224
Мухаммади Ибодуллоев:Ақпараттық қауіпсіздік басты мәселе
Мухаммади Ибодуллоев:Ақпараттық қауіпсіздік басты мәселе
Таяуда Алматыда тоғызыншы ортаазиялық интернет форумы өтті. Форумда бас қосқан әлемнің маңдай алды мамандары «БАҚ, мемлекет, қоғам: цифрлық қауіпсіздік пен медиа сауаттылық» тақырыбында өз ойларын ортаға салды. Екі күнге созылған жиын барысында Қазақстан мен әлем елдеріндегі цифрлық қауіпсіздік деңгейі сөз болып, біршама ұсыныстар айтылды. Тәжікстаннан арнайы келген, «Ғаламтор саясатындағы азаматтық бастама» қоғамдық қорының директоры Мухаммади Ибодуллоев мырзамен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
– Азаматтардың цифрлық құқықтары жөніндегі жалпы түсінік қандай? Ақпараттық қауіпсіздік тұрғысынан оның алар рөлі мен ерекшелігін айта кетсеңіз.
– Азаматтардың цифрлық құқықтары ақпараттық қауіпсіздік факторы екені айқын. Дегенмен әртүрлі көзқарасқа сай қарастыруға тиіспіз. Нақтылап айтсақ, мемлекеттік мекемелер мен коммерциялық компанияларда ол жоғары деңгейге қойылған. Ал бұқаралық ақпарат құралдары мен халықтық ұйымдардың ақпараттық қауіпсіздігі көңіл көншітпейді. Өйткені мұның астарында үлкен қаражат бар. Сол себепті олардың цифрлық құқықтарын қорғайтын маман тапшылығы сезіледі. Қорыта айтқанда әрбір екінші тарап олардың әлеуметтік желілердегі парақшаларын кез келген уақытта бұза алады. Бұл ақпараттық қауіпсіздікке өз кедергісін келтіреді. Жоғарыда айтқан мемлекеттік мекемелер мен коммерциялық компанияларда арнайы мамандар отыр. Олар өз цифрлық құқықтарын қорғай біледі. Бүгінгі таңдағы басты мәселе осы.
– «Мәселені тапсырмаға айналдыру керек, сонда ғана шешімін табады» деген тәмсілді жиі естіп жүрміз. Сіз түйткілге теліген кедергіні еңсеру үшін қандай шара қолдануды ұсынар едіңіз?
– Кез келген бұқаралық ақпарат құралы, жалпы халықтық ұйымдар, шағын және орта бизнес иелері аталған мәселені көз жұмып шешулеріне болады. Бәлкім біріккен шешім керек шығар. Төрт-бес ұйым бірігіп, ортақ мамандар тағайындаса, орталықтандырылған ақпараттық қауіпсіздік сақталар еді. Сондай-ақ, цифрлық құқықтары да өз деңгейінде қорғалмақ. Өйткені жалғыз ұйым ондай мамандарды жалдай алмайды. Ең өкініштісі, бұл ұсынысты іске асыруға көп ұйымдар дайын емес. Әлемдік тенденцияға айналып жатқан цифрлық құқықты қорғауға Орталық Азияның көп елдері құлықсыздық танытуда. Демек олар ақпараттық қауіпсіздіктің тигізер пайдасы мен зиянын жете түсіне қоймады. Осы тұрғыдан алып қарағанда Қазақстан халқының кеңге көз тастап, терең ойлайтыны байқалады.
– Цифрлық құқықтың ақпараттық қауіпсіздігі жалпыхалықтық деңгеймен өлшене ме? Әлемдік цифрлық қауіпсіздік деп айта аламыз ба?
– Жо-жоқ, әзірге мұндай түсінік қалыптаса қоймады. Мен осы тақырыпта сөз қозғағанымда барлық мәселеге жеке тұлға жауапты екендігін алға тартамын. Цифрлық кеңістіктегі ең әлсіз болып жататын адамдардың өзі. Жауапкершілік танытпау салдарынан электронды құрылғыларына түрлі вирустар түсіреді. Ең күлкілісі құпиясөз таңдауы. Туған жылын немесе күшігінің атын құпиясөз орнына таңдайды. Оны маңайындағы екінің бірі білгендіктен бұзып алған жағдайда кімнен күдіктенесің?! Адамдардың көбі өз ақпараттарына сақ емес. Қазір көшеде ұялы телефонды екі адамның біреуі жоғалтады. Жәй ғана сөйлесіп келе жатасыз, ұрылар қолыңыздан жұлып алып қашып кетті, болды. Көзді ашып-жұмғанша сіз жайлы, отбасыңыз жайлы барлық ақпарат өзгенің қолына түседі. Тағы бір айта кетерлігі әлеуметтік желілер мен месенжерлердің (қосымшалар) дамуы артып келеді. Адамдар өздерінің әр басқан қадамын ғаламторға, әлеуметтік желілерге жариялап отырады. Бірақ олар цифрлық кеңістікте өз қауіпсіздіктерін жоғалтып жатқандығынан бейхабар. Мұнда, ең бастысы – цифрлық гигиена. Аса қажеттілік тудырмайтын жайттардан адам өзін тия білуі тиіс. Біз таңертең ұйқыдан тұрғанда жуынбай далаға шықпаймыз ғой немесе даладан үйге кіргенде қол жумай дастарқан басына жайғаспаймыз, мұнда да солай. Қарапайым гигиенаны сақтау керек.
– Жеке тұлғалар арнайы мамандар жалдап, ақпараттық қауіпсіздігін сақтамайтыны белгілі. Осы тұрғыдан келгенде қандай сын-ескертпелеріңіз бар?
– Қазір әлеуметтік желілерде тенденцияға айналып жатқан фейк (жалған) парақшаларды ашуға ешкім тосқауыл қоя алмай келеді. Сол үшін де ақпараттық қауіпсіздіктің статусы төмендеп отыр. Оның түбінде отырғандар кәдуілгі мамандар. Әлеуметтік желіде парақшаны қалай жүргізу мен дамытудың сан түрін біледі. Оларға керегі сіздің «қолтаңбаңыз». Сіз секілді парақшаны жаңадан ашады, сізді оқитын оқырман достарыңызға жазылады. Сіз жариялап отырған суреттерді көшіріп басып, дәл сондай пост мәтіндерін жариялап-ақ шын иесінен асып түседі. Оларға сіз жүргізіп отырған парақшаны бұзудың керегі шамалы. Мұнымен күрестің ең тиімді жолы сіздің қолтаңбаңыздың айқын болмауы. Өзіңіз жайлы қанша көп мәлімет берсеңіз сонша көп сізге зияны тиеді. Оқырман сапасы да осы сәтте сынға түседі. Сіз не туралы көп айтып-жазасыз аудитория да соған сай жиналады.
– Әңгімеңізге рақмет!!!
Сұхбаттасқан Арман ҚҰДАЙБЕРГЕН