1444
Латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиі
Латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиі
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылдың 26 қазанында «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлыққа қол қойды. Бұл – қазақ елі үшін маңызды оқиға, айтулы қадам. Сондықтан болар, латын қарпіне көшу мәселесі қоғамда қызу талқыға түсті. Латын графикасына көшірудің өзекті мәселелері Алматы қаласының Тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырған ғылыми-тәжірибелік конференцияда да сөз болды.
Қазіргі таңда әлем халқының 80 пайызы латын графикасын меңгерген. Ал Мемлекет басшысының әліпбиді латын қарпіне көшіру туралы бастамасы Қазақстанның алға нық қадам басуына оң ықпал ететіні сөзсіз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев латын графикасына көшуге байланысты: «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады», – деген болатын.
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен «Қазақ әліпбиін латын қарпіне көшірудің өзекті мәселелері» атты конференция жұмысына қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия мүшелері, ғалымдар, білім, ғылым мекемелерінің мамандары, мемлекеттік органдардың тіл мәселесіне жауапты қызметкерлері, қоғамдық ұйым өкілдері қатысты. Жиынға қатысқан мамандар қазақ әліпбиін латын қарпіне көшірудің түйткілдерін және олардың шешу жолдарын ұсынды. Сонымен қатар, ғылыми-тәжірибелік конференцияда қазақ тілінің дыбыстық жүйесі, қазақ дыбыстарының латын таңбасымен таңбалануы, жазудың қызметі және қазақ қоғамында қолданылған жазу түрлері, латын қарпіне бұрынырақ өткен түркі халықтарының тәжірибесі сарапталып, латын қарпіне өту бойынша құрылған ресми жұмыс топтарының жұмыстары туралы мәліметтер берілді.
Конференцияның шымылдығын ашқан Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Рахат Шимашева латын қарпіне көшу мәселесінің талқыға түсуі заңдылық екенін атап өтті. «Елбасы «Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру туралы» Жарлыққа қол қойғаннан кейін, бұл мәселе қоғамда қызу талқыланды. Осы Жарлық шыққаннан бері басқармамызға да сан түрлі сауалдар мен өтініштер түсті. Латын қарпіне көшу мәселесі бойынша ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың басшылығымен 4 топ жұмыс жүргізуде», – деді Рахат Сейдахметқызы.
Ал А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Әлімхан Жүнісбек жаңа латын қарпіне негізделген әліпбидің сингармологиялық талданымына ерекше тоқталды. Өз сөзінде ғалым соңғы ұсынылған әліпбидегі дыбыстардың таңбалануына айрықша назар аударып, әліпби нұсқасы әлі де жаңғыртуды қажет ететіндігін айтты. Одан бөлек әліпбидегі қазақтың төл дыбыстары жайында әңгіме қозғады. «Қазіргі әліпбидің ішінен өзіміздің төл дыбыстарымызды ажыратып ала алмай отырмыз. Сондықтан, ең бірінші осы мәселені шешуіміз керек. Одан кейін шет тілінен енген терминдерді жазу мәселесі. Қазір терминдерді жазудың халықаралық үлгісі бар. Мұны бәрі пайдаланады. Біздің де осы үлгіні қолдана бергеніміз жөн. Терминдерді жазу үшін таңба іздеп, әріп іздеп жүрудің қажеті жоқ. ...Біз арнайы мәселе етіп көтеріп отырған «әліпби жаңғыруды» Елбасымыз ұсынып, халық қолдап отырған кең көлемдегі «ұлттық сана жаңғыруы» аясындағы шара деп қабылдасақ, үлкен жауапкершілік алдында тұрғанымызды ұмытпауымыз керек. Ең бастысы, тіліміздің ұлттық болмысы сақталуы керек», – деп атап өтті Әлімхан Жүнісбек.
Аталмыш институттың бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Зейнеп Базарбаева латын графикасындағы орфографияның ғылыми негіздеріне зер салса, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры Фаузия Оразбаева латын әліпбиін игерудің әдіснамалық ерекшеліктерін саралады. «Әліпбидің төл ережелерге сай ұлттық жаңа үлгісі жасалуы тиіс. Қазір біз бірде «ұлттық әліпби», енді бірде «латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі», «жаңа әліпби» деп әртүрлі бағытта қолданып жүрміз. Соның өзі бізді негізгі мақсатымыздан ауытқытады. Сондықтан бірізді термин болғаны дұрыс», – деп бастады сөзін Фаузия Шамсиқызы. Оның айтуынша, әліпбиді жасауда нақты стандарттық үлгіге жүгіну қажет. «Кез келген білім әлемдік стандарттарға негізделеді. Ал біз латын қарпін енгізу барысында әлі өзіміздің стандарттық үлгімізді бекіткеніміз жоқ. Сондықтан да бір жүйеге түспей жатыр. Әлемдік стандартты негізге ала отырып, өзіміздің қазақстандық әліпбидің стандартын бекіту арқылы тілді оқытудың ғылыми-әдістемелік жүйесін жаңғыртамыз. Методика бар, бірақ соның ішінде латын қарпін меңгерудің қай әдіс-тәсілдерін қолданамыз? Бұл – басқа мәселе», – деді Фаузия Оразбаева. Сондай-ақ, педагог латын қарпін оқыту мәселесіне назар аударып, латын графикасына негізделген әліпбимен оқытуды кезең-кезеңімен енгізудің дұрыс еместігін айтты. Яғни, бір жыл 1-сынып, келер жылы 2-сынып, одан кейін бакалавр, магистратураға енгізіледі деп бөлудің орынсыз екенін ескертіп, мұның бәрін жүйелі түрде жүргізудің маңызын қадап айтты.
Конференцияға қатысқан «Астана» медицина университетінің Мемлекеттік тілді дамыту және тіл саясаты бөлімінің басшысы, медицина ғылымдарының кандидаты Мұхамбедия Ахметов латын әліпбиінің қысқаша тарихына тоқталып, латын әліпбиінің даму барысында көптеген өзгерістерге ұшырағанын атап өтті. Оның сөзінше, латын әліпбиінің оқылуы әртүрлі елдердің тілдік нормасына байланысты өзгеріп отырады. Одан кейін Мұхамбедия Ахметов латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиінің жобаларына назар салды. Бірнеше нұсқа ұсынылғанымен, олардың қателіктері көп болғанын айтқан ғалым әліпбиді өз ісінің мамандары жасау қажеттігін ескертті. «Әуелгі ұсынылған әліпби нұсқасы бойынша бір дыбысты екі әріппен таңбаланды. Бірақ оның қателіктерін жұрт көзбен көрді. Әліпбиімізде бір әріп, бір дыбыс принципі болмаса, миымызда «мәңгіру» болады. Одан кейін тағы бір топ әріптердің төбесіне үтір қою арқылы тағы бір алфавит жасап шықты. Бұл нұсқа да дұрыс келмейтінін бірден аңғардық. Соңғы нұсқадағы әліпбиде «ш» әрпін «sh» арқылы белгіледі. Бұл да біраз сөздердің оқылуы мен жазылуында олқылықтарға ұрындыратын сияқты», – деді Мұхамбедия Ахметов.
Сонымен, Алматы қаласының Тілдерді дамыту басқармасының мұрындық болуымен ұйымдастырылған ғылыми-тәжірибелік конференцияда латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиін жасаудағы кемшіліктер, латын графикасына көшуге дайындық барысы, кезеңдері жайында орамды ойлар айтылып, пікірлер ортаға салынды. Тіл ғылымы саласының мамандары әліпби жасаймыз деп тілді бұзып алмауға, қоғамның сауатсызданып кетпеуіне баса назар аудару қажеттігін алға тартты. Ал конференцияда айтылған пікірлер мен ұсыныстар қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссияның алдағы жұмыстарында ескерілмек.