Еңсесі биік Ер Едіге

Еңсесі биік Ер Едіге

Еңсесі биік Ер Едіге
ашық дереккөзі
1321
Ақтөбе облыстық Ішкі саясат басқармасы және Сақтаған Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің ұйымдастыруымен таяуда «Ер Едіге және ХХІ ғасырдағы қоғамдық сана» тақырыбында Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өткен еді. Конференцияға ЮНЕСКО-ның жаһандық геопарктер бойынша Ұлттық комитеті серіктестік жасады. Ресей Федерациясының Самара қаласы, Татарстан, Башқұртстан, Қарашай-Шеркес Республикасы, Қарақалпақстан, Түркия, Астана мен Алматыдан танымал ғалымдар, зиялылар қатысты. Мұның да өз себебі бар, облыстың бес ауданында Ер Едігеге қатысты тарихи-танымдық конференция өтіп, нәтижесінде бектербегінің өмірден озған жеріне, Елек өзені мен Ортаңғы Бөрте аралығына Белгітас қойылып еді. Едіге есіміне көше атауы беріліп, ескерткіш орнату мәселесі оңынан шешіліп жатқаны да қалың жұрт үшін шын қуаныш. Ер Едіге – есімі ел есінде сақталып, ақылдылық пен қайырымдылықтың үлгісі есебінде жырларға қосылып, бірте-бірте күллі түркі халқының қасиетті әулие адамына айналған тұлға. Ол қазақ халқына «Едіге батыр» тарихи-қаһармандық эпосы арқылы кеңінен мәлім. Фольклортану ғылымының білгірі, академик Сейіт Қасқабасов: «Қырымның қырық батырында» Алтын Орда, Ноғай Ордасы, Қазақ хандығы тұстарындағы билеушілердің қаһармандық шежіресі тұтастанудың барлық үлгісі арқылы жыр түрінде баяндалған да, үлкен эпопеяға айналған. Ал эпопеяның алтын діңгегі – «Едіге туралы жыр», – дейді. Олай болса, атақты «Қырымның қырық батырын» «Едіге» эпосынан бөліп қарау мүмкін емес. 1944 жылы совет өкіметі эпосты айтуға тыйым салды. Орта мектеп пен жоғары оқу орны бағдарламасынан алынып тасталды. Тәуелсіздіктің арқасында қайыра зерттелуде. Қазіргі күні «Едіге батыр» жырының оңтүстіктегі Түркімен, Өзбек Республикаларынан бастап, Сібір татарларына дейінгі түркілер арасында, алыс шетел Түркия мен Румыния жерлеріндегі түркілерде сақталғаны айқын болып отыр. Елуге тарта нұсқасы бар. Олардың кейбіреулерінің көлемі отыз мың жолға жетеді. «Едіге» эпосы – Алтын Орда дәуіріндегі ата-бабаларымыздың кейінгіге қалдырған үлгі-өсиеті, асыл аманаты. Күні кеше ғана күркіреп тұрған мемлекетін, рухани бірлігін, тұтастығын, басынан ұшқан бағын жоқтауы, жан дауысы, имандай сыры. Түркі халықтарын рухани жағынан ғана емес, этностық жағынан да қайта табыстыратын өсиет сөздің «Едіге» эпосынан орын алуы да бұл жырдың озықтығының бір қыры болып табылады. Ұлттық версиялардың бәріне ортақ сарын: «Едіге деген ер еді, елдің қамын жер еді» болып келеді. Яғни, Едіге – түркі халықтарының сүйіктісі. Айрықша бөліп айтарлық бір жағдай, бұл шараға ЮНЕСКО-ның өкілі Асқар Ерімбетовтің арнайы келуі болды. Конференцияға қатысушыларды құттықтаған А.Ерімбетов өз сөзін былай деп түйіндеді: «Ер Едігенің есімі шығыс пен батысқа оның замандастары ибн Арабшах, Әли Жезді, Р.Клавихо, ортағасырлық атақты тарихшылар Қадырғали Жалайыр, Әбілғазы баһадүр хан, кейінгі Н.Карамзин, Ш.Уәлиханов, В.Бартольд, М.Жирмунскийдің еңбектері арқылы мәлім. Едігенің 1399 жылғы 12 тамыз күнгі Борсықтыдағы жеңісі тек түркі халықтарын ғана емес, орыс халқын да жойылып кетуден аман сақтап қалғанын орыстың ұлы тарихшылары Н.Карамзин («История государства Российского») мен Л.Н. Гумилев («Древняя Русь и Великая степь») өздерінің іргелі еңбектерінде нақты атап көрсеткен. Олай болса, 12 тамызды түркі халықтарына ортақ мереке күні деп атап өтуге болар еді деп ойлаймыз. Біздің бірегей мәдени мұрамыз «Едіге батыр» тарихи-қаһармандық эпосының дүние жүзі фольклорының алтын қорынан ойып орын алатын айтулы туынды екенін оны зерттеуші ғалымдар бірауыздан әлдеқашан мақұлдаған. Эпостың ноғай, қарақалпақ тілдеріндегі нұсқаларының тек орыс тіліне ғана емес, ағылшын тіліне тәржімәлануы жер жүзі әдебиеттанушыларының назарын аударуда. Яғни, «Едіге батыр» тарихи-қаһармандық эпосы қазіргі күні ағылшын тілі арқылы әлемге танылуда. Эпостың қарақалпақша нұсқасы Қарақалпақстандағы орта мектептерде оқытылып жатқанынан да хабардармыз. Біз осы конференциядан кейін «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр» жырлары сияқты «Едіге батыр» эпосы да Қазақстандағы орта мектеп бағдарламасына енеді деп үміттенеміз», – деді. ЮНЕСКО өкілінің бұлай деуінің себебі, Ер Едіге – эпос қаһарманы ғана емес, дүние жүзіне танымал тарихи тұлға. Өмірбаяны туралы деректер жоғарыда айтылғандай, аттары әлемге танылған ғалымдардың еңбектерінде кездеседі. Әскербасылығы жер жүзіне мәшһүр Литваның ұлы князі Витовт ХІV ғасырдың соңында қазіргі Польша, Украина, Беларусь жерлерін билеп, Ресей князьдіктерін де жаулап алып, өзін «Литва мен Русьтің Ұлы князі» деп жариялаған еді. Мәскеудің тағдыры шешіліп тұр деп есептеген Витовт енді Алтын Орданы басып алуға талап қылды. Зеңбірек сүйретіп, мылтық асынған, Еуропаның жеті елінің ең таңдаулы әскерінен құралған жасанған жауды Едіге өзінің дарынды қолбасшылығы арқасында 12 тамыз күні Борсықты дейтін жерде талқандайды. Сөйтіп, күллі түркі халқын көрініп келген апаттан сақтап қалады. «Княжеские междоусобия могли закончиться погибелию нашего отечества: Литва, Польша, Венгрия... могли бы разделить оное; тогда мы утратили бы и государственное бытие и Веру, которые спаслися Москвою, а Москва обязана своим величием Ханам…», – деп жазады орыстың атақты тарихшысы Н.М. Карамзин «История государства Российского» деген әйгілі кітабында. «Москваны Борсықтыдағы жеңіс сақтады», – дейді Л.Н. Гумилев «Древняя Русь и Великая степь» атты еңбегінде. Л.Гумилев атындағы ұлттық университеттің «Отырар кітапханасы» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, «Алаш» сыйлығының лауреаты, профессор Тұрсын Жұртбай өз сөзінде Едігені білу дегеніміз – өзіңді өзің тану екенін, бектербегінің тұлғасы түркілерді бірлікке шақыратынын нақты дәлелдермен ашып көрсетті. Әуелде жыраулар шығарған тарихи-қаһармандық эпостың астарлы сөзін танып-білудің жолдары турасында пікір қозғады. Ресейдің Қарашай-Шеркес гуманитарлық зерттеулер институтының ноғай бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы Нәсіпхан Сүйінова өзінің 2016 жылы Ресей Ғылым академиясының «Наука» баспасынан шығарған «Эдиге. Ногайская эпическая поэма» атты 45 баспа табақтық кітабы туралы айта келіп, «Едіге» эпосының ноғайша нұсқаларына әлем түркітанушыларының назары ауып отырғанына екпін берді. «Едігенің» Ә.Сикалиев варианты 2012 жылы Лондонда профессор Д.Ханттың аударуымен ағылшын тілінде шықты. Аударманың кіріспе сөзінде Д.Хант: «Не будет преувеличением сказать, что эпическая поэма об Эдиге является одним из сокровищ мировой культуры. Как для тюркских народов Западной Азии в целом, так и для ногайцев, в частности, она представляет собой народный эпос, который сравним с западноевропейскими легендами Артурова цикла, английским Беовульфом и финским Калевалой», – деді. Башқұртстан Жазушылар одағының басшысы З.А. Әлібаев «Едіге» эпосының башқұрт тіліндегі нұсқаларының ерекшелігі туралы баяндаса, филология ғылымдарының докторы, Қарақалпақстан Республикасы Әжінияз атындағы Нөкіс мемлекеттік педагогикалық институты Қарақалпақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Кеңесбай Алламбергенов өз өмірінің 25 жылын «Едіге» эпосы мен оның басты қаһарманы Едігені зерттеуге арнап келе жатқанын айтты. Эпостың қарақалпақ тіліндегі нұсқаларының айырым белгілерін көрсете келіп, «өзім Едігені ендігі жерде бір ұлтқа ғана тиесілі емес, барлық түркі халқына ортақ мұра деп есептеймін», – деді. Ал Орал қаласынан келген Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры Мұрат Сабыр баяндамасында эпос тіліндегі көне сөздер мәселесіне тоқталды. Конференцияның өту барысында деректі фильм көрсетілді. Оның негізгі желісі төмендегідей болды: «Едіге Алтын Орданың сетінеген іргесін қайта бекітті, әркім қалауынша дін ұстанған Алтын Орда халқын тегіс исламға қаратты. Құлдыққа бала сатуды тоқтатты. Мемлекетіміздің экономикалық әл-ауқатын арттырды. Бектербегі өмірден озған соң Алтын Орданың шаңырағы шайқалып, бұрынғы күш-қуаты кеми береді. Қазақ жыраулары оны: Едігем менің ер еді, Елдің қамын жер еді. Ел ішіне дау кірсе, Мен шешейін дер еді. Ел шетіне жау келсе, «Мен барайын!» дер еді, – деп жоқтады. Оны өте жақсы білген сол заманның тарихшысы ибн Арабшах: «Ол қара торы, орта бойлы, дембелше, кең иықты, ер кейіпті, түрі айбарлы кісі еді. ...Ақылы кемел, асқан жомарт, күлкісі биязы, аңғарымпаз да тапқыр, ғұлама оқымыстыларды сыйлаған, мәрт адамдарды қастерлеген, пақырларға мейірімді, имандыларға қайырымды, ораза, намазын берік тұтып, шариғат жолын адал ұстанған, Алланың аяты мен пайғамбардың хадисін көкірегіне түйген адам еді. ...Ол Дештіні 20 жылдай биледі. Оның патшалық құрған күндері сан ықылымдағы нұрлы сәуле болса, ол салтанат құрған түндер замана кейпіндегі арайлы шапақ болды», – дейді. Шығыс тарихшылары оны «Жошы ұлысын өз дегенінше биледі», «Дешті елінің, Сарай мен Қырымның шынайы билеушісі», «Дешті Қыпшақ пен өзбек елінің әміршісі», «Патшаларды өз қолымен ауыстырып отырды» деп жазады. Орыс жылнамаларында «Ұлы князь» деп аталады. Яғни Мәскеудің, Литваның ұлы князьдарымен пара-пар есептеледі. Еуропалықтар оны «Дешті Қыпшақ әміршісі», «Татария императоры», «Алтын Орданы билеуші» дейді. Едіге тірі тұрғанда Алтын Ордаға сырттағы дұшпан батып келе алмады, оның таңғажайып жеңістері батыс пен шығысқа тегіс белгілі еді. Бектербегінің қайсарлығы мен алғырлығын ұнатпайтын батыс оны «жын» десе, шығыс «тапқан шешесі адам емес, мұсылман перісі екен, арғы атасы пайғамбардың сахабасы екен» деп аңыз етті. Жоғарыдағы эпостың ұлттық версияларында айтылғандай Едігенің көзі жұмылған соң, Алтын Ордаға сырттан көз алартушылар көбейіп, мемлекет ыдырай бастады. Осыған байланысты халық ішінде: «Еділ қатса кім өтпес, Едіге өлсе кім келмес» деген сөз мәтелге айналды. Татарстан Едігеге көше атауын беріп, «Идегей» атты пьеса қойып жатыр. Эпосты орыс тіліне аударды. Қарақалпақтар 2001 жылы Нөкіс қаласына Едігенің ескерткішін орнатты. Орта мектеп пен жоғары оқу орындары бағдарламасына енгізіп, оқытуда. Дағыстанда мектеп пен елді мекенге Едігенің аты берілді. Ноғайлар эпосты 2012 жылы Лондоннан ағылшын тілінде шығарды. Башқұрттар көптеген мекемелерін «Эдигей» атандыруда. Алтын Орданы 17 жыл билеген көреген саясаткер, сайыпқыран қолбасы, ел ардақтысы, күллі түркі жұртының мақтанышы Ер Едігеге Ақтөбеде ғана емес, Астанада да көрнекті ескерткіш орнатылса, кейінгі өскін жас баланың рухы биіктері сөзсіз». Міне, Халық­аралық конференцияда көрсетілген қысқа метражды фильмнің мазмұнының негізгі ұстыны осындай. Конференцияның шешімі қабылданып, онда ЮНЕСКО өкілінің ұсыныстары басшылыққа алынды. 1943 жылға дейін құламай тұрған, жастары жүзге тақап қалған қарттар Ер Едігенің зираты деп отырған, Ресейдің 1869, 1904, 1983 жылдардағы әскери құпия карталарында «Едігенің моласы» («Могила Идеге») деп таңбаланған, кірпішін зерттеген археологтар ХV ғасырдікі деп шешкен бейітті өз көздерімен көру үшін Н.Сүйінова мен К.Алламбергенов бастаған тоғыз адамнан тұратын ғылыми экспедиция сапар шекті. Аудан әкімшілігінде болып, жергілікті тұрғындармен әңгімелесті. «Ноғайты», «Ебейті» елді мекендерін басып өтіп, Айрықтағы «Ноғай жолымен» жүріп, «Едігенің жалындағы» ескі бейітке тәу етті. Ресейден келген Нәсіпхан Сүйінова «Едіге бабам осында жатпағанда, қайда жатады?!», – деп іштей толқып, көзіне жас алды. Профессор К.Алламбергенов: «Едігенің асыл сүйегі Қарақалпақстан жерінде» деген де әңгіме бар-тын, бірақ дәлеліміз мынадай жеткілікті емес. Бүгін бабамыздың бейіті осы екеніне менің анық көзім жетті»,– деді. Сөйтіп, көреген саясаткер, сайыпқыран қолбасы, күллі түркі халықтарының ардақтысы Ер Едігеге арналған, екі күнге созылған Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өз мәресіне жетті. Конференцияда сөз сөйлеген Қазақстанға танымал ақын, республикалық «Адырна» журналының бас редакторы Мейірхан Ақдәулетұлы келесі жылы Едігенің өмірден озғанына 600 жыл толатыны, соны түркі халықтары зиялыларының бірлесіп кең көлемде Ақтөбеде еске алуы туралы ұсыныс жасаған еді. Алдағыны Алла біледі...  

Бекежан Ахан,

философия ғылымының докторы,

профессор,

Жұбаназар Асанұлы,

филология ғылымының докторы

Серіктес жаңалықтары