Шексіз егістіктерде қызған еңбек

Шексіз егістіктерде қызған еңбек

Шексіз егістіктерде қызған еңбек
ашық дереккөзі
300
ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен кезекті Үкімет отырысы өтті. Жиында көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу, орман және дала өрттерінің алдын алу және оны сөндіруге дайындық, ҰБТ-ға әзірлік барысы, әлеуметтік және еңбек саласын цифрландыру мәселелері талқыланды. Кезекті Үкімет отырысында алғашқылардың бірі болып Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниев сөз алып, көктемгі егіс жұмыстарын жүргізудің жайымен таныстырды. Вице-министр келтірген мәліметтерге сүйенсек, биыл жалпы егістік алқабы 21,8 млн гектарды құрайды. Оның 14,7 млн гектарына дәнді дақылдар, 2,5 млн гектарына жемдік дақылдар, 2,6 млн гектарына майлы дақылдар себіледі. «Қазіргі таңда көктемгі егіс барлық жерде толық қарқынмен жүріп жатыр. 21 мамырдағы жағдай бойынша жаздық дəнді дақылдар жоспарланған алқаптың 31 пайызына, майлы дақылдар – 50 пайызына, көкөніс-бақша дақылдары – 77 пайызына, картоп 55 пайызына егілді. Қант қызылшасы мен мақта егу жұмыстары аяқталды», – деді Арман Евниев. Вице-министр өз сөзінде ауа райының салқындығы мен топырақтың кеш қызуына байланысты егіс жұмыстарының қарқыны өткен жылдағыдан біршама төмен деңгейде екенін атап өтті. Ал егіс жұмыстарын уақытында аяқтау үшін техниканы жоғары өнімділікпен пайдалануға мүмкіндік беретін шараларды қолға алу керек. Шаруалардың көктемгі дала жұмыстарына биыл 375 мың тонна дизель отыны қажет. Қазіргі уақытта Ауыл шаруашылығы және Энергетика министрліктері бірлесіп, ақпан-маусым айларында аймақтарға дизель отынын жеткізу кестесін бекітіп қойған. Айта кетейік, Энергетика министрлігі сәуір-мамыр айларына мұнай өңдеу зауыттарының шығару бағасын литріне 134 теңгеден белгіледі. Ал жеткізу шығынын қоса есептегенде, өңірлердегі орташа баға литріне 150 теңгені құрайды. Жиындағы кезекті мәселе – орман және дала өрттерінің алдын алу. Аталған тақырып бойынша Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниевпен қатар Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов есеп берді. Қазіргі уақытта еліміздің барлық аймақтарында орман және дала өрттерінің алдын алу жұмыстары басталып кетті. «Мамыр айының соңына дейін Төтенше жағдайлар комитетінің өрт сөндіру инспекциясы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен əкімдіктерге қарайтын ұлттық парктерді, табиғи қорықтарды тексеруді аяқтайды. Балалар лагерьлерін тексеруге де ерекше назар аударып отырмыз», – деп атап өтті Ішкі істер министрі. Ал Ауыл шаруашылыңы вице-министрі өрт қаупі туындайтын маусымда мемлекеттік орман иеленушілердің орман өрттерін жоюға әзірлігі жөнінде баяндады. Арман Евниевтің айтуынша, қазіргі уақытта еліміздегі мемлекеттік орман қорының жалпы көлемі 29,8 млн гектарды құрайды. Сондай-ақ, жиында өрттің таралуына ықпал ететін негізгі себептер де аталды. Көбіне орман мекемелерінің материалдық-техникалық базасының әлсіздігі мен өрт бақылау мұнараларының жоқтығы өрттің таралуына себеп болатын көрінеді. Күн тәртібіндегі маңызды мәселенің бірі – ұлттық бірыңғай тестілеу. Тақырып бойынша Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев баяндама жасады. Оның дерегінше, ҰБТ-ға 15 жыл ішінде 1,5 миллионнан астам түлек қатысқан. Бұл барлық мектеп бітірушілердің 80 пайызын құрайды. Министр сөз басында бұған дейін үш функцияны (11 жылдық оқуды аяқтау қорытындысы ретіндегі бітіру емтиханы, жоғары оқу орындарына түсу емтиханы жəне түлектерге мемлекеттік гранттарды тағайындау механизмі) атқарып келген ҰБТ форматының өткен жылы өзгертілгеніне тоқталды. «Өздеріңіз білетіндей, тестілеудің бұл форматы 2017 жылы өзгерді. Енді қорытынды аттестаттау немесе бітіру емтихандары мектептерде өткізіледі, ал ҰБТ жоғары оқу орнына түсу жəне мемлекеттік гранттарды тағайындау емтиханы болып қалып отыр», – деді Ерлан Сағадиев. Ал биыл ҰБТ форматында еш өзгеріс болмайды. Бірақ бұл жылы тест сұрақтарының базасы 50 пайызға жаңартылды. 2018 жылы 102 442 түлек ҰБТ-ға қатысуға өтініш білдірген, оның 77 мыңы қазақ тілінде, 25 мыңы орыс тілінде тест тапсырады. Сонымен қатар, биыл алғаш рет ҰБТ-ны ағылшын тілінде тапсыруға мүмкіндік беріліп отыр. Одан бөлек ҰБТ-ға дәлелді себеппен қатыса алмаған жағдайда келесі лекте тапсыруға мүмкіндік беру, ерекше білім алу қажеттілігі бар балаларды жеке көмекшімен, сурдоаудармашымен қамтамасыз ету, республика бойынша тегін қоңырау шалуға болатын бірыңғай call-орталықты іске қосу, əр түлекке ҰБТ сертификатымен бірге бейіндік пəндердің комбинациясы бар ақпараттық парақшаны беру, қандай мамандықтарға баруға болатыны туралы мамандықтар тізімін ұсыну қолға алынғалы отыр. Үкімет отырысында қаралған соңғы мәселе – әлеуметтік және еңбек саласын сандық жүйеге көшіру барысы. Бұл мәселе бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мадина Әбілқасымова мен Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев баяндама жасады. Мадина Әбілқасымова әлеуметтік-еңбек саласының бірыңғай ақпараттық жүйесі жұмыс істейтініне тоқталды. Бұл жүйе еңбек, жұмыспен қамту, əлеуметтік сақтандыру, зейнетақымен жəне əлеуметтік қамсыздандыру, əлеуметтік қолдау көрсету, арнаулы əлеуметтік қызметтер жəне көші-қон секілді ведомство қызметі сынды 11 кіші ақпараттық жүйені қамтиды. Қазіргі уақытта министрліктің 34 қызметінің 17-сі автоматтандырылып үлгерген. Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев: «Еңбек кітапшаларын жəне еңбек шарттарын цифрландыру қағаз түріндегі құжаттарды қысқартуға алып келеді, сондай-ақ, сақтауды жəне мұрағат деректеріне қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Бұдан былай электронды еңбек шарттары еңбек өтілін растау үшін талап етілетін зейнетақыны, жəрдемақыны тағайындауға мүмкіндік береді», – деді. Ал Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев электронды еңбек биржасы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының алғашқы өнімі екендігін атап өтті. Жиынды қорытындылаған Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Үкімет отырысында қозғалған мәселелер бойынша тиісті ведомстволарға нақты тапсырмалар жүктеді.    

Серіктес жаңалықтары