«Тар абақтыны кең пейішке» айналдырғандар

«Тар абақтыны кең пейішке» айналдырғандар

«Тар абақтыны кең пейішке» айналдырғандар
ашық дереккөзі
270
Елімізде жемқорлыққа қарсы күрес мықтап қолға алынды. Пара алып, қалтасын қампайтқан шенділердің көбі жазасыз қалмайтынын терең сезінуде. Бірақ парақорлар жазасын өтеп жатқан түрмелерде де сыбайлас жемқорлыққа тұсау болмай тұр. Еліміздегі абақтыларды тексерген Бас прокуратура түрмедегі тәртіптің бетімен кеткенін мәлімдеді.

Ақша жымқырған абақты басшылары

Бас прокуратура ұсынған мәліметтерге сүйенсек, түрме қызметкерлері, абақты басшылары жемқорлыққа белшеден батқан. Соңғы 3 жылда Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарындағы еңбекпен түзеу мекемелерінің 5 бірдей басшысы сотталды. Биыл «Еңбек-Көкшетау» мен «Еңбек-Қостанай» басшылары пара алғаны үшін ұсталды. Ал «Еңбек-Семей» филиалы банкротқа дейін бүгілді. Жалпы, сотталғандарды жұмыспен қамтуы тиіс «Еңбек» мамандандырылған мекемесі бюджет қаржысын жымқырып, мемлекетке 3 млрд теңге көлемінде шығын келтірген. Бұл қаражат мемлекеттік сатып алулар кезінде жымқырылса, тағы да 3 млрд-тан астам теңге бір күндік жалған фирмаларды пайдалану арқылы қолды болған. Қызмет бабын асыра пайдалану, бюджет қаржысын жымқыру, басқа да толып жатқан заң бұзушылықтар бұл мекеме үшін жаңалық емес деуге болады. Абақтыдағыларды жұмыспен қамтуы тиіс мекеме осы уақытқа дейін мүлдем басқа шаруамен айналысып келіпті. Яғни, кәсіпорын тауарлар мен материалдарды сатып алу кезінде өзінің негізгі қызметінен ауытқып, тек делдалдық міндет атқарған. Мекеме кәсіпкерлермен бірігіп жұмыс жүргізіп, нәтижесінде 277 бизнесмен колонияларда өз кәсібін ашқан. Республикалық кәсіпорын мен филиал басшылары тендер қуып, соңғы 2 жыл ішінде жұмыстың рұқсат етілген шекті көлемін 22,7 млрд теңгеден асырып жіберген. Кәсіп­орын ұсынған экономикалық көрсеткіштер өскенімен, сотталғандарды жұмыспен қамту көрсеткіші айтарлықтай төмендеген. Прокурорлық тексерістер кезінде «Еңбек» республикалық мекемесінің қылмыстық атқару жүйесінен тыс мемлекеттік сатып алуларға шартты түрде қатысқаны да анықталды. Бас прокуратура ұсынған мәліметтерге сүйенсек, «Еңбек» кәсіпорындары 503 млн теңгеге дайын және жартылай дайын өнімдерді сатып алды. Олардың мұндай дайын өнімдерді жасауға өз құрал-жабдықтары да, еңбек күші де жеткілікті болғанына қарамастан, қазына қаржысын шығындаған. Сонымен қатар, Бас прокуратура Орал қаласындағы тергеу изоляторының құрылысы барысында бюджет қаражаты жымқырылғанын әшкереледі. Құрылыс материалдары мен құрылғыларды ауыстыру және олардың бағасын жоғарылату арқылы игерілген 4,5 млрд теңгенің 577 млн теңгесі қолды болып отыр. Ал Алматы облысы, Заречный ауылындағы түзеу колониясында қайта жөндеу кезінде 120 млн теңге жұмсалуы тиіс еді. Заңды белден басқаны сонша, соңында орындалмаған жұмыс та қабылданған. Аталған нысан бойынша материалдар мен орындалған жұмыстардың құны 568 млн теңгеге жоғарылатылған. Одан бөлек Астана қаласы мен Ақмола облысындағы күзет мекемелерінде күрделі құрылыстарды жүргізу барысында қазынаның 210,5 млн теңгесі жымқырылды. Аталған жемқорлық фактілері бойынша қазіргі уақытта 30-дан астам қызметкер тергелуде. Бас прокуратура олқылықтарды түзеу үшін Ішкі істер министрлігіне бірқатар тапсырмалар жүктеді. Алдағы уақытта еліміздегі түрмелердің бәрі ауқымды тексерістен өтетін түрі бар.

«Бұдан артық рахатты таппайсың!»

Ретін тапқандар абақтыға рұқсат етілмеген заттарды да кіргізуге мүмкіндік алған. Бас прокуратура тексеру жүргізіп, түрмеде телефонмен сөйлесетіндердің қалың нөпір екенін анықтады. Тіпті, сотталғандар қамауда жатып, интернетті де қолданады екен. Ол үшін арнайы ғаламторға қосылуға мүмкіндік беретін модемдер орнатып алған көрінеді. Өткен жылғы тексерулер қорытындысы бойынша абақтылардан 503 ұялы телефон мен бір келіден астам есірткі заттары тәркіленген. Мұның бәрі қатаң бақылаудағы түрмелерге қалай енгізіледі? Тыйым салынған заттардың бәрін екі ортада тасымалдап жүретін түрме қызметкерлерінің өздері. Әрине, олар да бұл жұмысты тегін атқармайды. Түрме күзетшісінен бастап абақты басшысына дейін аузын майлап, қалтасына тиын-тебенін салып берсе, сотталған азаматтың бар жағдайын жасауға дайын. Мысалы, Тараздағы мекеменің режимдік бөлім бастығы орынбасары абақтыдағыларға есірткі жеткізіп беріп жүрген. Ал Орал мен Ақмола облысының Аршалы ауданында колония қызметкерлері 9 ұялы телефон өткізбек болғанда қолға түсті. Сондай-ақ, Атыраудағы «Еңбек» республикалық кәсіпорны филиалы қызметкерлерінің мекеме аумағына екі рет тыйым салынған заттарды алып өту әрекетіне тосқауыл қойылды. Тіпті, түрмеде арнайы бөлме жасатып алып, абақтыны санаторийге айналдырған экс-шенеуніктің әрекетінен кейін ештеңеге таң қалуға болмайды. Қазынаның қаражатын жымқырып, 5 млрд теңгенің басына су құйған «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының бұрынғы төрағасы Талғат Ермегияевтің түрмедегі өміріне бостандықта жүргендердің өзі де қызыға қарайтын тәрізді. 2016 жылдың маусым айында 14 жылға бас бостандығынан айырылған Ермегияев жазасын өтеудің орнына, демалып жатқанға ұқсайды. Түрменің өндірістік аумағын жанға жайлы орынға айналдырып, күндізгі уақытта емін-еркін демалады екен. Түнде өз камерасында жатқанымен, күндіз ешқандай жұмысқа араласпайды. «Ермегияевке қатысты дерекке келсек, ол «VIP» камерада болған жоқ. Арнайы өндіріс аймағында жұмыс істеу кезінде жағдай жасалынған. Кешкі уақытта ол қайтадан абақтыға қайтып отырған. Бастысы күндіз оған айрықша жағдай жасалған. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде, қызметкерлер қызметінен босатылды», – деді ҚР Бас прокуратураның заңды күшіне енген үкімдердің заңдылығын және олардың орындалуын қадағалау қызметінің басшысы Қайрат Жақыпбаев. Экс-шенеуніктің абақтыдағы өмірінің қамсыз өтіп жатқанына қарағанда, ол түрме басшыларын жақсылап «майлаған» сияқты. Сотталған азаматқа жайлы жағдай жасап бергендер жазасыз қалған жоқ, Қылмыстық атқару комитетінің төрағасы мен орынбасарынан бастап 16 адам жазаланды. Жалпы, әлемде сотталғандардың бар жағдайын жасайтын түрмелер бар. Жанға жайлы абақтылар Дания, Норвегия, Германия, АҚШ, Австрия, Эстония, Мексика және Боливия елдерінде тіркелген. Мәселен, Дания астанасы – Копенгагендегі 1895 жылы іргесі қаланған Vestre түрмесінде тренажерлік зал, кітапхана, медициналық орталық бар. Одан бөлек бұл түрмеде ішімдіктен басқаның бәрі емін-еркін саудаланады. екен. Ал Норвегиядағы Halden Fengsel түрмесінде дыбыс студиясы, аспаздарға арналған кулинарлық курстар, суретшілерге граффити салу өнерін үйрететін орталық жұмыс істейді. Мұндағы күзетшілер қолына қару да ұстамайды, терезелері торсыз.

Түрме саны аз болса..

Абақтыдағы ағаттықтардың бәрін көзбен көріп, талай былықтың бетін ашқан Бас прокуратура өкілдері енді еліміздегі түрмелердің санын азайтуға шындап кіріспек ниетте. Қазірдің өзінде республика бойынша 7 абақтының есігі тарс жабылған. Бас прокуратура өкілдерінің айтуынша, осы арқылы мемлекет бюджетінің 12 млрд теңгесін үнемдеуге мүмкіндік туған. Жалпы, Қазақстанда түрмедегілерді ұстап отыру үшін мемлекет қазынасынан жыл сайын 30 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінеді. Жыл сайын түрмедегі әр адамға мемлекет 750 мың теңге жұмсайды. Сондықтан сотталушылардың да, түрмелердің де санын азайту – мемлекет қазынасындағы қаржыға үнем жасаудың тиімді жолы болып отыр. Бүгінде сотталушылардың санын азайту үшін жазаны жеңілдету мәселелері қарастырылуда. Бас прокуратураның дерегінше, былтыр елімізде 6 мыңға жуық адам мерзімінен бұрын бостандыққа шығыпты. Елімізде 1996 жылдан бастап түрмедегілердің санын азайту бойынша сан түрлі шаралар жүргізіліп келеді. Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда 8 рет рақымшылық жарияланып, 48 мың 600 адам түрмеден босап шыққан. 2013 жылы Қазақстан Бас прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігінің «Түрмедегілердің санын азайтудың 10 шарасы» атты бағдарламасы бастау алды. Бұл шара аясында кешірім беру, мерзімінен бұрын шартты түрде босату әдістері мен қоғамдық жұмыстарға тарту, орташа және көп көлемде айыппұл салу жазалары жиі қолданыла бастаған. Бас прокуратураның дерегінше, 2015 жылы 11,6 мың сотталушы мерзімінен бұрын шартты түрде босатылған немесе жазасы жеңілдетілген. Қоғамдық жұмысқа тарту жазасы өткен жылы 2014 жылмен салыстырғанда 660-тан 3392-ге өссе, айыппұл салу жазасы 21,2 пайызға көбейген. Атап айтсақ, 2015 жылы 6 мың адам 3,1 млрд теңге айыппұл төлеген.

Серіктес жаңалықтары