355
Жас ұрпаққа арналған жаңа оқулықтар
Жас ұрпаққа арналған жаңа оқулықтар
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) Ұлттық аударма бюросының ұйымдастыруымен «Әлеуметтану: жаңа ұрпаққа арналған жаңа оқулықтар» атты тақырыпта дөңгелек үстел өткізді.
Жиынға ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ әлеуметтік-экономикалық зерттеулер орталығының жетекшісі – Нұрқатова Ләззат, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының меңгерушісі, әлеуметтану ғылымдарының докторы – Гүлмира Әбдіраймова, Сүлеймен Демирел атындағы университеттің асситент-профессоры, саясаттану Phd докторы – Мұхтар Сеңгірбай, Алматы қаласының ЖОО оқытушылары қатысты. «Әлеуметтану: жаңа ұрпаққа арналған жаңа оқулықтарының» басты мақсаты – «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын іске асыру, заманға сай озық жастарды қалыптастыру, кітап оқуға тарту арқылы студенттердің мәдени және білім деңгейін көтеру, ғалымдардың, аудармашылардың басын біріктіру. Ал ғылым мен техника дамыған сайын бұл жоба өзінің өзектілігін жоғалтпайды.
Менеджмент, экономика, әлеуметтану, журналистика, саясаттану, «философияның таңдаулы 25 кітабы», психология тақырыбындағы 18 оқулық аударылып, жарық көрді. Бұл Қазақстан үшін білім базасын кеңейтуде үлкен мүмкіндік. Қоғамға білімді, еңбекқор, жаңа технологияны меңгере алатын азаматтар қажет.
«Біз өз еліміздің патриоты болып қана қоймай, оның дамуына үлес қосуымыз керек. Шет елден тәжірибе жинақтап, таңдаулы кітаптар оқып, жаңаша идея және қарқынмен қадам басу арқылы мемлекетіміздің мүддесін қорғай аламыз. Кітап оқып, ізденген адам ғана қоғамда белгілі бір мәртебеге ие болады. Және бұл кітаптар жастар үшін өте маңызды», – дейді Ұлттық аударма бюросы ҚҚ атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы.
Дөңгелек үстелде аудармашылар, ұстаздар қауымы өз пікірлерін еркін түрде білдірді. Оқулықтардың артықшылығына, жазу стиліне, сауатты аударылуына назар аударды. «Қазақстандағы ашық университет» сайтына кіріп, тіркелу арқылы студенттер, оқушылар оқулықтармен жаппай таныса алады.
Еркежан ДОСМҰХАНБЕТОВА,
студент