Елбасы айтқан бес басты мегатренд

Елбасы айтқан бес басты мегатренд

Елбасы айтқан бес басты мегатренд
ашық дереккөзі
810

ТІЗГІНҚАҒАР СӨЗ

Астанада үш күнге созылған халықаралық экономикалық форум табысты аяқталды. Оның жұмысына Нобель сыйлығының лауреаттары, экономикалық және саяси мәселелерге байланысты орынды ой-пікір айтатын аузы дуалы, əлем мойындаған əйгілі сарапшылар мен саясаттанушылар, бизнестің жай-жапсары мен ұңғыл-шұңғылын жақсы білетін кәнігі кәсіпкерлер қатысты. Бұл алқалы жиын игі дәстүрге айналғанын атап өткен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Он бірінші рет өткізіліп отырған бұл форум экономиканың, инвестицияның және инновацияның мейлінше өзекті мәселелерін талқылауға арналған. Биылғы форум жаһандық сын-тегеуріндерге лайықты жауап табу мәселелерін де қарастырады. Сəйкесінше, форумда осы салалардағы білікті мамандар жиналып отыр. Олардың сөзін тыңдау, ұсыныстарын пайдалану біз үшін қашанда маңызды», – деді. Қазақстан Президенті сонымен бірге өркениеттің жаңа жаһандық трансформациясына тоқталып, ғаламдық дамудың басты бес мегатрендін атап өтті. Бірінші – адам қызметінің барлық салаларын цифрландыру, екінші – энергетикалық революция, үшінші – жер шарындағы тұрғындар санының жылдам өсуі, төртінші – урбанизацияның қарқыны мен сипаты, бесінші –  жаһандық еңбек нарығының өзгеруі. Елбасы көтерген бұл мәселелер қазіргі алмағайып уақытта әлемнің барлық дерлік елдерін күндіз-түні алаңдатып, маза бермей отырғаны мәлім. Қазақстан Президентінің тұжырымдары, форумға қатысушылардың пікіріне қарағанда, әлем елдері үшін өте өзекті. Осы ретте халықаралық сарапшылар Қазақстан Президенті ұсынған бес маңызды трендті әлемді біріктіруші батыл бастама деп баға берді. «Нұрсұлтан Назарбаевтың Астана экономикалық форумында жария еткен 5 мегатренді Қазақстан, АҚШ, Қытай, Ресей үшін, жалпы барлығы үшін өзекті. Онда Үкіметтің де, бизнестің де алдында тұрған міндеттер қамтылған», – деген ой білдірді БҰҰ Даму бағдарламасының бас стратегиялық кеңесшісі Бен Слэй. «Нұрсұлтан Назарбаев – ғаламдық ой өрісі терең саясаткер. Аталған мəселелерден Қазақстанның ғаламдық түйткілдерге бейжай қарамайтынын, халықаралық қарым-қатынаста өзара ынтымақтастықты нығайту жөніндегі көрегендігін байқаймыз», – деді Ресей, Шығыс Еуропа жəне Орталық Азияны зерттеу институтының қызметкері, қытайлық сарапшы Чжао Хуэйжун.

 ЕҢ МАҢЫЗДЫ  ТРЕНД– ЦИФРЛАНДЫРУ

 Қазақстан Президенті айтқан бірінші мегатренд – цифрландыру. Бұл бүгінгі таңда адамзат өмірінің барлық саласында өте өзекті және маңызды мегатренд. Онсыз алға басу әсте мүмкін емес. Цифрландыруды жан-жақты жүргізу арқылы қай елдің болсын экономикалық хал-ахуалы жаңа сапалық деңгейге көтерілетіні айдан анық. Оны күнделікті өмірде көріп жүрміз. Елбасы осыны алға тартты. – Көз алдымызда экономиканың жаңа моделі қарқынды түрде құрылуда. Бизнес қана емес, сонымен қатар қоғамның барлық салалары цифрландырылуға бет алды. Жаңа технологиялардың қарқынды дамуы базалық факторларды өзгертеді. Қазір өндірісті қадағалайтын əрі жақсарта алатын, өзін-өзі жетілдіретін электронды жүйелер үйреншікті құбылысқа айналып келеді. 2030 жылға қарай жасанды интеллект əлемдік экономиканы 16 трлн долларға арттырады, – деді Н.Назарбаев. Қазір «криптовалюта, блокчейн технологиялары» деген терминдерге құлақ қаныға бастады. Қанығып ғана қоймай, қаласақ та, қаламасақ та, бұл күнделікті өмірімізге де еркін еніп келеді. Бұл әлемнің көптеген елдеріне тән жағдай. Өйткені криптовалюталар феномені мен блокчейн технологиясының жолын бөгеу, қарсылық білдіру мүмкін болмай қалатын түрі бар. Қазіргі қарқынына қарағанда, келешекте банктерді де барынша қамтып, қаржы нарығына түбегейлі өзгеріс əкелуі әбден мүмкін. Сондықтан әлем осыған әзір болуы тиіс. Мұндай жаһандық өзгерістер азуын айға білеген алпауыт компаниялардың өзін әлемдік нарықтан ығыстыруы ғажап емес. Бұл, біздің емес, атақты экономикалық сарапшылардың пайымы. Олардың болжамына қарағанда, алдағы он жыл ішінде əлемдегі 500 ірі компанияның 200-і жойылып кетеді. Қазақстан Президенті экономиканың жаңа цифрлы моделінің нəтижесі оның ұлғаюына ғана емес, сондай-ақ, 2017 жылы бизнес үшін ең қауіпті деп танылған киберқауіпсіздіктің артуына да байланысты екенін айтты. Сондықтан осының бәрі ойландырмай қоймайды. Бұл жағдай өмірлік өзгерістерді ерекше елеп-ескеріп, қарқынды даму ағынынан қалыс қалмай, нақты қадамдар жасау қажеттігін айқын аңғартады. Бұл бағытта елімізде «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы белсенді түрде қолға алынғаны жұртшылыққа жақсы мәлім. Бұл бағдарламаны жүзеге асыру Қазақстанда цифрлы инфрақұрылымның дамуына даңғыл жол ашады. – Біз жаңа жағдайға бейімделіп келеміз. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын іске асыру арқылы елімізде цифрлы инфрақұрылымның жəне ІТ-экожүйесінің дамуы қамтамасыз етіліп, тұрғындардың 85 пайызының цифрлы сауаттылығы артады. Біз жаңа технологияларды қолдана отырып, 5 жыл ішінде өңдеу секторындағы еңбек өнімділігін 1,5 есе арттыруды жоспарлап отырмыз, – деді Елбасы. Қазақстан Президенті ортаға тастаған ұтымды ұсыныстарға байланысты форумға келген мәртебелі меймандар да қарап қалған жоқ, көзқарастары мен пікірлерін бүкпесіз білдіріп жатты. «Қазақстандағы цифрландырудың болашағы зор. Себебі дұрыс тәсіл таңдалып, басымдықтары алдын-ала анықталған. Ендігі жерде зор сенім мен мықты мамандар тобы қажет. 2030 жылға таман жасанды интеллект әлемдік экономиканы 16 трлн долларға арттыратынын ескерсек, цифрландыруға көшудің маңызы зор», – деді Ұлыбритания үкіметінің технологиялар бойынша кеңесшісі Лиам Максвелл. Цифрландыру бойынша жұмыс дұрыс жүргізілсе, мемлекетке пайда зор. Біріншіден, Үкімет қаражатты үнемдеуге қол жеткізеді, екіншіден, халық үшін жұмыс істейді. Оларға жұмыс орындарын тауып береді. Үшіншіден, цифрландыру еңбекақыны өсіруге жол ашады.Ұлыбританияда орташа жалақы жылына 25 000-27 000 фунт стерлинг болса, цифрлы экономикада – 41 мың фунт. Қазіргі таңда Ұлыбритания экономикасының 15 пайызын цифрлы экономика құрайды. Оның өсу қарқыны экономиканың өзге бөліктерімен салыстырғанда екі есеге жоғары.

 АСТАНА – ИНВЕСТОРЛАРҒА АШЫҚ

 Қазақстанның елордасына биыл – 20 жыл. Осы уақыт аралығында қала қанатын кең жайып, алып құрылыстар мен еңселі тұрғын үйлер бой көтеріп, сәулетті шаһарға айналды. Астаналықтардың саны миллионнан асты. Елордада халықаралық маңызы зор алқалы басқосулар жиі өте бастады. Жалпақ әлем қазір Астананы жақсы біледі. Қазақстанның бас қаласының қазіргі қарқынды дамуына инвесторлар да қызығушылық танытып отыр. Олар қаржысын Астанаға құюға ынталы. Себебі Астана үлкен қаржы орталығына айналатынына сенімді. Экономикалық форумға келген мәртебелі меймандардың басым бөлігі республика елордасы қарқынды дами береді деген көзқараста. Өйткені олар 20 жыл ішінде Астананың қаншалықты алға кетіп қалғанын қадағалап отыр. Басқасын айтпағанның өзінде, халықаралық экономикалық форумның дәстүрлі түрде Астанада өткізілуінің өзі көп жайтты аңғартса керек. Ал елордада өткен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің ыстығы әлі басыла қойған жоқ. Бұл көрме Астананың абыройын асқақтатқаны айдан анық. Экономикалық форумда да бас қаланың бүгіні мен болашағы жайлы жағымды пікірлер айтылды. Қазақстан Президенті де әлем көз тіккен халықаралық көрменің енді халықаралық қаржы орталығына айналғанын тілге тиек етті. Астана инвесторлар үшін ашық екенін айтты. Бірлесе тиімді жұмыс істеуге шақырды. Сонымен бірге форумға келген мəртебелі меймандарды осы қаржы орталығының ресми ашылу салтанатына қатысуға шақырды. – Бүгінгі мүмкіндікті пайдалана отырып, сіздерді аталған қаржы орталығының ағымдағы жылғы 5 шілдеде өтетін ресми ашылу салтанатына шақырамын, – деді Қазақстан Президенті. Форум барысында «Жасыл технологиялар жəне инвестициялық жобалар халықаралық орталығының» да таныстырылымы ұйымдастырылды. Бұл орталық та «ЭКСПО-2017» базасында құрылған. Негізгі міндеті – алдымен Қазақстанда, онан кейін Орта Азия елдерінде технологияларды дамыту арқылы әлем жұртшылығын қатты алаңдатып отырған экологиялық проблемаларды шешу. Орталықтың ұстанған бағыты – энергетикалық секторды трансформациялау, трансферт жəне жаңа технологиялар мен үздік тəжірибелерге айрықша назар аудару. Біріккен Ұлттар Ұйымының бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мун, Нобель сыйлығының лауреаты Рае Квон Чунг, БҰҰДБ-ның Қазақстандағы тұрақты өкілі Норимаса Шимомура, Францияның индустрия, энергетика жəне цифрландыру жөніндегі министрі Эрик Бессон, тағы да басқа танымал саясаткерлер бұл орталықтың болашағы зор екенін айтып, жоғары баға берді.  width=

«ЖАСЫЛ ЭКОНОМИКА» ЖАЛҒАСАДЫ

Қазіргі уақытта Қазақстанда энергетикалық революция, «Жасыл экономика» жалғасын табуда. Өйткені бұл уақыттың талабы. Бүкіл әлем таза энергияға бет бұрды. Сондықтан да мұны жаһандық тренд деп бағалап үлгерді. Бұған байланысты нақты деректер мен дәйектерге сүйенетін болсақ, жыл сайын балама энергия көздерінің көлемі айтарлықтай артып келеді. Соңғы 30 жылдың ішінде жаңғырмалы энергия мөлшері 13 есеге дейін артқан. Кейінгі бес жыл көлемінде күн панельдері арқылы энергия алу құны екі есеге жуық арзандаған. Күнделікті ақпараттан белгілі болып отырғанындай, қазір көп ел үнемге баса назар аударады. Соның айқын бір айғағы – электромобильдер. Қазақстанда бұл сала соншалықты қарқын алып кете қойған жоқ, бірақ экономикалық өрлеуге бағыт-бағдар ұстанған мемлекеттерде электромобильдерге бетбұрыс ерекше байқалып отыр. Осы арқылы қоршаған ортаны тазартуға да жол ашылады. Яғни, жер-жаһанды алаңдатып отырған экологиялық мәселенің түйіні де тарқатылар еді. «Егер автопаркті электрокарлар алмастыратын болса, бұл жер бетіндегі ауаны 200 жыл бұрынғы деңгейге дейін тазартуға мүмкіндік береді», – деді Қазақстан Президенті. – Табиғи ресурстарға əлемдік сұраныстың сақталып отырғанына қарамастан, дəстүрлі энергия көздері бүгінде айтарлықтай басымдыққа ие бола алмай тұр, қазір ол көптеген мемлекеттер үшін жоғары табыс көзі емес. Осы орайда энергетикалық нарықтардың барлық ірі ойыншылары, яғни корпорациялар мен елдер жаңа энергетикаға көлемді инвестиция салумен айналысуда,– деді Президент. Жаңа технологиялар туралы әңгіме болған жерде, қоршаған ортаны қорғау мәселесі де қатар жүретіні белгілі. Бұл жолы да солай болды. Біріккен Ұлттар Ұйымының бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мун форумға қатысушылардың назарын баламалы энергетикаға аударды. «Осы бағытты ұстанған Қазақстан көшбасшылардың қатарында. Қазақстанның 2013 жылы жасаған «Жасыл экономикаға» көшу концепциясы Еуропалық одақтың бағыттарына сайма-сай келеді. Қазақстанның 2050 жылы энергияның 50 пайызын баламалық қуат көздерінен аламыз деген міндеттемесі бар. Және Президент Назарбаев 2017 жылы іске қосқан «Жасыл технологиялардың халықаралық орталығы» Қазақстанға бұл міндеттемелерді орындап, әлемдік көшбасшы болуға жақсы құрал болады деп ойлаймын. Баламалы қуат көздерін дамытуға тырысып-ақ жатырмыз. Алайда қоршаған ортаны ластауды да қояр емеспіз», – деді белгілі саясаткер. Баламалы энергетика саласын қарқынды дамытуға байланысты Қазақстан Президенті айтқан ұсыныс форум делегаттарын қатты қызықтырды. Сондықтан болса керек, олар белсенді түрде атсалысқан тақырыптардың бірі осы. Тіпті, керек десеңіз, Елбасының ұсынысын іліп алып, «Өндіріс орындарын жаңартылған энергия көздеріне бейімдемейінше, экономикада серпінді алға басу мүмкін болмайды» деген де ой айтылды. Қазақстан осыдан төрт жыл бұрын «Жасыл экономика» тұжырымдамасын қабылдап, соған сай 2030 жылға қарай энергетикалық баланстағы баламалы қуат көзін 30 пайызға жеткізуді көздеп отыр. Егер бұл мақсат ойдағыдай орындалатын болса, онда баламалы энергия өндіруге байланысты міндеттерді орындау бойынша Қазақстан басқа мемлекеттердің алдына суырылып шығатын түрі бар. Осындай мақсатты ұмтылыстың бар екенін байқаған Нобель сыйлығының иегері Рае Квон Чунг: «Қазақстанда қазіргі күні «Жасыл экономикаға» айрықша бетбұрыс байқалады. Қазақстан баламалы энергетиканы дамытуға білек сыбана кіріссе, жел энергиясын Қытай, Корея мен Жапония елдеріне тасымалдай алады. Ол үшін Моңғолияның энергетикалық жүйесіне қосылу қажет. Сондай-ақ, сіздердің елдеріңіз қолға алып жатқан «Жасыл көпір» бағдарламасының да берері мол»,– деді. Энергетика министрі Қ.Бозымбаев өзі басшылық жасап отырған саладағы жақсы істер мен тәжірибелер, осы бағыттағы жоспарлар жайлы былай деді: «Көптеген елдер үшін «жасыл экономика» мемлекет экономикасының өсуі мен азаматтардың əл-ауқатын арттырудың драйверіне айналды. «Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасын іске асыру жылдарында заманға лайықты энергия үнемдеу жүйесінің негізі құрылды».

 ХАЛЫҚ КӨП, АЗЫҚ-ТҮЛІК АЗ

 Қазақстан Президенті айтқан мәселелердің бірі осы – жер шары тұрғындарының саны өте жылдам қарқынмен өсіп келеді. Бұл ретте ең басты ескеретін нәрсе не? Нұрсұлтан Назарбаев форумға қатысушылардың назарын осыған аударды. «Агроөнеркәсіп кешенінің өнімділігі мен ресурстарды пайдалану тиімділігін айтарлықтай арттыру қажет. Бұл сала енді жоғары технологиялық салалардың біріне айналуға тиіс. Қазақстанда заманауи жетістіктерді қолдана отырып, бес жылда агроөнеркәсіп кешенінің өнімділігін 2,5 есе арттыру мақсаты қойылып отыр», – деді Елбасы. Соңғы деректерге қарағанда, көптеген мемлекеттерде халықтың өсімі өте жоғары. Сонымен бірге бірқатар елдерде адамдардың өмір сүру жасы артқаны байқалып отыр. «Соңғы онжылдықтағы ғылыми-техникалық прогрестің жетістіктері адам өмірінің орташа ұзақтығын айтарлықтай ұлғайта түсті. Соңғы 70 жылда ол 23 жылға, яғни 48-ден 71 жасқа дейін өсті. Қазақстанда бұл көрсеткіш тек тəуелсіздік жылдарының ішінде ғана 65 жастан 72,5 жасқа жетті», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазір Қазақстан агломерацияны дамыту стратегиясын қолға алған. Оған дәлелді алыстан іздеудің қажеті жоқ. Күні кешеге дейін миллион тұрғыны бар жалғыз қала Алматы еді. Енді оның қатарына Астана мен Шымкент қосылды. Бұл бағыттағы стратегия мемлекеттің басты назарында. Оған дәлел – Қазақстанның бас қаласы – Астананың 20 жылдығына орай осы жылғы 5 шілде күні Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан елдердің ірі қалаларының форумын өткізу жоспарланып отыр. Иә, Қазақстан Президенті атап өткендей, әлемдегі демографиялық өсім мен өзгеріс ерекше. Осы ғасырдың ортасына таман жер шарын мекендейтін халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін қазіргі деңгейден 60 пайызға көп азық-түлік өндіруге тура келетін түрі бар. Ал адамзаттың бұған шама-шарқы жете ме? Жоқ, әрине. Өйткені азық-түлік ресурстары көп елде шектеулі. Оған қоса әлемде су тапшылығы тағы бар. Бұл проблеманы шешудің жолдары жоқ емес, бар. Ол үшін ауыл шаруашылығы саласына ең алдыңғы қатарлы, тиімді де пайдалы технологияларды енгізу қажет.

ЕҢБЕК НАРЫҒЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ МЕН ӨЗГЕРУІ

Global Challenges Summit 2018 форумында Елбасы «Жаһандық еңбек нарығының өзгеруі əлемдік өзгерістерге ықпал еткен бес негізгі үрдістің бірі» деп атады. «Таяу болашақта əдеттегі еңбек күшінің 80 пайызын роботтандырылған жүйелер алмастыратын болады. Бұл мəселенің басты шешімі – білім беру жүйесін реформалау. Білім беру ісінде креативті ойлау, қажетті ақпаратты таба білу, оны ұтымды пайдалану машықтарын үйретуге көшу керек. Техникалық прогрестің жылдамдығы қазіргі адамнан бірнеше мамандықты меңгеруді жəне өмір бойы білім алуды талап етеді. Қазақстан бұл бағытта тиісті жұмыстарды жүргізуде. Біз бұл сынаққа дайындалдық жəне əлі де дайындық үстіндеміз», – деді Елбасы. Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде «Болашақ» бағдарламасының қолға алынуының түп-төркіні осында. Ширек ғасыр ішінде 13 мыңнан астам адам шетелде білім алды. Қазір 70 мың стипендиат шетелде оқып жатыр. «Білім сапасы əлемдік деңгейдегі өз университеттерімізді де аштық. Олардың қатарында Назарбаев университеті, Қазақстан-Британ техникалық университеті, Қазақстан менеджмент, экономика жəне жоспарлау институты, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті бар. Аталған оқу орындарында біліктілігі жоғары мамандар əзірленуде. Мемлекет грант санын көбейтуге, студенттердің өмір сүру деңгейін жақсартуға күш салуда. Өткен жылы жастарға арналған тегін кəсіптік- техникалық білім беру бағдарламасын іске қостық, осы бағдарлама бойынша жастар алғашқы мамандығын алады, жұмысқа орналасады, əрі қарай өз өмірін жоспарлайд», – деді Елбасы. Форумға келген мәртебелі мейман, әйгілі физик Ми-тио Каку келешекте медицина саласында үлкен өзгерістер болатынына сенімді. «Мен алдағы 30-100 жылға қатысты оптимистік көзқарастамын. Болашақ 30 жылда компьютерлік чиптер өте арзан тұратын болады. Компьютер сөзі ағылшын тілінен жоғалады. Интернетті тіпті көз линзаларында да қолдануға болады. Ол жарқ етсе, сіз онлайн тəртіпте интернетке шыға аласыз. Сонымен қатар медицина революцияландырылады. Себебі чиптер тегін болады. Шағын ғана микроскопиялық чиптер сіздің ішкі ағзаларыңызды фотосуретке түсіреді. Бұл да адам жасын ұлғайтуға септігін тигізеді. Сонымен қатар алдағы жақын болашақта адамзат баласы трансплантациялауға арналған органдарды зертханаларда өсіріп, дамыта алады. Сіз өз бауырыңызды зертханада дамып-жетілген бауырға алмастыра аласыз. Сол сияқты бұл чиптер де интеллектуалды болады», – деді белгілі ғалым.

 АЛЫС-БЕРІС АРТАДЫ

 Астана экономикалық форумында тек сындарлы пікірталас қана емес, сонымен бірге өзара тиімді келісімдер де жасалды. Соның бірі – Еуразиялық экономикалық одақ пен Иран арасында еркін сауда аймағы туралы уақытша келісім. Тараптарға бұл уағдаластықтың берері қандай? Алдымен айтарымыз, бірқатар тауарлар бойынша кедендік баж салығы әжептәуір төмендейді. Бұл үш жыл уақытқа дейін сақталады. Мәселен, енді Иран 246 тауарға, ал Еуразиялық экономикалық одақ елдері 175 тауарға тарифтік жеңілдік жасамақ. Қазақстанның Иранға шығаратын экспорттық тауарлары 100-дің үстінде. Соның бәріне Иранда кедендік баж салығы төмендейді. Оның ішінде сиыр еті, қой еті, сары май, ноқат, бұршақ, жасымық, арпа, күріш, өсімдік майлары, макарон өнімдері, кондитерлік өнімдер, болат прокаты, рельстер, аккумуляторлар жəне тағы басқа өнімдер бар. Иран мемлекетінің де Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне жіберетін тауарлары жеткілікті. Оның басым бөлігі азық-түлік өнімдері мен тұрмыстық заттар. Енді ирандықтардың өз өнімдерін он пайыз жеңілдікпен тасымалдауға мүмкіндігі болады. Осындай уағдаластықтан кейін Қазақстан мен Иран арасындағы сауда-саттық бұрынғыдан да жандана түспек. «Еуразия бірыңғай экономикалық кеңістігін қалай құруға болады?». Бұл форумда талқыланған тақырып. Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Тигран Саркисян былай деді: «Қытай Халық Республикасы экономикалық өсудің жаңа тұжырымдамасын ұсыну барысында бірлесіп жұмыс жасауға мүдделі екенін білдірген болатын. Бекітілген келісімшарт негізінде екі жақта да тауар айналымындағы бəсекеге қабілеттілік артып, тұтыну көлемінің ұлғаятыны түсінікті. Қытаймен жасалған ортақ келісім бір бағытта шектелмей, экономиканың барлық салаларындағы тауар айналымы қамтылып отыр». Қазақстан Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин біздің ел мен Қытай мемлекеті арасында жасалған «Бір белдеу, бір жол» жобасына биыл бес жыл толатынын айтты. Осы жобаға байланысты Қазақстанда инфрақұрылымдық жұмыстар жүзеге асып келеді. Соның бірі – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай дəлізі». Осының нәтижесінде автожолдар жақсарды. Осындай жұмыстар алдағы уақытта жалғаса бермек. Қытайдың министр дəрежесіндегі xалықаралық сауда өкілі Фу Цзьин өз елінде электронды коммерцияның жақсы дамығанын мысалға келтірді. Интернет арқылы сауда жасаудан түсетін пайданың өзі – 100 млн доллар. Бұл сауда-саттықта Еуропа мен АҚШ-тың үлесі басым. Енді оған Еуразиялық экономикалық одақ елдері қосылатын болды.

 АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМНЫҢ КЕЛЕШЕГІ ҚАНДАЙ?

 «Азаматтық қоғамның болашағы. Жаңа азаматтық белсенділік». Астана экономикалық форумында осындай тақырып та талқыланды. Дін істері жəне азаматтық қоғам министрі Дархан Кəлетаев азаматтық қоғамның дамуы жөнінде бірқатар өзекті мəселелерге тоқталды. «Қазақстан əлемдік трендтермен бір бағытта даму үстінде. Мемлекет басшысы ғаламдық дамудың басты бес мегатрендін атап өтті. Бұл ретте, Астана экономикалық форумы аясында біз азаматтық қоғамның келешегіне көз салуды жөн санадық. Жаңа азаматтық позитивтік белсенділік халық пен мемлекет өміріне қалай ықпал ететінін талқылау үшін беделді сарапшыларды шақырдық», – деді Д.Кəлетаев. Қазір қоғам өмірінде әлеуметтік желілердің орны зор. Адамның ой-санасына да оның ықпалы бар. Министрдің пікіріне қарағанда, əлеуметтік желілер мен интернет азаматтық белсенділіктің виртуалды түрін ашып отыр. Осы арқылы енді əрбір адам мемлекеттік бастамаларды, қоғамдық мəселелерді талқылауға қатыса алады. Нақты ұсыныстар айтуға мүмкіндігі бар. «Hertie» мемлекеттік басқару жоғары мектебінің президенті, əлеуметтанушы Хельмут Анхейер: «Мемлекет пен азаматтық қоғам институттары арасындағы өзара сенім өте маңызды. Көптеген елдерде Үкімет азаматтық қоғамды оппозиция немесе қоғамға қарсы ықпал ететін ұйым ретінде көреді. Бірақ, меніңше, олар өздерінің қоғамдағы рөлін түсіне отырып, тиімді ықпалдаса алады», – деді.  

Ғалым ОРЫНБАСАРҰЛЫ

Астана.

Серіктес жаңалықтары