Алатаудың аялы алақанындағы қала
Алатаудың аялы алақанындағы қала
Әнші: Мадина САҒЫНБЕКОВА
Сүйікті орным – Республика сарайы
1.Алматы қаласы көркейіп жатқаны баршаға аян. Мың жылдық тарихы бар шаһардың ғажайыбын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Шаһардың бүгінгі көркі, ажары көңіл қуантады. Аспанмен астасқан ғимараттар да қалаға көрік беріп тұрғандай. Бірақ сол ғимараттар қаланың жасыл желегін, табиғи сұлулығын бүркемелеп қалатындай көрінеді кейде. Кербез Алатаудың көрікті қойнауына орын тепкен көркем қаланың табиғаты да ерекше, көпті қызықтыратын Медеу мен Шымбұлақ, Көктөбе шаһардың шырайын келтіріп тұр. Бастысы, Алматы – мәдениеттің, өнердің ордасына айналған мекен. Біз үшін, яғни, шығармашылық адамдары үшін Алматының орны бөлек. Әлем таныған әсем қала әрі қарай да көркейе бергенін қалаймын. Тек Жаратқан табиғи апаттардан сақтасын деп тілеймін.
2.Алматыдағы сүйікті орным – Республика сарайы. Бұл сарайда ән кешін өткізу – әрбір әншінің арманы. Қалаға ерекше көрік беріп тұрған ғимарат – шығармашылық ордамыз біздің. Одан бөлек Көктөбенің ұшарлығына шығып, түнгі Алматыны жоғарыдан тамашалағанды жаным сүйеді. Көңіліңді тыныштандырып, шабытыңды шалқытатын мекен ғой бұл жер.
3.Алматы – жасыл желекті қала. Шаһарды осы келбетінен айырмасақ екен деймін. Әрине, алып мегаполиске аспанмен таласқан биік ғимараттар қажет шығар. Бірақ олардың санын арттырып, шаһарымызды тұмшаламаған жөн. Сондықтан, мүмкіндігім болса, Алматыда ғимараттар салуды тоқтатар едім. Одан кейін қаладағы жолдарды кеңітуді қолға алар едім. Бұл шаруа қазірдің өзінде-ақ қолға алынып жатқандығын ескерсек, таяу жылдары мен айтқан мәселе де шешіліп қалар.
Медбике: Гүлнара МАЛДЫБАЕВА
Басты түйткіл – көлік кептелісі
1.Алматы – Алатаудың ару қызы. Сол Алатаудың етегінде жасыл кілемдей болып төселген майса, жасыл желектер көмкерген шаһардың бүгінгі көрінісі таңдай қағарлықтай. Әсіресе, түнгі Алматының әсері бөлек. Түнгі уақытта шаһардағы ғимараттар да ерекше кейіпке енетін тәрізді. Ал мұндағы мәдени орындар, көрнекті ескерткіштер, демалыс орындары, саябақтар, оқу орындары мен түрлі ойын-сауық орталықтарының бәрі көз сүйсіндіреді. Сондықтан мен шаһардың бүгінгі келбетіне ризамын. Еліміз егемендік алғаннан кейін дүниеге келгендіктен, Алматының бұрынғы бейнесін тек суреттерден ғана көрдім. Сол суреттегі бейнелермен салыстырып қарасақ, бүгінде Алматының айтарлық өзгергенін, заманауи нысандармен толыққанын байқаймыз. Алматы – жастардың шаһары. Әсем қала, ару қала, арман қала Алматының ажары айшықтала берсін!
2.Менің Алматыдағы сүйікті жерім – Президент саябағы мен орталық саябақ. Осы саябақтарда серуендегеннің өзі жаныңды тыныштандырады. Жасыл желекке оранған саябақтардың сұлулығын сөзбен суреттеу қиын. Оны тек көзбен көру керек. Осындай жасыл желекті серуендеуге арналған орындар көбейсе, нұр үстіне нұр болар еді.
3.Нені өзгертер едім? Бұл туралы ойланып көрмеппін. Дегенмен шаһардағы басты мәселе – көлік кептелісі. Сондықтан жол мәселесін ретке келтіру қажет деп ойлаймын.
Философия ғылымдарының кандидаты: Ләззат ҚҰРМАНБАЕВА
Ештеңені өзгертудің қажеті жоқ
1.Алматы – менің де сүйікті қалам. Сондықтан бұл шаһардағы кез келген өзгерісті жылы қабылдаймын. Қаланың бүгінгі келбеті адам қызығарлықтай. Алматы – талай тарихтың куәсі. Алматы – ән мен жырдың ордасы. Алматы – жақсылықтың жаршысы. Алматы – сұлулықтың символы. Бұл қалада талай сыр жатыр. Ақындардың жырына, сазгерлердің әніне арқау болған сұлу қала күн сайын көркейіп, өркендеп келе жатқанын көзбен көріп жүрміз. Сүйікті шаһарымыздың күн санап өсіп-өркендеуі көңілімді шын қуантады. Алматыда еліміздегі іргелі оқу орындарының көпшілігі орналасқан, сондықтан бұл шаһар – жастардың білім қуып келетін орталығы. Білім мен ғылыммен айналысуға ниетті жастардың басы осы қалада тоғысады. Бүгінде осы алмалы қалада шәкірттерімізді тәрбиелеп, ұясынан ұшырып келеміз. Солардың бәрі Алматы қаласының дамуына, әрі қарай көркейе түсуіне өз үлестерін қосады деп сенемін.
2.Алматының әрбір бұрышы мен үшін ыстық. Десек те, қаламызбен қатар аталатын Медеу мен Шымбұлақ – ең сүйікті мекенім. Табиғаты тамаша, ауасы таза, көрсең көз тоятын бұл орындарды көру үшін Алматыға арнайы келетіндер көп екенін білемін. Ойыңды жинақтап, таза ауада тыныстау үшін Медеу мен Шымбұлақ таптырмас мекен.
3.Ешнәрсені де өзгертудің қажеті жоқ секілді. Бүгінге дейін қаланың қалыптасуына, гүлденуіне үлес қосқан азаматтар баршылық. Қала басшылығының өзі талай шаруа бітірді. Сондықтан көрікті қаланың осы келбетін сақтап қалудың өзі зор шаруа.
Балабақша әдіскері: БАЯН БЕКБОСЫНОВА
Әкімнің бастамасы құптарлық іс
1.Алматы – ару қала, жасыл қала. Бұл шаһардың сұлулығын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Егер ақын болсам, жырыма арқау етер едім бұл қаланың сұлулығын. Қаланың бүгінгі көрінісі әлдеқайда жақсарды, заманауи нысандардың саны артты. Әлемнің көрікті шаһарларымен терезесі теңескен Алматының абыройы асқақ, беделі биік. Алматының тұрғыны ретінде осы жайт мені қатты қуантады. Бүгінде қалада өзгеріс көп. Тағы бір қуантатыны – қоғамдық көліктердің жаңарғаны. Бұрынғы ескі автобустардың бәрі жаңа көліктермен алмастырылды. Бұл да қаланың мәдениетін айшықтай түсті. Сонымен қатар, қала әкімі Бауыржан Байбектің қаланы абаттандыруға, саябақтарды ретке келтіруге ерекше назар аударып отырғаны көңіл қуантады. Әкімнің бұл бастамасы – өте құптарлық іс. Қаланың көркін келтіретін – осы саябақтар мен жасыл желектер.
2.Алматыдағы сүйікті мекенім дегенде көп ойлану қажет секілді. Мына бір жерді ерекше жақсы көремін, сол жерде демалғым келеді деп нақты айта алмаспын. Өйткені Алматыда көңілімнен шығатын, отбасыммен, балаларыммен барып демалатын орындар жеткілікті. Көктөбенің өзі бір төбе. Алматының басты демалыс орындарының бірі – осы жер.
3.Ешнәрсені өзгертпесек те, өзіндік келбеті қалыптасқан шырайлы шаһарымыздың гүлденіп тұрары анық. Менің көзіме түрпідей тиіп, көңілімді құлазытатын жерлер жоқ сияқты. Сондықтан қаланың осы сұлулығын, осы қалпын сақтап қалсақ та жеткілікті болар еді.
Журналист: Амангелді СЕЙТХАН
Қала тұрғындарына кеңістік керек
1.Бала күнімізден Алматыға келуді, осы шаһарда білім алуды армандайтын едік. Аллаға шүкір, арманымыз орындалды. Бүгінде осы қаланың тұрғыны атанғаныма 8 жылға жуық уақыт болды. Бір көргеннен баурап алатын шаһардың бүгінгі келбетіне кінә тағу артықтау секілді. Сұлулығы өз алдына, шаһардың экономикалық һәм мәдени тұрғыдан да дамып жатқанын тілге тиек еткен жөн. Қазіргі уақытта Алматы қаласы әлемдік деңгейдегі дамыған мегаполис ретінде қалыптасу үстінде. Қала әкімі Бауыржан Байбектің бастамасымен ескі дуалдар сүріліп, қоршаулар алынып тасталды. Олардың орнын болашақта жасыл желекпен көмкеру жоспарланып отыр. Қаланың сұлулығын жасырып тұрған қоршаулар алынып тасталғалы шаһардың сәні кіре түсті десек, артық айтқандық болмас. Қоршаулары алынған мекемелердің айналасы кеңейіп, көрікті жерлер көзге бірден түсе бастады.
2.Алматыдағы сүйікті мекенім – ең алдымен, ҚазҰУ қалашығы. Еліміздегі ең іргелі оқу орнының өзі Алматының ажарын айқындап тұрған нысандардың бірі десем қателеспеймін. Ал қалашықтың орны мүлдем бөлек. Талай сыр мен жырға куә болған қалашық үнемі көңіл түкпірімізде сақталатын сүйікті мекендердің бірі. Одан бөлек, университет жанында орналасқан Ботаникалық бақ та шаһардағы ерекше атауға тұрарлық орындардың бірі. Бақтың ішінде жай ғана серуендеудің өзі көңіліңді серпілтеді.
3.Жалпы, шаһарда маған ұнамайтын мына жер бар еді, соны өзгерткім келеді деп айта алмаймын. Өйткені қаладағы әрбір нысан, әрбір орын – Алматының бір бөлшегі. Сонда да, жасыл желекті аумақтарды көбейтуді ұсынар едім. Биік-биік ғимараттарды көбейткеннен гөрі адамға еркіндік сыйлайтын, кеңістіктің барын сезіндіретін орындар көбірек болғанын қалаймын.