264
Ескертпені ескермейтін кәсіпкер көп
Ескертпені ескермейтін кәсіпкер көп
Осы көктемде елімізде барлық ойын-сауық орталықтарындағы жағдай жаппай тексеріле бастады. Ондағы мақсат – адам көп жүретін ойын-сауық орталықтарындағы өрт қауіпсіздігі деңгейін айқындау. Алайда тексерістің нәтижесі көңіл көншіткен жоқ. Тексерілген орталықтардың талайында өрт қауіпсіздігі талаптары сақталмағандығы белгілі болды.
Ойын-сауық орталықтары түгел тексерілді
Кемердегі «Зимняя вишня» орталығындағы қайғылы жағдай ресейліктердің ғана емес, қазақстандықтардың да қабырғасына батты. Өзгелер жіберген қателікті қайталамау – басты мәселе. Оқиғадан кейін іле-шала Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев еліміздегі барлық сауда орталықтарының өрт қауіпсіздігі талаптарына қаншалықты сай екенін тексеруге пәрмен бергені мәлім. Осыдан кейін Қазақстанның Бас прокуратурасы екі ай ішінде аумағы 1,5 мың шаршы метр және одан асатын 1151 нысанның тексерістен өтетінін хабарлаған еді. Одан бөлек, мектепке дейінгі даярлық мекемелері мен жалпы орта мектептер де назардан тыс қалмады. Қатаң тексерістің қазіргі нәтижесі біздегі жағдайдың да талапқа сай келмейтінін анықтап берді. Оның үстіне, елімізде шағын және орта бизнесті тексеруге заңмен тыйым салынған. Мұндай нысандарды тексеру тек бекітілген арнайы жоспар бойынша ғана жүргізіледі. Сондай-ақ, төтенше жағдай қызметі ғимараттарды өрт қауіпсіздігіне тексеретін болса, бір ай бұрын ескертуі тиіс. Ал мұндай жағдайда алдын ала хабар алған нысан қожайыны кем-кетіктерінің бәрін түзеп қояры сөзсіз. Тексеріс нәтижесінде жүздеген ойын-сауық және сауда орталықтарының өрт қауіпсіздігі талаптарына сай болмауы ережелердің сақталмайтындығын айғақтап берді. Жаппай тексеру жұмыстары әзірге аяқталған жоқ. Бірақ Ішкі істер министрлігі апта сайын тексеру қорытындыларын жариялап отыр. Министрлік өкілдері Астанада арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, тексерістің алдын ала нәтижесімен жұртшылықты таныстырып отырады. Ведомство ұсынған мәліметтерге сәйкес, алғашқы екі аптада тексерілген 500-ге жуық нысанның тек 6-ауы ғана өрт қауіпсіздігіне толығымен сай болып шықты. «Әрине, бұл – өкінішті жағдай. Жаратушы бізді үлкен трагедиядан аман алып қалды деуге болады. Әйтпесе, ол сауда орталықтарында адам шығыны болатын еді. Меніңше, бұл мәселені қоғам болып шешу керек. Сол себепті біз барлық тексерулердің нәтижесін ресми сайтқа жариялап отырамыз. Халық көрсін, ол сауда орталықтарына барардың алдында ойлансын деп барлық ақпаратты ашық түрде жариялаймыз», – деп атап өтті осы жиында Ішкі істер вице-министрі Юрий Ильин. Вице-министрдің сөзінше, тексеру нәтижелері бойынша кәсіпкерлерге ескерту жасалған. Егер белгіленген уақыт ішінде талаптар орындалмаса, заң бұзған нысандарға қатысты іс сотқа жіберіледі. Жалпы, елімізде қауіпсіздік техникасын бұзғандарға 50 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Ал екінші рет тексеру кезінде кемшіліктер түзетілмесе, айыппұл жазасы 100 АЕК-ке дейін көбейеді. Айыппұлмен іс шешілмейтін болса, сот арқылы нысанның жұмысы тоқтатылады.Қалалар базарға толы,қауіп көп
Еліміздің басты шаһарлары саналатын Астана мен Алматы қалаларында сауда ойын-сауық орталықтарының көп екені белгілі. Тіпті, мұндай орындардың көптеп ашылуы әлеуметтік жағдайымыздың артқандығының белгісі деп қуанатындар да жоқ емес. Бірақ адам аяғы арылмайтын мұндай орындардағы мыңдаған адамның қауіпсіздігі қаншалықты қорғалған? Оның үстіне, ең ірі сауда ойын-сауық нысандары да осы шаһарларда. Ал нысандардың аумақтары неғұрлым үлкейген сайын оның қауіптілігі де соншалықты күшейе береді. Алматы қаласындағы адам көп баратын нысандардың жұмысы да қатаң бақылауға алынды. Ресми деректерге иек артсақ, бүгінде Алматыда 128 ойын-сауық орталығы, 46 базар, 170 қонақүй, 300-ден астам денсаулық сақтау нысаны, 700-ден астам балабақша, 200 орта білім беру ошағы бар. Таяуда қала басшысы Бауыржан Байбек жауапты органдарға қоғамдық орындардың барлығын сүзгіден өткізу туралы тапсырма берген. Әсіресе, базарлар, вокзалдар, мектептер мен бөбекжайлар, ауруханалардағы өрт қауіпсіздігіне жіті мән беру қажеттігін ескертті. Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, өткен жылы шаһардағы 118 сауда орны тексерістен өткен. Биыл қалған нысандар бақылаудан өтеді. Мәселен, былтыр тексерілген 118 нысанның 6-ауы барлық талаптарды сақтағаны анықталса, қалған орталықтарды қайта тексергенде, 10 нысанның анықталған олқылықтарды жоймағаны белгілі болды. Сөйтіп, олардың істері сотқа жолданып, 5-еуінің қызметі тоқтатылды. Еліміздің бас қаласындағы жағдай да көңіл қуантпай отыр. Елордадағы ойын-сауық орындары мен денсаулық сақтау, білім беру және мәдени, спорттық нысандардағы өрт қауіпсіздігін анықтау үшін арнайы комиссия құрылған болатын. Астана қаласы әкімдігінің мәліметі бойынша, шаһарда 83 сауда орны, 9 ірі ойын-сауық орталығы, 25 базар бар екен. Сонымен бірге, қала бойынша адам көп шоғырланатын 200 қонақүй, 60 хостел және 600-ден астам тамақтану орны тіркелген. Астанада 2017 жылы 6 ірі сауда орталығы тексерілген. Нәтижесінде 32 заң бұзушылық анықталып, 3 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оңтүстік Қазақстан облысындағы жағдай да осыған ұқсас. Өңірде аумағы 1,5 мың шаршы метрден асатын 106 нысан тіркелген. Мұнда соңғы 2 жылда 80 нысан тексеруден өтті. Нәтижесінде 5 ірі ойын-сауық және сауда орталықтарының 4-еуі тексеріліп, оның 1-еуі ғана өрт қауіпсіздігіне сай болып шықты. Қалған 3 орталықтан өрт қауіпсіздігіне қатысты 20 кемшілік анықталып, 177 мың теңге айыппұл салынды. Ал 51 сауда орталықтарының 38-і тексеріліп, оның 8-інде ғана өрт қауіпсіздігі талаптары сақталғаны анықталды. Қалған 30 нысаннан 114 кемшілік анықталып, 1 млн 221 мың теңге айыппұл салынды. Тексеруден өткен 38 базардың 2-еуі ғана талапқа сай болып шықты. Қалған 36 нысаннан өрт қауіпсіздігіне қатысты 179 кемшілік табылып, 31 субъектіге 1 млн 97 мың теңге әкімшілік шара қолданылды. Жалпы, Шымкент қаласында 2013-2017 жылдар аралығында сауда және ойын-сауық орталықтары мен базарларды қосқанда 14 өрт тіркеліп, 1 млрд 826 млн 775 мың теңге шығын келген. Өрттің 2-еуі сауда үйлерінде орын алса, 12 оқиға базарларда тіркеліпті. Қызыл жалынның кесірінен 1 адам қайтыс болды. Еліміздің ірі қалаларында орналасқан ойын-сауық және сауда орталықтарындағы қауіпсіздік талаптары осындай деңгейде болса, өзге өңірлерден не күтуге болады?Апаттық шығу есіктері неге жабық?
Кез келген нысанға кіре қалсаңыз, «апаттық жағдайларда шығу есігі» деген белгіні көресіз. Ережеге сай, ол есіктер үнемі ашық тұруы тиіс, бірақ біздегі орталықтардың басым бөлігінде сол есіктер қашан көрсеңіз де, жабық тұрады. Естеріңізде болса, осыдан 2 жыл бұрын Алматы қаласындағы Almaty Towers бизнес орталығында өрт болып, 6 адам ажал құшқан еді. Сол 6 адамның өліміне де есіктердің жабық болуы себеп болған. Бір өкініштісі, бұл оқиғадан кейін де апаттық есіктердің ашылғанын аңғармадық. Сонда, еліміздегі ойын-сауық және сауда орталықтарының басшылары қайғылы оқиғадан кейін де қауіпсіздік талаптарын орындауға құлық танытпағаны ма? Әлде біздің елде адамдардың қауіпсіздігі басты мәселе емес пе? Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер мұның бәрін осы күнге дейін сауда орталықтары секілді түрлі нысан иелеріне артылатын жазаның жеңілдігінен көріп отыр. Жоғарыда қауіпсіздік талаптарын бұзған кәсіпкерлерге 50 АЕК көлемінде, яғни 120 мың теңге көлеміндегі айыппұл салынатындығын айтқанбыз. Ал ай сайын миллиондап қаржы табатын ірі сауда үйлерінің қожайындары үшін бұл айыппұлды төлеу түк те қиындық тудырмайды. Тіпті, олар мұндай соманы ай сайын төлеуден де қашпауы мүмкін. Қазіргі бекітілген айыппұл көлемі кейбір бизнес өкілдері үшін түскі асқа кететін шығын сияқты көрінер. Сондықтан мамандар тексерісті қатаңдатудан бөлек, сауда және ойын-сауық орталықтарының қожайындарына жүктелген жауапкершілікті арттыру қажеттігін айтуда. Мамандардың пікіріне сүйенсек, бизнес өкілдері сауда орталығындағы адамдардың қауіпсіздігі үшін жауапты екенін естен шығармауы шарт. Төтенше жағдайлар комитеті сауда және ойын-сауық орталықтарын үнемі тексеріп отыра алмайды. Өйткені бұл жоспарлы түрде жүргізілетін шара. Сондықтан мұндай нысандардағы қауіпсіздік талаптары үшін ең алдымен орталық қожайындары жауапты. Тіпті, өрт қауіпсіздігін қадағалайтын тиісті органдардың ескертпесін ескермейтін кәсіпкерлер қаншама. Кейбір сарапшы мамандардың пікіріне сүйенсек, ірі сауда және ойын-сауық орталықтарының бірінші қабатындағы жалға беру құны қымбат болады екен. Өйткені бірінші қабаттағы сауда нүктелері тұтынушылар көп келетін ең өтімді жер. Қабат жоғарылаған сайы жалға беру құны да төмендей береді. Ал ірі сауда орталықтарында балалар ойнайтын алаңдар мен кинотеатрлар көбінесе жоғары қабаттарда орналасады. Бұл – бизнес үшін тиімді қадам. Олай дейтініміз, бала жетектеген ата-аналар, киноға ағылған тұрғындар жоғары қабатқа көтерілгенше сауда бутиктерін аралап шығады. Бірақ бұл адамдардың қауіпсіздігін сақтауда қиындық туғызады. Сондықтан көпшілік жиналатын орындарды бірінші қабатта орналастырған абзал. Р.S: Еліміздегі сауда және ойын-сауық орталықтарын жаппай тексеру жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Тексеру соңына дейін әлі талай былықтың ашылатын түрі бар. Десек те, сауда және ойын-сауық орталықтарының қожайындары сол нысанға келетін мыңдаған, тіпті, миллиондаған адамның өміріне жауапты екендіктерін назарда ұстағаны жөн. Қашанғы «өзге елдегі қайғылы жағдайдан сабақ алу қажет» деп аттандап жүрмекпіз?! «Апат айтып келмейді» деген қазақтың даналығына сүйенсек, азаматтардың, әсіресе балалардың қауіпсіздігіне әркез баса назар аудару – басты міндетіміз.