ақпараттың ақ-қарасын айырып, дұрыс қабылдауға, сұрыптауға дағдыландыруды мақсат еткен Көктемгі мектеп соңында қатысушыларға сертификаттар тапсырылды.
Жәнібек ҒАЛЫМ
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
оқытушысы