ТЕРМИНДЕР ТЕКСЕРІСТІ ҚАЖЕТ ЕТЕДІ

ТЕРМИНДЕР ТЕКСЕРІСТІ ҚАЖЕТ ЕТЕДІ

ТЕРМИНДЕР ТЕКСЕРІСТІ   ҚАЖЕТ ЕТЕДІ
ашық дереккөзі
443

Таяуда «Нұр Отан» партиясы орталық аппаратында «Қазақстан. 2017 мақсаттары. Ұлттық іс-қимыл жоспары» сайлауалды тұғырнамасының «Халық бірлігі» бағыты бойынша сараптама тобының кезекті отырысы өтіп, маңызды тақырып арнайы талқыға түсті. Биыл қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қабылданғанына 25 жыл толғанын атап өткен топ жетекшісі Серік Сейдуманов маңызды міндетті жүзеге асыруда айтулы жетістіктерге жеткенімізге тоқталып, келеңсіздіктердің де кемімей тұрғанын қозғады.Арнайы баяндама жасаған Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті төрағасының орынбасары Серік Сәлемов заңнама, ғылым, жаңа технологиялар және басқа салалардағы терминдерді реттеу мәселелерінің кезек күттірмейтінін, соның ішінде министрлік жанынан терминология институтын ашу қажеттілігін алға тартты. «Мемлекеттік тілді дамытуға мүдделi өркениеттi мемлекеттерде тіл саясатының маңызды құрамдас бөлiгi ретiнде терминология мәселелеріне үлкен мән берiледі», – дейді С.Сәлемов. Комитет төрағасының орынбасары сонымен бірге соңғы жылдары қазақ тiлiнiң терминологиялық жүйесiн әзiрлеу белсендiлiгінiң күрт өсуiне қарамастан, ұлттық нақыштағы терминдердi жасау кезiнде қазақ тiлiнiң iшкi ресурстары, лингвистикалық ғылымның жетiстiктерi барынша толық пайдаланылмай келетіндігіне кейістік білдірді. Жаңадан қабылданатын терминдермен елдің танысуы үшін til.gov.kz сайтында бекітілген терминдер базасы орналастырылыпты. Сондай-ақ терминдерді барынша талдап, жан-жақты зерделей отырып бекіту үшін осы сайтта «Талқыланатын терминдер» айдары ашылған. Бекітуге ұсынылатын терминдердің сапасы ала-құла. Кейбір бекітілген терминдер көпшіліктің қолдауына ие болмай жатқан да фактілер кездесіп қалады. Оның себебі, Комиссияға ұсынылған терминдерді тіл заңдылығының елегінен өткізетін тіл мамандары мен сала мамандарының бір жерде шоғырланып отырған мекемесінің жоқтығы. Тіл комитетінің өзінде жоғарыда көрсетілген мәселелермен бір ғана маман айналысады. Терминологиялық жұмыстарды ұйымдастыру, терминқорды қалыптастыру Қазақстан Республикасындағы тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының негізгі бағыты ретінде жүйелі түрде жұмыс жүргізу басшылыққа алынбай отыр. Осы бағдарламаға сәйкес 2014 жылы қазақ тілінің реттелген терминологиялық қорының үлесі 20 пайызға, 2017 жылға қарай – 60 пайызға, ал 2020 жылға қарай – 100 пайызға жеткізу міндеті алға қойылған. Ал басы түгенделмеген терминдерді санап шығу дегеніңіз қиямет-қайымға айналып тұр. «Жыл сайын мемлекеттің қатысуынсыз ғалымдар мен басқа жеке тұлғалар түрлі баспада ондаған сөздіктер шығаруда. Олар тіркелмегендіктен, тіпті нақты санын айту да қиын. Олардың ішінде екі тілдік, үш тілдік, терминологиялық та сөздіктер бар. Әртүрлі көзқараспен, ешбір мақұлданбастан шыққан сөздіктерде бірізділік жоқ екендігі түсінікті. Ал бұл сөздіктерді оқушылардан бастап, әр буынның, әр мекеменің қызметкерлері пайдаланады. Бүгінгі таңда – қазақ терминологиясының қайта қалыптасу кезеңінде бүкіл елдің назарына ұсынылатын сөздіктерде бірізділіктің болмауы саланың дамуына кедергі келтіріп, тиісінше ісжүргізуде келеңсіздіктер туғызуда. Терминология саласы бойынша еліміздің аумағында шығарылатын барлық сөздіктерге сараптама жасап, мақұлдайтын, терминдерді біріздендіріп және реттейтін, жұмысты жүйелі түрде жүргізетін мекеме болмағандықтан, терминологиялық лексиканы біріздендіру және реттелген терминологиялық қорды қалыптастыру мәселесі шешілмей отыр. Сондықтан министрлік тарапынан еліміздің аумағында меншік нысанына қарамастан шығарылатын, терминологиялық қана емес, барлық сөздіктерді арнайы орталықта сараптамадан өткізіп отыратын мекеме ашылуы керек», – дейді Серік Сәлемов. Академик Ә.Қайдаровтың сонау 90-шы жылдардың басында: «Қазақ тілінің терминологиясы әртүрлі жағдайларға байланысты бүгінде дағдарысқа ұшырап отыр: оның ғылыми принциптері жаңа үрдіске бағыт-бағдар беріп, алда жүріп отырудың орнына артта қалып, термин практикасы аяқасты болып бара жатыр. Осының салдарынан, әркімнің өз білгенінше термин жасауы немесе оны ауыстыруы тәрізді бейберекет әрекетке, анархияға жол беріле бастады», – деген сөзі бүгінгі күні туындаған түйткілді мәселелердің айқын көрінісін білдіреді. 1930 жылдардан басталған интернационалдық терминдерге басымдық беру үрдісі тәуелсіздік алғанға дейін алпыс жыл жалғасып келді. Соның салдарынан қазіргі заңнама мәтіндерінде өз тіліміздің мүмкіндігін сарқа пайдаланып жасалған терминдер емес, сырттан енген сөздер көптеп кездеседі. Жекелеген терминдерді басқа елдің тілдерінен алуға болар, бірақ,оны ұлттық тілдің грамматикасына, сөз құрылысына кіріктіріп жіберу өз алдына бір өзекті мәселе. Мысалы, орыстар тілдік қорының 30 пайызына дейін латын мен гректен алған. Оның орыстың сөзі емес екенін тіпті біле бермейміз. Тіл заңдылығын сақтай отырып, өздерінің тіліне кіріктіріп алғандықтан айырмашылық білінбейді. Қазақ терминология ғылымының негізін салған ұлы ғалым Ахмет Байтұрсынов: «Терминдерді аударудың қажеті жоқ. Оларды қазақшаға бейімдеп атай салу керек», – деген еді. Мәселен сол кездердегі «кирпич», «кровать», «ботинка», «самовар», «чайник», «чай» т.б. сөздерді қазақшаға бейімдеп «кірпіш», «кереует», «бәтіңке», «самаурын», «шәйнек», «шәй» деп тілдік қолданысқа кірігіп кеткен. Бұл сөздер бүгінде тілімізде актив сөздер қатарына кіреді. Терминдер халық арасында жиі қолданылады. Өзге елдерде терминологиялық жұмыстарды үйлестiру және ұйымдастыру қызметін мемлекеттік деңгейде жүзеге асырып қана қоймай, сонымен қатар терминологиялық жұмыстардың негiзгi салалық ғылыми-әдістемелiк бағыттарын да айқындайды. Бұл қызметтерді іске асыру барысында нысаны жағынан да, сол сияқты мазмұны жағынан да ұлттық ерекшелiктi сақтауға айрықша мән берiледi. Ал бізде Кеңес дәуiрiнде қазақ терминологиясында орыс және шетел терминдерi сыни талғамсыз қолданылды, ұлттық терминологияның басты қағидаттары еленбей қалды. Орыс тiлiнен енгiзiлген терминдер және сол арқылы келген халықаралық терминдер орыс тiлiндегi сияқты өзгерiссiз қолданылуы тиіс деген ереже күштеп енгізiлді және осы нұсқау заңдастырылды. Нәтижесiнде терминология жүйесiнде қазақ сөзiнiң үлес салмағы мүлдем аз болды. Осылайша, қазақ терминологиясы өзiнiң ұлттық келбетiн жоғалта бастады». Қазір бізде термин қабылдау қағидаттарын заман талабына сай айқындап алу қажеттілігі туындап отыр.

Ақымбек Съезд, филология ғылымдарының кандидаты, доцент:
− Бүкіл әлемге ортақ, әрі таңбалық қасиетке ие болған сөздер бар. Мысалы, банк, аэропорт сияқты сөздер азды-көпті дыбыстық өзгерістермен көптеген елдерде қолданып жүр. Осы секілді бастапқы шығу нұсқасын сақтап қолданылып жүрген сөздердің қатарына паспорт, гимн деген сияқты сөздерді де жатқызуға болады.
Бүгінгі таңда термин мәселесін Елбасымыз да жиі-жиі қадап айтып жүр. Терминдерді жаппай қазақ тіліне аудара беру арқылы көп нәрсеге қол жеткізе де қоймаймыз. Жаппай аудару үрдісі бар екен деп «кредитті», «несие» деп аударып алып, «ссуда» дегенді де «несие» дейтін болсақ, түптің түбінде бұл әрекетіміз шатасушылыққа, былайша айтқанда экономикалық қатынастың қиындауына әкеліп соғады. Соңғы шыққан сөздіктерді қарайтын болсақ, «кредитті» сол күйінше қалдырып, «ссуда» дегенді «несие» деп атап, қайта тұрақтандырғанын байқауға болады. Осындай ала-құлалық, әсіресе, экономикалық салада жиі байқалады. Тағы бір мысал, «наличные деньги» дегенді «қолма-қол ақша» деп жүрміз, ал терминком осы сөзді «салт ақша» деп бекіткен. Десе де, көпшілік «қолма-қол несие», «қолма-қол ақша» дегенді жиі айтып, жазып жүргенін көруге болады.
Ел-елдердің бәрінде терминді тілдің дыбыстық заңдылығына икемдеп қабылдау тәжірибесі белсенді қолданылады. Осы үлгімен қазақ тілі де өзінің дыбыстық жүйесінің ерекшеліктерін сақтай отырып, терминдерді неге икемдеп ала бермеске?! Мысалы «кредитті» қазақшалап, «кіредет» деген сияқты. Негізінен бұл құбылыс, қазақ тілінде орындалып келеді. Мәселен терминком бекіткен «кәбіл» сөзі орыстардың «кабель» дегенінен шыққан. Осындай тәсіл арқылы да тіліміздің сөздік қорын байытудың жолдары, мүмкіндіктері арта түспек. Жалпы, барлық тілдерде ортақ термин сөздер міндетті түрде дыбыстық жағынан қазақ тіліне икемделуі қажет деп есептемеймін. Енді біраз жылдардан кейін, таным түсінік өзгергеннен кейін «әуежай» деп жүргенді «аэропорт», «төлқұжат» деп жүргенді «паспорт» деп ескі атауымен қайта айта бастауымыз мүмкін. Егер осы терминдерді қазақ тіліне аудармай, балама іздемей-ақ, қазақ тіліне икемдеп «паспырт», «айырпарт» деп қолданатын жағдай туса, әрине, оны қолдаймын. Себебі бұл жерде қазақ тілінің дыбыстық жүйесі мен ерекшеліктері көрініп, термин қазақиланғандықтан оны тілдік қолданысқа енгізу де оңай болмақ. Бұл тәсіл арқылы халықаралық сөздер азды-көпті өзгеріске ұшырағанымен, барша қазаққа түсінікті болып шыға келеді. Оның үстіне тілдердің жаһандануы, ортақтығы, бір-біріне ықпалдасуы белсенді жүріп жатқан заманда біздің тілге терминдер ағылшын тілінен, я басқа тілден тіке жолмен ешқашан кірген емес. Олардың қалай десе де, қазақ тіліне орыс тілі арқылы еніп жатқанына бәріміз куәміз. Ал осындай сөздерді дыбыстық жағынан икемдеу арқылы бір жағынан болашақ латын графикасына көшудің алғышарттарын да жасай аламыз.
Ата-бабаларымыздың қара тілінен мол мұра қалды. «Кәрзенке», «бәтеңке», «кәмпит», «жәрмеңке» деген сияқты сөздерді жанымыздай жақын қабылдап өстік. Міне, солардың салып берген сара жолын пайдалануға болады ғой. Фонетист ғалымдар терминдердің көбін дыбыстық жағынан икемдеп, қазақ тіліне жақындатып алғанды жөн көреді. Қазақ терминологиясын біріздендірудің тағы бір жолы бар. Ата-бабаларымыздан қалған мақал-мәтелдерде, жырларда кездесетін ескі сөздерді жаңғыртып қолдану да термин жасау барысында көп қызмет көрсете алады. Бүгінгі қолданыстағы «кеден» деген сөзді ешкім де ойдан шығарған жоқ. «Кеден, кеден болды, кедергі неден болды?!» дейтін жыраулардан қалған сөзді қайта қолданысқа енгіздік. Ол сөз тіпті, саяси мәні бар, экономикалық қатынасты реттейтін термин дәрежесіне дейін көтеріліп, қолданыста жүр. Жалпы сөздерді түгелімен аударудың тілдік және тарихи негізі бар деп айта аламыз. Егер белгілі бір терминді әр ел бөлек түрлі сөздермен аударып қолданатын болса, онда қазақ тілінде де оның аудармасы, баламасы болуы заңды.

Әміров Әбдібек, филология ғылымдарының кандидаты, доцент:

− Мемлекеттік терминология комиссиясы бекітіп берген терминдерді бірізді қолданған жағдайда ғана жарыспалыққа, шатасушылыққа жол бермейтін боламыз, әрі ондай терминдер толықтай қолданысқа енеді. Жекелеген ғылым салаларындағы терминдерді сол саланың мамандары шығарып жатады. Бұл, әрине, өте дұрыс. Дегенмен олар тілші мамандармен бірлесе жұмыс жасап отырғаны жөн. Солай еткен жағдайда ғана олардың жасаған терминдері сәтті шығып, бірден қолданысқа түсіп кетер еді. Қазіргі уақытта бізде белгілі бір ғылым салаларына қатысты көптеген терминологиялық сөздіктер жарық көріп жатыр. Алайда сол сөздіктерді құрастырушылар онда берілген терминдердің қазақша нұсқасына онша мән бере бермейді, яғни кейбір жарыспа баламаларды қолданып жатады. Осыдан келіп оны қолданушылар, пайдаланушылар өз кезегінде қателікке бой алдырады. Сөздік құрастырушылар негізінен терминдердің арнайы комитет тарапынан бекітілген, бекітілмегендігіне мән беруі тиіс деп білеміз.
Тілімізге жаңадан енген сөздердің бірнеше баламалары қатар қолданыста жүргендігі тағы бір өзекті мәселе. Негізінде терминдерде бір ғана балама болуы керек. Десе де, сөздердің бірнеше нұсқалары болуы дұрыс деген пікір жиі айтылып жүр. Осы ретте терминологияға қойылатын негізгі талаптар бұзылып, оның бір мағыналығы сақталу керек деген тұжырымнан аттап кетіп жатамыз. Мысалы 90 жылдардан бастап «семья» сөзінің «отбасы» , «жанұя», «шаңырақ», «үйелмен», «түтін» сияқты бірнеше нұсқалары ұсынылған болатын. Соның ішінде мемлекеттік терминология комиссиясы «отбасы» деген сөзді бекіткен еді. Дегенмен «жанұя» сөзі әлі де жарыса қолданылып жүргендігін байқаймыз. Осындай сөздердің көп нұсқалығы шатасушылыққа алып келеді. Ескеретін тағы бір жайт, терминдерді аудару барысында оған қандай да бір шектеу қойылмайды. Әркім өз білгенінше терминдерге балама ұсынып жатады. Кеңестік кезеңде жаппай орыстандыру саясаты жүріп, оның ықпалы тілге де өз әсерін тигізгені баршамызға мәлім. Әсіресе, терминдерді аудармай сол қалпында қолдану үрдісі кең етек алды. Бертін келе, яғни еліміз өз егемендігін алып, тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болған уақыттан кейін арнайы статистика жүргізіліп, қолданыстағы терминдердің 70 пайызы орыс тілі немесе орыс тілі арқылы енген шет тілі сөздері екендігі, қалған 30 пайызды өзіміздің төл сөздеріміз құрағандығы айтылып та, жазылып та жүрді. Ұлт болып қалыптасуымыз үшін тілдік қолданыстағы сөздердің, терминдердің басым бөлігін өз тіліміздегі сөздер құрауы керек. Бұл жерде басқа тілдерден сөз алудан қашқандық емес. Бұл бүкіл дүние жүзінде бар құбылыс. Бір тілден екінші бір тілге сөз ену бұрыннан бар және әлі де бола береді. Тек оның аудармасына мұқият болып, оған анық балама табылған жағдайда ғана қолданысқа енгізу қажет. Сырттан енетін сөздердің көбі бізге тікелей орыс тілі арқылы келеді. Оларға ең алдымен қазақша балама тауып қолданғанымыз жөн. Егер ондай балама табылмаған жағдайда, өзіміздің дыбыстық ерекшеліктерімізге икемдеп, яғни, фономорфологиялық заңдылықтарға сәйкестендіріп қолданған дұрыс. Мәселен ХХ ғасырдың бас кезінде «жәшік», «тауар», «зауыт» т.б. сөздердің қолданысқа түскендігі белгілі. Нақты фактілерге сүйенер болсақ 1927 жылы жарық көрген «Пән сөздері», 1931 жылы шыққан «Атаулар сөздігінде» де терминдердің басым көпшілігі аударылып беріл­ген, ал аударылмағандары фоно­мор­фологиялық заңдылықта­ры­мызға сай икем­деп берілген, орыс тілі не болмаса орыс тілі арқылы енген сөздердің аударылмай сол қалпында берілгендері өте аз, бар болғаны 1-2 пайыздай ғана. Дыбыстық ерекшеліктерге сәйкес икемдеп термин жасау қазіргі кезде орын алып отыр және бұл тәсіл терминжасау тәсілдерінің бірі ретінде саналады. Оған «зауыт», «пошта», «реліс» т.с.с сөздер мысал бола алады.
Термин жасау барысында орыс тілі не орыс тілі арқылы енген сөздерге келгенде оларға жаппай балама іздеу міндетті емес, оның ішінде дұрыс балама табылып жатқандарын ғана аудару орынды. Ал сәтті балама табылмай жатқандарын сол күйінде қалдырған дұрыс. Тағы бір ескеретін жайт, түбі бір түркі тілдерінен сөз алып қолдануды дамытуымыз қажет.

Дайындаған
Еркежан ЖҰМАТАЙ

Серіктес жаңалықтары