325
Сәбилер мейірімге шөлдемесін
Сәбилер мейірімге шөлдемесін
Бойдың арын емес, беттің әрін ғана ойлайтын қыз бен бойын құмарлық билеген жігіттердің ойсыз әрекеті салдарынан өмірге келген талай сәби ата-ана тәрбиесінен мақұрым қалып, жетім атанып жатыр. Тумай жатып тірі жетім атанған сәбилердің көңілінде – қаяу, көзінде – мұң... Бұндай жағдайлар жалғаса берсе, ұлттық тәрбиенің тұтастығына сызат түсіп, қоғамда қатыгездіктің бел алып кетуі әбден мүмкін. Дегенмен мұндай әлеуметтік кеселді жою мақсатында түрлі жұмыстар жасалып жатыр. Әрине, әлеумет бұл істі өзінше іске асырғанымен, берекелі бастаманың оң нәтиже беруіне барлық қазақ жастары жауапты.
Бір көңіл қуантарлығы – қазір еліміздегі балалар үйінің саны бұрынғыға қарағанда едәуір азайған. «2017 жылдан бастап балаларды тәрбиелеуші үйге және қонақ үй отбасыларына беру мәселе заңнамалық деңгейде реттелді. Отбасы құрылымының осындай формаларына мемлекет материалдық тұрғыда кепілдік береді. Соңғы жылдары балалар үйінде тәрбиеленушілер саны мен жетімдер үйі азайып келеді. Кейінгі бес жылда жетім балаларға арналған ұйымдардағы балалар саны 40 пайызға, яғни 10 мыңнан 6 мыңға азайған. Сондай-ақ, 4,5 мың бала өз ата-анасына қайтарылды», – дейді Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Нұрбек Оршыбеков. Оның айтуынша, Қазақстанда жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған 50 мекеме жабылған.
Статистикаға сүйенсек, жетім балаларды өз отбасыларына қабылдауға тілек білдірген қазақстандық азаматтардың саны көбейіп келеді. 2017 жылдың қорытындысы бойынша, 1561 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала асырауға берілген, оның ішінде қамқоршылыққа және қорғаншылыққа 325, патрионаттақ тәрбиеге 293, қабылдау отбасына 100, асырап алуға 168 бала берілсе, халықаралық асырап алуға – 20, отбасы үлгісіндегі балалар үйіне 45 бала берілген. Туған отбасына қайтарылғандар саны – 630.
Сәби өмірге жетім болу үшін келмейді. Біз жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған, ана сүтін ардақтап, ата салтын салмақтап өскен елміз. Сондықтан қазақ деген атымызға сай абыройлы болсақ, қазақилық – асыл қасиетіміз жоғалмасы анық.
Гүлім ЕГІСБЕКОВА,
Шәкәрім атындағы
мемлекеттік университеті,
журналистика факультетінің
3-курс студенті