435
Алматыдағы алғашқы әсер
Алматыдағы алғашқы әсер
Алматы күмістен құйған қала,
Қойнына кім-кім де
сыйған қала.
Алматы құшағы қазақтардың,
Алматы түгелдей думан қала, – деп ақын жырлағандай, Алматы шаһары – әр қазақтың жүрегінен орын тепкен нұрлы мекен. Қарт Алатаудың баурайында, ару қыздай паңданып, күн артқан сайын көркіне көрік қосқан, күні де, түні де ду-думаннан тыншымайтын, берекесі мен мерекесі тасыған, тірлігі мен бірлігі жарасқан, өнер мен білімнің, әдебиет пен мәдениеттің шоғырлы ортасы екен.
Жастардың жүрегінде бұл шаһар армандардың орындалар ордасы. Алыстан келіп, Алатаудың бауырына енердегі сезім ерекше бөлек. Еліміздің еңселі өңірі ретінде, алмалы қаланың мән-жайын әр қазақ жақсы біледі. Әйткенмен алғаш рет аяқ басқан адамға аты таныс, заты бейтаныс бұл шаһар бірден жылұшырап кете қоймас.
Тарихтың беттерінде қазақ елінің маңдай алды қалаларының бірі де бірегейі болып саналатын Алматы – талай тарихтың куәсі. Ең алдымен бұл жерде мемлекетіміз тәуелсіздігін алып, еңсесін тіктеді. Географиялық орны, климаттық жағдайы мен халқының жайсаңдығын, өмір сүруге деген қызу құлшыныстың бәрін былай қойғанда, бұл қала жанға жағымды рухани ошақ.
Сырт көз сыншы демекші, әсем қаланың әдемілігінен бөлек әттең дейтін тұстары да жоқ емес. Қазақтың қаласы болып, қойнауында қаншама ұлт өмір сүріп жатқан мегаполистің көшелерінен, қым-қуыт тірлігінен қазақ жастарының өз тілінде емес өзге тілде сөйлейтіні көп білінеді. Көңілге қаяу салары да сол. Еліміздегі ең ірі қалалардың бірі болғандықтан, мұнда туристер де, білім алу үшін шетел жастары да көптеп келіп жатады. ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, педагогика ғылымының докторы, профессор Фаузия Оразбаева өзінің бір сұхбатында мынадай мысал келтіреді: «Біздің оқу орнына шетелден келген студенттер «Қазақстанға келген соң осы елдің мемлекеттік тілін білуге тиіспіз», – деп қазақ тілін үйрене бастайды. Біз оларға өзіміз дайындаған, халықаралық стандартқа негізделген 6 деңгейлі оқулықты (студенттің деңгейіне қарай) ұсынамыз. Арада аз-кем уақыт өткенде әлгі шетелдік студенттер бізге келіп, ағылшын тілінде «ренжімеңіз, біз қазақ тілін үйрену керек екенін түсінеміз. Бірақ көшеге шыққанда, қоғамдық орындарда, қазақ тілінен гөрі орыс тілі көбірек қажет екен. Сондықтан қазақ тілін келесі жылы үйренейік», – деп орыс тілін үйрететін дайындық тобына жазылады. Бұл орта сұранысының жоқтығы... мемлекеттік тілге деген сұранысты жолға қоймасақ, тіл көшінің тұралауы мүмкін...».
«Бұлақ басынан тұнады» деп қазақ атам айтпақшы, Алматының халқы, жастары, елдің үлгі болар азаматтары тілдің тұғырын биікке көтерсе, ел халқының да санасына серпін берері хақ.
Алматы талай жастың көкірек көзін ашып, талантты тау тұлғаларды тәрбиелеген, талай тағдырларды тоғыстырып, жалғыз жүректерді жолығыстырған қала. Тынымсыз тірлігінде тыпырлап тіршілік еткен қаншама жанның қуаныш пен шаттығының, жастығы мен қарттығының куәсі. Қалай десекте, алып шаһар – әр қазаққа ыстық мәдени астана болып қала бермек.
Назира АДАҚ,
Шәкәрім атындағы
мемлекеттік университеті,
журналистика факультетінің 3-курс студенті