ҚАЛАДА ҚҰРАСТЫРМАЛЫ ҮЙЛЕР КӨБЕЙМЕК

ҚАЛАДА ҚҰРАСТЫРМАЛЫ ҮЙЛЕР КӨБЕЙМЕК

ҚАЛАДА ҚҰРАСТЫРМАЛЫ ҮЙЛЕР КӨБЕЙМЕК
ашық дереккөзі
221

Бәсекеге қабілетті тауар өндіру – уақыт талабы. Әсіресе, елімізде құрылысқа қажетті заттарға сұраныс өте жоғары. Өйткені бүгінде Қазақстанның түпкір-түкпірінде әлеуметтік нысандар, тұрғын үйлер көптеп салынуда. Жолдар жөнделуде. Міне, осы құрылыс алаңдарын отандық өніммен қамтамасыз ету маңызды мәселе. Жуырда Шымкенттегі «Ордабасы» индустриялды аймағындағы «Заманауи құрылыс бұйымдары» ЖШС-де болып, жұмысымен таныстық. Бұл өндіріс орнында «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлiк дәлiзiнiң құрылысына арналған бетон бұйымдары шығарылуда. Осыдан 3 жыл бұрын құрылған кәсiпорын басшылығы бұл жобаны жүзеге асыру үшiн 1,2 миллион еуро қаржы жұмсаған.
Заман талабына сай кәсіп­орын­да жол құрылысына қажетті зат­тардан бөлек, қаладағы ирри­га­ция­лық жүйелерге қажетті желілер және төсенiш плиталар жасалуда. Істің көзін таба білген зауыт ұжымы мұны­мен шектелмей, тұрғын үй­ құрылысына қажеттi бетон бұйым­дары өндiрiсiн қолға алды. Дәлі­рек айтсақ, топса мен ригель колон­на­сын, текпiшек пен плитаны және базальтты жылытқышты шы­ғару арқылы көпқабатты тұр­ғын үйлердi құрастырмалы әдiс­пен салуды бастамақшы. Ал­ғаш­қы нысан салынатын жер де­ белгілі. Жобаның тұсаукесері және тәжiрибе ретiнде «Нұрсәт» ша­ғы­науданында «Шымкент» ӘКК-нiң тапсырысы бойынша осын­дай үй бой көтермек. Сондай-ақ құрастырмалы үйлер құрылысын жүргізуге «Тұран» шағынауданынан 26 гектар жер бөлiнген. Ол Шымкент қаласының солтүстiк iргесiнде. Мұнда жыл соңына дейiн 9 қабатты тұрғын үй салынып, пайдалануға берiлмек. Жалпы, алдағы уақытта 26 гектар аумаққа дайын бұйымдардан құрастырылатын 50 көпқабатты тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Мамандардың алдын ала есептеулеріне сүйенсек, мұндай үйдiң 1 шаршы метрi 118,5 мың теңге болмақшы. Облыс әкімдігі «Тұрандағы» үйдiң жобалық-сметалық құжатын дайындауға 8 миллион теңге бөлінді. Өзге өңірлерде қолданысқа енгізіле қоймаған бұл жоба тiкелей об­лыс әкiмi А.Мырзахметовтiң бақы­лауында.
Құрастырмалы үйдiң қандай артық­шылығы бар? Осыған тоқтала­й­ық. Біріншіден, құрылысшылар мон­таждау жұмыстарын 4-5 айда аяқ­тайды. Демек, бұл осы уақытта үйдiң құрылысы толық аяқталып, пайдалануға берiледi деген сөз. Қазiргi салынып жатқан үйлердiң құрылыс жұмыстары 6-8 айға созылатынын ескерсек, бұл тәсілдің тиімді екені сөзсіз. Сондықтан қаңқалы үйлер құрылысы арқылы бiр жылда 2 үй салып бiтуге болады. Алғашқы үй пайдалануға берілген соң ол әбден зерттелмек. Құрылыс өзін ақтап, сапасы мықты екені дәлелденсе, осы әдіс жаппай қолданысқа енгізілуі мүмкін. «Заманауи құрылыс бұйымдары» ЖШС-нiң директоры Т.Бекжiгiтовтің айтуынша, зауыттың бастамаларына көптеген құрылыс компаниялары қызығушылық танытуда.
− Сапалы әрі тиімділігі жоғары 3-4-шi класты қолжетiмдi баспана салу мәселесiн көптен берi ойластырып жүр едік. Сөйтiп, «Сәулет және дизайн», Қазақ ғылыми-зерттеу және жобалау-эксперименталдық сейсмикаға төзiмдi құрылыс пен сәу­лет институтымен бiрлесiп жобасын жаса­дық. Үйдiң қаңқасы 4 бөлшектен құралады. Ол ригель колоннасы, топса, текпiшек пен плита. Соңғысын қазiргi таңда шығарып жатырмыз. Қалған бетон өнiмдерiн дайындайтын қондырғылар жуырда шетелден әкелiнедi. Қарашада толық өндiрiс қуатына көшемiз деп отырмыз. 1 үйдiң қаңқасын құрастыруға қажет­тi бұйымдарды зауыт 25 күнде шы­ғарады. Еліміздегі үшінші қала – Шымкентте жаңа ғимараттар мен тұрғын үйлер санын көбейтуге үлес қоссақ, еңбегіміздің ақталғаны, − дейдi ол.
«Заманауи құрылыс бұйым­дары» ЖШС сонымен қатар тұр­ғын үй құрылысына қажетті құры­лыс өнімдері, жылылықты оқшау­лайтын плиталар мен базальт тал­шықтарын да шығаруда. Бұл да маңызды қадам. Кәсіпкер Т.Бекжігітов «Бизнестің жол кар­тасы – 2020» бағдарламасы ая­сында инфрақұрылымды жақ­сар­туға қол жеткізгенін де айтты. Жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып отырған зауыт негізінен отандық нарықтағы сұранысты қанағаттандыруды көздейді.

Серіктес жаңалықтары