«Қаһармандық қаталдықтан туады»

«Қаһармандық қаталдықтан туады»

«Қаһармандық қаталдықтан туады»
ашық дереккөзі
908
Оңаша бөлмеде Баукең екеуміз ғана отырмыз. Мен: – Алғаш дивизия командирі болған кездегі кездескен қиындық туралы айтып берсеңіз? – деп өтіндім. – Дивизия командирi болдым. Дивизияның штаб бастығы менен он жас үлкен Калугин деген өте бiлiмдi кiсi екен. Менi менсiнбедi. – Менсiнбегеннiң сазайын тартарсың, – деп iшiме түйiп қойдым. Өтiрiк күлiп жүр. Күллi бұйрықты, ақпарды сол жазады. Мен қол қоямын. «Е, бiр ақымақ келiптi ғой, былай жаза салайын, не түсiнер дейсiң...» – деген ойда. Өзi бұйрық жазып үйренiп қалған, ұрысқа қатыспайды. Қарағым, бұйрық жазу басқа да, соғыс басқа. Түсiндiң бе? Оның ойынша, мен не жазса да қол қоя беретiн көрiнемiн. Бiрiншi рет құжаттарды алып келдi. Бала жiгiт кезiмдегi ұстазым Дүйсекеңе (Дүйсенғалиға) ұқсап, қолыма қызыл қалам алып, әкелгендерiн бұлай емес, былай деп түзеттiм. Сөйтсе де iшiнен: «Бiр командир келедi, кетедi. Мынау да жақында солардың кебiн құшады», – деп ойлап жүр. Солдаттарға да жан керек. Бұл қалады деп оны сыйлайды. Бiр өзеннiң жағасына жете тоқтадық. Бiз ары өтемiз деймiз, немiстер жiберер емес. Жоғары жақ: «Өт..! Өт..!» – деп әмiр етiп жатыр. Екi оттың ортасында қалдық. Өзi титiмдей ғана өзен, тереңдiгi тiзеге жетедi. Бiз жақтағы жаға төмен де, немiстер жағындағы жаға биiк. Екеуiнiң арақашықтығы екi жүз, үш жүз метрдей. Төменнiң аты төмен, жоғарының аты жоғары екен. Жоғарыдағылар төменде не бар екенiн көргiш келедi ғой. Төмендегi солдаттың денесi анық көрiнедi. – Алға! Алға! – Асыра сiлтеушiлiк, қарағым, соғыста да болды. Қып-қызыл қырғын. Командашы телефонмен менi сыбап жатыр. Мен де «алға» деп командирлерiмнiң апшысын қуырып жатырмын. Одан не өнедi? Сен соғыста болған жоқсың, түсiнбейсiң. Бұл нағыз трагедия! Бiраз қырылдық. Үш күн әуре болдық. Снарядтарымыз аз. – Зеңбiректiң бiреуi де оқ атпасын! – деп бұйрық бердiм. «Момышұлы зеңбiректерден атпауды бұйырды» – деген сөз командашыға жетедi. Әскери кеңес: – Сатқын! Басқа дивизиялар атып жатқанда, бұл неге бүйтедi? – деп шәт-шәлекейі шығады. Армия командашысы генерал-полковник Чистяковқа хабарлайды. – Бұл не масқара?! Әскери кеңестiң мүшесi, генерал-лейтенант Абрамов пен командашы генерал-полковник Чистяков блиндажыма кiрiп келдi. Абрамов дауыс көтере сөйледi. Чистяков үндемей тұр. – Бiздiң Армиямыздағы жалғыз сiздiң дивизия ғана жауға оқ атпай жатыр. Немiстерге берiлгiңiз келе ме? Кәне, сөйлеңiз! Мына қылығыңызды бiз түсiне алмай тұрмыз. Чистяковқа мың да бiр рақмет, үндемей төзе бiлдi. – Жолдас генерал-лейтенант, мен жұрт атып болған соң атамын. Менiң снарядтарым өте аз. Оны болмашы нәрселерге шығын еткiм келмейдi. Көршiлерiм қазiр атып жатқанымен, соңынан таяқ жейдi. Бәрiбiр олар жауды жарып өте алған жоқ. Жаудың маңдайын көздеп атқан кезiмiзде алға жылжитынымызға сенемiн. Сол себептi снарядтарымды, адамдарымды сақтап отырмын. Генерал-лейтенант бiрнәрсе деп келе жатыр едi, командашы Чистяков: – Сабыр сақтауыңызды өтiнем, комдивтiкi дұрыс. Алда не боларын көре жатармыз, – деп едi, әскери кеңес мүшесiнiң үнi өштi. Ертеңiне жеңiске жеттiк. Осы шайқас менiң жаңадан дивизия командирi болғандағы өзiме деген сенiмiмдi бiраз бекiте түстi. Кулагин де өз қатесiн түсiнiп, маған оң көзбен қарай бастады. Бұл, қарағым, қолбасылық жолдағы алғашқы адымым... – Литва мен Латвияда тұрмыз. Қайда барсаң да тоғай, орман. Тоғайлары қалың келеді. Ішіне енсең, шалшық, одан шығудың өзі азап. Қазақтың құмға үйренгеніндей жергілікті тұрғындарға ол ойыншық. Бәрінен лаңкестердің зәулім ағаш басынан тырр-рр, тыр-рр еткізіп ататыны қиын. Жүгіріп барсаң, ізі жоқ. Шалшықта із қала ма? Мен үш уездің әскери бастығымын. Майдан командашысы, маршал Иван Христофорович Баграмян. Ұзын бойлы, қасқа кісі. Бір күні корпус командашысын, дивизия командирлерін Ригаға шақырды. Салдус деген қала бар еді. Айналасы ну тоғай. Сонда бір лаңкестердің тобы пайда болыпты. Оны милиция органы сезіп, құртыңдар деп елу милиционерді жібереді. Барса, күнібұрын хабарланған лаңкестер бәрін өлтіреді. – Ой, бұл кімнің участогінде болды? – Тоғызыншы гвардиялық дивизияның участогінде. – Командирі кім? – Бауыржан Момышұлы. Мен елудің өлгенін естіген емеспін. Жиналыста Баграмян ашуланып: – Салдус пен Вильнюс арасында елу адамды өлтіріп, лаңкестер құтылып кетіпті! – деп айқайлап, елдің көзінше масқарамды шығарды. Орнымнан түрегеп тыңдап тұрмын. Үш республика басшылары да отыр. Столын жұдырығымен ұрып жіберіп: – Бұған не дейсіз, полковник Момыш­ұлы?! – деді. Жиналғандар өңкей генералдар, үкімет адамдары. – Егер рұқсат етсеңіз, әскери Кеңеске баян етейін. – Қысқа айтыңыз! – Жолдас командашы, мен де қысқа, бес минөт ішінде баян етпекпін. – Үш республиканың басшысы қарап қалды. Жап-жаспын ғой. – Жолдас командашы, маған Прибалтика республикаларының ішкі істеріне араласуға құқық берілген емес. Үш республиканың территориясында лаңкестердің қанша ұясы барын білу менің міндетіме кірмейді. Баграмян көзімен атып жібере жаздап, айқайлады. – Сіздіңше, кімнің міндетіне кіреді?! – Жолдас командашы, бұл Прибалтика республикалары үкіметінің, ішкі істер министрлігінің және ОГПУ-дің міндетіне кіреді. Олардың өздерінің ішкі барлаушылары бар. Лаңкестердің жасырынған орнын олар менен бұрын білген. Бірақ маған хабарлаған жоқ. Егер де осылай деп жәрдем сұраса, жәрдемімді аямас едім. Әрі-беріден кейін елудің қырылғанын қазір бірінші рет естіп тұрмын. Сол себепті, жолдас командашы, сіздің маған қойған айыбыңызды мойындай алмаймын. «Тоғызыншы гвардиялық дивизияның командиріне ескертіп едік, осылай жәрдемдескен жоқ», – деп кім айта алар екен? Айттық десе, құжатпен дәлелдесін. Кім бар, кім жоқ деп қару-жарағымды алып, бет алды тоғайдың ішін атқылап жүруім керек пе? Қайталап айтқанда, сіздің таққан айыбыңызды мойындамаймын. Баграмян қып-қызыл боп кетті. Тағы айқай салды. – Сіз немене, жолдас полковник, үш республика Орталық партия комитетін, үкіметін айыптамақсыз ба?! Сіздіңше, кінәлі солар, сіз емес қой?! Генералдар: «Бұлай сөйлеуге бола ма, құрыды», – деп отыр. Баграмян тағы даусын көтеріп келе жатқанда Эстония Компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы аласа бойлы, қараторы кісі екен, орнынан тұрып: – Иван Христофорович, – деп сөзін бөліп жіберді. – Меніңше, полковниктің айтып тұрғаны дұрыс. Баграмян ол кісіге қызара қарады. Литва республикасы Жоғарғы Советі Президиумының төрағасы ұзын бойлы, қасқаланып келе жатқан кісі екен, ол да орнынан тұрып: – Жолдас командашы, мен Эстония Компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысымен келісемін, – деді. Одан кейін Латвия Компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы орнынан тұрып: – Жолдас Баграмян, жаңа сөйлеген екі жолдаспен де келісемін. Полковник біздің ішкі ісімізге араласуға өкілеттік алған емес, – деді. Баграмян түтігіп кетті. Үшеуі де әскери Кеңес мүшесі. Баграмян сағатына қарап: – Жолдастар, үзіліс жарияланады. Кеңес ертеңгі сағат таңғы онда қайта жұмысын бастайды. Ешкім кетіп қалып жүрмесін, – деп жиынды жапты. Орнымыздан тұрып, тысқа беттеп бара жатырмыз. Генерал-майор Иван Михайлович Чистяков қуып жетіп, құлағыма сыбырлап: – Енеңді ұрайын, мұрынбоқ! – деді. Тағы бірдеме демек еді, әскери Кеңестің мүшесі Абрамов анандай жерде бара жатыр екен, естіп қалып, бұрылып кеп: – Иван Михайлович, Бауыржанға ешқандай кінә таға алмаймыз, – деді. – Кеңестің ертеңге дейін аяқталғаны да жақсы болды. Чистяков көзін алартып, маған тағы бірдеме деп келе жатыр еді: – Иван Михайлович, полковник Момышұлының айтқаны әділеттік, – деп Абрамов оны өзімен ертіп әкете бастады. Иван Михайлович ұзай бере, маған тағы ала көзімен қарап: – Фу, енеңді ұрайын! – деді терісіне сыймай. – Иван Михайлович, менің енеммен о дүниеде ғана кездесе аласыз. Чистяков қып-қызыл боп, кілт кідірді. Абрамов төмен қарап мырс етіп күліп жіберді де: – Жолдас Бауыржан Момышұлы, барыңыз, ештеңеге абыржымаңыз. Ертеңге дейін уақыт мол, жақсылап демалыңыз, – деді.

***

1950 жылы әскери жазушылардың Москвада өткен кеңесінде маған қырын қарағандардың бірі – армия генералы Филипп Иванович Голиков еді. Бірақ: «Бауыржан Момышұлының жазбалары мемуар болғанмен, басқа мемуарлардан көп айырмасы бар. Ол көркемдік дәрежеге көтерілген, онда артық эпизод, керексіз кейіпкерлер деген жоқ. Нағыз маңызды эпизодтар мен образдарды іріктеп алған», – деп менің рухани қазынама жоғары баға берді. Әділеттілігіне тәнті болдым. Совет Одағы Қорғаныс министрі Жуковтың Қазақстан әскери комиссариатына: «Бауыржан Момышұлы денсаулығына байланысты әскерден босап, Алматыға кетті. Сол кісіні қызметке орналастырып, пәтер бергізіп, артынан маған хабарлаңдар», – деген қамқорлығына ризамын. Панфилов, Василевский, Жуков, Багряман, Люзиков, Голиков, Чистяков тәрізді қолбасшылар қандай тамаша қолбасшылар! Олардың адамды, кадрды ұлтына, дініне қарамай тәрбиелеуі – Совет Одағының дүниежүзілік ұлы үлгісі, яғни Совет адамына тән қасиет деуге болады. Маршал Жуков аса әділетті кісі еді. Тіпті, күні кешеге дейін мен оның есінде екенмін. Былтыр Москвада өткен Отан соғысы ардагерлерінің жиналысында ол Қазақстан делегациясына келіп, Момыш­ұлы қайда деп сұрапты. «Ол ауырып жатыр дедік» деп Снегин айтып келді. Жұрт Жуковты қатал болды деседі. Қаһармандық қаталдықтан туады. Жұмсақтан жолбарыс шықпайды.

***

1943 жылдың желтоқсан айында, емделгелі Алматыға келдім. Вокзалдан Мұхтар Әуезов, Ғабит, Сәбит, Ғабиден бастаған жұрт қарсы алды. Арада бірер күн өткенде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Николай Александрович Скворцов қабылдады. Орнынан түрегеп сәлемдескен ол қарсысындағы орындыққа жайғасқан маған тесіле қарады. Ішімнен: «Қорқақ қазақ министрлерді қорқытып үйренген екенсің. Ал қорқытып көр», – деп мен де тесіле қарадым. Бір кезде көзін тайдырып әкетті. Маған да керегі сол еді. Николай Александровичтің: – Жағдайыңыз қалай? Келім-кетіңіз көп деп естідім, пәтеріңіз тарлық етіп жатқан жоқ па? Қазір немен шұғылданып жүрсіз? – деген сауалына: – Бір ай жақсы емделдім. Қазір көңіл күйім жақсы. Соғыста күнделік жүргізгем. Соны қайта қарап, жинақтап, өңдесем деген ойдамын, – деп жауап бердім. – Қазір бөлім меңгерушіміз Қабылбаев деген кісі іссапарда жүр. Оның кабинеті бос тұр. Егер қаласаңыз, бізге келіп жұмыс істеңіз. Қандай өтінішіңіз бар? – Жәкеңе, Жамбыл Жабаевқа сәлем бергім, ауыл-ауылды аралағым, елдің жағдайын өз көзіммен көргім келеді. – Тапсырма беріледі, жігіттер қалаған жеріңізге алып барады, – деп Николай Александрович жылы қоштасты.

***

«Әлихан Бөкейханов – біздің ұлы көсеміміз. Ол кісіні сендерге теріс насихаттап жүр. Мен Әлиханның еңбектерін жас кезімде құныға оқығам». «Мұстафа Шоқайдың шетелге кетуі – сатқындық емес, көрегенділік. Ол кісі шетелге кеткенде өзінің жеке бас амандығын көздеген жоқ, халқымыздың келешегін жақсарту жолындағы күрестің жаңа түрін іздеп кетті. «Гүл соларын білсе де, кейімейді» деп Шәкәрім ақын айтқандай, Әлихан Бөкейханов та, Мұстафа Шоқай да соңғы демі таусылғанша халқымыздың келешегі үшін кейімей күрескен кемеңгерлер. Біздің батырларымыз көп. Сол көп батырларымыздың ішіндегі Исатай Таймановтың, Кеңесары Қасымовтың ерлігін ерекше жоғары бағалаймын. Кеңесарының қабірі белгісіз деп қамығуымыз орынсыз. Ол кісі әр қазақтың жүрегіне жерленген». 1980 жылдың 20 ақпаны. «Мәдениет және тұрмыс» журналында қызмет етіп жүргем. Редактордың орынбасары Зәкір Асабаевтың тапсырмасымен Баукеңнің бір шығармасын журналымызға жариялау үшін үйіне бардым. – Екі күн бұрын келген едің. Мына келісіңе қарағанда, сірә, пай-пай дерлік жаңалығың бар-ау, – деп Баукең ұсынған қолымды жібермей біраз ұстады. Шаруамды айттым. «Соғыстың соңғы солдаты» деген аяқталмаған романынан үзінді жариялауға келісті. Ас үйге өтіп, шай ішіп отырғанымызда, маған: – Сен Шыңғысханның кім екенін білесің бе? – деп тосын сұрақ қойды. Мен шамына тиіп қалармын деп үндемедім. – Шыңғысханның, Сталиннің қолбасшылық өнерлеріне мен неге тәнтімін? – Өзіңіз айтыңызшы... – Білімі болмағанмен Шыңғысхан жан-жағына оқымысты адамдарды жинап, ақылдасып отырған. Оларға кейде: «Менің шешімімнің бәрі дұрыс дейсіңдер ме? Неге соңғы кезде мынауыңыз жөн, мынауыңыз жөн емес деп сын айтпайсыңдар», – дейді екен ренжіп. Бір күні қытайдың үлкен философы: – Қаһан (Шыңғысхан 52 жасында қаһан атағын алған), мен сізге бір сауал қойсам, басымды кеспейсіз бе? – дейді. – Жоқ, кеспеймін. – Сіз бір аймақты билеп жатпайсыз ба? Сарбаздарыңызбен басқа елді жаулайсыз. Ол жақтан халық, бұл жақтан сарбаздарыңыз қырылады. Қаһарға мінген Шыңғысхан қылышына барып қалған қолын қайта тартып алады. «Егер сертімді бұзып, сөзімде тұрмасам, кім болғаным?», – дейді де: – Мен өзімді оқымаған адаммын десем, сіз менен де өткен надан екенсіз. Есіңізде болсын, дүниедегі ең қиын нәрсе – ел басқару. Ел басқарған адам өз кезіндегі халықтың ғана қамын ойламау керек, қолынан келсе, жүз жыл кейінгі ұрпақтың да қамын ойлау керек. Егер менен де мықты патша шығып, мені жаулап алса, екі аяқ, екі қолымды көтеріп, бағынар едім, – деп үстемелейді. – Неге? – Дүниежүзінде бір ғана патшалық болған кезде ғана адамды адам өлтіру тоқталады. Сонда ғана бейбіт өмір сүреміз. Менің мақсатым осы. Егер дүниені басқарған адам мұны ойламаса, ол тек атқан таңды қарсы алып, батқан күнді шығарып салып жүрген сауысқанның бірі болып қалады, – дейді. Не деген данышпандық! Күн күліп тұрғанда кез келген шөп гүлдейді, қарлы-жаңбырға қарамай тоңды жарып шығатын гүлдер бар. Сол тоңды жарып шыққан Шыңғысхан мен Сталин. Ол екеуін неге жақсы көретінімді енді түсіндің бе? – Түсіндім. – Петр Бірінші «Армиядағы ең үлкен шен – солдат» деген. Оның бұл мойындауы – ұлы мойындау.  

 Мамытбек ҚАЛДЫБАЙ,

 бауыржантанушы

Серіктес жаңалықтары