662
ТҮРЛЕНГЕН ТҮРКІСТАНҒА ТАҒЗЫМ
ТҮРЛЕНГЕН ТҮРКІСТАНҒА ТАҒЗЫМ
Түркі дүниесінің бесігі Түркістан қаласының екінші тынысы ашылды десе де болады. Шымкент республикалық маңызы бар қала мәртебесін алды. Қала халқының саны 1 миллионға жетті.
Президент Жарлығына сәйкес облыс орталығы мәртебесін алған Түркістанның әлеуметтік-мәдени-экономикалық жағдайы бұрынғыдан да жақсарады. Қала аумағында бірқатар ауылдар Кентау қаласына қарайтын болады. Мағжан Жұмабаев айтпақшы, «Түркістан – ер түріктің бесігі ғой». Мұнда мұқым дүниеге мәлім Қожа Ахмет Яссауи кесенесі бар. Енді Түркістан бүкіл түркі дүниесінің мәдени астанасына айналуына мүмкіндік мол. Ең бастысы, шаһардың гүлдену дәуірі басталайын деп тұр. Бұрын да туризм қаласына айналған шаһар енді бұрынғыдан да көріктене түседі. Өнеркәсіп пен кәсіпкерлік саласы дамиды. Қазірдің өзінде кәсібі көркейіп жатқан қаланың халқы шындығында бизнеске бейім.
Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламасы шеңберінде «Өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына» құны 4722, 2 миллион теңгені құрайтын 19 жоба енгізіліп отыр. Осы кәсіпорындарда 910 жұмыс орнын ашу көзделуде. 2018 жылы 2 инвестициялық жоба іске қосылып, 97 жұмыс орны жаңадан ашылды. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 12 жоба іске асырылды, 17 жоба мақұлданып отыр.
– Шырайы кірген шаһарда шағын және орта бизнес жанданып келеді. Кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтардың саны артты. Оларға керекті жағдайдың бәрін де жасап отырмыз. Бүгінгі күнде кәсіпкерлікпен айналысатын 13119 субъект тіркелген. Оның 12779-ы белсенді түрде жұмыс істейді. Аталған салада бүгінгі таңа 33995 адам тіршілік етіп, өз нәпақасын тауып жүр. Шағын және орта кәсіпкерлік саласында өнім көлемі 3 пайызға артып, жұмыспен қамтылғандардың саны 21 пайызға көбейді. Елбасы жыл сайынғы Жолдауында шағын және орта бизнеске ұдайы көңіл бөліп келеді. 2050 жылға дейін елімізде осы салада жұмыс істейтіндердің санын 50 пайызға жеткізу міндеті тұр. Сондықтан жапппай кәсіпкерлікті дамыту үшін қала халқына бар жағдай жасауды қолға алып отырмыз, –дейді Түркістан қаласының әкімі Тәжібек Мұсаев.
Расында бүгінгі күнде шаһарда кәсібін дөңгелентіп отырғандар көп. Оның үстіне демографиялық өсімі артып отырған халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету де оңай емес екендігі белгілі. Бұл орайда Елбасы халыққа арнаған Жолдауында «Аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек. Біз әлемде ірі, аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің бірі боламыз. Бұл әсіресе экологиялық таза тағамдарға қатысты. «Қазақстанда жасалған» бренді сондай өнімдердің эталоны болуға тиіс. Астық өнімдері бойынша біз «Еуразияда «нан кәрзеңкесі» болуымыз керек» деп атап көрсетті. Осы тапсырманы орындау мақсатында қаланың ауыл шаруашылығы саласында 44 млн 105 мың теңгенің өнімі өндірілді.
Қазіргі кезде қала халқын азық-түлікпен қамтамасыз етуде жылыжайдың маңызы артып тотыр. Бүгінде шаһар төңірегінде жалпы көлемі 65,73 гектарды құрайтын 570 жылыжай бар. Оның ішінде өнеркәсіптік жылыжайлардың көлемі – 16,5 гектар екенін айта кеткен жөн. Жалпы, қаладағы жылыжайларда 3075 тонна көкөніс өсірілді. Оның ішінде 1580 тонна қияр, 1400 қызанақ, 95 тонна болгар бұрышы және тағы басқа өнімдер бар. Сондай-ақ, 215 мың дана гүл алынды. 2017 жылы жалпы жылыжайлардан алынған бұл өнімдер қала халқын қызанақпен – 60,7 пайызға, қиярмен – 92,5 пайызға қамтамасыз етуге жол ашты. Алдағы екі жылда жылыжайлар көлемі 110 гектарға жеткізілмек. Сол межеге жеткенде қала халқы жылыжайда өндірілген көкеністердің барлық түрімен қамтамасыз етіліп, артық өнімдерді алыс-жақын шетелдер мен Қазақстанның өзге өңірлеріне шығаруға мүмкіндік болады. Бір қуанарлық жағдай, азық-түлік, бақша өнімдері сырттан тасымалданып жатқан жоқ. Өйткені Түркістан қаласының тұрғындарын жергілікті жерде өндірілетін азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету деңгейі жылдан жылға артып келеді. 2017 жылы қала халқы көкөніс, бақша, жеміс-жидек, жүзім, ет және сүт өнімдерімен артығымен қамтамасыз етілсе, астықпен 57 пайызға, картоппен 80 пайызға, жұмыртқамен 30 пайызға қамтамасыз етілді.
Қала бойынша мал басының өнімділігі өткен жылға қарағанда артты. Қазір шаһар бойынша 5 асыл тұқымды қой шаруашылығы бар. Асыл тұқымды шаруашылықтарға субсидиялар берілуде. Қой тұқымын асылдандыру бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Соның нәтижесінде шартты мал басы талапқа сай келетін қосымша 3 шаруашылық асыл тұқымды шаруашылық құрылмақшы.
Жалпы, қала тіршілігіне қатысты қай саланы алып қарасаңыз да, Түркістанның түрленіп, жаңаша кейіпке ене бастағаны байқалады. Бұл әрине, облыс орталығы мәртебесін алмақ болып отырған шаһар үшін қуанарлық жайт. Әсіресе, Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы мәдени өмірге, сонымен қатар халықтың санасына үлкен бетбұрыс әкелді десе де болады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру мақсатында жылдық жоспар бекітілді. «Киелі жерлер географиясы» кіші жобасы бойынша алдын ала ұсынылған сакральды орындар тізіміне Түркістан аумағындағы киелі жерлер туралы мәліметтер жинақталды. Киелі жерлерде туризмді дамыту бойынша жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда 18 нысан алынып, оған қажетті реставрация және абаттандыру жұмыстарына ұсыныстар берілді. Бұл 18 нысаннан басқа 200-ден астам тарихи-мәдени ескерткіштер, киелі орындар тізбесі бар. Олар ауылдық округтің әкімшіліктеріне таратылып, тиісті жұмыстар атқарылуда. Қаланың тарихы мен табиғаты, елді мекендердің жер-су аттары, тарихи-мәдени ескерткіштер туралы «Түркістан» кітабы жарық көрді. 2017 жылы Түркістан қаласы «Түркі әлемінің мәдени астанасы» болып белгіленуіне байланысты өткізілген іс-шаралардың барлығы рухани жаңғырумен байланыстырылғанын айта кету керек.
Әрине, жаздың күні ыстық болғанда, қаланың аптабы адамдарға, халыққа қиындық келтіретіні сөзсіз. Бұл орайда ауыз су жүйесімен халықтың 90 пайызы қамтамасыз етілген. Түркістанда ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру белсенді жүргізілуде. Ашылған кооперативтердің сегізі – мал шаруашылығымен, алтауы – егін, тағы алтауы – агроөндірістік, ал қалған 69-ы аралас бағытта жұмыс істейді. Жалпы 93 кооперативке барлығы 972 азамт мүше болып тіркелгенін айта кеткен жөн.
– Қаланың әлеуметтік-экономикалық саласы тұрақты дамуда. Мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар тиянақты әрі дер кезінде орындалуда. Әрине түркі дүниесінің астанасы атанған Түркістанның түрленер шағы әлі де алда деп білемін. Қаланың тарихи-мәдени маңызын ескере отырып, оны облыс орталығы ету бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондықтан бар күш-жігерімізді Түркістанды түлетуге жұмсаймыз, – дейді қала әкімі Тәжібек Мұсаев,
Армангүл АБЗАЛОВА
Түркістан қаласы