ЖАНЫ ҚАЗАҚТЫҢ БӘРІ – БАУЫРЫМ

ЖАНЫ ҚАЗАҚТЫҢ БӘРІ – БАУЫРЫМ

ЖАНЫ ҚАЗАҚТЫҢ БӘРІ – БАУЫРЫМ
ашық дереккөзі
373

Қазақ эстрадасында қазақы қалпымен, салмақтылығымен тыңдармандарының қошеметіне бөленіп жүрген әншілердің бірі – Досымжан Таңатаров. Өнерден өз орнын тапқан Досымжан Таңатаров қазақ өнерінің жанашыры ретінде бүгінгі қазақ эстрадасы туралы сұхбат берген еді.– 

Досымжан аға, бұрын терме орындаушы едіңіз. Неге қазір қолыңыздан домбыраңыз түсіп қалды? 

– Расында да, көпшілік «Досымжан домбырасын неге тастап кетті?» деп сұрап жатады. Алдағы өткізгелі отырған кешімде домбырамен бірнеше ән орындаймын. Мен домбырадан, термеден алыстамаймын. Өйткені ол менің болмысым. Айтыскер ақын Балғынбек Имашев та қазір терменің жаңғырмай жатқандығын жиі айтады. Бірақ терме жазу кезінде адуынды ақындардың сөздеріне мақам таппай қиналамыз. Кешегі Жамбылдың, Кененнің, Сүйінбай, Шернияз, Майлықожаның да өлеңдерінің өміршең болуы сол кездегі бүкіл қоғамдық мәселелерді қозғағандығында. Олар ұрпағының келешегін де жырға қосты. Абайдың да артықшылығы сонда. Терме деген – насихат. Ал насихат ауқымды болуы керек. Қазір термелер уақытша айтылатын насихат болып қалды. Терме деген қоғамда болып жатқан бірнеше мәселені көтергенде ғана өміршең болады. Қазір ақындар сөз жазып келгенмен, оған мақам табылмайды. Соның әсерінен сәтсіз туынды шығады. 

– Халық әндерін жаңаша бағытта өңдеп, сахнаға алып шығу сәнге айналды. Бұған не себеп? Оның қажеті бар ма?

– Халық әндерін жаңартудың қажеті қанша? Қиын сұрақ. Бірақ ол біздің қалауымыздан тыс орын алып жатқан дүние. Халық әндерін эстрадаға жастарды тыңдату үшін әкеледі. Қазір бірде-бір ата-ана баласының құлағындағы құлаққапты алып: «Сен не тыңдап жатырсың?», – деп сұрамайды. Батыстың музыкасын тыңдап жүрген балаға «Сен ана музыканы тыңдама» деп айта алмайсың. Ол сол әуенмен өсті. Оны өзгерту мүмкін емес. Сондықтан біз қазақы әндерді олар тыңдайтын үлгіде жастардың санасына сіңіреміз. Әлемдік дыбыстар, әуендер, ритмдерге байланысты халық әндерін де жаңаша өңдедік. Әр жылдарда түрлі стильде әндер шыға бастады. Әншілер сол стильге келетін әндерді өзгеріске ұшыратты. Әннің табиғатын бұзбай, өңдеп халыққа ұсынуға болады. Біз шетелдің әуенін әнімізге емес, әнімізді сол әуенге ыңғайлаймыз. Біздің қателігіміз осы. Сол арқылы ән құлаққа тұрпайы тиіп жатады. Содан кейін қазіргі жастар ән айтқанда қазақ тілінің заңдылықтарына мән бермейтін болды. Созылмайтын дыбыстарды созу, буынға бөлінбейтін жерде бөлу, дауысты, дауыссыз дыбыс дегенге мән бермеу қазіргі жастардың санасына сіңіп кеткен. Соның нәтижесінде олар қазақша сөздерді дұрыс айтпайды. Ол сол адамдардың қазақ тіліне құрметпен қарамайтындығының әсері. Қазір әркім өз шаруасымен жүр. Кім қандай ән орындап жүр, қалай орындап жүр? Оған назар аударып жатқан адам жоқ. Жақында «Ініме» деген жаңа әніме бейнебаян түсірдім. Ол «Хит тв», «Муззон» сынды еліміздегі музыкалық арналардың форматына келмейді. Өйткені онда жастарға беретін тәрбие бар, ағайын-туыстың арақатынасы бар. Бейнебаянда артыңда бір-екі қыз билеп тұрса, еш қиындықсыз арналарға өтеді. Оларға жалт-жұлт еткен дүние болса, жастарға ой салмаса болғаны. Мағынасы жоқ, өзінің мақсаты жоқ, танымалдылықты ғана қалайтын, айтып тұрған әнінің мәнін түсінбейтін, қолында ақшасы бар жандардың әндері ғана еш қиындықсыз өтеді ол арналарға. 

– Өнерге кеше ғана қадам басып, бір күнде танымал боп шығатын әншілер бар. Сіз қаншалықты танымалсыз?

– Құдай мені арба жүрісімнен ажыратпай-ақ қойсын деп тілеймін. Маған ұшақ жүрістің де, көлік жүрістің де керегі жоқ. Осы арба жүріс мен үшін жеткілікті. Мен бірқалыпты, бір ортада жүргенді қалаймын. Ең жаманы, көтерілген биігіңнен төменге түсіп қалу. Ал шыққан шыңыңда тұрақтап қалғанның еш әбестігі жоқ. Менде аса бір шарықтау жоқ шығар, бірақ мен төмен түсіп кеткен жоқпын. Мен өзімнің әндерімді тыңдайтын белгілі бір тыңдармандарымның барын білемін. Мені білетін орта бар. Қазіргі жастардың ықпалымен ғана кететін болсақ, әншінің қадірі кете бастайды. Өзіңнің ортаңа сай еңбегіңді көрсетсең, жемісін жейсің. Маған «қара пиар» туралы ұсыныс жасағандар да болды. «Саған қара пиар керек, сонымен айналысу керек» дегендер де кездесті. «Қара пиар» деген керек шығар, мүмкін. Ал одан бас тарту менің кемшілігім де шығар. Бірақ оны мен қалаған жоқпын. Ол менің табиғатыма келмеді. Көңілім қаламады. Жақында Гүлмира Саринаның концертіне бардым. Дәстүрлі әнді арқалап жүрген әнші. Өзінің жұмысына берік, сүйікті жұмысымен айналысып жатқаны көрініп тұр. «Мені халық танымай жатыр» деп уайымдамайды. Өз ісіне риза. Істеп жатқан жұмысын айқайлап айтпайды. Бәріміз солай жасауымыз керек. 

Кейбір әндер бар. Жалт етіп шығады. Бір тыңдайсың, одан кейін ол әннен жалығасың. Сенің өмір бойы серігің болатын әндер болады. Оны әншілердің бәрі біледі. Бір әндер бар, тек белгілі бір мереке қарсаңында ғана орындалатын. Содан кейін тойда да, концертте де орындалатын әндер болады. Кей әншілердің әнін алып қарасаң, тек жастар ғана тыңдайды. Ондай әндер белгілі бір ортада ғана өмір сүреді. Мәселен, менің тыңдармандарымның барлығы қарапайым орта буынның қазақтары. Орысқолдылау, қазақша түсінбейді-ау дегендердің ортасына барғанда мен «Құралайды» орындаймын. Ол ән мені кез келген жерден жұлып алып шығады. «Құралайды» орыстанғандар да тыңдайды. Өйткені олардың түбі қазақ қой. Тамырында, жанында қазақтық бар. 

– Өнер адамдарының арасында «музыкалық білімі жоқ әншілерді» мойындамайтындар бар. Сіз оларға қалай жауап бересіз?

– Саят Медеуов «Қолында дипломы бар адамдардың барлығы оқымаған тұлғалардың атындағы оқу орнын бітіріп жатыр» деп айтады үнемі. Расында солай. Өнер адамдары оқымаған Құрманғазының күйін тартып әлемге танылып жатыр, білім алмаған Ақан мен Кененнің әнін орындап жүр. Біліміңнің болғаны дұрыс-ақ. Алайда музыкалық білімі жоқ деп әншілерді бір топқа ысырып тастауға болмайды. Менің де негізгі мамандығым – инженер-технолог. Алғашында музыкалық білім алғым келген. Бірақ ол кезде мүмкіндігім болмады. Жаңадан отбасын құрдым, сәбилі болдым. Сөйтіп оқудан қалып кеттім. «Ат аяғымен, адам құлағымен семіреді» дейді. Қазақы әндерді орындайтын әншілердің көпшілігі тыңдау арқылы үйренеді. Нота білген де жақсы. Бірақ сен әнді құлағыңмен тыңдап, жүрегіңмен сезіну арқылы халыққа жеткізесің. Білім деген сол саланың бір қырын ғана меңгердім деген сөз. Білімсіз болмас үшін көп іздену керек. Музыкалық білімі жоқтарды өнерпаз емес деп, сахнадан алыстату деген ойға сыймайды. Жоғары оқу орнынан музыкалық білім алмасақ та, біздің орындаған әндерімізді тыңдайтын халық бар. 

Өнерде бақталастық деген бар. Бақталастықтың болғаны өсу үшін, өркендеу үшін қажет те шығар. Алайда біз қазір біреудің жақсы дүниесін айтудан қалып бара жатырмыз. Бір-бірімізге жақсы сөз айтудан қалдық. Бір сахнада жүрсек те менің әндерімді тыңдамайтын адамдар бар. Бірақ оларды кінәлауға болмайды. Өнердегі әр азаматтың өз тыңдармандары бар. 

– Өнер әлемінде және спорт саласында жүрген қос Таңатаров бар. Ақжүрек Таңатаровтың спорттағы жетістіктеріне сіздің қаншалықты қатысыңыз бар?

– Ақжүректің атасы қарулы, тұйықтау кісі болған. Ал менің атам өнерге жақын, жиын-тойдың ортасында жүрген. Ақжүректің атасы бір өзі бірнеше адамды ұрып жығатын жан болған. Әкем Ақжүрекке «Осы күресті тасташы. Біреудің жағын бұзған абырой ма? Одан да оқып, білім ал» дейтін. Ақжүректің бауырларының бәрі күреске баратын. Спортқа жақын болды. Ақжүректі спортқа жетелеп мен апарған жоқпын. Десек те, аға ретінде оның қолтығынан демеп жүрдім. Олимпиадада жетістікке жеткені біз үшін үлкен мақтаныш. Соңғы бес жылда өз салмағында алдына адам салмаған. Жыл сайын Қазақстан чемпионы атағын өзі алатын. Бейжіңге олимпиадаға бара алмай қалғанда қатты қиналды. Спорттың жолы өте ауыр. Қандай қиын. Екі-үш күн тамақ ішпей, салмақ қуып жатқанын көргенде әкем: «Таста, спорты құрысын», – деген. Соған қарамастан соңына дейін еңбектенді. Бұл жеңіске еңбектің арқасында жетті. Өз еркімен, өз күшімен жеңіске жетті. Ағасының арқасында ешнәрсеге қол жеткізген емес. Олимпиадаға бірінші рет барды. 1996 жылғы Олимпиадада Мәулен Мамыров қола жүлдеге қол жеткізген. Ал Ақжүрек әкелген медаль 16 жылдан кейін еркін күрестен елімізге келген табыс. Біз оның қалай еңбектенгенін көрдік. Мен ол секілді әлемдік деңгейде танымал емеспін. Мені тек Қазақстанның ішінде тануы мүмкін. Ал Ақжүрек еліміздің абыройын әлемдік додада қорғады. Бір бауырың атағыңды ары қарай бір баспалдақ көтеріп жатса, мәртебе емес пе?! «Ініме» деген әнді жазуымның себебі де осы олимпиадамен байланысты. Олимпиададан кейінгі Президенттің қатысуымен болған концертте мен көрермен ретінде қатыстым. Сол кезде маған тек «Көк тудың желбірегені» деген ән ғана ұнады. Менің де репертуарыма осындай ән керек екен-ау деп ойладым. Бұл ойымды бірнеше композиторға айттым. Сазгер Бауыржан Есебаев «Ініме» деген әнді ұсынды. Тіпті, ол әнге бейнебаян да түсіріп берді. Өзіміздің ауылымызда Ақжүректің қатысуымен бейнебаянымызды да түсірдік. «Патриоттық әнің де, олимпиадаға қатысты әнің де осы. Іні туралы ән жоқ. Мен саған тың тақырып ұсындым», – деді Бауыржан. 

– Жеке ән кешіңізді өткізуді жоспарлап отыр екенсіз. Кезекті концертіңізде тыңдармандарыңызды қандай жаңалықпен қуантасыз? 

– Менің ең алғашқы жеке концертім 2004 жылы Алматы қаласында «Құралай» деген атпен өтті. Сол концерттік бағдарламамен бүкіл Қазақстанды аралап шықтым. Одан кейінгі ән кешімді Астана қаласының 10 жылдығына орай «Сарыарқа» деген атпен бердім. Дәл осы атаумен әнжинағымның тұсауын да кестім. Бұл – менің бас қаламызға жасаған сыйым, Астананың мерекесіне қосқан бір үлесім. Содан бері жеке ән кешін ұйымдастырмағаныма 5 жыл болыпты. Реті келіп тұрған соң, қараша айында өз кешімді өткізуді жоспарлап отырмын. Биылғы кешім «Отаным десем…» деп аталады. Репертуарымдағы патриоттық әндерімнің барлығын орындаймын. Қарап отырсам, ән қоржынымда Отан, туған жер, ел, ата-ана, ағайын-туыс, бауырға арналған әндер басым екен. Менің болмысыма, табиғатыма келетін әндер осы. Мені халыққа танытқан, атымды қалыптастырған «Құралай» әні. Егер репертуарым патриоттық әндерге толы болса, неге мен Отаныма арнап кеш өткізбеймін? «Отаным десем…» менің ойыма елім, жерім, халқым, отбасым, ата-анам, бауырларым оралады. Патриоттық тақырыптағы әндер көбіне Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ғана орындалады. Сондықтан мен жеке ән кешімде осындай әндерді ешқандай мерекені күтпей-ақ тыңдармандарыма ұсынбақпын. «Кештің атауын елді қызықтыратындай етіп атайық» деген ұсыныстар да айтылды. Бірақ мен осы атауға тоқталдым. Концертте жеке орындау да, дуэт те, трио да болады. Тоқтар Серік, Саят Медеуов қатысады. Балаларым да өнерден алшақ емес. Олар да осы концертте сахнаға шығады. 

Кеш Астана қаласында өтеді. Қазір Астана қаласының Мәдениет басқармасы өнерге үлкен қолдау көрсетіп жатыр. Астана қаласында ән кешін өткізетін өнер адамдарының көбеюі сондықтан. Қала әкімдігі бізге кешімізді жарнамалауға, кейде телеарналардың түсіріліміне, сахнаны әрлеуге дейін өздері көмек көрсетеді. Бұл Астананың мәдени ортасын қалыптастыру, өнерге қолдау көрсету үшін жасалып жатқан дүние. 

– Әңгімеңізге рахмет!


Әңгімелескен 

Әсел ӘНУАРБЕК


Серіктес жаңалықтары