Ерекше қала еркін қанат жаюда

Ерекше қала еркін қанат жаюда

Ерекше қала еркін қанат жаюда
ашық дереккөзі
1054
Астананың архитектурасы мен кескін-келбеті туралы елорда тұрғындары мен қонақтары таңдай қағып, тамсана айтып жатады. Шынында да бар-жоғы жиырма жыл ішінде Арқа төсінде сәулетті қала салынды. Басқа шаһарларға тіпті де ұқсамайды. Бітімі бөлек. Ерекше. Мақтаныш етесің, марқаясың. Құрылыс мұнымен тоқтап қалмақ емес. Келешекте қала қанатын кеңге жая береді. Өйткені Астана тұрғындарының қатары күн санап өсіп жатыр. Қазір бір миллионның үстіне шықты. Алдағы аз уақытта Астана тіпті әлемдегі үлкен қалалардың бірі болуы әбден мүмкін. Себебі Астананың бас жоспарына қарасаңыз, елорданың келешегі зор. Оны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев талай басқосуда айтып жүр. Күні кеше табысты аяқталған Астана экономикалық форумында да бас қала асқақтай беретінін баса айтты. Сонымен Астананың келешек сәулеті қалай болады? Қандай жаңа нысандар бой көтереді? Жаңа сәулет өнерлерінің артықшылығы мен ерекшелігі неде? Осындай сауалдарға жауап іздеп көрейік. «Астана бас жоспары» ҒЗЖИ» директоры Сәрсембек Жүнісовтің айтуына қарағанда, елорданың көркемдік кескін-келбеті осы заманның сәулеттік стиліне сай. Түсінікті тілмен айтқанда, Астана арқылы Еуразия кеңістігіндегі ерекше мәдениет пен халықтар симбиозы көрініс табуы тиіс. Сондықтан да қаланың өзіне тән айрықша әрі маңызды нысандарын жобалауға әлемдік сәулетшілерді тарту жалғаса бермек. Айталық, Бейбітшілік пен келісім сарайы жұрттың аузында «Пирамида» деп аталып кетті. Сырт қарағанда, пирамида үлгісінде салынған ғимарат екені рас. Танымал сәулетші Норман Фостердің негізгі ойы бұл нысанды бейбітшілік пен келісімнің ордасына айналдыру еді. Мақсат орындалды. Ерекше құрылыс салынды. Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясының жақында ғана өткен сессиясында енді бұл ғимарат Достық үйіне айналатындығын жеткізді. Айналып келгенде, «Пирамида» бейбітшілік пен достықтың орталығы болып қала береді деген сөз. Ғимарат – көп нысандардың бірі емес, бірегейі. Ең бастысы елордада басқа қалаларда кездесе бермейтін сәулеті бөлек жобалар жүзеге аспақ. Бұл үшін атақты әлемдік сәулетшілерді Астанаға тарту жалғаса бермек. Жалпы, 2030 жылға қарай Астана тек сәулетті қала ғана емес, сонымен бірге Еуразия кеңістігіндегі құлашын кең жайған, іскерлік пен мәдениеттің, ғылымның қыз-қыз қайнаған орталығына айналуы керек. Астананың бас жоспары осыған сәйкес қайта жасалды. Оны әзірлеген белгілі жапон сәулетшісі Кисе Курокава. Осы жоспарда елордада көліктік инфрақұрылымды дамыту – негізгі мақсаттың бірі. Өйткені шаһарда құрылыс кең қанат жайып, тұрғындар қатары өсумен бірге, көлік те көбейді. Қазірдің өзінде көлік кептелісі болып қалады. Ал келешекте бұл өзекті мәселеге айналуы әбден мүмкін. Сондықтан да көлік инфрақұрылымын дамыту қажеттігін жобалаушылар жақсы түсініп отыр. Қазір Астанада тұрғын үйлердің құрылысы өте қарқынды. Енді сол тұрғын үйлерді жобалағанда оның маңайында мектеп, балабақша, сауда-тұмыстық және демалыс орындары, саябақтар мен спорт нысандары қоса қабат жүргізіліп келеді. Бұл тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі үшін қолайлы жағдай жасау деген сөз. Астананың басқа бөліктерімен көліктік қарым-қатынастың да жақсы болуы бас жоспарда ескеріліп отыр. Елорданың ауқымы күннен-күнге кеңейіп келеді. Жаңа аудан – «Байқоңыр» ашылды. Сол жағалауда сәулеті бірінен бірі өтетін тұрғын үй кешендері, «Мыңжылдық аллеясы», Мәңгілік Ел, Тұран даңғылдары, «ЭКСПО-2017» көрме кешені, «Жағалау», «Саранда» тұрғын аймағы, Familу Villagе коттедж қалашығы Астананы одан әрі айшықтай түсті. «Бес әлеуметтік бастама» көтерген Елбасы өңірлерде ғана емес, республика орталығында да тұрғын үйлердің құрылысын қарқынды жүргізуге тапсырма бергені мәлім. Бас жоспарға сәйкес 2020 жылға қарай тұрғын үй қоры 23,7 млн шаршы метрге жетуі тиіс. Орта есеппен алғанда бір адамға тұрғын үймен қамтамасыз ету 22,2 шаршы метрді құрайтын болады. Ал 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 30 шаршы метрге жетпек. Жұртшылық жақсы біледі, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Астана қаласының маңында «жасыл белдеуді» жасау, оны Щучье-Бурабай шипажай аймағының табиғи аймағына қосу бойынша жұмыстар ерекше қолға алынған болатын. Қазір Астана жасыл қалаға айналып үлгерді. Жасыл желек, тал-терек көп. Желкілдеп өсіп келеді. Бас жоспарға сәйкес, елордада жасыл көшеттер алаңы 2030 жылға дейін 36335 гектарға жетеді. Бұл қаланың жалпы аумағының 51 пайызы. Астананың агломерациялық аумақтар кешенін дамыту да назардан тыс қалып отырған жоқ. Бұл үшін қаланың шет аймақтарын, оларға іргелес агломерациялық аумақтарды инфрақұрылымдық қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді. Сонымен бірге Астанамен іргелес өңірлермен бірлесе отырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, агломерация аумағында индустриялық аймақтарды құру, құрылыс индустриясын, рекреациялық және туристік қызметтерді дамыту мәселесі де ойдағыдай. Бір сөзбен айтқанда, Астана қанатын кең жая береді. Астана – келешектің қаласы. Елорданың болашағы зор болады. Астаналықтар алдағы уақытта бас қаланың өсіп-өркендей беретініне кәміл сенеді. Жасай бер, жайнай бер, Астана!  

Ғалым Орынбасарұлы

Астана

Серіктес жаңалықтары