ӨРІСІ КЕҢІГЕН ӨНДІРІС

ӨРІСІ КЕҢІГЕН ӨНДІРІС

ӨРІСІ  КЕҢІГЕН   ӨНДІРІС
ашық дереккөзі
217

Қазақстанда бүгінде шикізат экпорттаудан бөлек, дайын өнім өндіруге де көңіл бөлінуде. Түрлі инновациялық бағдарламалар қабылданып, жобалар жүзеге асырылып жүр. Дегенмен отандық өндіріс әлі де аяқтан тік тұрып кете қойған жоқ. Бұл салада әлі де шаруа шаш-етектен. Орта және шағын кәсіпкерлікті дамыта отырып, зауыт, фабрика, кәсіпорындардың санын арттырса ғана ел қазынасы еселенеді. Экономиканың осы қағидасын берік ұстанған Оңтүстік Қазақстан облысында соңғы жылдары кәсіпорындар саны арту үстінде. Оған осыдан төрт жыл бұрын ашылған «Оңтүстік» индустриалдық аймағындағы қарқынды жұмыстар дәлел.Шымкенттегі бұрынғы фосфор зауытының аумағында орналасқан индустриалды аймақтың жалпы жер көлемi 337 гектарды құрайды. Мұнда өндіріс орындарын ашуға кәсіпкерлерге барлық жағдай жасалған. Мемлекеттің қолдауымен инфрақұрылым тартылып, кәсіпкерлердің іс бастауына қолайлы мүмкіндіктер қарастырылған. Бүгінде индустриалды аймақта өңiрлiк үйлестiру кеңесi (ӨҮК) мақұлдаған жалпы құны 76 млрд. 227 млн. теңгенi құрайтын 68 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Осы арқылы 6 жарым мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылмақ. Оның iшiнде жалпы құны 51 млрд. 745 млн. теңгенi құрайтын, 4 мыңға жуық жұмыс орнымен қамтылатын 23 жоба Индустриаландыру картасына енген.
Индустриалды аймақ құрылған сәттен бастап тиімділігін дәлелдеп келеді. Мұнда алғашқы үш жылда жалпы құны 15 млрд. 55 млн. теңгенi құрайтын 31 инвестициялық жоба iске асырылып, 2312 жаңа жұмыс орны ашылған. Ал биыл жалпы құны 3 млрд. 793 млн. теңгенi құрайтын 11 инвестициялық жобаны жүзеге асыру қолға алынған. Бүгінде оның бірқатары іске қосылып үлгерді. Нәтижесінде 596 адам жұмыспен қамтылмақшы.
Жобалардың нәтижесі өнім көлемімен есептелетіні белгілі. Бұл ретте «Оңтүстiк» индустриалдық аймағындағы кәсiпорындардың өндiрген өнiм көлемi жылдан-жылға өсіп келе жатқанын айта кеткен жөн. Мәселен, 2011 жылы 7 млрд. 470 млн. теңгенiң өнімі өндірілген. Бұл облыстың өңдеу өнеркәсiбi бойынша өндiрiлген өнiмнiң 2,9 пайызын құрайды. 2012 жылы 10 млрд. 200 млн. теңгенiң (3,3 пайыз), ал 2013 жылы 12 млрд. 100 млн. теңгенiң (3,7 пайыз) өнiмі өндiрiлген. Осыдан-ақ өңiрде индустриалдық аймақтарды құрудың тиiмдi болғанына көз жеткiзе түсемiз. Осындағы инфрақұрылымның құрылысына «Бизнестiң жол картасы − 2020» бағдарламасы бойынша 4,9 млрд. теңге бөлiнген. Кәсіпкерге ең керегі инфрақұрылым екенін ескерсек, бұл шаруаның да маңызы зор. Қазiргi таңда инфрақұрылым құрылысының төрт кезеңi толығымен аяқталды. Индустриалды аумақтың бірнеше артықшылықтары бар. Біріншіден, «Оңтүстік» индустриалдық аумақ дирекциясы кәсіпкерлерге «бір терезе» ұстанымы бойынша қызмет көрсетеді. Екіншіден, аумақ кәсіпорындары коммуникациялық инфрақұрылыммен тегін қамтамасыз етіледі. Үшіншіден, индустриаландыру картасына кірген инвестициялық жобаларға жер телімдері жеке меншікке конкурссыз беріледі. Төртіншіден электр қуаты 25 пайыз арзан. Бесіншіден, қайта құрылып жатқан кәсіпорындарға қажетті маман дайындау үшін қайта даярлау орталықтары жұмыс жүргізуде. Төртіншіден, ыңғайлы логистикалық жүйе құрастырылған. Магистральға жақын теміржолмен қамтамасыз етілген. Міне, осы артықшылықтар еліміздің ғана емес, шетелдік инвесторларды да қызықтырып отыр. Мұндағы ілкімді істерді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев та жоғары бағалап, шағын кәсіпкерлікті дамытудағы бастамаларға қолдау ф болатын. Бүгiнгi таңда индустриялдық аймақтарды ашу бойынша Оңтүстiк Қазақстан облысының тәжiрибесi республиканың басқа өңiрлерiне үлгi ретiнде қолданылуда.
Индустриалды аймақта облыс экономикасына оң серпін беретін бірнеше кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Солардың жақында ашылған бiрқатарына тоқтала кетейік.
Биыл шыны бұйымдарын шығаратын зауыт ашылғанынан ел құлағдар. Кәсіпорын 2,3 млрд. теңгенi құрайтын жобаны жүзеге асыруда. Жылына 70 миллион данаға дейiн шыны құтысын дайындауға қабілетті өндiрiс ошағы әлемдегi жетекші компаниялардың заманауи құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етiлген. Атап айтар болсақ, швейцариялық құрал-жабдықтар орнатылған. Бұл қондырғының артықшылығы тек сапалы өнiм шығарып қана қоймай, ақауы бар ыдыстарды бiрден анықтайды. Сапасыз ыдыстар шикiзат ретiнде өңделiп, қайтадан шығарылады. Сондай-ақ Қытайдан да жабдықтар мен мамандар алынды. Бүгінде «Евро Кристалл» зауытында 150 адам жұмыс iстейдi. Оның 20-ға жуығы қытайлық мамандар. Кәсіпорын басшысы Рустам Суховтың айтуынша, қытайлық жұмысшылар жергілікті мамандарды оқытып, үйреткен соң елдеріне қайтады. Кәсіпорынға облыс әкімдігі «Бизнестiң жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша инженерлiк-коммуникациялық инфрақұрылымын жүргiзiп берсе, несие бойынша да мемлекет тарапынан қолдау көрсетiлген. Зауытта кез келген түс пен пішінде шыны ыдыстар шығарылады. Елiмiздегi сыра және қалбырлау зауыттарына, фармацевтика саласына 1 миллиардқа жуық шыны ыдыстар импортталатын көрінеді. Бұл зауыт солармен келісімшарт жасасып, өнімдерін өткізбек. Жалпы бұл кәсіпорын өнімдерінің 70 пайызын ішкі нарыққа, 30 пайызын шетелдік экпортқа бағыттаған. Болашақта облыста бұдан басқа тағы осындай екi шыны ыдыстар шығаратын кәсiпорнын салынбақшы.
Аймақта «Юг Регион Пласт» ЖШC де жұмыс атқаруда. Мұнда полипропилен және пластик бұйымдары өндiріледi. Бұл жобаның жалпы құны 367 млн. теңгені құраған. Оған «Бизнестiң жол картасы − 2020» бағдарламасы аясында инфрақұрылым жүргізіліп, үдемелі индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы арқылы мемлекеттiк қолдау көрсетiлген. Жобалық қуаттылығы жылына 124 800 шаршы метр бұйым. Кәсіпорында сыйымдылығы 1−3 текше метрге дейiнгі 880 дана ыдыстар, 144 880 дана түрлi пластик өнiмдерi де өндiрiледi. Бүгінде кәсіпорында 50 адам жұмыс iстейдi. Олардың орташа айлық жалақысы 70 мың теңгеге жетеді. Жұмысшылар үш ауысыммен еңбек етедi. Өндірілген өнім Қазақстанның барлық облыстарына жіберілуде. Әсiресе, Алматы мен Балқаш қалалары тарапынан сұраныс көп. Индустриалды аймақтағы болат құятын «Ferrum Vtor», әйнек шығаратын «Фирма Дана», автомобиль майларын шығаратын «Hill Сorporation» кәсіпорындары да сапалы өнімдерімен танылып үлгерген. Сондай-ақ «Spirit Казахстан» кәсіпорнында бөтелкелер мен шыны ыдыстардың қақпақтары өндіріледі. Жылына 70 млн. қақпақ шығаратын зауытта 35 адам жұмыс істейді. Құрылысқа қажетті темірбетон шығаратын «АРТ Құрылыс» ЖШС-де 200 жұмыс орны ашылған. Жобаның құны 900 млн. теңгені құрайды. Осы және өзге де кәсіпорындар орналасқан аймақта тағы бірнеше жобалар жүзеге асырылмақ. Бұл өз кезегінде өңірде жұмыссыздар санын азайтуға мүмкіндік береді.
Индустриалды аймақ құру туралы бастаманы алғаш облыс әкімі Асқар Мырзахметов көтерген-ді. Өңір басшысының тапсырмасына сәйкес, алдымен Шымкентте индутсриалды аймақ ашылды. Бұның тиімділігі аңғарылған соң, облыс әкімі барлық аудан, қалаларда индустриалдық аймақтарды құру туралы тапсырма берді. Бүгінде осы бағытта жұмыс қарқынды жүргiзiлуде. Аудан, қалаларда индустриалды аймақтарды орналастыруға бөлiнген жер телiмдерiнiң жалпы көлемi 813,5 гектарға жетеді. Онда жалпы құны 60 млрд. 969 млн. теңгенi құрайтын 40 инвестициялық жоба iске асырылмақ. Осы арқылы 5 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланыпты.
Былтыр Түркiстан қаласында индустриалдық аймақ ашылды. Қазір осында кәсіпорындар санын көбейту шаралары қолға алынуда. Бұдан бөлек, былтыр Кентау қаласында, биыл Созақ, Шардара, Бәйдiбек, Мақтаарал және Түлкiбас аудандарындағы индустриалдық аймақтардың инфрақұрылымдарын жүргiзу жұмыстары басталды. Оған жергілікті бюджет арқылы қаржы қарастырылып, ауқымды жобалар облыс әкімдігінің тікелей бақылауына алынған. Қазір 500-1000 адам қызмет атқаратын алып зауыттар салуға әлемнің дамыған елдерінің өзі жүрексінеді. Себебі экономикалық дағдарыста ірі кәсіпорындар шығынға ұшырап, аумалы-төкпелі нарық заманында әлсіздік танытты. Есесіне, шағын және орта кәсіпкерлік секторы аса зардап шекпей, өміршеңдігін байқатты. Шағын және орта кәсіпорындардың тиімділіктері мен артықшылықтары бар. Ең бастысы, ол аса үлкен қаржыны қажет етпейді. Жапония, Германия, Бельгия, Италия сияқты әлемнің экономикасы дамыған елдерінде шағын және орта бизнес барлық кәсіпорындары санының 90 пайыздан астамын құрайды және жалпы ішкі өнімнің 50 пайыздан астамын береді екен. Демек, Қазақстан үшін де шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың маңызы жоғары. Оңтүстіктегі осы бағыттағы жүйелі жұмыстар жалғасын тапса, өңірдегі жұмыссыздар саны азайып, облыс қазынасы молаятыны сөзсіз.

Серіктес жаңалықтары