НАМЫСТАН ЖАРАЛҒАН «АРЫСТАН»

НАМЫСТАН ЖАРАЛҒАН «АРЫСТАН»

НАМЫСТАН ЖАРАЛҒАН «АРЫСТАН»
ашық дереккөзі
617
Елімізде соңғы жылдары әскерге барғысы келетін борышкерлердің саны көбейіп, әскери мамандықтарға деген сұраныс артып келеді. Мектеп жасындағы балалардың бойындағы патриотизм отан қорғаушы болуға итермелейді. Орта мектепте оқып жүріп әскер өмірін көзбен көргісі келетін балалар саны да аз емес. Сондықтан әскери мектептердің аты мен заты да ел арасында көп талқыға түсіп жататыны бар. Танымалдылық артқан сайын онда оқығысы келетін талапкерлер арасындағы бәсеке де үлкен додаға айналған. Іле Алатауының бөктерінде салынған «Арыстан» мамандандырылған лицейі биыл алтыншы түлектерін түлетуге дайындалып отыр. Лицей күні қарсаңында тоғызыншы сынып шәкірттері ант қабылдап, отан қорғау жолындағы сертін беріп, лицей туын қабылдады. «Генерал болуды армандамаған солдат – солдат емес». Жауынгердің абыройлы лауазымды армандауының түпкі мақсаты Отанға, еліне өзін түбегейлі арнауын білдіріп тұрғандай. «Нұрсұлтан Назарбаевтың Білім беру қоры» Қоғамдық қорының қамқорлығымен жүзеге асырылған «Арыстан» мамандандырылған лицейінде оқу үшін жыл сайын Қазақстанның түкпір-түкпірінен мыңнан астам өтініш келіп түседі екен. Өтініш иелерінің бәрі әскери өмірге болашақ тағдырын арнайтыны шүбәсіз. Лицей басшысы, запастағы генерал-майор Сәбит Сәуменұлының айтуынша, мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік шыққан сексен үміткер ғана бірінші қыркүйек күні лицей босағасын аттайтын көрінеді. Бір айта кетерлігі, оқуға қабылдану барысында әлеуметтік жағынан аз қамтылған, сондай-ақ, көп балалы отбасы балаларына айрықша басымдық пен жеңілдіктер берілген. Оқу үздіктері он мың теңге көлемінде шәкіртақы алу мүмкіндігіне ие. Аталған мекеме өз жұмысын 2011 жылдың қаңтар айынан бастаған. Лицей ережесіне сәйкес орта білім беру мекемесінің сегізінші сыныбын тәмамдаған оқушылар ғана лицейге қабылданады. Бүгінде жалпы саны екі жүз қырық отан қорғаушы, жеті ұлт өкілінің балалары бір үйдің баласындай лицей шаңырағында тәрбиеленіп жатыр. Мұнда оқуға түсуші балалардың білімі –  бірінші орында. Болашақ лицей шәкірттері бейінді пәндерден математика мен физикадан, сонымен қатар қазақ тілі, орыс тілі мен ағылшын тілдерінен алғашқы байқау емтихандарын тапсырады, кәсіби-психологиялық кезең мен медициналық куәландырудан өтеді, сонымен қатар дене дайындығы емтихандарын тапсырып, қорытынды байқау негізінде қабылданады. «Арыстан» мамандандырылған лицейінің басты ерекшелігі шалғайдағы аудан-ауылдардың барлығын қамтып отыр. Бала талантты, білімі өзгеден озық болса, үш жыл бойы қазақстанның элиталы әскери лицейінде оқуға мүмкіндік алады. Салтанатты шараға дейін, құрметті қонақтар мен БАҚ өкілдеріне арнайы жүргізген лицей аумағын таныстыру кезінде біршама ерекшеліктерді байқадық. Мұнда балалардың еркін өмір сүруіне барлық жағдай жасалған.  Лицей оқушыларының толыққанды дене шынықтыруы үшін, лицейде көп салалы заманауи спорттың барлық түріне арналған спорттық зал, 25 метрлік бассейн, бокс, күрес, штанг көтерумен айналысу залдары, тренажер залы және тағы басқалары бар. Сонымен қатар, жаздық спорттық база, жасанды жабындымен жасалған футбол алаңы, теннис корты, баскетбол алаңы, гимнастика спорт қалашығы, әскери кедергі сызықтар алаңы лицейшілер үшін есігі ашық. Лицей басшысы Сәбит Сәуменұлы: «Біздің балалардың жүз пайызы суда жүзеді, жүз пайызы билей алады, жүз пайызы шахмат ойнайды», – дейді. Салтанатты мереке қарсаңында сөз алған құрметті қонақтар да балалардың талабы мен талантына, өнерлеріне ерекше тәнті болысты. Абырой, міндет, ерлік! Лицей табалдырығын аттаған әрбір жас осы бір үш қағиданы берік ұстанады. Оның себебін запастағы генерал-майор Сәбит Сәуменұлы: «Абыройсыз болсаң отан қорғаушылар қатарынан көрінуге қақың жоқ, міндетіңді бұлжытпай орындасаң құрметің де артады, ерлік жолында отан қорғасаң елдікке жетесің», – деп түсіндірді. Лицей сапында тәрбиеленген лицейшілер ҚР қарулы күштерінің үш құрылымы – құрлық әскерлері, әуе қорғанысы күштері мен әскери-теңіз күштерінде қызмет істеуге тікелей жолдама алады. Қазір лицейді тәмамдаған төрт жүзге жуық отан қорғаушы ҚР Қорғаныс министрлігінің бастамасымен отандық және шетелдік жоғарғы оқу орындарында, атап айтсақ, ҚР ІІМ, ҚР ҰҚК шекара академиясында, Ресейдің ФҚҚ-нің академиясында, Түркия мен Қытай, Белоруссия, тіпті АҚШ Қарулы күштерінің әскери-теңіз академиясында өз білімдерін жетілдіріп, біліктілік деңгейін арттырып, теория мен тәжірибені ұштастырып жүр.  Отан қорғаушылар мерекесі мен лицей күні қарсаңында жаңадан қабылданған тоғызыншы сынып лицейшілерінің ант беріп, ту қабылдауы дәстүрге айналып үлгерген. Лицей қала сыртында орналасқанына қарамастан бұл салтанатты мерекеге халық көп жиналады екен. Жиналған көрермендердің жартысынан астамы лицей шәкірттерінің ата-аналары. Олар өз балаларын жыл он екі айдың екі айында ғана бауырларына баса алады. Лицей бастығының тәрбие жұмысы бойынша орынбасары запастағы полковник Райхель Владимирдің сөзіне сүйенсек, лицейшілер тәртібіне ұжым баса ден қоятын көрінеді. Егер тәртіп бұзса, оқу үлгерімінің үздік екендігіне қарамай оқудан шығарылады. Лицей күні қарсаңында екі жүз қырық лицейші мен олардың әскери командирлері салтанатты шеруде сап түзеп өтті. Көрген көзге олардың араларындағы жас айырмашылық бірден байқалады. «Күнделікті оқу-жаттығу жұмыстары мен дене шынықтыру, түрлі спорттық секциялар балалардың дене бітімін бір жыл ішінде айтарлықтай өзгертеді. Заманауи біліммен қатар олардың психологиялық ойлау, жүйелеуімен де арнайы жұмыс істейміз», – дейді лицей тәлімгері Айгүл Мамбетжанова. Лицей күні қарсаңында бір байқағанымыз балалардың жүректеріндегі ұлттық патриотизм мен қайсар рух, ерекше ерік-жігер, адалдық пен мінезділік лицей ұранына айналған «Абырой! Ерлік! Міндет!» жолында қашанда дайын екендіктері.

Арман Қалмұханметұлы 

Серіктес жаңалықтары