Сәлем берудің де салты бар

Сәлем берудің де салты бар

Сәлем берудің де салты бар
ашық дереккөзі
746

Қазақтың өткен тарихына зер салсақ, тұнып тұрған мәдениетті байқаймыз. Мәдениетті көбі салт-дәстүрмен шатастырып жатады. Мен салт пен дәстүрді мәдениетке жатпайды демеймін. Қазақстан Республикасының «Мәдениет туралы» Заңы 1-бабының 4-тармағында: «Мәдениет – адамзат жасаған әрі жасайтын және жеке адамның жарасымды дамуына, Қазақстан Республикасы азаматтарының отаншылдығын тәрбиелеуге және эстетикалық қажеттіліктері мен мүдделерін қанағаттандыруға бағытталған материалдық және рухани құндылықтар жиынтығы» делінген. Демек, мәдениет дегеніміз – материалдық және рухани құндылықтар жиынтығы. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының екінші томында (142 бет): «Абай босанып далаға шыққанда, көшеде үш әсем жирен ат жеккен жаңа қара күйме тосып тұр еді. Ішінде отырған Мәкіш, Салтанат, Ербол үшеуі Абайға қарсы қуана ұмтылысты. Мәкіш, Ербол екеуі Абаймен құшақтасып амандасты» деген жолдар бар. Бұл үлкенді сыйлау, сәлем беру секілді ұлттық мәдениетіміздің рухани көрінісі. Ал, асыл дініміз Исламда: «Уа, иман келтіргендер! Өздеріңнің үйлеріңнен басқа үйлерге қашан үйренісіп, иелеріне сәлем бермейінше кірмеңдер. Солай еткендерің өздеріңе жақсы, бәлкім, үгіт аларсыңдар» делінген Нұр сүресінің 27-аятында. Бұл ұлттық мәдениетіміздің Ислам дінімен сабақтасып жатқандығының бір айғағы. Осыдан бірнеше ай бұрын әлеуметтік желілерде келіннің сәлем салуы үлкен дау-дамайға айналды. Біреулер кінә деді, күнә деді. Бірі жоққа шығарды, бірі қолдап қолпаштады. Турасын айту үшін туғаннан кітапты қолынан тастамаған этногроф ғалым немесе профессор болу шарт емес. Жай ғана ойлану керек. Келін өзінің ата-енесін, қайын ағалары мен әпкелерін көргенде қол алып амандаса алмағандықтан иіліп сәлем береді. Келіннің сәлем салғанын көрген үлкендер «Көп жаса, өркенің өссін, бақытты бол» деп, осы тектес жақсы сөздермен жауап қатады. Қазақтың қаймағы бұзылмаған, салт-дәстүрді жақсы сақтаған жерлері деп ОҚО, Қызылорда облысы мен Маңғыстау облыстарын айтамыз. Осылай бола тұра үш аймақ келіндерінің сәлем салуы үш түрлі дегенді естіп, тағы налисың. Не де болса иіліп сәлем салу кішіпейілдік пен құрметтің, тәрбиеліліктің, инабаттылық көрінісі. Бүгінде қазақ отбасылыры құмарта көретін үнді, жапон, корей телехикаялары өздерінің мәдениеті мен дәстүрін қалай дәріптейтінін көз көріп жүр. Біздің отандық телехикая немесе телефильмдердің қайсысында осы дәстүрімізді көрсеттік? Дәстүрімізді дәріптеудің орнына, кейбіреулер керек етпейтіндігін жарияға жар салуда. Өркениетті, дамыған 50 елдің қатарына кірдік, әлем назары бізге ауа бастады. Ендеше ұлттық дәстүрімізді жүрегі қазақ деп соғатын әрбір қандастарымыз мейлі ол Солтүстік Қазақстаннан болсын, Шығыс Қазақстаннан болсын барша ел азаматтары ұстанатын шақ жетті.

Шет мемлекеттерге «Қазақ халқының ұлттық дәстүрі» – деп айта алатындай дәстүріміз бар ма? Әрине бар. Бар дейін десек, бір дәстүрдің бірнеше түрі болғандықтан қайсысын айтарымызды білмейміз. Мәселен, бір ғана беташардың көптеген түрі бар, оқтаумен ашу, домбырамен ашу, аймақтарда Оңтүстік Қазақстанда басқа, Батыс Қазақстанда басқа... Ал, ең сорақысы, қайтыс болған адамды жерлеу рәсімі, жаназа шығарудың өзі әр түрлі, ас беру мен бермеу шарттарын түсіне алмай келеміз. Дініміз – біреу, дәстүріміз – бірнешеу. Бірақ, бір қуантарлығы жақын арада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Қайтқан адамды жерлеу және өзге де амал шарттары» туралы кітабы жарыққа шыққалы жатыр. Осы тектес кітаптар жарық көргеніне күллі қазақ даласы мен баласы дән риза. Бір жағынан оқырмандар сұранысын толықтай қамтамасыз етіп жатпағаны, санаулы болғаны өкінішті, әрине. Бұның өзі – бір тақырып.

Сонымен, дініміз бен дәстүріміз, мәдениетіміздің түрі көп болып тұр. Қала берді дамыған жиырма бірінші ғасыр өз кезегінде ұлттық мәдениетімізге өзгешеліктер алып келуде. Осының бәріне тойтарыс беріп, барлық дәстүрді бірізділікке түсіруге ел басшылары, дін басшылары шама-шарқынша қызмет етуде. Атап айтсақ, біздің ұлттық мәдениетіміз ислам дінімен тығыз байланысты. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы: «Хиджап төңірегінде көптеген түсініспеушіліктер туындағаны бәріңізге белгілі. Сондықтан да, біз мамандарға арнайы тапсырыс арқылы мұсылман қыздары күнделікті киетін дәстүріміз бен дінімізге сай киімдерді тіктіріп жатырмыз», – деді, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұжымымен кездесу барысында. Бұл бір ғана мәселенің шешімі. Енді қалған мәселелерді қалыпқа келтіруде міндетті түрде БАҚ-қа жүгінуге тура келеді. Үстіміздегі жылдың қаңтар айынан бастап ел басшыларының шешімімен «Білім», «Мәдениет» телеарналары біріктіріліп тәулігіне 18 сағат қызмет көрсететін «білім және мәдениет» арнасы ашылды. Қазірде аталған арна ғылым мен білімді, ата-бабаларымыздан мирасқа қалған ұлттық құндылықтарымызды насихаттауда. Атырау облыстық мәдениет басқармасының бастығы Әуез Құлжанов бір сұхбатында: «Ұлттық мәдениет заман көшінен қалмауға тиіс», – деді. Иә, Әуез мырзаның айтқаны дұрыс-ақ. Дегенмен, заман көшіне ілесеміз деп ұлттық мәдениетіміздің бояуын кетіріп алып жүрмейік.

Арман Құдайберген,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

Серіктес жаңалықтары