Даңықты маршалдың бас хатшысы - Жазықбай Ақанов

Даңықты маршалдың бас хатшысы - Жазықбай Ақанов

Даңықты маршалдың бас хатшысы - Жазықбай Ақанов
ашық дереккөзі
460

«Бұл күн – сол бір қанды қырғыннан қайтпай қалған қыршын боздақтардың асқақ рухы аспандайтын күні. Бұл күн – әділеттің әділетсіздікті жеңген күні. Бұл күн – бүгінгі ұрпақтың соғыс ардагерлері сыйлаған бейбіт даму жолын одан әрі жалғастырып жатқан күн».

Қазақстан Президенті Н.Ә.НАЗАРБАЕВ

Адамзат өткен ғасырда өз басынан екі дүркін дүниежүзілік соғысты өткізді. Әрине бұл соғысқа дүниенің басқа елдерімен бірге Қазақстан да қатысты. Соның ішінде батыс тарихында екінші дүниежүзілік соғыс, ал кеңестік тарихнамада Ұлы Отан соғысы деп аталған бұл жойқын апат адамзатқа көптеген зардаптар әкелді. Ол соғыстың екі түрлі қарастырылатын мәні бар. 1418 күн және түнге созылған бұл соғысқа Қазақстаннан бір миллионнан астам адам әскер қатарына шақырылып, әрбір бесінші қазақстандық майданға аттанған-ды. Сұрапыл шайқастарда қаза тапқан 600 мыңнан астам боздақтардың денелері жат жерде қалды. Соғыста қазақстандықтар ерліктің сан үлгісін көрсетіп, көптеген қазақ батырлары мен қолбасшылары жетіліп шықты. Біздің мақаламызға арқау болған соғыс қаһармандарының бірі – запастағы полковник, соғыс жылдары маршал Г.К .Жуковтың бас хатшысы болған қазақ жауынгері Жазықбай Ақанов. Жазықбай Ақанов сол кездегі Адай уезі, Сенек мекенінде (қазіргі Маңғыстау облысы, Қарақия ауданына қарасты Сенек ауылы) 1920 жылы (кейбір деректе 1917 жылы) дүниеге келген. Маңғыстаудағы Басыгүрлі, Жазыгүрлі, Тайғырдың қыры, Майемір жерлерін жайлаған атақты бай Шотықбайдың немересі. Шотықбай мыңғыртып мал ұстаған әрі бай, әрі ақылды, жөн білетін кісі болған. Шотықбайдың ұлы Ақан, одан Жазықбай туған. Алғашқы сауат ашу сабағын Маңғыстаудан шыққан ағартушы Оразмағамбет Тұрмағамбетұлынан алады. Жазықбайдың әкесі Ақан Кеңес үкіметі орнағаннан бастап оның солақай саясатының қырына ілінеді. Жинаған малы талан-таражға, басы саудаға түскен Ақан бүкіл отбасымен аштықтың азабын тартады. Ақанды Кеңес үкіметі қудалап, атып тастаған болса, Жазықбай көп ұзамай анасынан да айрылған. 1927 жылғы «қоян жұтынан» малдың қырылуы, 1928 жылғы кәмпескелеу нәтижесінде аштықтың кең етек жаюы түбек халқын қолдан жасалған апатқа ұрындырды. Отбасынан айрылып, аштық тауқыметіне ұшыраған Жазықбай сол жылдары көппен бірге ілесіп Түркіменстанның Ашхабад қаласынан бір-ақ шығады. 1930 жылы Ашхабад жетімдер үйіне қабылданып, оныншы сыныпты 1940 жылы түркімен тілінде үздік бітіреді. Сол жылы 1940 Түркіменстанның Ташауыз облысындағы түркімен тілінде шығатын «Коммуна» газетінің редакторы қызметін атқарады. Сондай-ақ 1940-41 жылдары Ташауыз облысы Ленин ауданының партиялық комитетінің хатшысы бола жүріп, Ашхабад қаласындағы ауыл шаруашылық техникумына оқуға түседі. Техникумда оқып жүргенінде соғыс басталып, майданға аттанған еріктілердің қатарында Жазықбай да соғысқа кете барады. Жазықбай Ақанов соғысқа Түркіменстанның Ташауз деген жерінен алынып, Мәскеу шайқасында ерліктің жарқын үлгісін көрсеткен генерал-майор И.В. Панфилов басқарған 316-шы атқыштар дивизия­сы, соның ішінде қазақтың қаһарман қолбасшысы Б.Момышұлының батальонында алғашқы сұрапыл шайқастарға қатысады. Мәскеуде өткен 7 қарашадағы әскери шеруден кейінгі қарсы шабуылға араласып, қызыл астанадан жауды өкшелей қуған әскер құрамында көптеген елді мекендерді азат етуге үлесін қосады. Мәскеу түбіндегі шайқаста Қызыл Армия көп шығындалды, бірақ тылдан үнемі көмек келіп тұрғандықтан герман әскери басшылығының қаланы алу жоспары іске аспай қалды. Осы шайқаста немістер жарты миллионға жуық жауынгерінен айырылып, 1300 танкісі, 15000-нан астам машина және басқа әскери техникасы істен шықты. Неміс-фашист армиясы Мәскеу қаласынан батысқа қарай 150-300 шақырымға дейін аластатылып қуылды. Жазықбай соғыс барысында бірнеше әскери құрамалардың қатарында, атап айтар болсақ, 50-ші армияның 413-ші, 299-шы атқыштар дивизияларында қантөгіс шайқасқа белсене қатысады. Содан кейінгі жорық бағыты батысқа қарай жылжып, Смоленск, Духовщина, Ярцево деген қалаларды азат етуге қатысса, ал Курск шайқасы «танк­тер шайқасы» ретінде оның есінде мәңгі сақталды. Жазықбай Ақанов 1943 жылы 6 қарашада Киев қаласын азат ету операциясына қатысып, Днепр­ден ұрыс салып өткен Қызыл Армия қатарында Сквира, Фастов, Белая Церковь, Гайсин және басқа да қалаларды азат етумен бірге Еуропа елдерін фашизм зұлымдығынан құтқару мақсатында Румыния және Венгрия жеріне кіреді. Венгрияда өршелене қарсыласқан неміс-фашист әскерлерімен болған қанды қырғын шайқастың бірінде Жазықбай Ақанов ауыр жараланып, әскери госпитальға түседі. Ауыр жарақатына байланыс­ты әскери басшылық оны майданға жіберуге рұқсат етпейді. 1944 жылдың қарашасынан бастап маршал Г.К. Жуков 1-ші Беларусь майданын басқаруға тағайындалды. Осы кезде маршалдың штабына жазуы әдемі адамдарды хатшылыққа таңдау басталады. Таңдауға қатысушылар арасында Жазықбай Ақанов та бар болатын. Оны штабта жұмыс істейтін 17 хатшының басшысы етіп тағайындайды. Бұл хатшылардың міндеті – орден-медальдардың кітапшаларын толтырып, түрлі бұйрықтарды, толып жатқан әскери құжаттарды жазып, дайындау болды. Ардагердің айтуынша, маршалдың штабындағы хатшылар таңғы сағат 5-6-ларда тұрып, түннің жартысына дейін тәулігіне 15-18 сағат жұмыс істейтін болған. Хатшылардың басшылығына тағайындалған Жазықбай түн жарымынан ауған кезде барлық құжаттарға қол қойдыру үшін маршалдың алдына дайындап қоятын. Жазықбай маршал Г.К.Жуковпен сұхбаттасқанын былай деп еске алады: «Қателеспесем, Висла-Одер операциясы сәтті аяқталған кез болатын, жолдас Сталин телефон арқылы маршал Г.К.Жуковпен сөйлесіп, операцияның сәтті өткенін білді. Мен сол кезде штабта кезекші болатынмын. Г.Жуков Сталинмен сөйлескен соң көңілі көтеріліп, кезекшіні шақырды. Кезекші мен болғандықтан маршалдың алдына бардым. Мені көрген Г.Жуков: «А-а, бүгін сен кезекші ме едің? Мен сіздердің республикаларыңыз туралы жақсы білемін. Бірақ маған мынаны айтшы, қандай халықтық батырларыңыз бар?» – деп сұрады. Сонда мен «Исатай, Махамбет», – деп келе жатыр едім маршал менің сөзімді бөліп, «Жо-жоқ, жолдас Сталин білетін батырларыңыз бар екен ғой, Ресей патшасына қарсы шыққандардың бірі. Волга өзенінің маңайында көтеріліс жасаған», – деді. Сонда менің есіме бірден Сырым батыр түсіп, «Сырым Датов» дедім. «Ия-ия, дәл өзі», – деді иығымнан қағып тұрып. – Осы соғыста да қазақтардан шыққан батырлар көп. Оларды мақтан тұтуыңа болады, тіпті қыздардың арасынан екі бірдей батыр шығып отыр. Мұның өзі сендердің қайсар халық екендеріңді көрсетеді», – деді. Жазықбай 1945 жылы мамырда жеңісті Берлинде күтіп алды. 9-мамыр күні Шпрее өзені бойындағы Александр-Плац алаңында 243 жауынгер қатысқан жиында садақа ұйымдастырады. Осында Жазықбай жауынгерлерге жалынды сөз сөйлеп, жеңісті көре алмай кеткен бауырлардың рухына бас июге шақырады. 1945 жылы шілде-тамыз айларында Потс­дам конференциясына келген ұлы державалардың басшылары Сталин, Черчилль мен Трумэнді қорғап, күзеткен 250 жауынгердің қатарында болды. Соғыс аяқталғаннан кейін Жазықбай Ақанов Ташкент қаласындағы Орта Азия Мемлекеттік университетін заңгер мамандығы бо­йынша бітіреді. Жұмысты Самарқанд облысында тергеуші болудан бастайды. Кейінірек аудан партиясының басшысы болды. «Ер – туған жеріне» дегендей, 1969 жылы атамекенге қайтып оралды. 1984-1989 жылдары Отан соғысы ардагерлерінің фермерлік шаруашылығының бас директоры, ал 1989 жылдан Қазақстан Республикасы ардагерлер қоғамының (әлеуметтік қорғау) төрағасы қызметтерін атқарады. 1992 жылы 29 қарашада Мәскеуде өткен «Мәскеу түбінде фашистерді талқандаудың 50 жылдығына» арналған іс-шараларға бұрынғы одақтас республикалардан да Ұлы Отан соғысының ардагерлері шақырылған. Қазақстаннан бұл мерекеге 20 ардагер аталарымыз барды. Бұл жиында Қазақстан ардагерлері атынан Жазықбай Ақановқа сөз беріледі. Ардагер жалпақшешейлікке салынып отырмастан, сөз басын Бауыржан Момышұлынан бастайды. Оның генерал-майор И.В.Панфилов қаза болғаннан кейін Мәскеуді қорғап қалудағы үлесінің, қолбасшылық талантының шовинистік саясат салдарынан әділ бағаланбай келе жатқанын, Жамбыл атамыздың соғыс жылдарында жүзге келген қазақ екенін, оның «Ленинградтық өрендерім» деген жыр-өлеңінің соғыстың қайнап тұрған кезінде қала қорғаушыларына өлшеусіз рух бергенін жалынды сөздерімен жеткізеді. Ардагердің сөзінен қуат алған залда отырғандар оны қолпаштап гулеп қоя берді. Сондай-ақ, маршал Г.К.Жуков атындағы орден, медаль шығарып, ескерткіш орнату туралы маңызды ұсыныстар жасайды. Талантты қолбасшы туралы «Оның соғыстағы рөлі Наполеонды жеңген Кутузовтан артық болмаса кем емес!» деген кезде залда отырғандар орнынан өре тұрып, жамыраса қол соғып жібереді. Сонымен бірге фашизмді жеңуде «Бас Қолбасшы И.Сталиннің де рөлі зор болды, оны неге жамандайсыңдар», – деп айтқан сөздерін залдағы майдандастары жерге түсірмей қолдап отырады. Осылайша ардагер Жазықбай Ақанов өз сөзімен тек қана залды емес, бүкіл Кремльді дүр сілкіндірген қазақ атанды. Трибунадан түсіп келе жатқанында бейтаныс бір әйел оны құшақтай алып, жылап жібереді. Бұл маршал Г.К.Жуковтың қызы болатын. Осы кезде жиналыс төрағалығы Жамбыл есімінің Ленинградтағы көшеге қайта берілгендігін салтанатты түрде жариялап жатты. 2007 жылы Ресей Федерациясы Ұлттық Комитеті Президиумының қоғамдық марапаттауы бойынша Алматы қаласы, Бостандық ауданы Ұлы Отан соғысының бірқатар арадагерлері «Ұлы Жеңіс» орденімен марапатталды. Батырларға орденді «Ұлттық Қауіпсіздік Қорғаныс және тәртіп сақтау бағдарламаларын қолдау қорының» президенті Борисов мырза, Алматы қаласы Бостандық ауданы әкімінің орынбасары Саят Ағыбаев және аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Хамит Біржанов мырзалар табыс етті. «Ұлы Жеңіс» орденімен марапатталғандар қатарында Ақанов Жазықбай, Айдаров Қадырбай, Батырбеков Мұштай, Боранбаев Керімбай, Сақтапов Асан, Рогачев Евгений, Кулинич Анатолий, Біржанов Хамит, Гусеев Николай т.б.болды. Ұлы Отан соғысының КСРО-ны, соның ішінде Қазақстанды да тұралатып кеткені баршамызға мәлім. Қазақ елінен сол кезде соғысқа 1 млн. 200 мыңнан астам адам әскер қатарына шақырылып, әрбір бесінші қазақстандық майданға аттанды. Соның 600 мыңнан астамына туған елдің топырағы бұйырмай, жат жерлерде қаза тапты. Өлкеміздің жер асты және жер үсті байлығы соғыс өнімдерін шығаруға жұмсалды. Алғаш рет Б.Момышұлының батальонына түскен Жазықбай басқа жауынгерлермен иық түйістіре отырып Мәскеуді жан сала қорғауға атсалысты. Одан кейінгі қантөгіс щайқастар мен әскери жорықтардың бел ортасында жүрген ол жеңісті Берлинде күтіп алды. Кеңес Одағының маршалы, 4 мәрте Кеңес Одағының Батыры атанған Г.К.Жуковтың жеке бас хатшысы болып, оны көзімен көріп, сұхбаттасып, қызметтес және майдандас болған қазақтың бірі болып есептеледі. Алайда бір өкініштісі, ардагер Ж.Ақанов есімі өлкелік бұқаралық ақпарат құралдары бетіндегі Ұлы Отан соғысы тақырыбындағы мақалаларда, әр кездері Ұлы Жеңістің мерейтойларына арнап шығарылып жатқан немесе зерттеуші қаламгерлердің осы тақырыптағы еңбектеріне енгізілімей, өлкеден шыққан басқа соғыс ардагерлерінің қатарында аты аталмайды. Оның есімі де түбектен шыққан соғыс қаһарманы ретінде Ұлы Отан соғысы тақырыбымен тығыз байланысты басылымдар мен жинақтарға енгізілсе нұр үстіне нұр болар еді. Қазірге дейін «Маңғыстау» энциклопедиясы мен «Ұлы Жеңістің 65» жылдығына орай мектеп оқушыларының шығармашылық жұмысы «Тағзым» атты жинаққа енгізілгені ғана көңілге медет болып тұр. Әрине бұл алдағы уақыттың еншісінде, десек те уақыт шіркін зымыраған сайын ардагер аталарымыздың да қатары сиреп, қазақтың қаһарман ұлы Б.Момышұлы айтпақшы «Қадірін білмеппіз ғой тірі кезде, деп айтар сорлы қазақ мен өлгенде» деп жүрмейік.

Бауыржан АЙМАНОВ, Жаңаөзен қаласы,

№18 орта мектептің  тарих пәні мұғалімі

Серіктес жаңалықтары