«Жер кетті, жаның кетті,қам жемедің...»

«Жер кетті, жаның кетті,қам жемедің...»

«Жер кетті, жаның кетті,қам жемедің...»
ашық дереккөзі
1522
Мағжан махаббатты жырлағанда, екі жастың сүйіспеншілігімен ғана шектеліп қалмай,  ұлт үшін, болашақ үшін аса маңызды тақырыптарға батыл барған. Әсіресе, туған тілді сақтау, туған жерді қорғау, ұлттық дәстүрлерді ұмытпау сарындары Мағжан поэзиясын ұлттық шырқау биікке көтерді. Ақынды ақын қылатын – сүйіспеншілік сезімдері. Ата-анасын, ғашық жарын, туған жерін, өскен елін шын сүймеген адам ақын бола алмайды. Мағжан туған жерін де, қазақ елін де жанымен сүйе біледі. Ақынға туған жерден ыстық жер жоқ. Сағымы сайран құрады, Бораны ұлып тұрады, Қыс – ақ кебін, жаз – сары. Орманы жоқ, шуы жоқ, Тауы да жоқ, суы жоқ, Мәңгі өлік сахарасы. Сарыарқа деген жерім бар, Неге екенін білмеймін Сол Арқамды сүйемін, – деп жырлайды ақын. Туған жердің табиғаты көркем бе, болмаса сұрықсыз ба, бәрібір – туған жер туған жер болып қала береді. Оны сол жерде кіндік қаны тамып, өмірге келгені үшін, есі кіріп, ер жеткендігі үшін сүйеді. Мағжан үшін де өзі туған Сасықкөлден артық жер бетінде жер жоқ. Ақын көзімен қарасаңыз, «алыстан мұнарланып шалқыған көлдің» жағасындағы ауылда өткен өмір – романтика. «Туған жерім – Сасықкөл» атты өлеңінде ақынның туып-өскен ауылына деген ыстық махаббаты бүлкілдеп тұр. Айдын көл ата қоныс құт болған көл. Сусын боп, сұрағанға от болған көл. Кеше бірлік, ынтымақ түгел шақта Бейне бір сенің басың сүт болған көл, – деп жырлаған туған жерінің ертеңі ақын жүрегін мазалап, тыныштық бермейді: Білмеймін не боларын қайран көлім, Жарайды тең болмаса күн мен түнің. Итиіп қарашекпен келіп қонса, Басыңнан құсың ұшып кетер сенің. Ақынның «қарашекпен» деп жақтырмай отырғаны – отаршылдық саясаттың барысында қазақ жерін басып алып, қоныстанып жатқан келімсектер. Туған жердің мысалы арқылы ақын бүкіл отаршылдыққа қарсы шығып отыр. Осы жағдай жалғаса берсе, болашақ тағдыры қалай болар екен деп, сарыуайымға салынғандай да болады. Шын мәнінде елін, жерін сүйген адам ғана халқының патриоты бола алады. Олар халқына адал қызмет етіп, өмірін соған арнайды. Патриоттар елінде болып жатқан әрбір оқиғадан қалыс қала алмайды. Жақсы болса, халқымен бірге қуанады, жаманына күйзеледі. Мағжан да өзінің бар саналы өмірін туған халқына қызмет етуге арнаған шығармашылығымен елінің елдігін де, ездігін де жырға қосқан, сонысы үшін отқа да күйген, суға да түскен аяулы азаматтарымыздың қатарында көрінді. М.Жұмабаев тап тартысына, кедей теңдігіне барған жоқ, оның өлеңдерінде қазақ ұлты тұтастай жырланды. Мағжанды ұлт тағдыры толғандырды. Ол қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін басқалармен салыстыра отырып, патша өкіметінің отары  болып отырғанына күйінді. Сондықтан да  оның өлендерінде пессимизм, сары уайым, ұлт тағдырына алаңдаушылық  басым. «Сұм өмір абақты ғой саналыға» деп өзі айтқандай, отаршылдықтың салдарынан қазақ даласында болып жаткан келеңсіздіктер ақын жүрегін сыздатады. Оң-солын енді айырып, өмірге енді араласа бастаған жас жігітті қазақтың берекесіз тұрмыс-тіршілігі алаңдатады. Бір жағынан, байлыққа, билікке таласып, екінші жағынан, отарлау саясаты қоздырып, ел ішінде өріс алған дау-жанжал «ішінде сорлы қазақ қалқып жатыр, кең жері күнге қурап жатыр, сұр жылан қанын-сөлін сорып жатыр»: Мінекей, қазақ солай бітіп жатыр, Күн сайын артқа қазақ кетіп жатыр. Сезінбей өзгенікін, өзінікін, Аты өшкір окығандар нетіп жатыр? –деп налиды ақын алғашқы өлеңдерінің бірі «Жатырда». «Шын сорлы», «Сорлы қазақ», «Қазағым», «Осы күнгі ой», «Пайғамбар», «Жаралы жан» т.б. өлеңдерінде отарлықтағы қазақ даласының аянышты күйі ақындық сезім арқылы көрініс табады. Қазағым, таянды ғой қылта мойын, Жер, мал кетіп, бос қалды біздің қойын... Бар жерді күннен күнге алып жатыр, Хохолдар алып қала салып жатыр...

(«Қазағым»)

Ойламай отқа түскен неткен жанбыз, Сөз ұқпас мылқау, меңіреу,                         жүрген жалғыз... Тақаулы тамағына өткір пышақ, Тек жатыр тұяқ серіппей сонда да                                       аңсыз... Жер кетті, жаның кетті, қам жемедің, Құл болдың қаратабан енді малсыз. Ортаға қамап алып қырып жатыр, Қара жүрек «надандық» қолмен                                   сансыз...

(«Осы күнгі ой»)

Сар дала, бейне өлік сұлап жатқан, Кебіндей ақ селеулер бетін жапқан. Тау да жоқ, орман да жоқ, өзен де жоқ, Сәуле емес, қан шашып тұр                                 күн батқан...

(«Жаралы жан»)

Бұл өлең жолдарында отаршылдықтың бұғауындағы қазақ даласының қайғысы мен қасіреті жатыр. Ел басына қара бұлттай төніп келе жатқан қауіп-қатерді жүрегімен сезінген ақын шырылдатып ащы шындықты бүкпесіз барынша жайып салады. Қор болдық, өнер қумай қайран елім! Күш кетіп, талай жаннан көрдік керім, – деп ел басындағы ауыр жағдайдың барлық себебін білімсіздік пен сауатсыздықтан  көреді. Мағжан надандықтан құтылудың жолы өнер-білімді болу деп білген ақын. «Өткен күн» өлеңінде қазақтардың бұрынғы тұрмыс-тіршілігіне көз жіберіп, оның ізгілікті жақтарын үлгі етеді. Хақназар, Абылай, Қабанбай, Бөгенбай, Қазыбек, Жәнібек сынды халық қорғаны болған ұлдарын мақтан тұтады; Шөже, Орынбай, Жанақ, Біржан, Наурызбайдың «бір сөзі мың ділдалық» асылдар еді деп бағалайды. Өткен күнді ойласам, Ойға терең бойласам, Кешегі қайран қазақтың Сәулеті мен дәулеті Көз алдыма келеді, – деп өзінің қазағын, оның өткен тарихын шабыттана жырлайды. Осындай берекелі ел надандықтан қор болып барасың, «арыстаным, сұңқарым, қажымас, талмас тұлпарым, басың көтер тұр енді!» деп қимылға шақырады. Жаңа заманда жаңаша өмір сүр, «ескіше тұрып егеспе, заман – түлкі, тазы бол, базарша дүкен құр», – деп  заманға бейімделіп өмір сүруге шақырады. Жалпы, Мағжан Жұмабаев – қазақтың ұлттық тұрмыс-тіршілігін, өткенін жан-тәнімен сүйген ұлтшыл ақын. Өткен өмірдің жақсы жақтарын өлеңмен өрнектеуге келгенде, ақынның қаламы жүйрік. Романтик ақын қазақтың тарихына барғанда бауыры жазылып, көсіліп сала береді. Өлеңдерінің ұлттық идеяларымен суарылып отыруы – ақынның бүкіл поэзиясына тән өзіндік ерекшелігі. Осындай қасиеттері үшін де Мағжан кеңес өкіметі кезінде ескішіл, өткенді аңсаушы, ұлтшыл деп айыпталды. Біздіңше, бұл ескішілдік, өткенді аңсаушылдық емес, қайта оны құрметтеу, тарихтың тағылымды жақтарын насихаттау, олардан үйрене отырып, заманға сай тіршілік жасауға, өзгелермен терезесі тең өмір сүруге үндеу. Бұлайша жырлау ұлтын шын сүйген, туған халқына адал ақындардың ғана қолынан келеді. Осы тұрғыдан келгенде,  Мағжанның ұлтшыл екендігі рас. Азаттықты аңсаған Мағжан отаршылдарды мейлінше жақтырмаған. Бір кездерде еркін жатқан елді жат жұрттықтардың билеп-төстегеніне наразы: Оралдай ата-мекен жерлеріне, Қасиетті атаның көрлеріне, Аузы түкті шет елдер ие болып, Көрсетіп тұр қысымды ерлеріне...

                            («Орал тауы»)

«Пайғамбар» өлеңі: Күнбатысты қараңғылық қаптаған, Күні батып, жаңа таңы атпаған. Түнеріп жүр түннен туған перілер, Тәңірісін табанына таптаған, – деген жолдармен басталған. Бұл өленде отаршылдық саясатқа ғана емес, батыстың бүкіл болмысына, яғни оның саяси-мәдени даму бағытына қарсылық бар. Ақынның сезінуінше, тәңірден безініп, «Інжілді өртеп, табанға сап Құранды, әділдікті күткен ессіз қарыннан», Мұсаның тілін кескен, Айса ұлының қанын ішкен, Аллаға емес Әзәзілге табынған «елді қараңғылық түні басып тұр». Қап-қараңғы түн «қайғы мен қара қанға тұншығуда». Қаптаған «шегір көзді жандар жүр». Қап-қара түн. Толқынданған қара қан, Қара түнде өңшең соқыр шұбырған. Сол шұбырған сансыз соқыр алдында, Ентелеген кәдімгі Иван есалаң. «Пайғамбар» өлеңінен алынған бұл шумақ Мағжанның жарық көрген жинақтарында жоқ. Халықтар арасындағы достыққа нұқсанын тигізеді деген сылтаумен алынып тасталып келеді. Шындығында, бұл жердегі «ентелеген кәдімгі Иван есалаң» делініп отырған – сол кездегі Ресейдің отаршылдық саясат жүргізіп отырған ат төбеліндей басшылары. Ал «қара түнде өңшең соқыр шұбырғандар» – жалған саясатқа елітіп, оңай олжа іздеген отаршылдардың соңынан еріп, қазақтың даласына қарай шұбырған келімсектер... Қап-қараңғы түн басып, «қанды шуда» қалған күнбатыс «күншығыстан бір пайғамбар күтеді». Мағжанның ойынша, батысты қаптаған мұндай алапаттан құтқаратын күншығыс: Қайғыланба, соқыр сорлы, шекпе зар, Мен – Күн ұлы, көзімде күн нұры бар. Мен келемін, мен келемін, мен келем, Күннен туған, Ғұннан туған пайғамбар. «Күншығыс» өлеңіндегі: Күнбатысты шаң басқан, Шаң емес қара қан басқан. Тарсыл-гүрсіл, қанды атыс. Көп білем деп бөлуге, Көп күлем деп өлуге Жақын қалды Күнбатыс, – деген жолдар «Пайғамбардағы» негізгі ойды ары қарай жалғастыра түскен. Ақын азамат ретінде мұндай жағдайды көріп тұрып, бейтарап қала алмайды. Оның үстіне батыстың асып-тасқан, отаршылдық саясатының зардабы басқа халықтарға да, оның ішінде қазақ даласына да тиіп жатыр. Бұлай жалғаса беретін болса, орны толмас олқылықтарға апарып соқтыруы мүмкін. Сондықтан да бұл алапатқа қайткен күнде де тосқауыл қою керек. Мұны тоқтату тек Күншығыстың ғана қолынан келеді. Болашақ үшін мазасызданған ақынның лирикалық кейіпкері атой салады: Қысық көзді Күншығыс, Бұл тұрысың қай тұрыс? Серпіл енді, алыбым! Сөйтіп, Батыс елдерінде бастау алған қырқыс-шабысты тоқтатуға үндейді. Адамзаттың болашағына осылайша қатер төніп тұрғанда Шығыстың, оның ішінде қазақ даласының да бейғам жатқанын қаламайды. «Қысық көзді Күншығысты» «желкілдеген туменен» Батыстың: Күл қылайық қаласын, Құл қылайық баласын, – деп өзінің істегенін өзіне істеп, кек қайтаруға шақырады да артынша-ақ: Жоқ, жоқ! Ашу басалық! Гүл қылайық қаласын, Ұл қылайық баласын, Мейірім есігін ашалық, – деп сабырлылық, парасаттылық танытады. «Қанға қан, жанға жан» демей, қазақтың «таспен ұрғанды аспен ұр» дегеніндей, үлкен ойға шақырады. Сөйтіп «Күншығыс» өлеңінде Мағжан ақын үлкен гуманистік пікір айтып, азаматтық ой биігінен көріне білді. Жалпы, Мағжанның «Орал тауы», «Пайғамбар», «Күншығыс» өлеңдерінде еуропацентризмге ерекше қарсылық жасалады. «Жаралы жан» өлеңінде сол батыста қаптаған жандар қазақ даласына да жетіп, бәрін бүлдіріп жатыр; шыбын жан қысылып, қуат кеміп, аққан қан көбейіп барады; «мынау қарға, құзғынның, бердің-ау, тәңірім, тілегін», – деп тәңіріге жылайды. «Жүректі жара жеп барад, // Жасаған-ау, қалай шыдаймын?!» деп күйзелген ақын: Сауықшыл есіл елім-ай, Сарыарқа сайран жерім-ай! Күмістей таза суы бар, Айдын шалқар көлім-ай! – деп елінің бұрынғы берекелі кезін аңсайды. «Тұлпарға мініп бір шапсам, Болмас еді басқа арман! – деп армандайды. Ақын қазақты «Қайғылы сар даланы күңіренткен, // Зарына адам шыдап тұра алмаған» жаралы жанға теңейді. Сол әлсіреп жатқан жаралы жанды азаптан құтқаруға «оқыған азаматтарды» шақырған ақын: Азамат! Анау қазақ қаным десең, Жұмақтың суын апар, жаным десең. Болмаса, ібіліс бол да у алып бар, Тоқтатам тұншықтырып зарын                                                 десең!.. – деп қатты-қатты сөздер айтуға дейін барады. «Жаралы жанда» бодандықтағы қазақ елін: Жалқау жел өзін-өзі зорға сүйреп, Жан-жақта жүргендей-ақ жындар                                                         билеп. Ың-жың дауыс келеді құлағыма, Перілер ән салысып, тұр ма күйлеп, –дейтіндей күйінде көрген ақын осы халді тәңірге жылап тұрып жеткізсе, одан рақым күтсе, «Тәңірі» атты өлеңінде оған енді бізді құтқара көр деп жалбарынады. Басқалардың барлығына оң көзбен қарап, «жақсы жайдан» орын бердің, көзін ашатын «жолбасшылар» жібердің, ал біз осының бәрінен құр қалдық, «баласы алты алаштың – біз не қылдық?» – деп арызданады. Тәңіріге: Бақытсыз қаңғып жүрген қазақ сорлы, Әркімге күні кетіп мазақ сорды. Бір елші жібермедің, санға алмадың, Жалаңаш түйе баққан араб құрлы, –деп мұңын шағады. Өзіңе «ащы таяқ тұщы етке» тиген соң жан ашумен айтып жатырмын деп, әділ тәңіріден қазағын қайғы-қасіреттен құтқара гөр деп тілейді. Халқымды жақсылыққа жеткізе гөр деп, тәңіріге жалбарынған ақын енді бірде: Қалың елім, қалың қара ағашым, Қайраты мол айбынды ер, алашым! Өзі-ақ құлар, сырың берме, сабыр қыл, Ақымақтар байқамаған шамасын, – («Сағындым»)деп, көрегендік танытады. Шындығында да азаттықтың жолы күрделі. Мағжан айтқандай-ақ, жиырмасыншы ғасырдың соңына қарай отаршылдықтың ордасы өзінен-өзі күйреп, ортасына түсті. Мағжанның тәңіріге жалбарынып сұрағаны қабыл болғандай, қазақ даласында азаттықтың ақ таңы ағарып атты... Бірақ бұл күндерді Мағжан көре алмады. Оған дейін әлі біраз уақыт, күресті, азапты жолдардан өту керек еді. Халқының жарқын болашағына кәміл сенген Мағжан осы бағытынан таймай, адамға бір-ақ рет берілетін өмірін елінің ертеңі үшін садақа етті. Не көрсем де Алаш үшін көргенім, Маған атақ ұлтым үшін өлгенім! Мен өлсем де, Алаш өлмес көркейер, Істей берсін қолдарынан келгенін! – деп өмірін халқына қызмет етуге арнаған ақын мен қазақтың кең даласында еркін «бетім қайтпай өскен батыр баламын»: Тұлпар мініп, туды қолға алайын, Суырып қылыш қан майданға барайын, Жердің жүзі кім екенін танысын, Жас бөрідей біраз ойын салайын. Тірілтейін алып атам әруағын, Тазартайын Сарыарқаның топырағын. Жан-жағына тегіс билік жүргізіп, Кемеліне келсін кейінгі ұрпағым,

                                («Тез барам»)

деп атқа мініп, атой салады; осы жолда өзін құрбан да етеді. «Жан-жағына тегіс билік жүргізіп, // Кемеліне келсін кейінгі ұрпағым» деген Мағжанның ақшаңқан ойлары бүгіндері тәуелсіз Қазақстанда жүзеге асып жатыр. «Бесік жыры», «Мен жастарға сенемін» өлендерінде болашаққа деген зор сенімді көреміз. Ақын ойларын жүзеге асыратын – жастар. «Бесік жырында» ана баласын бесікке бөлеп, әлдилеп өлең айтады. Баласынан «алмас қылыш, найза құрыш белге буарсың. Сен сырттаным, арыстаным, жауды қуарсың», – деп тілейді. «Туған жерден, өскен ерге не қымбат? Жас жолбарыс, жаумен алыс, шаң, қанға бат», – деп тілек айтады. «Мен жастарға сенемін» өлеңінде болашақта қазақ даласында азаттықтың таңы ататынына сенім мол: Алаш – айбынды ұран, Алаштың олар құрбаны, Мен жастарға сенемін. Алаш атын аспанға Шығарар олар бір таңда, Мен жастарға сенемін! Мағжан «Айда атыңды, Сәрсембай» өлеңінде батыстан тамыр жайып, тарап келе жатқан қоғамдық жұқпалы дертті ғасыр басында-ақ байқап, дабыл қаққан. Мағжанның қаупі расқа шықты. Кеңес өкіметі жылдарында түрлі айла-шарғыларды барынша шебер пайдалана отырып жүргізілген орыстандыру саясатының барысында қазақ халқы өзінің бірсыпыра рухани құндылықтарынан айырылып қалды; біршама бөлігі ұлттық болмысын жоғалтып, мәңгүртке айналды. Данышпан Мағжан ғасыр басында осыны көрегендікпен көре біліп ескерткен еді. Енді егеменді ел болғанда жоғалтқанымызды тауып, барымызды түгендеу, сөйтіп халқымыздың рухани қазынасын толықтыру, ұлттық болмысымызды қалпына келтіру ең үлкен міндет болып табылмақ. Сонымен М.Жұмабаев – адам жанының небір нәзік сезімдерін сол күйінде мөлдірете жыр жолдарына айналдырып, ақ қағазға түсіре алған асқан лирик. Ол – орыс отаршылдығының салдарынан бүліне бастаған қазақ даласының ертеңін ойлап, уайым қылған, дабыл қаққан ұлт ақыны. Халық өмірінің күнгейі мен көлеңкелі жақтарын, асыл армандарын жырына қосып, сөзден сұлу сарай салдырған сөз сиқыршысы.  

Дандай Ысқақұлы,   

филология ғылымдарының

докторы, профессор

Серіктес жаңалықтары