Қыс шанаңды жаз сайла

Қыс шанаңды жаз сайла

Қыс шанаңды жаз сайла
ашық дереккөзі
263
2018 жылдың алғашқы 4 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму, республикалық бюджеттің атқарылу қорытындысы, төртінші деңгейдегі бюджет және жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігін енгізу, 2017-2018 жылдағы жылу беру маусымының қорытындысы мен алдағы жылу беру маусымына дайындық. Аталған мәселелер Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен кезекті Үкімет отырысында қаралды. Еліміздегі экономикалық ахуалға баға берген Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов 2018 жылдың бірінші тоқсанында ішкі жалпы өнімнің өсімі 3,8 пайызға жеткенін хабарлады. Министрдің айтуынша, экономикалық тұрақтылықты инфляциялық қысымның төмендеуі мен инвестициялық белсенділіктің артуы қамтамасыз етіп отыр. Деректерге көз салсақ, жыл басынан бері инфляция 2,2 пайызды құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,5 пайызға төмендеген. Тимур Сүлейменов үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында елдің халықаралық резервтері 1,8 пайызға артып, 90,7 млрд долларға дейін ұлғайғанын, ал алтын-валюта резервтері 3,4 пайызға өсіп, Ұлттық қордың активтері 0,9 пайызға артқанын атап өтті. Жыл басынан бері еліміздегі сыртқы сауда айналымы да артқан. Мұны Ұлттық экономика министрі аталған саладағы іскерлік белсенділікпен байланыстырды. Ел экспортында да өсім бар, жыл басынан бері экспорт 27 пайызға өскен. Бұл – сыртқы нарықтағы жағдайдың жақсара бастауының көрсеткіші. Министр еңбек нарығында тұрақтылық сақталып отырғанын, жыл басынан бері 134,8 мың адам жұмысқа орналастырылғанын тілге тиек етті. «Ағымдағы жылғы сəуірде жұмыссыздық деңгейі өзгеріссіз қалды жəне 4,9 пайызды құрады. Айтарлықтай ұзақ мерзімнен кейін, үстіміздегі жылдың басынан бастап нақты еңбекақының өсуі байқалады. Ол 1,2 пайызды құрады.  Қаңтар-сəуірде орташа айлық еңбекақы 152,3 мың теңге болды», – деді Тимур Сүлейменов. Одан кейін сөз тізгінін алған Энергетика министрі Қанат Бозымбаев жыл басынан бергі 4 ай ішінде елімізде газ өндіру көлемінің 18,7 млрд текше метрге жеткенін айтты. Бұл өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 6 пайызға артық. Өткен жылдың алғашқы 4 айымен салыстырғанда биылғы газ экспортының көлемі 24,1 пайызға артып, 6,7 млрд текше метрді құрады. Ал сұйытылған газ өндірісі 1,24 млн тоннаға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 3,5 пайыз өсім көрсетті. Министр мұнай және конденсат өндіру көлемінің де артқанын тілге тиек етті. Қанат Бозымбаев ұсынған мәліметтерге сенсек, 3 ірі жоба бойынша мұнай өндіру көлемі 17,9 млн тоннаны құраған. Яғни, Қашағанда – 3,8 млн, Теңізде – 9,9 млн, Қарашығанақта 4,2 млн тонна мұнай өндірілді. Сәйкесінше, мұнай экспорты көлемі де артып, 24,1 млн тоннаға жетті. Сондай-ақ, министр уран өндірісі көлемінің төмендегенін де бүгіп қалмады. Әлемдік нарықтағы уран бағасының төмендеуіне байланысты, сұраныс азайған. Сөйтіп, жылдың алғашқы тоқсанында 7 137 тонна ғана уран өндірілді. Ал көмір өндіру көлемі 36,8 млн тоннаны құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3 пайызға артқан. Жиында белгілі болғандай, ішкі нарыққа 26,8 млн тонна көмір жеткізілсе, 8,6 млн тонна көмір экспортталған. Энергетика министрінің деректерін мұқият тыңдаған Үкімет басшысы орталық және жергілікті атқарушы органдарға алдағы уақытта көмір тапшылығын болдырмау туралы тапсырма берді. Күн тәртібіндегі келесі мәселе – жылу беру маусымына дайындық. Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек жылудың өз уақытында берілуі үшін министрліктің жылыту маусымына дайындық жоспарын бекіткенін айтты. Бекітілген жоспарға сай облыстар, Астана және Алматы қалаларының әкімдіктері 2018 жылдың 1 қыркүйегіне дейін білім беру нысандарының 100 пайыз дайындығын, 2018 жылдың 15 қазанына дейін барлық коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік сала нысандарының, тұрғын үйлердің дайындығын аяқтап, автономды қазандықтарды отынның нормативтік қорымен қамтамасыз етуі қажет. Ал Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев жылыту кезеңінің тұрақты өткендігін айтты. Дегенмен Бақытжан Әбдірұлы алдағы күзгі, қысқы кезеңдерге орталық және жергілікті атқарушы органдар дайындықты ерте бастауы қажеттігін ескертті. Жиын соңында Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті мен коммуналдық меншігі жайында баяндады. Министрдің айтуынша, жергілікті өзін-өзі басқару бюджеті 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап халық саны 2 мың адамнан асатын 1062 ауылдық округте енгізілген. Ал келесі екі жылда бұл жүйе Қазақстанның барлық өңірлерін қамтитын болады. Биылғы жергілікті өзін-өзі басқару бюджеттер кірістерінің жоспары 113,8 млрд теңгені құрамақ. Министрдің түсіндіруінше, жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізу ауылдың қаржылық мүмкіндіктерін кеңейтуге және жиналған салықтарды тікелей жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге жұмсаудағы жергілікті өзін-өзі басқарудың рөлін арттыруға жол ашады. Ауылдар бюджетіне салықтық түсімдердің 7 түрі және басқа да салықтық емес түсімдер, сондай-ақ, шығыстардың 19 бағыты берілген. Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов ауылдық округтердің бюджеттеріне түсетін салықты қамтамасыз ету жайында құлағдар етті. Жалпы алғанда, IV деңгейдегі жаңа бюджет бойынша кірістердің асыра орындалуына қол жеткізілген. Осы жылдың бірінші тоқсанындағы ауыл бюджеттеріне нақты түсім 27,7 млрд теңгені құрады. Үкімет отырысын қорытындылаған Бақытжан Сағынтаев Ұлттық экономика министрлігіне жергілікті өзін-өзі басқару мәселесіне тұрақты мониторинг пен талдау жүргізуді міндеттеді. Сондай-ақ, Қаржы министрлігіне ауылдық округтер бюджетінің ақпараттық жүйелерде толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз ету бойынша дайындық жұмыстарын аяқтауы қажеттігін ескертті. Ал Ақпарат және коммуникациялар министрлігі уәкілетті органдардың тиісті ақпараттық жүйелерін интеграциялау жұмысын жеделдетуге жауапты болып бекітілді.      

Серіктес жаңалықтары