Тіл тағдыры – туған елдің тағдыры

Тіл тағдыры – туған елдің тағдыры

Тіл тағдыры – туған елдің тағдыры
ашық дереккөзі
1031
Қазір тіл мәселесіне келгенде: «Қазақ тілі» қоғамы бар, Тіл басқармасы бар, бұл – солардың жұмысы» деп, күңкілдейтін күйге түстік. Еліміздегі қазақ тілі мәселесінің өзекті екенін өзіміз тұрмақ, Қазақстанға атбасын бұрған шетелдіктер айта бастағаны намысымызға тимей ме? Жасы бар, жасамысы бар, өзге тілде сөйлейді. Көшедегі ақпараттық және жарнамалық тақталар тілі шұбарланып кетті. Қазақтың біртуар азаматы А.Байтұрсынұлы: «Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі. ... Біздің заманымыз – жазу заманы, жазумен сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман» деген. Ендеше осы «жазу заманында» тілімізге біз неге құрмет көрсете алмай отырмыз? Ана тілінің бүгінгі халі осы, ал ертеңі не болмақ? Мысалы, Қостанай қаласындағы және Қарабалық ауданының орталығындағы мекеме, ұйым, кәсіпорын, сауда орындары атауларына көз жүгіртіп көрейікші. Қазақша «Шанырак», «Наурзум», «Сункар» сияқты атаулардан көз сүрінеді. Ол атауларды «қазақша» деуге де келмес. Ал көше атаулары мен жарнама, аялдама, хабарландыру, т.б. ақпараттардың мемлекеттік тілдегі нұсқасын бірі жазса, енді бірі ескермейді де. Барының өзі – қате. Тіпті, мемлекеттік тілдегі нұсқасы көзге көрінбейтін әріптермен берілген. Еліміздің «Тіл туралы» Заңының талабын белшесінен басып, орын тәртібін сақтамайтыны тағы бар. Бұны бәріміз қадам аттаған сайын көріп жүрміз. Бірақ үндемейміз, «қолымыз тимейді», қалай айтуды білмейміз немесе «құзырлы мекемелер айналыссын» дейміз. Ал «мына жердегі жазу неге қате?», «Қате қашан түзетіледі?» деп көрсетуден, айтудан жалықпайтындар – жергілікті әкімшіліктің хас «жауы». Тіл тағдыры – ел тағдыры. Елдің болашағы ана тіліміздің тағдырына тікелей байланысты екенін Елбасымыз Н.Назарбаевтың өзі бір ауыз сөзбен: «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде!» деп түйіндеген. Президент сөзін бағалаған жан мемлекеттік тілдің болашағына бейжай қарамас еді. Сондықтан «елімізде мемлекеттік тіл мәселесінің қаншалықты асқынғанын нақты айғақтармен көрсетіп, биліктің құзырлы мекемелері мен халық қалаулыларының көңілін аударайық» деген титтей ғана үмітіміз бар. Мемлекеттік тілдің қазіргі жағдайына кім кінәлі? Бірінші – мемлекеттік тілде қате жазған орыстілді кәсіпкер, екінші – атаудың қате жазылғанын көрмеген, байқамаған ұйым, кәсіпорын мамандары, үшінші, төртінші ... деп «кінәліні» іздегеннен не ұтамыз? Біз кінәліні іздемейміз, енді «Не істеу керек?» деген сұраққа жауап іздеу маңыздырақ. Сонымен, не істеу керек? Бұл мәселенің алдын алу үшін жарнамалық агенттіктерге талапты күшейту керек. Қазақстанның кез келген аймағы, аудан, қала орталығында, сауда орындарында, көшеде, мекеме-ұйымның ішінде мемлекеттік тілге қатысты мәселе бірдей қойылуы тиіс. Ақпараттық-жарнамалық тақтайша не маңдайша сауатсыз жазылса, қазақ тіліндегі мәтін еліміздің «Тіл туралы» Заңында көрсетілген орын тәртібін сақтамаса, қазақ тіліндегі нұсқаларын аяқ баспайтын, жұрт көзіне түспейтін тасаға, не «айдалаға» орналастырса, заңда көрсетілгендей: «бiрдей өлшемдегi әрiптермен жазу» жөніндегі талап ескерілмесе, қомақты айыппұл салу қажет. Мемлекеттік тілдегі жазуды жабық, көзге көрінбейтін түспен жазатындар да бар. Сондықтан жарнамалық агенттіктерге мынадай талаптар қойылса дейміз. Бірінші, сертификат алу шартына мемлекеттік тілді еркін білу немесе тіл оқыту орталығымен шарт жасау; екінші, жарнамада, өзге де ілінімдерде қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндердің орын тәртібін «Тіл туралы» Заңында көрсетілген талапқа сәйкес орындау; үшінші, мемлекеттік тілдегі нұсқаның сауатты жазылуына назар аудару; төртінші, жарнамалық ақпараттың, ілінімдердің мемлекеттік тілдегі нұсқасын халыққа көрінетін, көзге түсіп тұратын жерге орналастыру; бесінші, жарнамалық агенттіктер өз жұмысына жауапкершілікпен қарау үшін әрқайсының логотипі болуын міндеттеу, оны өздері жасаған әр ілінімнің төменгі оң жақ бұрышына, көзге анық көрініп тұратын жеріне басу; алтыншы, жарнамалық ақпарат, ілінімдердегі логотиптеріне қарап, жарнамалық агенттіктердің жұмысына жергілікті телеарналар арқылы халықтың баға беруін ұйымдастыру; жетінші, жарнамалық агенттіктің логотипі басылмаған жағдайда ешбір қосымша ескертусіз жарнаманы, ақпараттық ілінімді алып тастау. Бұл сауатсыз жарнама туралы түйген ой ғана. Осы «шимайымыз» көпке ой салып, жағдайдың түзелуіне септігі тиер деген үмітпен қолға қалам алғаным рас.  

Төлен Рамазанұлы

Қостанай облысы, Қарабалық ауданы

Серіктес жаңалықтары